Төл дыбыс– төл әліпби

Төл дыбыс– төл әліпби

Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін. А.Байтұрсынұлы

Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесі) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады. Ең бастысы, дыбыстың таңбасы сол дыбыстың артикуляциясынан (жасалымынан) шығу керек, ал бүгінгі әліпби түзушілер дыбыстың естіліміне қарап таңба белгілеп келеді. Сондықтан да әліпби үлгісінде көп жаңсақтық кетіп қалып жатады.

Жазу табу - араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпыз. Ахаңның қазақ тіліне дән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмыз. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан біз тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтұрсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмыз (ғылымдағы жаңалық сол жаңалықты ашқан адамның атымен аталатын дәстүр бар). Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған. Сөйтіп өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп шықпайтын, көп пенденің қолынан келмейтін жаңалық ашылды.

Ал енді, жасыратыны жоқ, латынға көшетініміз белгілі болды. Ендеше осы елдің азаматы ретінде, осы жазу саласының маманы ретінде біз бұл шаруадан шет қала алмаймыз. Ондағы мақсат - латын жазуына дұрыстап көшу.

Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Сонда бұл - неғып қаптап кеткен «байтұрсыновтар»? Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сиғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл - әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Осының бәрін көре отырып, қалыс қалуға дәтіміз шыдамады. Себебі әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.

Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар:

-бірінші - дыбыс деңгейі,

-екінші - таңба деңгейі,

-үшінші – емле-ереже деңгейі.

Дыбыс – тілді өзге тілдерден бөлектеп тұратын тұрқы (бейнесі), таңба сол дыбыстың қауызы – қорғанышы мен оққағары, еміле – дыбыс пен дыбыстың басын қосып, сөзді сөз етіп тұратын дәнекері.

Егер біз әліпби құрамын өзгертетен болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Бұл - тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.

Латын әліпбиін дайындау үшін ең алдымен қазақ тілінің төл дыбыс құрамының басын ашып алу керек. Қазақ тілінің төл дыбыс құрамы төмендегідей:

А а

Ә ә

П п

Б б

М м

Ы ы

І і

Т т

Д д

Н н

Е е

Қ қ (-К к)

Ғ ғ (-Г г)

Ңң

Ұ ұ

Ү ү

С с

З з

Р р

О о

Ө ө

Ш ш

Ж ж

Л л

Й й

У у(w)

Осы дыбыстардың сыртынан қазақ дыбысын іздеп әуре болмау керек. Ендеше қазақ тілінің латын негізіндегі ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИІ де тек осы құрамда болу керек. Егер осы құрамға төркіні бөлек бір дыбыс еніп кететін болса, онда қазақ тілі дыбыстарының бүкіл жүйесі (системасы) – фонетика (дыбыс құрамы), лексика (сөздің үндесім әуезі), морфология (морфем тұрқы, буын, тасымал), синтаксис (әуен ырғағы) – бұзылады. Сондықтан да кірме дыбыстарға өз алдына таңба ретінде белгіленеді.

Әліпби таңбаларының негізі ретінде түркі мемлекеттері ұсынған және Түркі академиясы қолдап отырған ортақ әліпби болу керек. Ондағы мақсат – егер түркі жұрты латын әліпбиіне көшетін болса, дыбыс таңбаларын осы ортақ әліпбидің ішінен алу керек болады. Сонда түркі жұрты бірінің жазуын бірі оқи беретін болады. Әрине сөздің оқылымы әртүрлі бола береді, бірақ сөздің жазылым тұрқы бәріне түсінікті болады. Сөйтіп түркі жұртына ортақ мәтін шығады.

Түркі мемлекеттері ұсынған ортақ әліпби:

A a

F f

K k

Ö ö

Ü ü

Ә ә

G g

Q q

P p

V v

B b

Ğ ğ

L l

R r

W w

C c

H h

M m

S s

X x

Çç

І ɪ

N n

Şş

Y y

D d

İ i

Ņ/Ŋ ŋ

T t

Z z

E e

J j

O o

U u

Сонда қазақ тілінің төл (ұлттық) әліпбиі төмендегідей болып шығады.

№№

кир.

лат.

аты

№№

кир.

лат.

аты

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ

Г г

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ

К к

Л л

М м

A a

Ә ә

B b

Ğ ğ

G g

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q

K k

L l

M m

а

ә

бы

ғы

гі

ды

е

жы

зы

ый

қы

кі

ыл

мы

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

Н н

Ң ң

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

N n

Ŋ ŋ

O o

Ö ö

P p

R r

S s

T t

W w

U u

Ü ü

Ş ş

І ɪ

İ і

ны

ың

о

ө

пы

ыр

сы

ты

ұу

ұ

ү

шы

ы

і

кірме таңбалар

tc/c ch/ç f/ph v/bh x/khshye i u yuyayo

Кірме таңбаларды әлі де болса пысықтай түсу керек шығар.

Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін ұлттық жоба деп отырмыз. Өйткені қазақ дыбыстарының әрқайсысына тән өз таңбасы бар. Сондықтан компьютер түйметақтасына сиымтал емес, арнайы бағдарлама керек болады. Оның үлгілері түрік, неміс, француз, испан т.б. тілдерінің жазуында бар.

Европа тілдерінде қасалқы (үстеме) белгілер кеңінен пайдаланыла береді, себебі олардың сөзінде бір дауыстының сөз құрамында екі рет кездесуі - өте сирек құбылыс. Ал біздің тіліміз - жалғамалы (агглютинатив) және үндесім (сингармонизм) тіл. Бір дауысты бір сөздің құрамында бірнеше рет кездесе беретін болғандықтан, олай ете алмаймыз. Өйткені бір сөздің ішінде қосалқы (диакритик) таңбалы немесе қосақ таңбалы дауысты-дауыссыз бірнеше рет қайталанып жатса, жазу дағдысын былай қойғанда, көзтанымға ауыр болады.

Мәтін-өрнек (ерін үндестігін қазіргі дәстүрмен ескермей отырмыз):

ABAY JOLI

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋǧɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ.Qorɪqtan kün şɪǧa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barǧan aǧayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turǧɪzɪp edi.Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrǧan. Key-keyde özine tanɪs Köküyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪǧɪp, astɪndaǧɪ jaraw qula bestisin aǧɪzɪp-aǧɪzɪp ta aladɪ…

-Mɪna balanɪŋ awɪlǧa asɪǧuwɪn-ay!

Әрине, әліпби мәселесіне әртүрлі мамандардың қатысы болады. Солардың ішінде тіл мамандары мен информатика мамандарының орны бөлек. Алайда, ешкімнің көңіліне келмей-ақ қойсын, жоба авторлары бұл тұста неше түрлі ойға қонымсыз «шеберлік» танытуда. Мұның басты себебі олардың өз алдына ғылыми пән болып табылатын жазу теориясы мен әлеми жазу дәстүрінен бейхабарлығында болып отыр. Сондықтан әркім өз орнын біліп араласса дейміз.

Мысалы:

-тіл мамандары (фонетистер) тілдің әліпби құрамын анықтап, емле-ережесін құрастырады,

-математиктер әрбір дыбыс пен таңбаның кездесім жиілігін есептеп шығады,

-информатиктер компьютер түйметақтасына оңтайлы орналастырудың амалын қарастырады,

-сызбашылар әріп сұлбасының қарапайым үлгісін іздейді,

-әдіскерлер оның сауат ашу дағдысын бағалайды,

-көз дәрігерлері көзтанымға әсерін байыптайды,

-психологтар бала жүйкесіне шақ келу жағын пысықтайды т.с.с. сөйтіп бәріне жұмыс табылады.

Ендігі қиындық кірме таңбалардың дыбыс құрамын оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар арқылы көпшілік санасына жеткізіп, ақиқатын мойындату. Бүгінгі таңда бұл қиынның-қиыны болғалы тұр. Кірме таңбалар қазақ тілінің жеке дыбыстары емес, дыбыс тіркестері дегенді түсіне қоятын орта жоқ. Көпшілік санасын орыс орфографиясы тұмшалап тастаған. Жоқ жерден өзімізге өзіміз жұмыс тауып беріп отырмыз. Сондықтан ең алдымен қазақ мәтінін «әліпби» транскрипциялап алуымыз керек. «Әліпби» транскрипция дегенді амалдың жоғынан ойлап тауып отырмыз. Мақсат – қазақ сөзі ми емес мый екенін, ти емес тій екенін, су емес сұут.б. екенінкөпшілік санасына қайта сіңіру, басқаша айтқанда «сауат ашу». Амал-әрекетті бастауыш сыныптарынан бастау керек. Қазақы айтылым қазақ балаларының санасына жеңіл ұялайтын болады. Бертін келе кірме таңбаларды қазақ тілінің дыбыстары деп шатаспайтын болады. Ол үшін кірме таңбалар қазақ тілінің ұлттық әліпбиінің тізбегінен шығарылып тасталуы керек те, олардың жазылымы өз алдына емле арқылы реттелуге тиіс.

Әліпби кестесіндегі у таңбасының дыбыс мәнін латын әліпбиінің құрамындағы w әрпімен белгілеп беріп отырмыз. Өйткені қазақ тілінде ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді дауыссыз бар. Ол дауыссыз халықаралық практикада осы таңбамен беріледі. Ондай дыбыс ағылышын тілінде де бар. Ағылшын тілінде сауатты өсіп келе жатқан жас ұрпақ оны тез аңғарып, жеңіл қабылдайды. Ал орыс тілінде ондай дауыссыз дыбыс жоқ. Олардың Көкшетау дегенді Көкчетав деп өз тіліндегі тіс-еріндік, жуысыңқы, ұяңв дауыссызымен алмастыратындығы сондықтан. Қазақ тіліндегі дауыссыз у[w] мен орыс тіліндегі дауысты у[u:] дыбыстарын естілім ұқсастығына қарап өзара шатастырып жүргеніміз сондықтан. Тіптен и мен у әріптерін (дыбыстарын емес) өз алдына фонема деуге де жеттік. Оны қазақ тілінің дамуы деп орынсыз мақтанға ұрынып жүргендер де жоқ емес.

Өкінішке орай, орыс тілінің емле-ережесі арқылы қазақ тілінің төл сөздерінің жазылымына енген и, у, я, ю таңбаларының (дыбыстарының емес) әрқайсысын өзалдына дербес дауысты дыбыстар деп қабылдау бар. Мұны біз «жалған естілім» (перцептивный обман) деп атадық. Көпшілік (тіптен, тіл мамандарының өздері, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары) осыған әбден ден қойып, психологиялық тұрғыдан мойындап алған. Оның үстіне оқу бағдарламалары мен оқулықтар түгелдей осы ережені құптап отыр. Қазақ тілі дыбыстарының құрамына зорлықпен енгізіліп отырған «дауысты дыбыстардың» жөнін табу үшін «дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген күлкілі ереже де ойлап таптық.

Оның зардабын әлі көріп келе жатырмыз. Тіл мамандарының өзі өздері ұсынып отырған әліпби жабаларында осы жалған қағиданы ұстанып отыр. Мысалы, орыс жазуының ережесімен жазып келген ми, ти т.б. сөздерді латын негізінде де mі, tі деп жазып, солай оқуды ұсынып отыр. Сонда қазіргі орыстақы емлеміз бойынша да [ми, ти], жаңа латынша да [mi, ti] болып шыққалы тұр. Жоба авторлары осы жолмен жазу желісін үнемдеуге болады, яғни екі таңбаның орнына бір таңба ғана жазамыз деген болжамды алға тартады. Үнем қуып, тіліміз бастан кешіп отырған зардапты ушықтырып керегі жоқ.

Мәселе - «айтулы қырық екімен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп, түсіндіріп алу. Біздің ойымызды дұрыс түсінген жөн. Өйткені басқаларды былай қойғанда, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Кірме әріптерді «дыбыс» деп жазып беріп отырған оқулықтар мен «дыбыс» деп оқытып отырған мұғалім/оқытушылар әлі баршылық. Әрине, бұл олардың кінәсі емес екенін айттық. Тағы да қайталауға тура келеді, мектептен бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше бір ғасырға жуық «қазақ тілінде 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқпақтай берсе, кімде болса сеніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс көрініп, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Біз бәріміз қазір осы күйді бастан кешіп отырмыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді әлі көп еститін боламыз. Құлақ үйренген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Тағы да қайталайық, «айтулы 42-ден» айрылсақ далада қалатындай сезінеміз.

Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек.

Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады. Сауат ашуды тек сауатты жазу деп түсінбеген жөн, сауат ашу сауатты қазақы дыбыстаудың да амалы болып табылады.

Кез келген әліпбиді кез келген тілге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуір жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тілдің ішкі заңдылығымен қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тілдің дыбыс жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болу керек. Осы екі мақсатты орындау үшін жазудың емле-ережесі көшірінді емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.

Жетілген әліпби - қолдағыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күман жоқ. Бірақ қазақ тілін компьютерге икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Қиыны - бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық 20-30-дан астам жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.

Осы жерде Байтұрсынұлының тағылымына арнайы тоқтала кетейік. Біздің жерден жеті қоян тапқандай болып «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріпті төбесіне сызықша қойып шендеп, О әрпінің белінен тартып ө жасап мәндеп, ае-ні қосақтап ә деп егіздеп жүргеніміздің бәрі Ахаңнан қалған үлгі. Ендеше, қазіргі жоба авторлары алып отырған жуан-жіңішкелік белгілер (әртүрлі нұсқасына қарамай) - сол А.Байтұрсынұлы салған сара жол. Арабы таңбалар негізінде туындаған дәйекші дауыстылардың жуан-жіңішке таңбасына таңылып, кирилшеге көшті. Енді, міне, кирилшеден «апостроф, қос нүкте, сызықша, қосақ әріп болып», мың құбылып, латынша жобаларда жүр. Қалай құбылса да бәрінің мазмұны яғни емле қызметі - сол бір дәйекші.

Біздің ойымызша болашақ латын әліпбиі ешкімнің атымен аталмау керек. Өйткені бұл жерде ат қоя салатындай үлкен жаңалық ашылып отырған жоқ. Жазудың төл дыбыс құрамы мен емле-ережесін Ахаң шешіп беріп қойған, латын таңбалары дайын тұр. Оның үстіне компьютер түйме тақтасында қазақ дыбыстарына сай келетін таңбалар жеткілікті. Оны іздеп табуға да көп бас қатырудың керегі жоқ, бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Мәселе бірегей 3-4 дыбысты қалай таңбалаймыз дегенге ғана саяды. Қазақ дыбыстарын латын негізінде таңбалау (транскрипциялау) үлгілері ХІХ ғ. жазба мұрағаттарында ұсынылып қойылған.

Авторлық жайына келетін болсақ, «жоба жасама, жобаңа өз атыңды қойма» деп, әрине, ешкімге ешкім тиым сала алмайды. Жасаған жобасын тиісті орындарға тіркетіп, патент алып, сертификатын жалаулатып жүргендер жоқ емес. Бірақ бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыра салу үшін аса үлкен бастың қажеті жоқ. Ең бастысы, жоба авторлары әліпбидің, жоғырыда айтқандай, кешенді мәселелерін (әліпби, таңба, емле-ереже) қалай шешіп берді, бәрі соған байланысты. Ендеше, бар боғаны, кирилше таңбаны латынша таңбаға ғана өз білгенінше ауыстырып беріп, жаңа қазақ әліпбиін иеленемін деген әрекеттің өзі орынсыз болып табылады.

Қазақ тіліндегі жасанды (фонетикалық) дифтонгтардың сингармологиялық (ескіше фонологиялық) мәртебесін (статусын) анықтау бүгінгі қазақ фонетика ғылымының өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені бұл мәселенің теориялық және практикалық маңызы қатар өзекті болып отыр. Мәселенің теориялық шешімі қазақ тілі дыбыстарының құрамын дәл анықтап, «қазақ тілінде қанша дауысты дыбыс бар?» деген сұраққа нақты жауап тауып беретін болады. Ал оның практикалық шешімі қазіргі қазақ жазуындағы қайшылықтардан арылуға мүмкіндік береді.

Жазуда и, у әріптерімен таңбаланып жүрген дыбыстарға, бір жағынан, «дауыстыдан кейін дауыссыз, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарындағы жаңсақ анықтамамен қатар, екінші жағынан, олар «дауысты мен дауыссыздардың тіркесін белгілейтін таңба» деген академиялық грамматикадағы ақиқат анықтама беріледі. Біз бұл жерде қазақ тілі оқулықтары мен ғылыми грамматикаларында кездесіп жүрген бір-біріне қарама-қарсы пікірлердің негізгілерін ғана келтіріп отырмыз.

Өзара артикуляциялық үйлесімі күшті, естілімі ұқсас болып келетін қысаң дауыстылар мен үнді дауыстылар тіркесінің құрамды бөліктерін ажыратып алу оңай болмайды (оның үстіне орыс тілінің ы, и, у дауыстыларының естілімі мен қазақ тілінің ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінің естілімі өзара ұқсас болуы да өз әсерін тигізді. Кезінде қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у таңбаларын жазу туралы тоталитарлық ереже қабылдауға, сөз жоқ, да осы жай себеп болған). Олардың құрамды бөліктерінің жігін ажыратудың бірнеше тәсілі бар.

Ал, жазу реформасының басты мақсаты орыс тілінің тіл бұзар ережелерінен арылып, қазақтың мый деген сөзін айтылуына лайық мый [mɪy] деп жазып жуан айтқызу, тій деген сөзін айтылуына лайық тій [tiy] деп жазып жіңішке айтқызу үшін жасалып отырғанын ескерсек, әріптестеріміздің бұл әрекетіне қалайша «жол болсын» демекпіз.

Жаңа әліпби мен оның емле-ережелері қазақ сөзінің айтылым әуезіне, буын құрамына, морфем жігіне, тасымал амалына, әуен ырғығына нұқсан келтірмейтіндей болу керек. Мұндай келелі шара мектеп «Әліппесі» мен оқулықтарынан бастау алмаса, «әліпби мен емле-ереже сырқаты» бүгінгіден де асқынып кетері сөзсіз.

Сонымен тағы да пысықтай түсейік.

Морфем талданым:

-оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й [y]» деген ереже қайда қалады?

-оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у [w]» деген ереже қайда қалады?

Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен, көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у[w] тіркесіп, тұйық рай оқұу [oquw] жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.

Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың ый(-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы(-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз.

Буын талданым:

-миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» (А.Байтұрсынұлы) деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп, аң-таң боламыз.

-суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп, тағы аң-таң боламыз.

Тасымал талданым:

-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.

-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.

Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының, жұмсартып айтқанда, күманды тұстары көп деген сөз.

Бұдан туатын қорытынды, орфография мен орфоэпия сөздіктерін өзара үйлестіру керек болады. Өйткені орфоэпиялық сөздіктің басым бөлігі осы кірме таңбаларды таратып жазуға арналады. Егер кірме таңбаларды орфографиялық тұрғыдан таратып жазатын болсақ, онда олардың орфоэпиясын дайындап әлек болудың қажеті де болмайды. Орфоэпиялық сөздіктің көлемі кем дегенде жартысына қысқарады, тіптен үштен бірі ғана қалуы мүмкін.

Көпшілік арасында тұрқы бөлек латын жазуы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынтасын тоқтатады, бөлек жазу ұлысаралық татулыққа бүлік салады деген де қауіп бар. Әліпби тұрқынан шошып тіл үйренбейтін болса, онда сол орысың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазір жаппай латын жазуындағы ағылшын тілін үйреніп жатыр? Ендеше, себепті де орнымен іздеу керек. Ал, латын әліпбиі ұлт араздығын тудырады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына байланысты. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.

Соңғы кезде әліпби ауыстыру мәселесін, ауыстыра қалған күнде қай әліпбиді таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкіл халық жабылып шешетін іс емес екенін, кешіріңіздер, түсінген жөн. Әліпби жобасын тіл мамандары (фонетистер) дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері, психологтар т.б. арнайы сараптаудан өткізеді. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшілік дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми іс «асармен» бітпейді, ғылыми нәтиже аламан жұрттың қау-қаулауымен алынбайды. Ерсі көрінсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы - көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшілікке бағынбайды, тіптен бір адам дүйім жұртқа жөн сілтеп, жол көрсетіп отырады. Әліпби саласында ол - Ахмет Байтұрсыұлы. Ғылымда қоғами теңдік те (демократия) жоқ, адами теңдік те (ғұламалық) жоқ. Ғылым - адамзат болмысының бейтеңдес (бейдемократиялық) тұсы.

Сонымен сөз қорытындысында мынаны айтпақпыз. Біріншіден, орыс жазуына байланысты алған жартыкеш-жарамсақ емлеміз бен әліпбиіміздің ана тілімізге тигізген бүгінгі зардабын көре отырып, әлі де болса орыс жазуында қаламыз деудің енді реті келе қоймас. Оның үстіне Ресейдің өзіндегі орыс тілі мамадарының ішінде де латынға көшейік деген академиялық деңгейдегі пікір қалыптасып келеді. Тіптен, орыс жазуында қала қойғанның өзінде оған түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ал, оған өзгеріс ендіреміз десек, оның дауы латынның дауынан да асып түсетініне еш күман жоқ. Екіншіден, араға ғасырға жуық уақыт салып, араб әліпбиіне қайта оралып жатудың тағы жөні жоқ. Өйткені қазіргі ұрпақ үшін араб жазуы көп бейтаныс жазудың бірі ғана. Үшіншіден, латын жазуы қалай-қалай дегенде де әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы болып қалды. Оның үстіне егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазіргі жазуымыздағы тіл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзінен өзі түсіп қалады. Дұрыс әліпбиден бұрыс емле-ереже туындамайды, бұрыс әліпбиден дұрыс емле-ереже туындамайды. Жазу реформасы дегеніміз – осы.

Ендеше латын әліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау керек болады, тек емле-ережесін баптап өтейік, ертең-ақ көз үйреніп, қол жаттыққан соң күмән сейіліп, үрей өзінен өзі басылады.