Диктор тіл техникасына көңіл бөлуі тиіс

Диктор тіл техникасына көңіл бөлуі тиіс

Мұрат Әбзелбаев – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Мәдениет қайраткері, көркемсөз оқу шебері, кәсіби телевизия дикторы. А.Тоқпанов, Н.Жантөрин, Г.Товстаногов, А.Кацман, В. Галендеев сынды Қазақстан және Ресей мемлекетінің белгілі театр өнері тарландарынан білім алды. «Бірінші», «Қазақстан перзиденті», «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақстан тарихи парақтары» сынды мыңдаған деректі және телевизиялық фильмдерді дыбыстандырды. Дикторлық тіл техникасы, актердің сөз әрекеті турасындағы бірнеше оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарының авторы.

Мұрат Назтайұлынан радио және теледидар дикторының тіл техникасы мен әдеби тіл нормаларын жүйеге келтіру, тіл мәдениетін қалыптастырып дамыту, мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданыс табуына ықпал ету, дикторлық шеберлікті шыңдау тәжірибесімен бөлісуді сұраған едік.

– Дүниежүзі өркениетті мемлекеттерінің қай-қайсысы болмасын, олардың ішкі және сыртқы саясатын іске асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде радио мен теледидардың алатын орны ерекше. Радио және теледидардың бет-бейнесі – диктор. Миллиондаған тыңдаушылар мен көрермендерге мемлекетімізде, алыс-жақын шетелдерде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды, оқиғалар мен фактілерді жеткізе отырып, еліміздің саяси-экономикалық, мәдени-рухани деңгейінің артуы жолында қызмет атқарады. Заман өзгеріп, іргелі елге айналған мемлекетімізде ғылым мен білім, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет салалары да қарқынды дамып, қоғамымызда жаңа ұғымдар мен терминдер қалыптасып, халқымыз негізін қалаған тіліміз де күрделіленіп, байи түскен бүгінгі күні де, дикторға артылар жүк аз емес. Әдеби тіл нормаларын жүйеге келтіру, тіл мәдениетін қалыптастырып дамыту, мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданыс табуына ықпал ету – сан салалы қоғам алдында тұрған басты мәселенің бірі десек, бұл ретте де дикторға артылатын міндет жеткілікті.
Радио немесе теледидар хабарын әр адам жасына, мамандығына, мәдениет деңгейіне, талғампаздық қасиетіне, көңіл-күйіне байланысты әртүрлі қабылдайды. Десек те, адам қоғаммен бірге жасасып, қоғаммен бірге өзгереді. Жаңа дәуір техникасы адам өміріне жан-жақты ықпал етіп, радио тыңдап, телевизор көруді күнделікті әдетіне айналдырған оның дүниетанымын, әлемге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп отырған бүгінгі күнде, дикторға қойылар талаптың да жаңарып, жасара түсуі – табиғи құбылыс.

Уақыт талабына байланысты бүгінде диктордың сөйлеу мәнерінің өзгеріп, қарапайымдылыққа, шынайылыққа бет бұруы – оны тыңдаушы-көрерменге барынша жақындата түсті. Дайын тексті сауатты түрде мәнерлеп оқып беру – күннен-күнге жеткіліксіз бола бастады. Бұл орайда сөз – сөз үшін емес, ол диктордың ішкі жан дүниесін, оның ойы мен талап-тілегін жеткізу үшін қолданылуы керек болды. Яғни, микрофон алдында сөзбен белгілі бір мақсат үшін әрекет ете білу, тыңдаушы-көрерменге әсер ете білу – диктордың басты мақсатына айналды. Бұл өз кезегінде диктордың тіл техникасына, сөз әрекетінің элементтеріне қатты көңіл бөлуін талап етеді.
Дикция жайлы көп тараған ұғым – тіл тазалығы, яғни әрбір тіл дыбысының таза, анық айтылуы. Дикция бұл әрбір тіл дыбысының ғана анық айтылуы емес, жалпы сөздің анық, дұрыс айтылуы, сондықтан оны орфоэпиядан бөліп жарып қарастыруға болмайды деген де пікірлер айтылып жүр. Бұл орынды да, себебі қазіргі кезде лингвистикалық және психолингвистикалық әдебиеттерде «дикция» деген термин көп қолданылмайды, оның орнына «артикуляция» деген термин қолданылады. Жеке тіл дыбысы ғана емес, сонымен қатар екі тіл дыбысының арасындағы, тіпті екі сөздің арасындағы артикуляцияның өзіндік ерекшеліктері болатындығын ескерсек, онда дикция деген ұғымның шеңбері кеңейе түседі. Осыған орай тіл дыбыстарын жеке-жеке жаттықтырған жөн бе, әлде бірден сөзге, сөйлемге көшкен дұрыс па деген орынды сұрақ тууы мүмкін. Бұл жөнінде біз нақты нұсқау бере алмаймыз, себебі әр оқытушы өз білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты әртүрлі көзқараста болуы мүмкін. Тіпті кейбір ұстаздардың тұрақталып қалған әдістемелік жұмыстарына қарама-қайшы келуі де ғажап емес. Сондықтан да дикциямен жұмыс жасау тәсілін әр оқытушының өз еншісіне қалдырған жөн. Десек те, жекелеген дыбыстардан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құралатындығы белгілі және де олардың араларындағы артикуляцияның да өзіндік ерекшеліктері барын естен шығармаған абзал.
Қандай көзқараста болсақ та, қай әдістемені қолдансақ та мақсат біреу екені белгілі – қалайда диктордың тілі таза, сөзі анық болуы керек. Себебі, диктордың сөзі түсініксіз болса, онда ол қаншалықты тартымды, дарынды, ақылды болғанымен айтайын деген ойын, талап-тілегін тыңдаушы – көрерменге толық жеткізе алуы мүмкін емес.

Тілдегі кемшіліктерді түзету

Тілдегі кемшіліктер негізінен органикалық және функционалдық болып екі түрге бөлінеді. Органикалық кемшіліктер тіл, жақ, тіс, таңдай, ерін тәрізді сөйлеу мүшелерінің дұрыс қалыптаспауы, яғни олардағы кемістіктер салдарынан болады. Сөйлеу мүшелеріндегі кемістіктер деп мыналарды атауға болады:

1.Тіл кемістіктері: тілдің шамадан тыс үлкен, икемсіз немесе өте жіңішке, кішкентай болуы; тіл астындағы шеміршектің қысқа болуы.

2.Жақ пен тіс кемістіктері: жақ қарысқан кезде күрек тістер ара қашықтығының үлкен болуы; үстіңгі немесе астыңғы жақтың алға қарай шамадан тыс шығыңқы болуы; тістердің өте сирек орналасуы.

3.Таңдайдың дұрыс қалыптаспауы.

4.Ерін кемістіктері: еріндердің өте қалың болуы; астыңғы еріннің салбырап тұруы; үстіңгі еріннің өте қысқа болуы.

Жоғарыда аталған сөйлеу мүшелерінің кемістігі салдарынан болатын тілдегі органикалық кемшіліктерді арнайы жаттығулар арқылы түзетуге болады деп кесіп айту қиын. Сөйлеу мүшелерінде кемістіктер болмаған күннің өзінде тілде пайда болатын кемшіліктерді – функционалдық кемшіліктер деп атаймыз. Оларға мыналар жатады:

1.Артикуляцияның болбыр болуы, яғни тіл, ерін, астыңғы жақ қозғалысының өз дәрежесінде болмауы.

2.Әріптердің дұрыс айтылмауы, яғни сөздегі С – З, Ш – Ж, Р, Л т.б. дыбыстардың анық естілмеуі.

3.Әріптердің түсіп қалуы, яғни сөздің басындағы, ортасындағы, соңындағы дыбыстардың айтылмауы.

4.Бір дыбыстың орнына басқа дыбыстың айтылуы. Мысалы: Шық дегеннің орнына чық, жусан дегеннің орнына зусан деп айту.

5.Тыныс әлсіздігінен сөйлем соңындағы сөздің естілмей қалуы т.б.
Мұндай функционалдық кемшіліктерді арнайы жаттығулар арқылы түзетуге болады.

Әдеби тіл мөлшерін сақтау

Қазақ тілінің орфоэпиясы ғасырлар бойы қалыптасып, адамзат қоғамының үздіксіз өзгеріп дамуына байланысты жаңарып, жасарып отырған. Себебі, тіл – В.Виноградов айтқандай, қатынас құралы болып есептелетіндіктен, оның даму тарихы қоғамдық өмірмен тығыз байланысты.
Қоғам мүшелері саналатын адамдардың бір-бірімен қатынасы олардың бәріне бірдей түсінікті ортақ тіл арқылы жасалатындықтан, оны жалпы халықтық тіл деп те атайды. Халықтың тілдің қолдану ерекшеліктеріне байланысты жазбаша және ауызша түрлері болатындығы белгілі.
Жазуда да, сөйлеуде де дыбыс құрамы, сөз тіркесі, сөйлем тәрізді тіл жүйесі пайдаланылатындықтан, олар сөз қолдану заңдылықтарына сүйенеді. Ол заңдылықтар бойынша сөздердің жазылуы мен айтылуы үнемі сәйкес келе бермейді.
Жазуда фономорфологиялық принцип басшылыққа алынады да, негізінен сөздердің жеке бітімі сақталады. Сөйлеу барысында бір-бірімен тіркесу, жалғасу, бірігу нәтижесінде сөздер байырғы дыбыстық құрамын өзгертіп, сөйлесу ыңғайына икемделеді.Сөздердің дұрыс жазылуы орфография заңдылықтарына, ал дұрыс айтылуы орфоэпия заңдылықтарына бағынады. Орфоэпия заңдылықтарын, яғни сөздің дұрыс айтылуы ережелерін меңгере білу, сөйлеу процесі кезінде бүгінгі күн талабына сай қалыптасқан әдеби тіл мөлшерін сақтай білу – болашақ диктор үшін маңызы зор міндеттердің бірі. Бұл салада халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен қатар қазақ, орыс, шет ел ақын-жазушыларының көркем туындылары жақсы көмекші бола алады.

Сөздің дұрыс айтылу заңдылықтары

Қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс айтылу заңдылықтарын сақтай білудің тілдегі жүйеліліктің қалыптасуы үшін де, тіл мәдениетінің артуы үшін де маңызы зор екендігі белгілі. Болашақ диктор мәтінмен жұмыс жасаудың әдістемесін үйренбес бұрын, көптеген оқулықтарда көрсетілген сөздің дұрыс айтылу ережелерін мұқият меңгеріп алғаны жөн. Ол ережелердің бірі де бірегейі– сөйлеу тілінің әралуанды бысты қөзгеріске ұшырауы.Сөйлеу процесінде бір дыбыс екінші бір дыбысты, бір буын екінші бір буынды, бір түбір өзіне жалғанатын қосымшаны, бір сөз екінші бір сөзді өздерінің соңғы дыбысындай етіп үйлестіруді, ұқсастыруды, қиюластыруды талап етіп тұрады. Дыбыстар бір жақты ғана емес, бір-біріне ілгерінді-кейінді ықпал жасайды. Осылайша, буындардың, дыбыстардың ілгерінді-кейінді бір-біріне ықпал жасап, өзара ұқсауы үндестік заңы деп аталады. Үндестік заңы дауысты дыбыстармен де, дауыссыз дыбыстармен де байланысты болады. Дауысты дыбыстармен байланысты үндестік заңын ғылыми тілде сингармонизм деп атайды. Сингармонизм – гректің syn «бірге» және harmoni «байланысу, үндесу» деген мағынаны білдіретін сөздерінен пайда болған. Тіліміздегі сөздердің басым көпшілігі не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке айтылатындығы белгілі. Бұл жерде назар аударатын нәрсе – еріндік О, Ө, Ұ, Ү дыбыстарының өздерінен кейін келетін езулік Ы, Е, І дыбыстарын айтылу кезінде еріндік дыбыстарға жақындататындығы.

1.Жуан дауыстының еріндікке алмасуы: алғашқы буындағы«О» немесе «Ұ» дыбыстары екінші буындағы «Ы» дыбысын «Ұ» – ға айналдырады. Мысалы: орындаушы –орұндаушы, құлыншақ-құлұншақ т.б.

2.Жіңішке дауыстының еріндікке алмасуы: а) алғашқы буындағы Ө немесе «Ү» дыбыстары екінші буындағы «І» дыбысын «Ү»-ге айналдырады. Мысалы: көрікті-көрүкті, күдікті-күдүкті т.б. ә) алғашқы буындағы «Ө» немесе «Ү» дыбысы «Е» дыбысын «Ө»-ге айналдырады. Мысалы: өлеңшіл-өлөңшіл, күректей-күрөктей т.б. Дауыссыз дыбыстармен байланысты үндестік заңын ғылыми тілде ассимиляция деп атайды. Ассимиляция – латын тілінің Assimilamo «ұқсату», «ұқсасу» деген мағынаны білдіретін сөзінен пайда болған.
Сөз ішінде немесе сөз аралығында алғашқы дыбыстың өзінен кейінгі дыбысқа әсерін тигізіп, ықпал етуін ілгерінді ықпал дейміз.
Ілгерінді ықпалдың әсерінен айтылу кезінде төмендегідей жағдайда сөздегі бір дыбыс екінші бір дыбысқа айналады:

1.Түбірдің соңғы дыбысы «Ш» болып, қосымшаның басқы дыбысы «С» болса, айтылуда қосымшаның бұл дыбысы «Ш» дыбысына айналады. Мысалы: Ішсін-ішшін, шашсын-шашшын т.б.

2.Алғашқы сөздің соңғы дыбысы дауысты, үнді, ұяң дыбыстардың бірі болып, одан кейінгі сөздің басқы дыбысы қатаң К, Қ болса, айтылуда бұл қатаң дыбыстар ұяңдап Г, Ғ дыбыстарына айналады. Мысалы: Алакөл-Алагөл, бара кел-бара гел, Талдықорған-Талдығорған, көзқарас-көзғарас т.б.

3.Алғашқы сыңарлары қатаң дауыссыздарға айналып, екіншісі ұяң дыбыстардан басталса, айтылуда ұяң дыбыс қатаң естіледі. Мысалы: Жүсіп-бек – Жүсіппек, Қамыс-бай – Қамыспай т.б.
Бір сөз көлемінде немесе екі сөз аралығында кейінгі дыбыстың өзінен бұрынғы дыбысқа әсерін тигізіп, ықпал етуін кейінді ықпал дейміз.
Кейінді ықпалдың әсерінен айтылу кезінде төмендегідей жағдайда сөздегі бір дыбыс екінші бір дыбысқа айналады:

1.Түбірдің соңғы «Н» дыбысы Б, П дыбыстарының алдынан келсе, «Н» дыбысы айтылуда өзгеріп «М» дыбысына айналады. Мысалы: Құрман-бек – Құрмамбек, дүйсенбі-дүйсембі, сенбілік-сембілік т.б.

2.Түбірдің соңғы «Н» дыбысы К, Қ, Г, Ғ дыбыстарының алдынан келсе айтылуда «Н» дыбысы өзгеріп, «Ң» дыбысына айналады. Мысалы: Сән-қой – сәңқой, бір күн-гі – біргүнгі т.б.

3.Түбірдің соңғы дыбысы С, З дыбыстарының бірі «Ш» дыбысының алдынан келсе, ол екеуі айтылуда «Ш» дыбысына айналады. Мысалы: Құрылыс-шы – құрылышшы, жұмыс-шы – жұмышшы, сөз-шең – сөшшең т.б.

4.Түбір сөздің соңғы «З» дыбысы «С» дыбысының алдынан келсе, «З» дыбысы «С» дыбысына айналады. Мысалы: Жаз-са – жасса, көз салма-көссалма т.б.

5.Алғашқы сөздің дыбысы «З» болып, одан кейінгі сөз «Ж» дыбысынан басталса, «З» дыбысы «Ж» дыбысына айналады. Мысалы: Боз-жігіт – Божжігіт, тоғыз-жан – тоғыжжан т.б. Әркелкі дыбыстар қатар келіп тоғысып, екеуі де бірін-бірі еркін билей алмай, басқа дыбыстарға ауысып кетуі де мүмкін. Тіл білімінде мұндай құбылысты тоғыспалы ықпал дейді. Мысалы: Есен-келді – Есеңгелді, Дос-жан –Дошжан, Қазан-қап – Қазаңғап т.б. Ескере кететін жағдай, Л, Р дыбыстары сөздің басында келсе, айтылуы кезінде олардың алдынан Ы, Ұ, І дыбыстары қолданылады. Мысалы: Лақ – ылақ, рұқсат – ұрықсат, реніш – іреніш т.б.. Сонымен қатар Б, В, Г, Д дауыстылары сөздердің соңында келсе, айтылуы кезінде П, Ф, К, Т болып естіледі. Мысалы: Клуб -клуп, устав – устаф, педагог – педагок, Ленинград – Ленингратт.б.

Әдеби тіл және оның нормалары

Әдеби тіл дегеніміз – сөйлеуде де жазуда да пайдаланылатын, белгілі бір жүйеге түсіп нормаланған тілдік белгілері. Ол әр халықтың мәдени рухани дүниесіне байланысты өзгеріп отыратын тарихи құбылыс.
Қазақ халқы тарихында да оның әдеби тілінің қалыптасып дамуы ауыз әдебиеті мен көркем туындыларына тікелей байланысты. Бұл екеуі тарихи даму кезеңдерде өзара тығыз байланыста болып, бір-біріне ықпал етіп дамып отырғандығы белгілі. Халқымыздың ауызша таралып, ауызша сақталған көркем әдеби тілі жаңа жазба әдеби тіліне ұласып, тіл қолдану заңдылықтары мен оның нормалары әр кезеңдерде өзгеріп, сұрыпталып, шыңдалып отырған. Әдеби тілдің дамып қалыптасуы және халықтар арасында кеңінен тарап жалпыға бірдей танылып қолданыс табуы – ең алдымен ұлттық әдебиеттің дамуына байланысты. Қазіргі қазақ тілі, әдеби тіл нормалары өзінің даму барысының ең жоғарғы сатысына көтерілді десе де болады.
Бүгінде мемлекеттік тілге айналып отырған әдеби тіл нормаларын сақтау, оны барынша насихаттап дәріптеу сол тілдің өкілі болып саналатын әрбір адамның абзал борышы десек, бұл орайда радио және теледидар дикторына жүктелер міндет жеткілікті. Үнемі жаңарып, жасарып отыратын әдеби тілдің нормалық жүйелерінің даму процесіне зиялы қауымның өкілі ретінде диктор да сапалы түрде ат салысып отыруы қажет. Қоғам өмірінде болып жататын толассыз өзгерістерге орай әдеби тілге жаңа сөздердің енуі, жаңа тіркестердің пайда болып орын алуы заңды құбылыс. Күнделікті адамдар арасындағы қатынаста қолданыла бермейтін, бірақ арнайы ақпараттық бағдарламаларда айтуға тура келетін басқа тілдерден ауысып келген кірме сөздер болады. Бұрын-соңды қолданылмаған сөздерді айтуға келгенде диктордың артикуляциялық базасы бірден икемге келе бермеуі мүмкін. Міне, сондықтан да мұндай сөздердің мағынасын сөздік арқылы дұрыс айтып үйрену – болашақ диктор үшін оқу орнында-ақ атқарылатын міндеттердің бірі.Бірнеше сөзді мысалға келтірейік:

А – аккредититив, актинограф, аллитерация, анестезиология, антропонимика, ассигнация, аэроновигация, аэрофототопография т.б.

Б – беллетристика, берилли, библиография, ботулизм,бронетранспортер, бунчук, бюджет, бюллетень т.б.

В – вандализм, варваизм, вассал, ватерполо, ваттметр, вейсманизм, вексель, верфь, вискоза, висмут, вольфрам, волюнтаризм, вульгаризм т.б.

Г – гальванизация, гальманин, гексанбензат, геликоптер, геллотроп, гельминтология, генерал-иссимус, гетерозис, гибридология, гидроденит, гипотенуза, глоссарий, глоттохронология, гносеология т.б. Әрине жұмыс барысында кездесетін басқа тілден ауысып келген сөздер мұнымен ғана шектелмейді, сондықтан да дикторларға арналған сөздік құрал пайдаланған жөн. Бұл құрал болашақ дикторға тек сөздің мағынасын түсіну үшін ғана емес, сонымен қатар сөздегі буынға екпінді дұрыс түсіре отырып тіл ұстарту үшін де қажет.

ТҮЙІН: Уақыт пен адам еңбегін үнемдеп, қаражат шығынын азайту мақсатында қазіргі кезде хабарлардың көбі тікелей эфир арқылы өтетіндігі ешкімге де құпия емес. Тікелей эфир хабарларынтүзетуге, кесіп-пішуге болмайтындығын, оның қалың жұртқа бірден тарапкететіндігін іштей сезінген диктордың кәсіби көзқарасы өзгеріп,өз жұмысына деген жауапкершілігі де арта түсері хақ. Ол ә дегеннен-ақ тыңдаушысын баурап ала білумен қатар не туралы айтып отырғанын, кімге және не үшін айтып отырғанын жақсы біліп, өз ойын нақты, шынайы, қарапайым, әрі айқын да мәнерлі етіп жеткізе білуі керек. Диктор ойының айқындығы, сөзінің анық әрі мағыналы болуы оның сөз әрекетінің ішкі және сыртқы техникасын қаншалықты меңгере білгендігіне байланысты. Тек микрофон алдында ғана емес, сонымен қатар өмірде де ойын қажетті, орынды сөздер арқылы анық жеткізе отырып, әрбір диктор тек өзіне ғана тән сөйлеу мәнерін қалыптастыра білгені жөн.