Көркемсөз оқу шебері анықталды

Көркемсөз оқу шебері анықталды

Қызылорда қаласында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің ХІХ облыстық байқауы өтті. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі додаға 17-35 жас аралығындағы 16 талапкер қатысты. Аймақтың әр тарабынан келген талапкерлер байқау шартына сай Оралхан Бөкей шығармасымен қатар белгілі қазақ жазушыларының көркем және драмалық туындыларынан үзінді оқыды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орын Жаңақорған ауданындағы №1 «Кәмшат» балабақшасының әдіскер-психологы Айдын Кекілбаеваға бұйырды. Екінші орынды Арал ауданындағы №13 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Алтынбек Қыстаубаев еншілесе, бас жүлдені Қазалы ауданы Кәукей ауылының тұрғыны Айсұлу Насыр иемденді.

Ал Ердос Төлебаев (Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенті), Қымбат Тоқтанова («Болашақ» университетінің студенті), Назгүл Садықовалар (И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенті) ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен шара соңында байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.