Кабаков қазақша сайрап тұр

Кабаков қазақша сайрап тұр

Бүгінгі көпұлтты мемлекетімізде «Қазақстан – Отаным, қазақ тілі – кіндік қаным тамған жердің қасиетті тілі» деп қастерлеп, өз ана тіліндей меңгерген отандастарымыздың, өзге ұлт өкілдерінің мақтанышын естіп білгенде көңілді қуаныш кернейді. Алдымен бұл кұрмет – әр азаматтың өзіне деген, ортасына деген үлкен құрметтің орнын білдіреді. Ал сондай азаматтың бірі – Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы Жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция аға сержанты Олег Кабаков. Ұлты – орыс. Тарихи шаһарда дүние есігін ашып, осында білім алған Олег мектеп бітіргенше мемлекеттік тілде сөйлеген емес. Ал бүгінде мүдірмей сөйлейтін оның қабілеті бізді таң қалдырғаны рас.

- Мен қазақ тілін әскерде жүргенде үйрендім. Әскердегі достарымның көпшілігі қазақ ұлтынан болды. аралас-құралас, дос болып кеткеннен кейін олар орыс тілінде жақсы сөйлесе де достарымның маған үнемі мемлекеттік тілде сөйлеуін және орыс тіліндегі мағынасын түсіндіріп беруін өтініп жүрдім. Рас, бала кезімнен қазақ тілін үйренуге қызығатынмын. Негізінен қарапайым, күнделікті тұрмыста қолданатын кейбір сөздерді білетінмін. Бірақ ойымды толық, көркемдеп жеткізе алмайтын едім. Тіпті, қазақ тіліндегі кейбір сөз тіркестерін дұрыс айта алмайтын едім, кейін үйреніп алдым ғой. Маған көмектескен достарыма, мені түсінген жандарға көп рахмет! Тіл үйрету де, сындыру да оңай емес қой. Сондықтан, әлі де мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін, ұжымда осы мақаланы талқылау кезінде мен көп дүниеге қанықтым. Өте құнды, өміршең мәселелер көтеріліп отыр. Тіпті, осы мақала жайында өз ойымды еркін білдіре алатынымды мақтапыш та етемін. Оның үстіне биыл Қазақстан Полициясына 25 жыл. Осындай мерейлі жылы ел мерейін көтеретін ішкі істер органы қызметкерлерінің сапында болғанымды да мақтарыш етемін. Маған деген сенім, ертеңге деген, әріптестерім де деген үлкен сенім, - дейді біздің кейіпкеріміз. Әріптестерінің айтуынша, Олег қызмет барысында көлік жүргізушілеріне өзін мемлекеттік тілде таныстырып, орыс тілін тек қажеттілік болғанда ғана қолданады екен.2011 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан Олег Юриевич бүгінде Жамбыл облысы Ішкі істер департаментіндегі мемлекеттік тілді оқыту курсының үздік тыңдаушысы. Ізденісін тоқтатқан емес. Қазақ тілін жетік меңгерген отандасымыз қазір іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізу мақсатында білімін шыңдау үстінде. Мемлекеттік тілді оқыту курсының мұғалімі Айгүл Құлпамышованың айтуынша, Олег қазақ тілі грамматикасы мен стилистикасын жақсы меңгерген және шығарманы еркін, еш қатесіз жазады екен.

Олег Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тіл саясатын дамыту аясында ұйымдастырылған бірнеше байқаудың жүлдегері. Ол 2015 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық «Парасатты полицей» байқауында театрландырылған көрініске қатысты. Сол жолы Олегтің қазақ тілінде еш мүдірмей, өз кейіпкерін шебер сомдауының нәтижесіндеоблыс командасы «Ең өнерлі топ»кубогын ұтып алған болатын.

Полиция аға сержантыеліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында деп біледі. Сондықтан, ешкімді кеудесінен итермеген Қазақстанның Республикасының мемлекеттік тілін білу өзінің де азаматтық борышы екенін түсінеді.

- Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білу керек. Өзге елдерде мемлекеттік тіл мәселесі мүлдем жоқ. Ал бізде тіл жағдайы өзекті тақырып болып тұр. Десек те, қазіргі кезде мемлекеттік тіл саясаты біршама өзгерген. Телеарналарда қазақ тілді бағдарламалардың саны артып, іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру қатаң бақылауға алынған. Өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ тілін оқыту курстарына, қазақ мектептері мен балабақшаларына беріп жатқанына куә болудамын. Олардың қатарында өзімнің туыстарым мен достарым да бар,- деген Олег мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйіне алаңдаушылығын білдірді.

Қалай дегенде де ұлты орыс болса да, Олегтің қазақ тіліне деген шынайы жанашырлығына іштей риза болдым. Полиция аға сержанттың өз Отанына, мемлекеттік тілге деген ерекше сүйіспеншілігі өз кезегінде ұлты қазақ бола тұра тілін шұбарлап, тіліміздің мәртебесін түсіріп жүрген кей ел ағаларына үлкен өнеге болары анық.Олегтің мемлекеттік тіл турасындағы ойларын тыңдай отырып, ел тыныштығы үшін күндіз-түні кірпік қақпай қызмет ететін осындай азаматтардың барына қуандық.