Қазақтың ұлттық кодының бірі – төл жазу

Қазақтың ұлттық кодының бірі – төл жазу

Қазақтың ұлттық кодының бірі – төл жазу Қазақтың ұлттық мақтаныш сезімін оятатын айшықты нысандарды ұлықтап айта алатын дәрежеге жеттік. Ендігі кезек ұлттық жазуға келіп тіреліп тұр. Бұған Елбасы­мыздың бағдарламалық мақаласындағы: «...қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деген жолдар зор қозғау салып отыр.

Осы тұста академик Ә.Қай­дардың бастамасы еске түседі. Өйткені, ол егемендіктің елең-алаңында латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп еді. Тарих теперіші мен билік өктемдігін көп көрген – осы ұлттық жазуымыз. Тұмшаланып қалған санамыздың түкпірінен төл дыбыстарымызды аршып алып, емле-ереже құрастыру оңай шаруа емес. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Дыбыс – ұлт тілін өзге тіл­дерден ерекшелендіріп тұратын айғақ; таңба сол дыбыстың қор­ға­ныш-қауызы; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз етіп тұратын дәнекер.

Кез келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір серпілтпей қоймайды. Ондай шараның жақтаушылары мен қарсыластары болады. Бұл әліпби ауыстыру мәселесіне де қатысты. Қазақ зиялыларын «әліпби айтысымен» таңғалдыра алмайсың. Қайткен күнде де арабтан ла­тын­ға, латыннан кирилл жазуына көшкендегі бұрынғы дәлел-долбарларға тың ұсыныс қосыла қояды деп ойламаймыз. Өйткені, бар-жоқтың бәрі бұған дейін, сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары-ақ ортаға салынған. Елуінші жылдардың ортасында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у, я, ю әріптерін төл сөздеріміздің жазылымына енгізгеніміз бар.

Оның «жемісін» күні бүгінге дейін теріп жеп отырмыз: орыс­тақы орфографиямен өскен ұрпақ­қа төл дыбыстың айтылымы бейтаныс көрінетін болды. Тіптен, тіл мамандарының арасынан орыс тілінің и, у тәрізді кірме «жетістіктерінен» айрылғысы келмейтіндер табылып жатыр. Олар қазіргі ми, ки, су, ту деген жазуымызды латын негізінде mi, ki, tu, su деп жазуды ұсынып отыр. Егер қазақтың мый, кій, сұу, тұу деген сөздерін қайтадан mi, ki, tu, su деп қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазатын болсақ, онда әліпби ауыстырмай-ақ орыс жазуында қала бергеннен айырма жоқ.

Латынға қарсы мамандар «42 әріптен айырылып қаламыз, сол арқылы кез келген сөзді жаза бе­ретін едік» дегенді алға тартады. Ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым аз болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады.

Кірме дыбыстарға бола жаңа таңба алу деген тек бұрынғы Кеңес құрамындағы түркі рес­пуб­ли­ка­ларында ғана болды, олардың ішінде біз де бармыз. Әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық деп түсінбей, қазақ тілінің жазуы­на реформа жасау деп бағалау керек болады.

Қазақ жазуына жасалар реформаны тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отырмыз. Сондықтан, орыс тілінің ықпалы дегенде, орыстың тілін емес, оның төркіні бөлек емле-ережесінің туыстығы бөлек қазақ тіліне орынсыз тықпаланғандығын айтамыз. Орыс әліпбиін орыс тілінің емле-ережесімен қоса алғандықтан, қазақ сөзінің айтылым үлгісі сол жазу келген тілдің қанжығасында кеткені рас. Бұл – ғылым дәлелдеп, тарих көрсетіп отырған жай.

Соның нәтижесінде кейінгі жас ұрпақтың, тіптен, жас ұрпақ қана емес, ересектердің де тілі бұзылып барады. Мысалы, мектептен бастап «мынау – и» деп, орыс тіліндегідей жіңішке айт­қызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми деп жазып қоямыз. Сөйтіп, қазақтың ый, ій деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауыс­ты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый деген сөзін ми деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ.

Кез келген қазақ тілі оқулы­ғының бетін ашыңызшы. Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осы­лай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды. Тіл ішкі табиғи заңдылықтарға те­лінгенде ғана жүйелі жазу шы­ғады.

Кириллицаны жақтаушы­лар­дың тағы бір дәйегі – бұрынғы жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз деген қауіп. Кирилл жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп таста­йын деп отырған жоқ. Ел­ба­сымыз айтқандай, кирилл жа­зуы латын жазуымен біраз жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен бірте-бірте латын жа­зуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысады. Бұрынғы жарық көрген маңызды деген шығармаларымыздың мәнсіздері өзінен өзі түсіп қалады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды, ендеше жазба мұраларымыз оқылмай қалады деп уайымдауға негіз жоқ.

Оның үстіне болашақ ұрпақты үш тілді етіп тәрбиелеу мәселесі мемлекеттік шараға айналып отыр. Сол үш тілдің бірі орыс тілі болып қала береді. Өркениетті елдерде көп тіл білу – кәсіби жетіс­тік болып саналады. Осы жағдай бізге де келіп жетті.

Қазақ жазушыларының шығар­малары оқылмай қалады деген де күмән бар. Әліпби мәселесіне қатысты дөңгелек үстел үстінде бір жазушымыз «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды, сондықтан оқы­латын шығарма жазыңдар» деп қысқа қайырып еді.

Жазу ауыстырудың шығыны бар екені рас. Алайда, шығынның да шығыны бар. Біріншіден, латын әліпбиіне қарсылар кітап басудың, оқулық шығарудың шығынын алға тартады. Сонда немене, латын әліпбиіне өтпесек, кітап баспай, оқулық шығармай отырамыз ба? Сонда кирилше қайта басуға шығын кетпейді де, латынша жаңадан басқанда шығынның астында қаламыз ба? Қағаз шығыны, бояу шығыны, жұмыс күші, т.б. жайттарды кирилде қалсақ та, латынға өтсек те бастан өткереміз. Ендеше, бұл бағыттағы шығынды латынның шығыны деп есептемеу керек.

Сонда қалатыны – маман­дарды латынға икемдеп, қайта дайындау мәселесі ғана. Мұға­лімдер үшін олардың білімін жетілдіру институттары бар. Мек­тептердің өзі латын әліпбиін үйре­тудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер мен жеке­меншік кәсіпорындардың өз мүмкіншілігі бар. Ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар да қарап жатпайды. Жалпы, латын әліпбиін үйренуге көп жылдар керек дегенге өз басымыз сенбейміз. Берісі үш ай, арысы жарты жыл мерзімінде халықтың негізі сауаттанып бітеді.

Ауыл сауатсыз қалады деудің негізі шамалы, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютер бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па?

Латынға қарсы әріптестеріміз, тіптен, мекеме маңдайшасын алмастырудың өзін үлкен шығын деп дүрліктіреді. Әр мекеме үшін өз маңдайшасын алмастыру кө­тере алмайтын жүк емес қой. Оның үстіне жекеменшік мекемелер үкіметтен қаражат сұрамайды. Баспа орындарын латын әліп­биіне икемдеп қайта құруды да даурықтырып керегі жоқ. Бұрынғыдай батпандап қорғасын сапырып, құлақты тұндыратын тарсыл-тұрсыл баспаханалар қазір жоқ. Компьютер тетігінің бір ғана бұрауымен қыруар іс бітіп жатады. Кез келген баспаханада латын жазуына байланысты компьютер қоры дайын тұр.

Латын жазуы өзге ұлт өкілде­рінің мемлекеттік тілге деген ынта­­сын тоқтатады деген де қауіп бар. Әліпби тұрқынан шошып тіл үйренбейтін болса, онда оры­сың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазір жаппай латын жазуындағы ағылшын тілін үйреніп жатыр?

«Шүкір» деу керек, қазір қа­зақ тіліне деген бетбұрыс мол. Балабақшаларда қазақ тілін үйре­ніп жатыр, мектептерге міндетті пән болып еніп жатыр. Тәуелсіз жылдары қазақ мектептерінде тәрбие алған жас ұрпақ қатарға қосылды. Ұлт татулығы мен ұлт араз­дығы жазуға емес, тұрмыс-тірші­ліктің бабына байланысты. Жазуы түгіл, тілі бір халықтардың өзара қырқысып жатқанын көрмей отырған жоқпыз ғой. Еліміздің есе­лі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян.

Әлемдік ақпарат кеңістігіне шығатын бірден-бір төте жол, шын­дығында, тек латын жазуы. Қанша шатқаяқтағанмен ақылға сала келіп, мойындауға тура ке­леді. Жазу табу – араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын Ахмет Байтұрсынұлы жалғыз өзі шешті. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан, біз тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтурсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмыз. Ахаңның жазу қисынын кезінде атақты орыс ғалымдары математикалық фор­мулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп ба­ғалаған.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтуге байланысты бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білместен жоба ұсынып жатқандар бар. Дыбыс пен әріпті айырып алмас­тан жоба ұсынып жатқандар бар. Олардың дені әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйек­теме жоқ.

Әліпби ауыс­тыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес. Әліпби ауыстырудың үш дең­гейі бар: бірінші – әліпби (дыбыс) деңгейі, екінші – таңба (әріп) деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Бұл – тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.

Мысалы, тіл мамандары тіл­дің дыбыс құрамын анықтап, әліпби ретін белгілейді, емле-ережесін құрастырады; математиктер әр дыбыс пен таңбаның кездесім жиілігін есептеп шы­ғады; информатиктер компьютер түйметақтасына оңтайлы ор­наластырудың амалын қарас­тырады; сызбашылар әріп сұл­басының қарапайым үлгісін із­дейді; әдіскерлер оның сауат ашу дағдысын бағалайды; көз дәрі­герлері көзтанымға әсерін байыптайды; психологтер бала жүйкесіне шақ келу жағын пысық­тайды, т.с.с.

Біз латынға бұрын өткен рес­­пуб­ликалардың тәжірибесін еске­руіміз ләзім. Ондай жұмыс Астанадағы Халықаралық түркі академиясы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды, орындалып та жатыр. Басқалар жіберген қатені біз қайталамауымыз керек.

Мәселе – «айтулы қырық екі­мен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп түсіндіріп алу. Өйткені, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Әри­не, бұл олардың кінәсі емес. Мектептен бастап, жоғары оқу орнын бітіргенше «қазақ тілін­де 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқ­пақтай берсе, кімде болса се­ніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Құлақ үйренген орыс тілі дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілі әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек. Сол дыбыстардың сыртынан өзге қазақ дыбысын іздеп әуре болмау керек. Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңба­лар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады.

Жетілген әліпби – қолдағыны жеңіл қалыптастырудың, көзта­нымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күмән жоқ. Бірақ қазақ тілін компьютерге икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліп­биді әркім-ақ түзе береді. Қиыны – бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.

Бүгінге дейін әліпбишілер әліпбиді дыбыс естіліміне қарай түзіп келеді. Ал дыбыстың есті­лімін әркім әртүрлі қабылдайды (түйсінеді). Ұсынылып жатқан жобалардан кетіп жатқан жаң­сақтықтар осыған байланысты. Дыбыстың таңбасы оның жасалымынан (артикуляциясынан) туындау керек. Бұл кез келген адамның қолынан келмейді. Жоба жасаушы маман фонетист болуы керек. Жазудың дыбыс құрамы мен емле-ережесін Ахмет Байтұр­сынұлы шешіп беріп қойған, ал латын әліпбиі – тарихи дайын тұрған дүние. Оның үстіне компьютер түйметақтасында қазақ дыбыс­тарына сай келетін таңбалар жет­кілікті. Мәселе бірегей 3-4 дыбысты қалай таңбалаймыз дегенге ғана саяды. Ең бастысы, жоба авторлары әліпбидің кешенді мәселелерін (әліпби, таңба, емле-ереже) қалай шешіп берді, бәрі соған байланысты.

Соңғы кезде әліпби ауыстыру мәселесін референдум арқылы шешу керек деген ұсыныс айтылып жүр. Бұл мәселе бүкіл халық жабылып шешетін іс емес екенін түсінген жөн. Әліпби жобасын тіл мамандары дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері, психологтер, т.б. арнайы сараптаудан өткізеді. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретін­де ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшілік дауысқа салумен анық­талмайды. Ғылым саласында «көп ақылы – көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшілікке бағынбайды, тіптен бір адам дүйім жұртқа жөн сілтеп, жол көрсетіп отырады. Жазу саласында ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Латын әліпбиін жатырқамай қабылдау керек болады, ертең-ақ көз үйреніп, қол жаттыққан соң күмән өзінен-өзі сейіледі.