​Тіл үйрету үйреншікті әдіс емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табу

​Тіл үйрету үйреншікті әдіс емес, ол  – үнемі жаңадан жаңаны табу

Мемлекеттік тілдің қолданылым аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру тәуелсіздік алған тұстан бастап күн тәртібінен түспеген мәселе. Төл тілімізді тұғырына қондыру үшін билік пен бұқара барын салып келеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында ауқымды шаралар қолға алынып, тіл мамандары ана тілін үйретудің түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап тапты. Уақыт талабына сай дәстүрлі тәсілдермен қатар қазақ тілін үйретідің креативті жолдары да ұсынылуда. Тың идеясымен республикалық «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Нағима Ахатаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Қазақ тілін үйрететін креативті әдіс қызығушылық тудырса, көз жүгіртіңіз.


- Нағима, ә дегеннен әңгімені сіздің қазақ тілін үйрететін әдісіңізден бастасақ.

- Біз ұсынған «Ән арқылы лексикалық қорды дамыту» әдісі қазақ тілін үйретудің бір қырын ғана көрсетеді. Байқаудың шарты да дәстүрлі емес сабақ үрдісін бейнелеуге негізделген болатын. Бүгінгі жаһандану заманында кез-келген нәрседен қол үзбеу керекпіз. Сондықтан, ән мәтіні арқылы тілді меңгерту, сол арқылы қазақша тілдесімге жетелеу біздің негізгі мақсат болды.

- «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» атты республикалық байқауға ұсынылған 400 жұмыстың ішінен үздік танылды. Сіздіңше әдісіңіз несімен креативті? Жалпы, бұл әдіс әлемдік тәжірибеде бар ма?

- 400 жұмыстың ұсынылуы қазақ тілін оқытып жүрген және жаңа, нәтижелі әдіс табуға талпынысты әріптестеріміздің біршама екендігін көрсетеді. Бұл қуанышты құбылыс. Ал біз ұсынған жобаның креативті болуының себебі дәрісханадан немесе арнайы партадан алшақтығында деп білемін. Әуені жақсы ән мәтіні арқылы тіл үйрену қызықты әрі жалықтырмайды деген ойдамын. Оны түрлі-түсті фотосуреттермен бейнелеу, жеңіл тапсырмалар арқылы өздігінен жауап беруге жетелеу, компьютер, планшет, ұялы телефон тағысын тағы кез келген электронды құралға салып алып тілді меңгеруге болатынын ұсынған шығармашылық жұмысымыздың нәтижесі деп білемін. Бүгінгі заманда кез келген адамды алсаңыз қысқа-нұсқалықты жақсы көреді. Сандық заманда өмір сүрудеміз. Тіпті сізге жауап беру барысында қысқа айтсам екен деп ойлап отырмын. Себебі, аудитория ұзын сонар әңгімені тыңдауды қалай бермейді. Ватсап, инстаграм, фейсбук т.б. желілерде алып қарасаңыз смайликтер арқылы да сөйлесе алады. Ол да қысқалықты танытады. Осы тұрғыдан келгенде жеңіл ән мәтіні арқылы қарапайым тілдесімді меңгертуге болады деп ойлаймын. Есіңізде болса, жас балаға сәби кезінде жеңіл, жатық дүниелерді меңгертеді. Көркем әдебиет әлеміне еңгенде міндетті түрде өзіңіз қызығатын, меңгеруге жатық дүниелерді оқудан бастау алу керексіз. Сол кезде сіздің алған ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіз оянады. Ал бірден шаршап, оның қиындығына тап болған тіл үйренуші өзін зорлықпен үйретеді де, оған деген сүйіспеншіліктен арылады. Білімнің салтанат құруына келсек, «Жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық». Көштен қалуға болмайды. Ал әлемдік тәжірибеде бар-жоғын арнайы зерттемедім.

- Бұл әдіс арқылы қанша сабақта нәтижеге жетуге болады? Әр сабақ сайын тапсырмалар, ән мазмұндары күрделеніп отыра ма?

- Арнайы блогтарға бөлсек, кез келген тақырыпты 3-4 ән арқылы меңгертуге болады. Біз не ұтамыз, біріншіден, сөздік қорды молайтамыз. Бұл тіл үйренушілерге ең қажет нәрсе, екіншіден, ән арқылы диалогқа түседі. Үшіншіден, өзге ұлт өкілінің қазақша ән шырқап тұрғанын көрсек таңғалыспен сүйсіне, қызыға қарайтын жайымыз тағы бар. Төртіншіден, сол ән мәтінімен ұлттық нақыш қоса өрілген жөн. Мұның бәріне мәтінді күрделендіру арқылы қол жеткізе аламыз. Байқауға үлгі ретінде ең жеңіл мәтінді алдық. Себебі, бұл әдістің тиімділігін таныту көзделді. Әрине, тек мұнымен шектеліп қалу жеткіліксіз. Бұл баспалдақ іспеттес. Шығармашылық жұмыста көру, тыңдау, айту, сөйлеу, сұрақ-жауап бәрі бар. Бірден күрделі дүние бере алмаймыз. Ал жалпы алғанда қазақ әндері арқылы тек өзге ұлт өкілдерін ғана емес, қаланың жастарын да қазақи құндылықтарға жетелеу керекпіз. Құрғақ жаттап, мән-мағынасына бармай беріден кетіп жатқан қаншама жастар бар. Оларды кінәлаймыз. Меніңше, талапсыз жас болмайды. Тек жеңіл дүниемен шектелеп жүрміз. Қазақ әні тұнып тұрған философия. Махаббат, аңшылық, салт-дәстүр, ана мен әкенің қадірі тағысын тағы нәзіктікпен өрілген қоңыр мінезді дархан халықтың шынайы ұлттық болмысын меңгертуде әннің атқарар рөлі аса зор.

- Сабақ жоспарына қанша және қандай әндер енгізілді?

- Мен бұл сабақ үлгісін арнайы осы байқау үшін әзірледім. Сапалы бейнеролик тек біреу. Қазіргі жастар әнді өте жақсы тыңдайды. Сол арқылы тілді меңгерту өте тиімді деп білемін. Біз ҚР МЖМБС арнайы бекітіліген бағдарлама негізінде студенттерді оқытамыз. Мәселен, сонда «Жануарлар мен өсімдіктер әлемі. Қызыл кітап» деген тақырып бар. Сол тұста О.Газмановтың «Красная книга» деген әнін тыңдата отырып, сөздік қорды жаңа сөздер, сөз тіркестерімен толықтыру тиімді. Бұл сергіту сәті. Ж.Аймауытов айтпақшы, біз үнемі қозғалып, өзгеріп, өркендеп отыратын тірі адаммен айналысқандықтан, біркелкі әдіспен шектеле алмаймыз. Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер.

- Әдісіңізге қызығушылық танытып, қолдау көрсетіп, іс-тәжірибеде қолданысқа енгізуге ұсыныс жасап жатқандар бар ма?

- Жоқ, бұл әдіс арнайы осы байқау үшін әзірленді. Бір бейнероликті дайындау үшін көп ізденіс жұмысы атқарылды. Байқаудың екінші кезеңінде жазған эссада «Қазақ әлемі» атты курсты ашуды армандап едім. Онда «Шаңырақ», «Домбыра» сынды бөлімдер арқылы тілді құр меңгертіп қоймай Елбасы айтқан ұлттық кодтың көрінісін ұстануды жаздым. Соған сай Білім және ғылым министрлігі қолға алған ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесінің артықшылығына қатысты қаржыландыру жоспарына «Қазақ әлемі: мемлекеттік тіл және таным» (креативті оқыту) атты үлкен дүние әзірлеуге қолдау көрсетуге өтінім білдірдік. Қолдау болса алдағы уақытта жақсы дүние шығар еді. Қолдау көрсетілмесе де біраз еңбектеніп пайдалы дүние жасағым келеді.

- Мұғалім ретінде мезгіл мәселесіне айналған латын әліпбиіне қатысты не айтасыз? Қазіргі алфавитіміз кириллица бола тұра қазақ тілінде оқып, жаза алмайтындарға жаңа әліпби арқылы қазақ тілін үйрену тіпті қиынға соқпай ма?

- Мұғалім ретінде жауап берсем қиындық тудырары сөзсіз. Бірақ, мәселе әліпбиде емес қой... Ал жалпы Қазақстан азаматы ретінде жауап берсем 25 жылдық Тәуелсіздік тарихымызда Мемлекеттік тілдің өз мәртебесін алмай тасада қалып қоюы, латын қарпінің қазақ тарихының сахнасына қайта келерін білгендіктен болар деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде біз зардап шекпейміз. Оның үстіне бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндердің бәрі бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгерген. Ұялы телефон, пернетақтадағы таңбаның бәрі латын тіліне негізделген. Одан үркудің қажеті жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын Астана қаласына барғанда М.Балақаевтың латын тілінде жазылған еңбегін ұсынғанда еш қиналыссыз оқығанбыз. Меніңше, зиялы қауым латын тіліне ауысуды еріккендіктен ұсынып отырған жоқ. Тәуелсіздігімізді алған жылдардағы ең оң шешім осы деп түсінемін.

- Сіздіңше тіл үйрену үшін таңбаның аз не көп болғаны маңызды ма? Қайсысы тиімді?

- Жоқ, маңызды емес. Тіл үйрену үшін ешкімнің мәжбүрінсіз өзіндік қалау және ең бастысы қажеттілік болғаны абзал. Сөздік қор, сол тілдегі қарым-қатынастың болу және ақша беріп тегін оқытуды қойып, мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру маңызды. Ол дегеніміз, қарапайым автобустың ішіндегі аялдаманы хабарлауда қазақ тіліндегі нұсқасы айтылған жөн (жолаушы оны түсінеді ғой). Мәселен, «Келесі «Артур» сауда үйі» дегенді «Следующая остановка – торговый дом «Артур» деп қайталамаса болады. Бұл да тілді меңгерудің қарапайым әрі тиімді әдісі деп білемін. «Дүкен-Магазин» дегенше тек қазақ тіліндегі нұсқасын қалдырған жөн. Мұны арнайы құзырлы мекемелер қадағалап, бірізділендіретін кез туғанын мойындау қажет.

- «Қазақ тілін оқытатын методика мықты. Бірақ мұғалімдер жаттанды сөзбен сабақ өтеді де оның қорытылуына, нәтижесіне мән бермейді» дегенмен келісесіз бе?

Жоқ, келіспеймін. Білім беру жүйесіндегі реформалар мұғалімдерді әбден әбігерге салды. Тест түрінде келген ҰБТ бұған дәлел. Биылғы жылдан бастап эссе жазу жүктеліп отыр. Қазақ тілінде білім алып келген өзге ұлт өкілдерінің грамматикалық білігі жоғары деңгейде. Неге? Себебі ҰБТ үшін қазақ тілі міндетті пән болғандықтан жаппай жаттады. Қазір мектептер «эссаны қалай жазғызамыз» деп қиналуда. Сөздік қор тақыр, көркем шығарма оқылмаған. Жоғарыдағы Ж.Аймауытовтың сөзін аз өзгертсек, тіл үйрету үйреншікті әдіс емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табу өнері. Әрине, мұғалімге итере салу оңайдың оңайы.

- Уақыт бөлгеніңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болғай!