Тұнығымызды ластамағанымыз жөн

Тұнығымызды ластамағанымыз жөн

Шілде айы. Аптап ыстық алқымнан алып тұр. Осындай күндердің бірінде жұмыс бабымен қалаға жолым түскен.

Көлеңке болар пана іздеп келемін. Орындық қойылған тұстарда бос орын жоқ. «Қап, діттеген жерге жаяу жүрмей-ақ автобусқа отырғанымда болар еді-ау» деп қоямын іштей. Бірақ, өкінгеннен не пайда?

Ілбіп жүріп келемін. Шөл қыса бастады. Сонда да алға қарай адымдаудан тайынар емеспін. Бір жұтым суды аңсадым. Баратын үйге тезірек жетуді ойлап келемін.

Бірақ, шыдамның да шегі бар екен. Көлеңкелі, көгалдау бір тұсқа келгенде сол жерге отыра кеттім.

– Балам, ернің кезеріп кетіпті. Шөлдегенсің-ау, шамасы. Мә, мына сусынды іш, – деп бір егде тартқан апай қолындағы құтыны ұсынды. Аз іштім бе, көп іштім бе білмеймін. Тамағым жібіп сала берді. Әлгіндегі апай өзі құралпы тағы бір апай екеуі қасымдағы орындықта отыр. Менің орнымнан тұрып қастарына келгенімді байқар емес. Әңгімеге кіріскен.

– Мына күн бүгін жанды-ау, – деді әлгі мейірімді апаның қасындағы кісі.

– Құрбым-ау, сен де айтады екенсің. «Күннің жаманы кетер, адамның жаманы кетпес» деген. Әлі-ақ күлімсіреген күз, дірдектетер қыс айы да келер.

Сол тұста мен апалардың сөзіне араласып:

– Апа, адамның жаманы кетпес деп қалдыңыз. Сонда жаман адамдар санатына кімдерді кіргізер едіңіз, – дедім.

– Е, қарағым, адамның жаманы жоқ. Сол жамандықты кейбіреулер өз бастарына өздері тілеп алады.

– Сонда қалай?

– Ана сүтімен дарыған тілін оққа да, шоққа да салатындарды айтамын да.

– Түсінбедім. Тілін ұмытқандарды нашар адамдардың қатарына қосушы едік. Ал, сіз...

– Оның рас. Бүгінде сол ұмытқандар үйренуге талпынып жатыр. Олар әлі-ақ қазақ тілінде сайрайтын болады.

– Дұрыс айтасыз, апа. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оны білу – әр азаматтың парызы. Әлгінде тілді оққа да, шоққа да жұмсайтындарды айтып қалдыңыз.

– Жер бетінде қазақ тіліндей тәтті, сұлу сөз жоқ. Сол тәтті тілдің дәмін кетіріп, сұлу сөзді құбыжық ететіндер бар арамызда.

– Қойыңызшы?

– Еш қоятыны жоқ, балам. Ылғи да естіп, көріп жүрміз. Көрсек те, естісек те елемейміз. Кейде аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Небір былапыт, боқтық сөздерді бір-бірімізге оқша боратамыз. Осындайда «Қайран тілім қор болды-ау» деп ренжимін.

Осы тұста сөзге араласқан екінші апай:

– Құрбым, дұрыс айтасың. Әсіресе, жастарымыз былапыт сөздерге құмар болып барады. Бірін-бірі әке-шешесінен боқтағанша, одан да бір-бірін сабағаны тәуір ғой. Сонда деймін-ау, оларды өсіріп-баққан әке-шешенің жазығы не? – деген.

– Сонда жастар тіліміздің қадірін қашыра бастағаны ма? – дедім қарап тұра алмай.

– Қарағым, қазағымда «Балық басынан шіриді» деген сөз бар. Бұл жерде ата-ананың да кінәсі бар, – деді мейірімді апа.

«Құрбым» деп сөзге араласқан екінші апа:

– Өткенде ауылдағы құда-құдағиымның үйіне барып, түңіліп қайттым. Бәрі де аузым бар деп сөйлей беретіндер ме деп қалдым. Кілең апама жездем сайлар бір үйге жиналған секілді.

– Әй, сүмелек, тентек қойша бір орныңда теңселіп жүріп алмай, орныңа барып жабыссайшы, – десе құдағиым, құда: – Өй, қатын, жайыңа отыр, осы қазір отырған орныңа жабыстырамын, – демесі бар ма. Мен қорқып кеттім. Сол тұста біз отырған жерге үлкен құда бала кіріп:

– Әй, қақпастар, құдағидан ұялсаңдар нетті? – деді. Құда баладан құдаша да қалыспай:

– Бұл үй – үй емес, жындыхана. Мені бай да, құдай да алмады. Сендерден құтыла алмай қойдым ғой, – деп жыламсыраған күйі үйден шығып кете барды.

Мен аң-таңмын. “Осы үйге қыз берген мен де оңбаспын” деп мең-зең күйде отырғанымда, бөлмеге қызым мен күйеу бала кірді. Сонда қызым:

– Жейше, қалдарыңыз қалай? Біздің үй шетінен әртіс. Апам мен атамның тегін концертін тамашалап үлгерген шығарсыз?

Мен «иә» деудің орнына басымды изей бердім.

– Енешка, қызыңызға мұндай әртістік қабілет өз енесінен жұққан тәрізді. Ол да аузына келгенін оттайды, – деді бағанадан бері үнсіз тұрған күйеу бала.

– Ей, ит, шошқа. Не деп тұрсың? – деп шап ете қалды қызым.

Мен шындап түңілдім. Құдаша айтпақшы, бұл үй жындыханаға айналыпты.

Қайтар тұста:

– Қызым, сенің бұл қай қылығың? Сені осылай тәрбиеледім бе? Кісіге жаман сөз айтпа, күйеуіңді сыйла, құрметте дедім емес пе? – деп түсіндіргендей болдым.

Үйге көңілсіз қайттым. Жақында қызым мен күйеу балам келіп қайтты. Бойларынан жамандық, сөздерінен анайылылық байқалмады. Соған қуанып қалдым, – деді.

– Е-е-е, құрбым. Кім баласын жаман десін. Қарға екеш қарға да баласын аппағым дейді ғой. Сен қызыңды жақтап, қуанып қалдым дейсің. Сен қуанбауың керек еді. Жылауың керек еді.

– Неге?

– Қызың өз қолыңда 18 жасқа толғанша болды. Жат жерге барғанына 20 жыл болыпты. Қызыңның тіліндегі тікенек алынды деп ойлайсың ба?

– Мен туған қыз болса, жат қылықтан арылып, ақ сүтіммен дарыған тілімізге былапыт сөздерді кіріктірмейді, дақ түсірмейді деп ойлаймын, – деді нық сеніммен.

– Лайым, солай болғай.

Апалармен қоштасып, енді қайтқалы тұрғанда қасымыздан қазақтың қара домалақ екі жігіті мен екі қызы өтіп бара жатты. Олардың бірі:

– Мына кемпірлер құтырған екен. Күн ыстықта қыдырып, – десе, екіншісі:

– Жас кездерінде әбден жүріп үйреніп қалған ғой, – деп қарқ-қарқ күліп кете барды.

Біз оларды көзбен шығарып салғанымыз болмаса, қапелімде ештеме дей алмадық.

– Балам, көрдің бе? Ана сүтімен дарыған тілімізге мына жастардың оқ пен шоқты қадағанын. Осы біз қазақтар, қайда барамыз? Сөйлеу мәдениетін қашан үйренеміз? – деді мейірімді жан.

Осы көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес.

Тұнығымызды ластамайық, ағайын.