БЕСІНШІ ҚҰРЫЛТАЙ: БИІК МАҚСАТ, ҮЛКЕН ҮМІТ

 БЕСІНШІ ҚҰРЫЛТАЙ: БИІК МАҚСАТ, ҮЛКЕН ҮМІТ

Маусым айының 22-25 күндері Астана қаласында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтеді. Құрылтай қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевпен тілдескен едік. 

– Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтетін күн алыс емес. Дайындық жұмыстары қалай болып жатыр?

– Алыс-жақын шетелдердегі 5 миллионға жуық қандасымыз атажұртта бас қосатын бұл жиын – бүкіл ел үшін айрықша маңызды. Мұндай құрылтай өткізу о баста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді. Осының нәтижесінде, тәуелсіздік алғаннан бері елімізде әлем қазақтарының төрт басқосуы табысты өтті. Бұл құрылтайлардың бәріне де Елбасы арнайы қатысып, әлемдегі барлық қазақ халқына ортақ мақсат-міндеттер туралы ой бөлісіп, жүзеге асырылатын мәселелерді нақты белгілеп берді. 1992 жылы шаңырақ көтерген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының да содан бергі Төралқа Төрағасы – Елбасы. Осыған байланысты әлем қазақтарының құрылтайы Елбасының тікелей келісімімен өткізіледі.
Биылғы бесінші құрылтайды өткізу де осы ретпен қолға алынған. Яғни, Президенттің келісімімен Үкімет Дүниежүзі қазақтарының кезекті V құрылтайын өткізу туралы Ұйымдастыру комитетін құрып, іс-шаралар жоспарын бекітті. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы – Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мамин. Комитет құрамына түрлі министрліктер басшылары, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері кірді. Соның нәтижесінде, құрылтайға дайындық жұмыстары ойдағыдай жүзеге асып, енді алыс-жақыннан келетін қонақтарды күтіп алуға кірістік.
– Құрылтайға қанша қонақ келеді?
– Әлемнің 39 елінен 370 делегат келетіні нақтыланды. Сондай-ақ жиынға еліміздің Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстарынан мемлекеттік орындар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысады.
– Бұған дейінгі құрылтайлардың бәрінің де ұйымдастыру жұмыстарына қатыстыңыз. Биылғы құрылтайдың жаңалығы қандай болмақ?
– Бұған дейінгі әр құрылтайдың өз ерекшелігі болды. Мысалы, тұңғыш құрылтай тәуелсіздік туын жаңа көтерген Алматыда ұйымдастырылды. Екінші құрылтай қасиетті Түркістан қаласында өтті. Үшінші, төртінші құрылтайлар Сарыарқада бой көтерген елордамыз – Астана қаласында болды. Биыл да осы дәстүр одан әрі жалғасын табуда. Биылғы құрылтайдың ерекшелігіне келсек, ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына тікелей байланысты. Бұл мақалада Елбасы бүкіл қазақ халқына ортақ ұлттық-рухани мәселелерге айрықша назар аударған еді. Осыған орай алыс-жақындағы ағайындар Елбасының еңбегіне ерекше қызығушылық танытып отыр. Олар осы мақаладағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға атсалысып, үлес қосуға барынша ынталы. Ағайындардың бұл мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет. Бесінші құрылтай, міне, осындай биік мақсатты көздейді. Ол мақсаттың жүзеге асарына үмітіміз үлкен, сеніміміз кәміл.
– Құрылтай аясында нақты қандай іс-шаралар атқарылады?
– Құрылтайдың алғашқы күні қонақтар Астананы аралап, танысады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасын, Ұлттық музейін, Әзірет Сұлтан мешітін, «Этно ауыл» кешенін аралайды. Кешкілік «Астана – Опера» театрынан «Қыз Жібек» операсын көріп, тамашалайды.
Құрылтайдың ең маңызды шарасы 23 маусым күні өтеді. Құрылтай делегаттары бұл күні таңертең «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қояды. Бұдан кейін құрылтай салтанатты түрде ашылады. Салтанатқа Елбасы қатысып, сөз сөйлейді деп күтілуде. Сондай-ақ әлемнің әр түкпірінен келген ағайындар мінбеге көтеріліп, өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салады.
Осы күннің екінші жартысында құрылтайға қатысушылар «ЭКСПО – 2017» көрмесін аралап, тамашалайды. Кешкілік шетелдерден келген қонақтар Қазақстан Президентінің салтанатты қабылдауында болады.
Құрылтайдың үшінші күні де маңызды іс-шараларға толы. Яғни, осы күні таңертең шетелден келген құрылтай делегаттары бес топқа бөлініп, түрлі дөңгелек үстелдерге, яғни, секциялық мәжілістерге қатысады. Басқосуда шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасауының ең өзекті мәселелері талқыланады.
Түстен кейін «Рухани жаңғыру – жастардың қолында» атты әлемдегі қазақ жастарының форумы өтеді. Форумға «Нұр Отан» партиясы қолдау жасап отыр.
Сондай-ақ биыл – бүкіл халқымызға ортақ дін қайраткері Халифа Алтайдың туғанынына 100 жыл. Осыған орай V құ­рылтай аясында «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халықаралық конференция өтеді. Құрылтайға қатысушылардың біразы соңғы күні осы конференцияға қатысады.
– Шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасау мәселелері дөңгелек үстел аясында өтеді екен. Әр жиынның көтеретін жүгі жеңіл емес. Талқылаулар қандай тақырыпта өтеді?
– Дөңгелек үстелдің бірінші секциясының тақырыбы – «Шетелдегі қазақ диаспорасы: мәдениет, спорт, ақпарат құралдары жөнінен қолдау және дін істері мәселесі». Басқосуда алыс-жақын шетелдердегі ағайындардың мәдени-рухани және ақпарат құралдары жөніндегі мұқтаж мәселелері ортаға қойылып, оларды шешу жөніндегі ұсыныстар талқыға түседі. Соған орай дөңгелек үстелді Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, сондай-ақ Дін істері және азамат­тық қоғам министрліктері бірлесіп өткізеді.
Екінші секция «Шетелдегі қазақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты және бейімделудің өзекті мәселелері» деген тақырыпта өтеді. Бұл ретте мына мәселені атап айтқан жөн. Бұрын көші-қон, яғни, оралмандар мәселесімен кім айналысатыны түсініксіздеу еді. Соған орай «оралман мәселесін біз шешеміз» дейтін кездейсоқ белсенділер де байқалып қалатын. Тіпті бұл мәселені Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қарай ысырып тастауға тырысатын жағдайлар да кездесетін. Қазір бұл мәселе бір жүйеге түсті. Яғни, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» ел Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №401 Жарлығы жарық көрді. Бұл Жарлықта шетел қазақтарының бұрынғы тұрған елдерінен шығуынан бастап, атажұртқа келіп орналасуына дейінгі бүкіл жұмыстарына Сыртқы істер, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау сияқты бес министрлік пен жергілікті атқарушы органдар, яғни, облыстық, аудандық әкімдіктер жауапты екендігі атап көрсетілген. Олардың әрқайсысының оралмандармен жұмыс істеудегі міндеттері тайға таңба басқандай нақты белгіленген. Демек, оралмандар болашақта бұрынғыдай түрлі қиындықтарға кездеспеуге тиіс. Бұл үшін бірінші кезекте қандай мәселелер шешілуі қажет? Көші-қонға қатысты дөңгелек үстелде осы мәселелер талқыланады. Бұл басқосуға жауапты – Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Сыртқы істер министр­ліктері.
Үшінші секция «Қазақстанға білім алу мақсатында көшіп келу:
Білім және ғылым министрлігінің кезекті міндеттері» деп аталады. Бұл секциядағы жиыннан да үлкен үміт күтеміз. Өйткені соңғы уақытта алыс-жақын елдерде тұратын қазақ жастарының Қазақстанға келіп, оқып, білім алуында біраз қиындықтар байқала бастаған еді. Мысалы, оқуға келген ағайындарымыздың виза жөнінен кейбір түсініксіз жағдайлары ұшырасатын. Жоғары оқу орындарына конкурстық негізде қабылдау жөнінде де кейбір ережелерді нақтылау қажет еді. Үшінші секцияда осындай мәселелер сөз болады. Бұл талқылауды ұйымдастыру Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне жүктелген.
Бүгінгі таңда шетелдерден Қазақстанға келіп, түрлі кәсіпкерлікпен айналысып, жер алып, егін егіп, мал өсіруге ынталы қандастарымыз өте көп. Міне, осы ағайындарымызға қандай қолдау жасай аламыз? Құрылтайдың дөңгелек үстелдерінің төртінші секцияның тақырыбы «Шетелдегі қазақ диаспорасы: Қазақстанмен бизнес, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік» деген атпен, осы мәселеге арналған. Бұл дөңгелек үстелге жауаптылар – Инвестициялар және даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бесінші секция «Қазақстандағы денсаулық сақтау мәселелері және шетел қазақтары» деп аталады. Бұл мәжілісте атажұртқа жаңадан қоныс аударған оралмандарға денсаулық сақтау жөнінен нақты қандай көмек жасалатыны сөз болады. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп емделіп қайтуы, яғни, медициналық туризм мәселесі де айтылады. Талқылауды Денсаулық сақтау министрлігі өткізеді.
– Айтқандарыңызға қарағанда, секциялық мәжілістерге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы араласпайтын сияқты. Осы жөнінде де түсіндіре кетсеңіз.
– Әрине, бір қарағанда солай көрінуі де мүмкін. Шындап келгенде, Қауымдастық бұл бес секцияның да жұмысына белсене қатысады. Бұл ретте, мұндай жиында қандай мәселелер көтерілуі керек, оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен жолдары қандай – осының бәрін анықтап, бір жүйеге түсіріп, тиісті орындарға жеткізу айрықша маңызды. Қауымдастық қызметінің ең басты мақсаты мен міндеті осыған негізделеді. Соған орай құрылтайға дайындық барысында бұл мәселеге айрықша назар аударылды. Жоғарыда айтылған секциялық мәжілістердің әр тақырыбы бойынша қандай өзекті мәселелердің қалыптасып отырғанын жан-жақты зерттелді. Сырт жерлердегі ағайындармен де байланыс жасап, олардың өтініш-тілектері, ұсыныстары жиналды. Міне, осыларға сүйене отырып, Қауымдастық бес дөңгелек үстелде қандай мәселелерді талқылаған тиімді, бұл жөнінде болашақта қандай іс-шараларды қолға алу қажет деген ұсыныстарды тиісті министрліктерге алдын ала жіберді. Қазір министрліктер бұл мәселелерді қарастыруда.
– Секциялық мәжілістердегі талқылауларға сәйкес нақты бір шешім қабылдана ма?
– Әр дөңгелек үстелдегі көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар хаттама ретінде бір жүйеге түсіріледі. Міне, осы хаттамаларға сәйкес алдағы уақытта Қазақстан Үкіметінің шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету жөніндегі арнайы бағдарламасы, не тұжырымдасы жасалынады деп отырмыз.
Бесінші құрылтай биік деңгейде өтіп, барынша жемісті болады деген сеніміміз де осыдан туындайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ