Жаңғырудың жаңа жолын талқылады

Жаңғырудың жаңа жолын талқылады

Сыр зиялыларының басқосуымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелердің өзектілігі мен салмағы жайлы талқылау өтті. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры мұрындық болған шараға тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының филолог-ғалымдары, білім, мәдениет салалары мен тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері, қаладағы алдыңғы қатарлы мектептердің мұғалімдері және қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.

Дөңгелек үстелді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Аман Мәделханұлы жүргізді. Шара барысында ақын, сазгер тіл жанашыры Ділдахан Торғаева Елбасының мақаласында көтерілген мәселелер бойынша халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әсіресе, латын әліпбиіне көшу жұмыстары қарқынды жүргізу қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, А. Абасилов латын әліпбиіндегі дыбыстарды азайту және де мектепке «Латын әліпбиінің негіздері» деген пән қосу туралы ұсынысын білдірді. Н. Есбосынның аталмыш мақала төңірегінде «Kahoot» бағдарламасына енгізген сұрақтары бойынша жүргізген жұмысы дөңгелек үстелге қатысушылардың қызығушылығын тудырып, отырыстың маңыздылығын арттыра түсті.

Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Л.Есімова Елбасы мақаласынан туындайтын тапсырмаларды орындау бағытында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Мусаева тіл жанашырларына, қонақтарға ғалымдардың тіл мәселелерін, ұлттық дәстүрді насихаттау бағытындағы зерттеу жұмыстары жайлы оқулықтарды тарту етті.