«Қазтест»-тің қауһары қандай?

«Қазтест»-тің қауһары қандай?

Елімізде ҚАЗТЕСТ жүйесінің жүзеге асқанына біраз уақыт өтті. Нәтиже қандай? Мемлекеттік тіл жанашырлары неге алаңдаулы?

Жүйенің ерекшелігі неде?

Әңгімені әріден бастасақ... Шыны керек, отандық қазтест жүйесінің құрылғанына 10 жылдан астам уақыт өткенімен, бұл бағдарламаның қыры мен сырын көпшілікік әлі де жіті түсіне бермейтіні ақиқат. Сондықтан алдымен қазтест жайлы аз-кем айта кеткеніміз жөн болар.

Қазтест - ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалалайтын бірден-бір жүйе. Ол халықаралық тілдік білімді бағалаудың TOEFL, IELTS, DALF, TÖMER, ТРКИ және т.б. бағдарламаларының тәжірибесін негізге ала отырып әзірленген. Аталмыш халықаралық жобалардың талаптарына сәйкес қазтест арқылы қазақ тілін меңгерудің 5 деңгейі енгізілген. Атап айтар болсақ, олар: А1 – қарапайым, А2 – базалық, В1 – орта, В2 – ортадан жоғары, С1 – жоғары деңгей.

Міне, бұл деңгейлер арқылы тест тапсырушылар өзінің мемлекеттік тілді қандай дәрежеде білетіндігін анықтай алады. Осылай күнделікті тұрмыста тілдің қолданылу деңгейін анықтау әдісі әлемнің көптеген елдерінде қалыптасқан үрдіс болып саналады, дейді мамандар.

Қазтест тапсырушы 4 бөлік бойынша тілдік білімін сынайды. Олар мыналар: тыңдалым, жазылым, лексика-грамматикалық құрылым және оқылым. Мұндағы әрбір бөліктің ерекшелігіне байланысты тапсырма да алуан түрлі болады. Яғни, әр тапсырманың өз мақсаты мен бағалау тәртібі бар. Мәселен, тыңдалым бөлігі бойынша күнделікті өмірде қолданыста бар, әрбір деңгейдің лексикалық қорына сәйкестендірілген диалог, монолог, полилог және басқа да мазмұндағы мәтіндер ұсынылады. Ондағы тапсырмалар аудиомәтіндер және тест сұрақтары арқылы адамның тілді меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған. Жазылым бөлімінде жазба жұмыстарының грамматикалық сауаттылығы, мазмұны мен тілдік құралдарды пайдалану сапасы тексеріледі. Сол сияқты лексика-грамматикалық және оқылым бөліктерінің де мақсаттары белгіленген. Осы талаптардан сүрінбей өткендер ғана өзінің қазақ тілін жоғары деңгейде білетіндігін дәлелдей алады.

Нәтиже көңіл көншіте ме?

Бүгінде еліміздегі бірқатар сала мамандарына қазтест тапсыру міндеттелген. Атап айтар болсақ, Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұстаздары, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім стипендиясына үміткерлер, мемлекеттік қызметшілер және тағы басқалар. Бірақ бұл санаттағы қызметкерлер қазтест тапсырып жатқанымен одан шыққан нәтиже көңіл көншітпейді, дейді мамандар. Себебі, тест тапсыру талабына қатысты түсінбеушіліктер бар. Мәселен, өзгелерді былай қойғанда, мемлекеттік қызметшілердің өзі қазтестті тапсыруға міндеттелгенімен, оның нәтижесі олар үшін ешқандай да рол атқармайды екен.

- Қазтест – азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын жүйе. Сондықтан оны тапсыратын азаматтар қазақ тілінің қажеттілігін сезініп, оған емтихан ретінде жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сонда ғана жақсы нәтиже болады. Мысалы, көршілес Ресей мемлекетінде мұндай тесттен өтпеген мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығарып жібереді. Ал біздің елде керісінше қазтест тапсыратын мемлекеттік қызметшілерге: «қорықпаңдар, өтпей қалсаңдар ештеңе болмайды», - деп жұбату айтады. Осыдан кейін қандай нәтиже күтуге болады? Талапты қатайту керек, - дейді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина.

Шынымен де, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін оның қоғамдағы қажеттілігін арттырудың маңызы зор. Ол үшін не істеу керек? Профессор Айман Файзоллақызы қазақ тілі мамандарынан өзге сала өкілдерінің барлығы қазтест тапсырып, мемлекеттік тілді білу деңгейлерін тексеріп отырғаны жөн екенін айтады.

- Еліміздегі түрлі салада еңбек ететін азаматтардың ұлтына, қызметіне қарамай, қазтест тапсыру міндетін жүктеу керек және оның нәтижесі есепке алынуы тиіс деп санаймын. Сонда ғана қазақ тілін меңгерушілер қатары артып, мемлекеттік тіл саясаты өз жемісін береді. Сондай-ақ, тілді білу деңгейіміз де толық анықталады. Мәселен, көбіміз қазақша жақсы сөйлегенімізбен, мемлекеттік тілді қандай деңгейде меңгергенімізді біле бермейміз. Мұны анықтаудың жалғыз жолы - қазтест тапсыру арқылы көз жеткізу. Бір қызығы, жақында Алматы қаласында еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлары қазтест тапсырды. Сонда «қазақшам жақсы» деген Шымкент, Батыс Қазақстан облыстарынан келген университет басшыларының өзі қате жіберді. Осыдан кейін өзгелерден қандай үміт күтуге болады? - дейді А.Зейнулина.

Бұған қарап, еліміздегі маңызы бар іспен айналысып жүргендердің қатарында мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген азаматтардың аз екенін аңғаруға болады. Сонда Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылған қазақ тілін үйрету курстары мен басқа да іс-шаралардың оң нәтиже бермегені ме? Әлде, қазтест тапсырмаларында шикілік бар ма? Ал мамандар қазтесттің тапсырмалары соншалықты күрделі емес екенін айтып, оны құрастыруға елдегі ең белгілі ғалымдардың қатысқанын алға тартып отыр. Соған қарағанда тілдік білімді бағалауға бағытталған бұл тест халықаралық талаптарға сай әзірленген әрі мазмұны мен сапасына қатысты да әңгіме жоқ болғаны ғой.

Демек, ендігі кезекте қазтест тапсырушылардың жауапкершілігін арттырып, талапты күшейту керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық жойылмақ.

Сапа ма, сан ба?

Елбасының Жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «ҚАЗТЕСТ» жүйесіне де басымдық берілген. Сондай-ақ, Президент 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі 90 пайызға жетуі керек деген талап қойғаны белгілі. Бұл межені қаншалықты орындағанымызды іс жүзінде дәлелдеу үшін қазтест нәтижесіне сүйенеміз, дейді тіл мамандары. Өкінішке қарай, олар мұнда да көзбояушылық бар екенін айтады.

- Қазтестке жауапты мамандар алдымен оның қандай мақсатта тапсырылатынын және кімдердің тілді білу деңгейін тексеру керектігін анықтап алғаны дұрыс. Олай дейтінім, жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін тіл мамандарына да қазтест тапсыруды міндеттейді. Қызық! Өзіміз қазақ тілінің маманы бола тұрып, мемлекеттік тілді қаншалықты білетінімізді көрсету үшін тест тапсырып, сертификат алып жүргеніміз ұят жағдай ғой. Егер біз қазақ тілін жетік білмесек, қалай тіл маманы атанамыз? Шарасыздан мен де былтыр қазтест тапсырып, жоғары деңгей бойынша сертификат алдым. Жасыратыны жоқ, осылай тіл мамандарына қазтест тапсыруды міндеттеу арқылы статистиканы, яғни, көрсеткішті көтеру көзделіп отырғаны айдан анық. Сонда бұл жерде сапа емес, сан маңызды рол атқарып тұр. Мен бұл мәселені қазтестке жауапты мамандарға айтып едім, олар жарытып жауап бере алмады. Мұндай «теріс әрекеттерімізбен» кімді алдаймыз?- дейді Инновациялық Еуразия университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Бақытгүл Молдағали қапаланып.

Ал республикалық «Қазтест» орталығының жетекші сарапшысы Ұлжан Асылханқызы қазтестті мәжбүрлеп тапсыртуға жол берілмегенін, бірақ осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қазтесттің ұлттық стандарттары қолданысқа енгізілгенін айтады.

- Елімізде қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілік талаптарын анықтайтын мемлекеттік стандарттар белгіленген. 2016 жылдың 23 желтоқсанында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткізілген Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия отырысының хаттамасына сәйкес барлық орталық, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары аталған Ұлттық стандарттарды қолданысқа енгізуі қажет. Сол бойынша мемлекеттік тілді белгілі көлемде меңгеруі абзал кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі берілген. Бұл құжат «Мемлекеттік тілді кім қай деңгейде білуі керек?» деген сұраққа нақты жауап бере алады. Ұлттық стандарттар 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді, - дейді сарапшы маман.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Сәуле Османованың айтуынша, 2012 жылдан бері аймақ бойынша 9 мыңға жуық тұрғын қазтест тапсырған. Бірақ олардың ішінде қазақ тілін жоғары деңгейде білетіндер аз. Мәселен, 2014-2016 жылдар аралығында 6 119 адам қазтест тапсырса, соның ішінде В1 деңгейін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 22,5 пайызды, ал С1 (жоғары) деңгейін көрсеткендер қатары небары 1,6 пайызды құраған екен.

- Қазтест тапсырып, сыннан сүрінбегендеріне деңгейі бойынша сертификат беріледі. Оның құны – 4800 теңге тұрады. Ал тестілеуден өте алмағандарға сертификат берілмейді, бірақ дайындалып, қайтадан қазтест тапсыруына болады, - дейді басқарма басшысы.

Осылайша, қазбалай берсек, қазтест жүйесіне қатысты көпшілікті алаңдатқан жайттар көп. Қайсыбірін айтайық? Бір анығы, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауды мақсат еткен қазтест жүйесіне деген талапты күшейтетін уақыт жетті. Қашанғы қазақ тілінің тағдыры сынала бермек? Сондықтан осы іске жауапты тұлғалар жоғарыда айтылған талап-ұсыныстарды назарға алса игі.