​Мемлекеттік тіл – басты бағдарымыз

​Мемлекеттік тіл – басты бағдарымыз

Өзге ұлттардың 300-ге жуық баласы қазақ мектебінде оқиды Кез келген елдің мемлекеттік тілі оның басты бағдары екені сөзсіз. Біз үшін басты бағдар – бұл мемлекеттік тіліміз, әрине. Қолға алып, атқарып жатқан барлық шаралардың мән-маңызы – қазақ тілінің тұғырын бекітіп, мәртебесін биіктетуде жатқаны анық. Президентіміздің тіл саясатындағы белгілеген межесін жүзеге асыру жолында алдағы мақсатымыз айқын, жоспарымыз белгілі. ​

Қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдары, қабырғалы қаламгерлері түлеп ұшқан еліміздің Солтүстік Қазақстан өңірінде рухани-мәдени саладағы дәстүр сабақтастығына, өнердің өркендеп, ғылым мен білімнің дамуына айрықша көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Бұл орайда осы өңірдегі мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге де ерекше назар аударылады.

Елбасы жуырда жарық көрген «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай «Ұлттық салт-дәс­түрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген ой-пікірді темірқазық етіп алатын болсақ, руханият, тіл саласындағы көшіміз ілгері жылжи бермек. Өйткені ана тілімізді ардақтап, қазақ тілін баянды ету – баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет.

Бұл ретте негізгі айта кететін мәселенің бірі – біз жаһандану үдерістері қарқынды жүріп жатқан заманда ұлттық құндылықтарды сақтап, оны одан әрі сабақтастыратын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Оның негізгі қайнар көзі – ұлттық тілімізден бастау алары хақ.

Солтүстік Қазақстан облысының тіл саясаты Қазақстан халқы бірлігінің факторы ретінде, өңірдің лингвистикалық капиталын сақтап, мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін жағдай тудыруға бағытталған. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына» сәйкес облысымызда мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен дамытуға бағытталған тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

Екі жыл бұрын жекешелендіріліп кеткен тіл орталықтары қайтадан облыстық тілдерді дамыту басқар­ма­лары жанынан ашыла бастады. Тіл орталықтары – қазақ тілінің аясын кеңейтуге сүбелі үлес қосуда. Тілдерді оқыту орталығы облыс әкімдігінің №195 қаулысына орай 2016 жылдың 31 мамырында құрылды. Мұнда еліміздегі үш тұғырлы тіл жобасына байланысты қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін оқыту да жүзеге асырылуда. Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейік, қазіргідей ғаламдану заманында көп тіл білудің артықшылықтары болмаса, кемшіліктері жоқ. Бүгінгі заманға сай адамдар бірнеше тілді меңгеріп зор жетістіктерге жетіп, бәсекеге қабілетті болып жүргендерін байқау қиын емес.

Әңгімемізді әрі қарай сабақтай түсетін болсақ, Тіл орталығында 12 маман жұмыс істейді. Биыл 140 топта оқыту ұйымдастырылды. Оның ішінде 115 топта – қазақ тілі, 25 топта – ағылшын тілі оқытылуда. Жалпы облыстың ұйым, кәсіпорындарында 1000-ға жуық үйір­меде 12000-нан астам тыңдаушы мемлекеттік тілде дәріс алуда. Жүйелі жұмыстың нәти­жесінде облысымызда қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесі – 49 пайызға жетті. Алайда бүгінгі таңда қазақ тілінде толыққанды сөйлейтін өңір тұрғындарының үлесі орыс тілін меңгерген тұрғындар үлесінен әлдеқайда төмен. Сондықтан тілдік теңсіздікті жою үшін аудандық Тілдерді оқыту орталықтарын ашу қажеттігі туындап отыр.

Қазақстан Республикасында тiл­дердi дамыту мен қолданудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес жыл сайын «Қазтест» жүйесі бойынша ұлттық стандарттар негізінде мемлекеттік қызметшілердің, мем­лекеттік қызмет көрсететін ұйымдар қызметкерлерінің тілді меңгеру деңгейі анық­талады. Былтыр Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы өткізген «Қазтест» сынағынан 2600-ден астам адам өткізілген болатын. Үстіміздегі жылдың ақпан айында аталған Орталық диагностика­лық және сертификаттық тестілеудің І кезеңін өтіп, оған облысымыздың 1700-ден астам тұрғыны қатысты. Тестілеудің ІІ және ІІІ кезеңдері мамыр және қыркүйек айларында өткізіледі. Жалпы бұл жоба бойынша 4000 адамды қамту жоспарланып отыр.

Өңірімізде тілді деңгейлеп мең­герудің халықаралық стандарты негізінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу бойынша жұ­мыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда бұл ба­ғытта мектепке дейінгі білім беретін 559 мекеме, оның ішінде 78 балабақша, 1 «Мектеп-балабақша» кешені және 480 шағын орталық қамтылып отыр. Онда 23 мыңнан астам мектеп жасына дейінгі бүлдіршін тілдерді оқып-үйренуде. Баланың ерте жастан қазақ тілін меңгеруіне күш салсақ, болашақта қол жеткізген нәтижеміз де ойдағыдай болмақ. Бір қуантарлық жайт, ана тілінде білім алатын қазақ балаларының үлесі жыл санап артып келеді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2015-2016 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында қазақ балаларының 66 %-ы өз ана тілінде білім алса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 67,3 %-ға жетіп отыр. Өз баласын қазақ мектебіне оқуға бергісі келетін ата-аналардың қатары көбейе түссе, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаяры анық. Өзге ұлт өкілдерінің 300-ге жуық оқушысы қазақ тілінде білім алып жатқаны да мерейімізді өсіреді. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекетік тілді үйренуге назар аударғаны қазақ тілінің аясын одан әрі кеңейтуге көп мүмкініктер туғызады. Біз әрдайым мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері туралы мәліметтерді жинап, сараптап, талдап келеміз. Бүгінде осындай мәліметтер ­базасында 18-30 жас аралығындағы жастар ішінде қазақ тілін меңгерген 300-ге жуық азамат тіркелген.

Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде заман талабына сәйкес ағылшын тілін оқыту басты міндеттердің бірі болып отыр. Елбасы өз мақаласында жас ұрпаққа өз ана тілімізбен қатар, кәсіби байланыс құралы болып отырған ағылшын тілін жаппай және жедел үйренуіміз керектігін тағы бір есімізге салды. Ағылшын тілін меңгерген адам латын әліпбиіне тез үйренетінін де тілге тиек етті. Әрине, тіл үйрену оңай дүние емес. Оқу үдерісін дұрыс ұйымдастырып, нәтижеге бағдарланған білім жүйесі ғана мұндай жетістікке қол жеткізе алады. Өңірімізде бірнеше тілді сапалы оқытатын мектептеріміз аз емес. Олардың қатарында қазақ-түрік лицейі, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балалар облыстық гимназия-интернаты және ЛОРД мектеп-лицейін атап өтуімізге болады. Бүгіндегі нәтиже бойынша облысымызда ағылшын тілін меңгерген ересектердің үлесі 7 пайызға жетті.

Баланың ерте жастан қазақ тілін меңгеруіне күш салсақ, болашақта қол жеткізген нәтижеміз де ойдағыдай болмақ. Бір қуантарлық жайт, ана тілінде білім алатын қазақ балаларының үлесі жыл санап артып келеді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2015-2016 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында қазақ балаларының 66 % өз ана тілінде білім алса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 67,3 % жетіп отыр. Өз баласын қазақ мектебіне оқуға бергісі келетін ата-аналардың қатары көбейе түссе, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаяры анық. Өзге ұлт өкілдерінің 300-ге жуық оқушысы қазақ тілінде білім алып жатқаны да мерейімізді өсіреді.

Үш тілді меңгерген жастарды ынталандыру, қолдау көрсету мақсатында тіл байқауларын ұйымдастырып келеміз. «Тіл – тұнық ойдың кәусары» олим­пиадасы, «Тіл шебері», орыс тілі білгірлерінің арасында «Тіл – парасат» байқаулары – ­жастар арасында кең танымалдылыққа ие. Мұндағы негізгі мақсат олардың талабын ұштау болса, екіншіден тіл үйрету бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда жатыр. Сонымен қатар еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің туған тілдерін үйренуі де шет қалып жатқан жоқ. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Әрине, бұл айтылған шаралардың ішіндегі мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп отырғаны анық. Мәселен, «Қазақ­стан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 8-бабына сәйкес облысы­мыздың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында мемлекеттік тілдің жұмыс және іс жүргізу тілі ретінде қол­данылуы қамтамасыз етілді. Шығыс және кіріс құжаттарға ай сайын мониторинг жүргізіледі. Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік тілде құжат жүргізудің арасалмағы жылдан-жылға өсе түсуде. Өткен жылы республикалық көрсеткіш бойынша облысымыз 5-ші орынды иеленді. Ресей Федерациясының Омбы, Түмен, Қорған облыстарындағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыс жасап келеміз. Олардың ана тілін тілін меңгеруіне қажетті әдістемелік қолдау көрсетіп, бұл мақсатта 500-ден астам оқу құралы және сөздіктермен қамтамасыз еттік. Қорған қаласында қазақ ұлттық-мәдени бірлестігінің өкілдері үшін «Онлайн режимi арқылы мемлекеттік тiлдi оқытудың тиiмдi жолдары» атты оқыту семинарын өткiзілдi. Биыл мамыр айында осындай семинарды Түмен облысында өткізсек деп жоспарлап отырмыз.

Тіл мен әдебиет саласына етене жақын болғандықтан ақын-жазу­шы­лардың шығармашылықтарын насихаттап, ана тіліміздегі рухани құндылықтарды ардақтауға да көңіл бөліп келеміз. Тіл басқармасы Есiл ауданының әкiмдiгiмен бiрлесе отырып, С. Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында көрнектi ақын, жерлесiмiз Есләм Зiкiбаевтың 80 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Шал ақын ауданы Сергеевка қаласының Мәдениет үйінде белгілі жазушы, аудармашы Герольд Бельгерге арналған респбуликалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Елбасы ұсынған қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі ғылыми ортада жан-жақты талқыланып, оңтайлы жолы қарастырылуда. Тың жаңалық­ты енгізу бағытындағы жұмыстарға сол­түстікқазақстандық ғалымдар да атсалысуда.

Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Біздің еліміздің тіл саясаты – қоғамдағы тұрақтылық кепілі. Олай болса, баршамыздың алдымызда тұрған ортақ және межелі іске бір кісідей атсалысып, Елбасы айтқандай, мемлекеттік тілімізді ұлтты ұйыстырушы факторға айналдыру жолында тиісті жұмыстарды атқара бермекпіз.