Тіл үйрету – тіл үйренуден де қиын

Тіл үйрету – тіл үйренуден де қиын

Әлемде 4000 тіл болса, алдағы елу жыл ішінде соның 700-і ғана қалады деген болжам бар. Яғни қолданыс аясы тар тілдер жойылады. Ал мұндай сындарлы сәттен қазақ тілін алып шығу мүмкін бе? Тәуелсіздігін алғанына 25 жыл толса да, тіліне теңдік алынбаған төл тіліміздің тағдыры «Қазақ тілі: бүгіні мен болашағы/Kazah Language: today and future» тақырыбында өткен дискурс барысында талқыланды. Қазақстан гуманитарлық құқықтық университетінде өткен басқосудың бұрынғыдан өзгешелігі кіл тіл мамандары емес, экономика, құқық, бизнес, халықаралық журналистика саласының кәнігі кәсіби мамандары жиналды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақ гуманитарлық заң университеті, «USTUDY» тест орталығы мен Астана қаласының тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған ауқымды шарада көп сөз емес, кесек сөзге кезек беріліп, тығырықтан шығудың жолдары ұсынылды.

Бізге заманауи «Абай жолы» қажет

Нұрлан Қуантайұлы,

«Ustaz» орталығының директоры

Мен қазақ тілін кейін үйренген қазақпын. 11 жыл қазақ мектебін оқып, қазақ тілін үйрене алмадым. Грамматикасын өте жақсы білдім. Өлеңдерді де жатқа оқыдым. Алайда айналам орыстілді болғандықтан күнделікті өмірде қазақ тілінің қажеттігі болмады. Ал жоғарғы оқу орнына түсіп, Семейге барғанда, қазақ тілін білмей қатты қиналдым. Дүкен, асхана, шаштараз, көлікте, т.б. қайда барсам да, бәрі-бәрі қазақша қарым-қатынас жасайды. Семей халқы бір жыл ішінде маған қазақ тілін үйретті. Демек төл тіліміздің аудиториясын кеңейтуге қазақ тілін білетін әрбіріміз жауаптымыз.

Жалпы, қоғамда ағылшын тілін үйрену оңай деген пікір қалыптасқан. «Методикасы мықты дамыған және өте қызық тіл» дейді. Расында, қазақ тілі де - қызық тіл. Біз 25 жыл ішінде оны оқыту методикасын жасай алдық па? Бар мәселе осында. Шындығанда, бізде методика жасалған. Мұғалімдер де мықты. Алайда бізде жақсы методика болғанымен оның қабылдануы, оқушының сіңіруіне мән беріп отырғанымыз жоқ.

Қазір ХХІ ғасыр. Тілді ІТ саласынан оқшаулап ала алмайсың. Себебі бәріміздің көңіліміз, көзіміз смартфонда. Бұқара контентті көп пайдаланады. Ал бізде қазақтілді подкаст жетіспейді. Қазақтілді вайнерлер санаулы. Есесіне орыстілді, ағылшынтілді вайнерлер де, вайндар да көп. Аудиториясы ауқымды. Блогтар да орыстілді. Сондықтан бізге қазақ тілін заманға сай үйрету үшін қызықты блогтар мен вайндар санын арттыру керек. Ұстаздарымыз шығармашылыққа ден қойғаны абзал. Бүгін блог жүргізсе, ертең қазіргі оқырманға лайықталған кітап жазатындай деңгейге жетуі керек. Біз бір «Абай жолымен» тоқтап қалмауымыз керек қой. Әрине, «Абай жолы» керемет классика. Алайда қазақ тілін енді үйреніп жүрген адам оны қайдан түсінеді. Сондықтан орташа деңгейде қазақ тілін білетін, үйреніп келе жатқан оқырман талғамына сай «Абай жолын» шығарғанымыз ләзім.

Сондай-ақ біздің қоғам қазақ тілін білетіндер мен білмейтіндер болып, екі топқа бөлінген. Неге? Себебі қазір мен фейсбукке пост жазсам, міндетті түрде біреу «сенде мынадай қате бар, өзіңе қарамай тіл туралы қалай жазып отырсың, өзіңді, сөзіңді түзеп ал» деген пікір қалдырады. Мұнан соң қазақша пост жазудан да бетің қайтады. Одан ойын орысша толық жеткізе алатын болғандықтан «қазақшаға қолын бір сілтейді». «Мен қазақша түсінемін, сол жетеді, басын ауыртпауға» басады. «Я шала казах» деп мақтанып айтатын болады. Сондықтан енді-енді қазақ тіліне ден қойып келе жатқан бауырларымызды шошытып алмас үшін де, біз де сөзімізге сақ болуымыз керек сыңайлы.

Латын қарпіне көшу өзіміздің де, өзгенің де тіл үйренуі үшін тиімді

Серік Мұратбекұлы,

Назарбаев университеті қауымдастығының профессоры

Ана тілі мәселесі тек қазақтарды ғана толғандырып отырған тақырып емес. Дамыған мемлекеттер де тіл мәселесіне аса ыждағаттылықпен қарайды. Студент кезімде Францияға жолым түсті. Ондағы жергілікті халықтың 90 пайызы ағылшын тілін біледі. Оларда да өз тілдерін сақтап қалу мәселесі бар. Алайда кез келген француз ағылшын тілінде бірден сұрақ қойсаң, жауап бермейді. Ол елдегі мәдениет бойынша, алдымен «сіз ағылшынша білесіз бе?» деп сұрауыңыз керек. Одан кейін ғана сауалыңызға жауап аласыз. Бұған біз де әдеттенсек, артық болмайтын сыңайлы.

Біз үлгі ететін Сингапур - өз тілін құрбан еткен мемлекет. Онда тұрғылықты халық ағылшын тілінде сөйлейді. Сингапурлықтар өз тілдерін білмегенімен, әлемнің әр түкпірінде ол тілде сөйлейтін ұлттар бар. Ал қазақ тілінде сөйлейтін Қазақстаннан басқа ел жоқ. Сондықтан тіл мемлекеттік саясаттың бір бағдары болуы керек. Біз қазір ағылшын тілін білсек, дамып кетеміз деген ойдамыз. Алайда бұған екі мысал келтіруге болады. Бірі өз туған тілін құрбан еткен Индия, екіншісі Қытай халық республикасы. Енді салыстырып қараңыз, экономикасы жағынан кім алда? Ағылшынды біліп, Индия дамып кетті ме? Жоқ. Тілді білу тікелей мемлекеттің дамуына әсер етпейді. Бірақ тілді білу және оны сақтап қалу мемлекеттің саясаты болуы тиіс.

Алайда әсіре ұлтшылдыққа бармаған жөн. Тарих дәлелдегендей, ұлтшылдыққа басымдық берген мемлекеттер (Германия, Италия) қирады. Қазір, міне, Трамптың Америкасы деген дүние қалыптасып отыр. Мұның соңы қалай бітерін де уақыт көрсетеді. Ал дана көшбасылық жасай білгендер елін талай тығырықтан болсын алып шықты. Жуырда Елбасының латын әліпбиіне көшейік деген ұсынысы - дәл уақытында қабылданған шешім. Латын қарпіне көшу арқылы біріншіден, өзге ұлттардың қазақ тілін тез үйренуіне ықпал жасасақ, екіншіден, Қазақстан халқы да ағылшын тілін тез үйрене алады.

Сонымен қатар біз ешкімге қазақ тілін мәжбүрлеп үйрете алмаймыз. Мәселен, музыкалық аспапты үйрен десе, үйренбейміз, оның үнін ұнатып, құдіретін танып қана ықыласымыз ауады. Сол секілді тілді үйрету үшін де алдымен әдеби көркем шығармаларымызды әлемнің кең тараған 5-6 тіліне аудару керек. Жалпы, тіл халықты идентификациялау үшін керек.


Термин түзелмей, тірлік алға баспайды

Сергей Геннадьевич,

Жоғарғы құқық мектебінің директоры

Халықаралық құқықта кез келген заңдылықтар түпнұсқада тек ағылшын тілінде шығады. Ал біз аударма қолданамыз. Аударманы да алдымен орысшаға, сосын қазақшаға аударамыз. Ал тәжірибеде көп жағдайда орыс тілінде қолданылады. Себебі заң терминдері заманауи әрі күрделі болып келеді. Біздің терминологтар терминдерді дұрыс аудармағандықтан, қазақша нұсқасы түсініксіз. Сондықтан қазақ тілі өз деңгейінде қолданылсын десек, салалық қазақ тіліне көңіл бөлу керек. Іс-қағаздар тілі мен Заңды қадағалау қажет.

Ал мен өзге ұлт өкілі ретінде қазақ тілін үйренуге ниет болса, меңгеру қиын емес дер едім. Сондай-ақ, Астанада қазақтілді орта жоқ дегенмен келіспеймін. Егер сіз өзіңіз қоғамдық орында қазақша сөйлесеңіз, сізге қазақша жауап береді. Сондықтан тіл үйрену әркімнің өз еркі мен қалауына байланысты. Қысқасы, қазақша сөйлеуге қорықпаңыздар!

Қазақ саны 80 миллионға жетпей, тіл мәселесін 1000 жылдан соң да жырлап отырамыз

Сейілбек Садықұлы,

Жоғарғы құқық мектебінің директоры

Қазақ тілінің аудиториясы соңғы жылдары ірі қалаларымызда артып келеді. Оны қазақтілді курстардың жұмыс жасап жатқандығынан-ақ байқауға болады. Екіншіден, қазақ мектептеріне баратын балалардың саны артқан. Үшіншіден, қазақтілділердің көбеюіне демографиялық жағдай да әсер етіп отыр.

Тіл мәселесін біздің елде саясиландырғысы келетін топтар да, тұлғалар да бар. Сондықтан бұл мәселеге мұқият қарау қажет. Тілді саясиландырмай-ақ, қазақты көбейту арқылы шешуге болады. Қазақ көбейсе, қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны артады. Елімізде 100 млн, кемінде 80 млн қазақ болмайынша, бұл мәселені біз мың жылдан соң да айтып отыруымыз мүмкін. Сондықтан көбейсек, бұл мәселе өздігінен шешіледі.

Сондай-ақ қазақтар екі жікке бөлінді дегенмен келіспеймін. Жалпы, иммиграцияға көнбейтін бір халық болса ол – қазақ. Америкаға көшкен қазақ арада 1000 жыл өтсе де, туған жеріне қайтып оралады. Өйткені қазақ қарға тамырлы деп айтылады. Сондықтан қазақ екіге бөлінді, үшке бөлінді деген концепциядан арылу керек. Қазақты мәжбүрлі бөлуге болады. Ал өздігінен бөлінбейді.

Бос жиынмен емес, нағыз іспен шешіледі

Ахмет Тұрарұлы,

Қарағанды «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығының директоры

Қазақ тілін үйретуде «Серпін» бағдарламасы - саяси-стратегиялық маңызы бар бағдарлама. Оңтүстік жастарын солтүстікке оқуға жіберу арқылы ондағы қандастарымызға қазақ тілін үйретіп, қазақы орта қалыптастыруды көздеді. Күткен нәтижеге қол жетті ме? Керісінше олар орыс тілін үйренеді. Ойламаған дүниелер орын алды. Яғни орыстілді орта аз ғана қазақтілділерді өздеріне икемдеп алды. Мұнан шығатын шешім, қазақ тілі мәселесін шешудің бірден-бір жолы - көбею.

Бизнес элитаға қазақша керек пе? Негізі біздің қай салада болмасын терминология орысшаға бейім. Сондықтан бизнес элитада да орыс тілі басым. Бірақ та бұл қазақ тілі осылай тасада қала береді деген сөз емес. Бәрі бізге байланысты.

Көп талқысында жүрген латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің дамуы үшін де, меніңше, бір мүмкіндік, жаңашылдық, серпін. Негізі қазақ тілін дамыту үшін қанша бағдарлама жасап, қанша қаржы құйып жатырмыз. Өкінішке қарай, біз бір орында тұрған сияқтымыз. Бұл мәселе негізі бос жиынмен емес, нағыз іспен шешіледі. Сондықтан «ustudy» компаниясы алдағы уақытта этноауылдар құру мәселесін көздеп отыр. Этноауылдарда біз қандастарымызды, отандастарымызды, шетелдіктерді қазақ мәдениетімен таныстыра отырып, тіл үйретудің соны әдістерін пайдаланып, қазақша сөйлеуге үйретеміз. Осылайша біз сіздер айтып отырған қазақ тілін білетіндер мен білмейтіндердің арасын жақындастырамыз.

Басқосудың келесі кезеңі «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен жалғасты. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, байқауға 400-ге тарта материалдар жолданған. Алайда оның басым бөлігі дәстүрлі әдіс көрінеді.

-400-ге жуық жұмыстар ұсынылды. Біз соның ішінен 30-ын іріктеп алып отырмыз. Қалғандары әдеттегі жұмыстар санатында. Болашақта демеушілер табылса, бұл әдістер қолданысқа енеді. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті біздерге тікелей қолдау көрсетіп отыр. Тұңғыш президент қорының қолдауымен әдістердің барлығы сайттарда тұратын болады. Кез келген адам әдістеме ретінде қолдана алады. Дисктерді солтүстік аудандарға тарату жоспарланып отыр,- дейді Казақ гуманитарлық заң университетінің қазақ және орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Ұлан Еркінбаев.

Байқау қорытындысы бойынша, Нұржан Байсақов (Астана қ.), Толқын Шөмшекова (Астана қ.), Мадина Дюсюпова (ШҚО) ІІІ орын алды. Ал ІІ орын Мырзабай Омар мен Аягөз Барлубаеваға берілді. Нағима Ахтаеваның әдісі үздік танылды.

-Қазір жастар күрделі сөздермен, күрделі сөйлемдермен басын ауыртқысы келмейді. Жеңілге құмар. Тіпті әлеуметтік желіде қысқартып жазады. Сондықтан жастарымызға тілді тез үйренуі үшін «хит әндермен тіл үйрету» әдісі тиімді деген ойдамын. Ол үшін сөзі жеңіл, сазымен құлаққа сіңген әндерді таңдап алдым. Диалог түрінде шырқалатын әндер, қазақ тілін тез үйренуге өз септігін тигізеді. Мәселен, ән тыңдап жүріп, екі ауыз сөз болса да жаттайды. Нәтижесінде ол әдеби тілде сөйлеп кетпесе де, қазақ тілінде түсінісетін халге жетеді. Бұл әдісті балабақшадан бастап, кез келген аудиторияда пайдалануға болады,- дейді Нағима Ахтаева.

Мұнан бөлек байқау барысында салалық қазақ тілін дамытудың да методикалары ұсынылды. Енді тиімді тәсілдерді қолдап, қолданысқа енгізетін жандар табылса игі.