Әліпби айналасындағы тасбақа тірлік

Әліпби айналасындағы тасбақа тірлік

Латын графикасына өту идеясын сонау тоқсаныншы жылдардың басында Әбдуали Қайдар ағамыз көтерген болатын. Орыстан кетсек, оңбай қаламыз деп, өре түрегелгендердің қарасы ол кездерде өте көп еді. Солардың бел ортасында қазақ руханиятына сіңірген еңбегі үшін алған атағынан ат үркетін, бірақ бала-шағасымен орысша сөйлесетін тілші, ғалым аға-апаларымыз да жүретін.

Пәлен ғасырғы жазушымыз арабқа оралсақ қайтеді дейтін бірен-сарандармен қатар түбі бір түркі түгенделіп, орхонға қайтса жөн болар еді - деген асқақ армандар да болған еді. Бүгінгі қазақ қоғамы орыс, араб, латын, көне түркі (руника) сияқты төрт әліпбидің ішінен латынға тоқтап отыр. Бірақ арамызда оны жақтыртпайтындар әлі де баршылық. Олар әліпби мәселесіне қатысты осындай жиындарға келіп 20 жыл бұрынғы әңгімені қоздатып алға жылжымай табандап жатып алады. Оған М.Шаханов ағамыз бастаған алқалы топтың осыдан екі-үш жыл бұрынғы хаты дәлел. Бұның өзі латынның тиімділігін қоғамда насихаттау жұмысының өте нашар деңгейде жүргізілетіндігін көрсетеді. Латынға қатысты ресми жиындардың ортаға тастаған тақырыбы мен талқылайтын мәселелері «латынға қалай өтеміз- деп емес», әлі де латынға өту қажет пе – деп қойылатындығы қынжылтады. Мұндайда әдетте жұрт екі жаққа бөлініп алып, «өту керек – керек емес» деп қызу таласып, ақырында бір шешімге келе алмай, бет жыртысып қайтады.

Өту керектігін түсініп, жоба ұсынып жатқандардың қарасы да көп. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қоржынында 100-ден аса жоба сынға түсіп, топ жаруға дайын жатыр. Ішінде өлеңге әркімнің-ақ бар таласы дегендей, Ақаң сияқты өзінің әліпбиін түзіп тарихта қалғысы келетіндер де жоқ емес. Кейбірі кезінде зорлықпен енгізілген 42 әріпке дәлме-дәл етіп таңба жетпесе қосақтап сол 42 таңбадан тұратын латын нұсқасын жасап қойып, іс бітті деп отыр. Қазақта қанша дыбыс барын Ақаң өткен ғасырда түгендеп кетсе де және оның еңбегі көпшілікке қол жетімді бола бастағанына 25 жыл болса да, кейбір әліпби жасаушылар біздегі төл дыбыстардың саны 28 екендігін енді біліп жатқан жайы бар. Көп жыл әліпбимен әуреленіп жүрген ІТ-мамандар мен нақты ғылым өкілдері өз жаңалықтарын асығыс шетелге апарып патенттеп алуды басты жұмыс деп есептеп, соның жолында жүр. Қырық екі әріптен тұратын әліпби қазақтікі еместігіне көбінің көзі енді жете бастағанда ортақ түркілік әліпби деген тағы бірдеңе шықты. Қойшы әйтеуір, қазір талас қызып тұр. Талас болғанда ғылыми талас және әркімнің өз уәжі бар. Мәселен, А.Байтұрсынұлы атындағы зор институт ғалымдарының өзі бар пікірге келе алмай, бес түрлі жоба ұсынып отыр.

Латынға қатысты әңгіме басталғаннан бәрі, оны зерттеуге үкіметтен ғылым комитеті арқылы қыруар қаржы бөлініп келеді. Ендігіде оны 20 жылдан бері қоржынға түскен латын әліпбилерінің жүзден аса жобаларын сараптап, сайт ашып, көпшілік арасында пікірталас алаңын құрып бір тоқтамға келетін батыл сөз, іргелі ғылыми тұжырым жасауға жұмсау қажет. Өйткені көпшілік жоғарыда айтқан төрт әліпбидің (орыс, араб, латын, орхон) ішінен латынға тоқтап отырғанымен мамандар мына өлшемдердің қайсысын қазық етіп ұстау керектігін әлі шеше алмай отыр:

К – 42 (кириллицадағы қазақ әліпбиі)

Қ – 28 (қазақтың төл дыбыстары)

Т – 34 (түркіге ортақ дыбыс қоры)

А – 26 (пернетақтадағы латын таңбасы)

Сондықтан латынға қатысты ендігі жұмыстар осының айналасында жүруі керек. Кириллицадағы қазақ әліпбиін (К-42) сол күйінде латын таңбасына көшіре салуға болмас. Жаңа әліпбиде қазақтың төл дыбыстары (Қ-28) ғана жеке-жеке таңбамен бейнеленуі қажет. Оның үстіне бір теңге де артық жұмсамай жаһанды жалпағынан басу үшін төл әліпбиіміздің әріптері пернетақтадағы бар таңбалардан (А-26) аспауы тиіс. Егер әлемдегі екі жүз млн түркі өзгенің өзегін өртеп, баба жазуымыз орхонға өтуге пәтуәласса, оны қос қолдап қолдауға болады. Ал бір-бірімізді лұғатсыз-ақ түсініп кетеміз деген желеумен қазақтың жаңа әліпбиін түркіге ортақ дыбыстарға (Т-34) ыңғайлауға өз басым қарсымын. Біз жалпақ шешейлікті қойып, ең алдымен өзіміздің табиғи ұлттық тіліміздің жайын ойлауымыз керек. (Жалғасы бар)