Жаста берген тәрбие тал шыбықты игендей

Жаста берген тәрбие тал шыбықты игендей

АНА ТІЛІ ДЕГЕНІМІЗ – СОЛ ТІЛДІ ЖАСАҒАН, ЖАСАП КЕЛЕ ЖАТҚАН ХАЛЫҚТЫҢ ӨТКЕНІ, БҮГІНГІСІ, БОЛАШАҒЫ. ҚАЗАҚ ТІЛІ ӨЗІНІҢ ДАЛАСЫНДАЙ БАЙ. ҚАЗАҚ СӨЗІ ҚАШАНДА ДАЛАНЫҢ ҚОҢЫР ЖЕЛІНДЕЙ АҢҚЫЛДАП, ЕРКІН ЕСІП ТҰРАДЫ. ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ДОМБЫРАСЫНЫҢ ҮНІМЕН ҮНДЕСІП ЖАТАДЫ. АНА ТІЛІ – БҰЛ ӘКЕНІҢ ТІЛІ, ТУҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІ. БІЗ КІШКЕНТАЙЫМЫЗДАН БАСТАП АТА-АНАМЫЗДАН, АТАМЫЗ БЕН ӘЖЕМІЗДЕН АНА ТІЛІНІҢ ШҰРАЙЛЫЛЫҒЫН СЕЗІНІП, ЕРКЕЛЕП, АЙНАЛАЙЫН ДЕГЕН МЕЙІРІМДІ СӨЗДЕРДІ ҰҒЫНА БАСТАЙМЫЗ.

Осылайша ана сүті бойымызға біртіндеп сіңеді. Тәуелсіздігіміздің ең басты қазынасы да осы – ана тіліміз. Ана тілі мен өзіндік ұлттық мәдениеті жоқ халық өз алдына мемлекет болып өмір сүрмек емес. Сондықтан барша халық өз егемендігін ұлттық қадыр-қасиеті мен салт дәстүрін, мәдениетін, тілі мен дінін сақтап қалу үшін ұмтылады.

Алтын діңгегіміз бен ұлттық санамыздың негізі, түп тамыры іргетасы, тектіліктің нақты белгісі тіліміз. Сол себепті де ұрпақ тәрбиелеуде ең басты құрал, рухани байлық та осы-ана тіліміз!

Атадан балаға мирас болып келе жатқан мұрамыз. «Ұлттың қуаты тілінде» деген сөздердің түп тереңіне үңілсек ана тіліне бала кезден қанып өскен перзент қашанда өз еліне, жеріне деген ұлттық сезімге кенде болмақ емес. Өйткені жаста берген тәрбие тал шыбықты игендей деген.

Ия, ана тілдің біз үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл құдіреті - ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді. Бұл жайлы бір ауыз сөз деген ақындар жырлаған әндер де жеткілікті. Сөз бастау қиын деген осыдан келіп шықса керек. Орынды сөз жүйесін, орынсыз сөз иесін табар деп те жатамыз кейде.

Ақиқатында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндері сонау тарихтан белгілі. Осындай сын сағаттарында атамекен қонысын тастап өзге жерге қоныс аударса да көптеген қандастарымыз ана тілін ұмытпайды. Өйткені оларға ана сүті тал бесіктен берілген. Қаны қазақ, жаны қазақ, өн-бойына ана сүті арқылы дарыған.

Қазақта тілдің маңыздылығы жайлы беріліп келе жатқан ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін теңеулер жетерлік. Сол ой тұжырымдары ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздерге айналды.

Нақтырақ тоқталар болсақ, «Тәрбие басы - тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты.

Ана тіліміздің асыл қасиеттерін тап басып айтып, қанаттандырған зиялыларымыз бүгінде жетерлік.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағына аз ойланып, толғанып жүрген жоқ. Сондықтан да болар «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген Елбасының керемет сөздері бар.

«Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолдану үшін, барлық жерде керек болу үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек», деген Президент сөзінің астарында үлкен астар жатыр.

Тәуелсіз қазақ елін мекендеген 130-дан астам ұлт өкілдері бүгінде еліміздің мәдени, экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Оларға Мұстафа Кемал Ататүрікше «жер де, ел де, тау да, тас та тек түрік тілінде сөйлесін» деу әбестік болар. Біздің жерімізде жасап жатқан өзге Ұлыс пен Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, дінін құрметтеуге тиіспіз. Бірақ, қай ұлт болмасын, өздері жасап жатқан мемлекеттің тілін білуі маңызды. Шындығында тіл тағдыры аз ғана уақытта күрмеуі шешіле салатын жіп емес. Мемлекетімізді мекендеген өзге ұлт өкілдері тұрақтылық пен татулықтың дәм-тұзын татып отырған соң, осы елдің құндылықтарын сезінуі керек.

Қазақ тілімізді мемлекетіміздің қара шаңырағына теңер болсақ,өзге ұлт пен диаспора өкілдері олардың тілдері шаңырағымызға шаншылған уықтар іспетті. «Шаңырақ – әкең, уық – шешең, кереге – балаларың» деген қазағымның даналы сөздеріне мән берсек, Елбасы айтқандай, халқымыздың мерейін тасытып, мәртебесін асқақтатуға, ұлт бірлігін нығайтып, халықтар достығын шыңдауға, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетуге, қазақ елін бүкіл әлемге паш етуге, ұлт потенциалын мейлінше көтеруге тіліміздің шамасы жетеді.

Сан ғасырлар бойы Ұлы даланың қарым-қатынас құралы, данышпан Абай мен көсем Әлиханның, Ахмет, кемеңгер Мұхтардың, айбынды Бауыржан, сыршыл Қасым мен Мұқағалидың тілі бүгінгі «Тәуелсіздік» деген тәтті сөз бен «Егемендік» деген ет жүрегіңді елжіретер сөздерді ана тілімізде айтып, Әнұранымызды өз тілімізде қасқита айтқанға не жетсін, шіркін!

Дана халқымыз «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді». Десек, алтаудың біріншісі – адамның жеке басы болса, екіншісі – отбасы, үшіншісі – туыстары, төртіншісі – жекжат-жұрағаты, бесіншісі – ауылы, ұжымы, алтыншысы – Отаны. Міне, осыдан келіп, «Отан – отбасынан басталады»-дейді.

Жас адамды саналы, есті, мәдениетті, сергек етіп тәрбиелеу-отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді».Егеменді еліміздің болашағы да отбасымыздан, яғни тал бесіктен басталады.Оқу ошақтарында да есті ұрпақты тәрбиелеу ісі кеңінен қолға алынуда.

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң.

Қадірден жұрдай қасқа боп,

Кешкенің өмір босқа тек,-дегендей,баланың ыстық-суығына күймейтін,жақсылығына сүйінбейтін ата-ана болмас. Бүгінгі ұл-ертеңгі әке,ол әкеге қарап өседі.

Бүгінгі қыз-ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі,бойын түзейді. Балаға білім,тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса,оны жалғастырушы да,демеуші де-ата-ана.

Қазақи тәрбиемізге сай, әрбір ата-ана перзенттерінің әдепті, тәрбиелі, саналы болып өсуін қалайды. Сол үшін өз тілінде таза әрі көркем сөйлеуді бала жастан үйретеді.

Балабақшадан бастап, қазақ мектептерінде білім нәрімен сусындатып, қазақ тілінің рухани қасиеттерін бойына дарытсақ, ұлттығымыздың жоғалмасы анық.

Бүгінгі таңда әр адам өз тілінде еркін сөйлеуге құқылы. Біз де өз ана тілімізде сөйлеп, бейбіт күннің, тыныш заманның қадіріне жетуіміз керек деп ойлаймын. Өз ана тілін сыйлап, көкке көтеретін перзенттері бар елдің болашағы да жарқын, мақсаты айқын болмақ.

Осы орайда Отырардан шыққан отты ақынымыз Мұхтар Шаханов жырлаған әр адамның өз анасынан басқа туған жер, туған тіл, туған дәстүр, туған тарих – деген төрт анасы болуы тиіс деген сөздері бойында қазақи қаны бар әр жанға ерекше жігер береді.

Әр ұлт өз тілімен, дінімен ерекшеленеді.Біз де сол ұлтымыздың тірегі – қазақ тілінің шұбарланбауына бар үлесімізді қосуымыз тиіс.

Жыр бесігін өз тілінде тербетер,

Тілімізді біз болашақ өрлетер.

Қадіріне жете білсек тіліміздің

Жас өрендер өз тілінде ер жетер.

Өз отанына, тіліне, дініне деген махаббатынан, сый-құрметінен-ақ әр адамның мәдениеті мен санасын аңғаруға болады.Бір кездері ата-бабамыз осы күнді армандап, «білектің күшімен, найзаның ұшымен» сақтап қалған тілімізді шұбарламай, елімізге деген шынайы мейірімімізді сақтайық. Қаншама сынның ауыр соқпақтарын бастан өткерсе де, өзінің қолданылуын жоғалтпай келе жатқан қазақ тіліне деген құрмет азаймау керек! Бұл баршамызға ортақ, әрбіріміздің азаматтық борышымыз.

Бүгінде ана тіліміздің қазақ тілі екенін білсек те, оның қоғам аясындағы қолдануы алаңдатады.

Осындай да «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» - деп жар салғың келеді. Ең әуелі ұлттық тілімізді ұмытпай, содан соң ғана барып, басқа тілде сөйлесек, міне, бұл басқаша әңгіме. Қазақпысың қазақшаң таза болсын! Қазақпысың қазақ бола тұрып, қазақшаң шала болса ұят!

Отан және Отбасы егіз ұғым. Ұлттың, елдің дамуында, рухани жаңғыруымызда ұлттық құндылықтарымыздың алар орны ерекше. Рухани жаңаруды бастан кешпей біз өркениетті ел бола алмаймыз.

Ия, бірнеше тіл білу- мақтаныш, әйтсе де өз ана тілін аяқ асты ету- тексіздіктің ісі емес пе?! Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе бұл- сүйініш,мақтаныш, ал ана тілін білмей тұрып өзге тілде сөйлесе-бұл күйініш,өкініш.