Орал өңірі орысшадан құтылмай тұр

Орал өңірі орысшадан құтылмай тұр

Тәелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр болса да Орал өңірі орысша атаулар мен хабарландырулардан құтыла алмай жүр. Орал қаласы мен оған жақын елді мекендер мен ауылдарда қазақшадан орысша басым.

04/10/2016

Бірде Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының орталығы Переметныйға қонақ боп келген досым көше аралап шығып, көптеген орысша атауларды көрген соң: «Мен расымен де Қазақстанда жүрмін бе?»,-деп ұялтқан еді.

Расымен де аудан орталығындағы мемлекетік мекемелерде ғана болмаса, қалған жерлерде қазақша атау көру қиындау екен. Газет-жорнал беттерін, ғаламтор желісін қарап отырып, кей облыстар мен басқа да аудандарда, Орал қаласындағы көше бойына ілінген жарнамалардағы қателіктерді түзету керектігі туралы жазылған ақпараттар мен сыни мақаларға көз жүгіртіп отырып, «шіркін, біздің аудан орталығында ең болмағанда осындай қате жазылған қазақша болса ғой»,-деп қаламыз. Әрине, бұл жүрегімді жаралаған ызалы қалжың. Дегенмен Переметный ішін аралап жүріп қазақша атау не хабарландыру да таба алмай қаласың. Дүкендер мен кафелердің қалай аталып жатырғанына ештеңе дей алмаймыз. Әр кәсіпкер өз дүкенін қалай атаса да өз еркінде. Алайда, «Мы открылись», «Закрывайте дверь», «В продаже имеется» деген сияқты шағын хабарландыруларды қазақшалап жазуға да болар еді ғой.

Күндіз шаммен адам іздеген Диоген құсап, аудан орталығында қазақша жазылған хабарландырулар мен жарнамаларды таба алмай қиналдық. Біз іздеген қазақша тек аудан орталығындағы «Талап» дәріханасынан табылды. Ал қалған он шақты шағын дүкен мен бір-екі кафедегі бар қазақша «дүкен» және «кафесі» деген сөз ғана болды. Сыртындағы жарнама мен іштегі ілініп тұрған шағын хабарландырулардың барлығы ресми тілде. Аталған сауда орындарының қожайындарын сөзге тартқанымызда бірі түсіністікпен қарап, «олқылықты болашақта жоятын боламыз» деп уәдесін берсе, енді біреулері «біздің ауыл тұрғындарының нобайы орысша сөйлейді, елімізде орыс тіліне ресми тіл статусы берілген сондықтан хабарландыруларым мен жарнамаларымды тек қана ресми тілде жаза беретін боламын» деп шығарып салса, енді біреулері «біздің дүкенде қазақша жаза алатын адам жоқ қаласам алып тастаймын" деп ренішін де білдіріп жатты. Біздің елде екі тілге де басымдық беріліп отыр. Бірақ ол біреуін қолданып, екіншісін мүлде пайдаланудан қалдыру деген сөз емес. Ресми тілді пайдалансаң өз еркің. Бірақ, мемлекеттік тілді де құрметтеуіміз керек. Елбасымыздың өзі де Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін әрдайым айтып жүреді. Сол да ескерілсе екен дейміз. Тілді сүю, елді сүю мен құрметтеу сияқты қасиетті ұғымдар. Иә, бір-екі ауыз орысша жазылып тұрғанда ешнәрсе жоқ деп те ойлауы мүмкін біреулер. Дегенмен, тіл мәселесінде ұсақтық болмайды. Өйткені тілдің тағдыры елдің тағдыры. Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» Ал орыс тілін — ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Бұл дегеніміз өзің қалаған тілде жазып, екіншісін өгейсітіп қою деген сөз емес. Кәдімгі тайға таңба басқандай боп көрініп тұрған заң. Ресми тілде жаздың ба мемлекеттік тілді де өгейсітуге еш құқың жоқ!

Түгелбай Бисен