42 әлде 26 әріп, қайсысын таңдайсыз?

42 әлде 26 әріп, қайсысын таңдайсыз?

 Өтпелі дәуір кезіндегі кез-келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады. Әліпби ауыстыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Сондықтан оған таң қалуға болмайды, тек оның себебін дұрыс түсінуге тырысуымыз керек.

Бірінші, заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Мұны бұрын аңғарғандар - біздің информатика мамандары. Енді, міне, өзге мамандар да оларды құптай бастады. Әлеми ақпарат кеңістігіне жолын тауып ене алмай қалған елдердің даму қарқыны, сөз жоқ, бәсең болып қалмақшы. Жазуын сақтап отырған қытай мен жапонды алға тартпай-ақ қояық, олардың да ғылыми-өндірістік үрдісі сол латын негізінде дамып жатыр.

Екінші, сөз жоқ, әліпби ауыстырудың астарында, біздің пайымдауымызша, саяси-әлеуметтік мән жатыр. Орыс жазуынан қашу - көрші империяның сан ғасырға созылып келе жатқан «ағалық» ықпалынан құтылудың бір амалы екені рас. Ендеше, әңгіме кезінде орынсыз көтерілген жоқ. Мұны қазақы көпшілік қауым дұрыс түсініп отыр. Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі - жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби - тілдің дыбыс құрамы, таңба - дыбыстың қауызы, ал емле-ереже - әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.

Үшінші, тіптен, әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап-пысықтап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңрегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңрегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады.

Шынына келетін болсақ, қазақ зиялыларын әліпби айтысымен таң қалдыруға болмайды. Өйткені, қазақ жазуының тарихы - «әліпби айтысының» тарихы болып келе жатыр.

Әліпби ауыстырамыз, ал ауыстырмасақ, бірлі-жарым әріпті қосып-алып, емле «жетілдіріп», әйтеуір, құр отырмаймыз. Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) жазуынан латынға, латыннан кирилге көшкеніміз тарихтан белгілі. Кирилге жарлықпен бір-ақ түнде көшкеніміз тағы белгілі.

Оның үстіне елуінші жылдардың басында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у әріптерін алғанымыз бар. Тіптен, белгілі бір академигіміз «и, у әріптеріне қарсы шыққандардың пиғылы дұрыс емес» деп, сес көрсетіп, партия журналында дәуіріне лайық мақала да жариялап жіберген көрінеді.

Ол аз болғандай, КПСС, ТАСС, ООН деп жазу керек деп, айды аспанға тағы бір шығардық. Ең соңында орыс тілінен енген сөздерді «сол тілде қалай жазылса, солай жазып, қалай айтылса, солай айту» керек деп бір-ақ тыныстадық.

Ендеше, араб, латын, орыс әліпбиінің «қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс» деген сұрақ пен «анау дұрыс, мынау бұрыс» деген жауап бұрын бастан талай өткен. Сондықтан қазір де осы үш жазудың үшеуінің де өз жақтастары аз болмай отырғандығына және олардың бір-бірімен беріспей сайысып жатқандығына таң қалуға болмайды.

Бұл басталған «әліпби айтысының» да ауқымы кең, сайыпкерлерінің арыны қатты, үні қатқыл шығып жатыр. Қалай болған күнде де арабтан латынға, латыннан орыс жазуына көшкендегі бұрынғы дәлел-долбарларға тың ұсыныс қосыла қояды деп ойламаймын. Өйткені бар-жоқтың бәрі бұған дейін, сонау отызыншы жылдары-ақ, ортаға салынып болған.

«Күнімізді көре алмай жатқанда» деп аузымызды қу шөппен сүртпейік. Шүкіршілік, еңсе көтеріп, жан-жаққа қарайтын шамаға жеттік. Мемлекетіміз ешкімге жалтақтамай, тірлік істейтін дәрежеге жетті. Енді күн көрістің ғана қамы емес, қоғами-мәдени болашақтың қамын жеуді де ұмытпау керек. Ал, шындап келгенде, білген адамға латын арқылы әлеми ақпарат кеңістігіне өту, жоғары технологияны игеру - сол күн көрістің деңгейін көтерудің ең ұтымды амалы.

Бүгінгі әліпиді біреу мақтайды, мақтағанда да шарықтатып жібереді. Енді біреулердің, жұмсартып айтқанда, көңілі толмайды. Сол көңілі толмайтындардың бірі - біз. «Біз» деп қазақ тілінің дыбыс саласында еңбек етіп жүрген тіл мамандарын айтып отырмын. Олардың арасында кеше ғана арамыздан кеткен әріптесіміз профессор Сапархан Мырзабековты ауызға алдымен алуға тура келеді. Марқұм әріптесіміздің «өзіме өгей өз тілім» деген жан айқайы баспа беттерінде мақала ретінде талай жарық көрген болатын. Ғалым қазіргі қазақ тілі жазуындағы тіл бұзар емле-ережелерге қарсы күресіп өтті. Енді, міне, ғалым аңсаған еркіндік заман келіп жетті, алайда мәңгүрт санамызға сіңіп қалған сол тіл бұзар емле-ережелерден құтылу оңай болып отырған жоқ. Оны осы қазіргі «әліпби айтысының» тұсында айқын көріп отырмыз. Тіптен басқаларды былай қойғанда, тіл мамандарының арасынан орыс тілінің и, у тәрізді кірме «жетістіктерінен» айрылғысы келмейтіндер табылып жатыр. Олар оны қазақ тілінің «даму жетістігі», тіптен «жаңа сатыға көтерілген түрі» деп бағалап, қазіргі орыстекті ми, ки, су, ту деген жазуымызды латын негізінде mi, ki, tu, su деп жазуды ұсынып отыр. Егер қазақтың мый, кій, сұу, тұу деген сөздерін қайтадан mi, ki, tu, su деп, қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазатын болсақ, онда әліпби ауыстырмай-ақ орыс жазуында қала бергеннің өзі жөн.

Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Латынға қарсы мамандар «құдай бере салған 42 әріптен айрылып қаламыз, сол 42 әріп арқылы кез-келген сөзді жаза береміз» дегенді алға тартады. Орыс жазуынан айрылып қалсақ далада қалатындай сезінеміз.

Біріншіден, ешбір мемлекет, ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым кем болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады.

Латын әліпбиіне байланысты, қосақ арасында, ағылшын жазуын ұрса беруге болмайды. Керісінше, ағылшын жазуының тәжірибесін пайдалану керек. Өйткені олар аз таңбамен көп дыбысты белгілеудің ұтымды амалын көрсетіп отыр. Емле-ережесі күрделі болғаннан ағылшын жазуы түк те ұтылып отырған жоқ, керісінше, әлеми ақпараттық кеңістікке бірінші болып шығып, қай салада болмасын көш басында келеді.

Жақсы, орыс жазуы арқылы енген сөздерден айрылғымыз келмейді екен, айрылмай-ақ қояық. Ал, бірақ орыс тілінен енген дыбыстарға арнайы таңба іздеп әуре болмау керек. Оның амалын тағы да ағылшын жазуының тәжірибесі көрсетіп отыр. Ағылшындар да орыс тілінің сөздерін пайдаланбай отырған жоқ, пайдаланып отыр. Алайда сол үшін қосымша таңба іздеп, әлек болып жатқан жоқ. Тіптен қосымша таңба іздеу деген ойларына кіріп-шығып жатқан жоқ. Өздеріндегі бар таңбаны пайдаланып, емле-ереже жолымен өзге тілден енген сөздерді жазып пайдаланып отыр. Оны күнделікті гәзет-жорнал беттерінен, теледидар айнасынан күнде көріп отырмыз. Ендеше латын әліпбиі арқылы орыс сөздерін қалай жазамыз деп сары уайымға салынудың керегі жоқ.

Осыған байланысты есте болатын нәрсе - ешбір мемлекетте кірме сөздердің жазылуына деп қосымша таңба ойлап таппайды, не де болса өз әліпбиінің құрамынан шығады. Кірме дыбыстарға бола жаңа таңба алу деген тек бұрынғы Кеңес құрамындағы түркі республикаларында ғана болды, олардың ішінде біз де бармыз.

Біздің тілімізде, орыс тілінің «игі» әсері деп, кезінде зорлықпен енгізілген ережелердің басы баршылық. Ондағы мақсат – қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына мейлінше жақындастыру болатын. Бұл мақсат көп жағдайда орындалды. Соның нәтижесінде «тоталитарлық фонологизация, тоталитарлық фонемалар» мен «тоталитарлық фонетистердің» пайда болғаны рас. Оларға қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі бар екенін түсіндірудің өзі қиын. Жазу сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың амалы болу керектігін түсіндіріп әлек болып келеміз. Түсіндіре бастасаң болды, «ескіні аңсап отыр», «өмірдің ағымынан қалып қойған» т.б. атақтарды жапсырып шыға келеді.

Мұндай жағдайда қазақ тілінің төл айтылым үлгісін (сөздің айтылым әуезі, буын құрамы, морфем заңдылықтары, тасымал реті, сөйлеу ырғағы) сақтап қалу үшін «ескіні де аңсап, өмірден де кеш қалып жатуға» тура келеді. Біздің жанымызға «ескішіл» атанып, «өмірден кеш қалғандығымыз» емес, ана сөзінің тұрқы бұзылып бара жатқандығы батады. Сондықтан қазір жан аяп, жан аясып қалатын кез емес. Көресіні орысша тәлім алған орыс тілді ағайындарымыздан көретін боламыз. Орыс жазуы арқылы тілі шығып, құлағына сіңген дыбыс пен қолы жаттыққан әріптің бәрін қазақ тіліне әкеліп тықпалай беруге болмайды.

Орыс тілінің ықпалына байланысты «игі» деген сөзді бірде тырнақшаға алып, зиянын көрсетіп, бірде тырнақшасыз жазып, пайдасын дәріптеп отыруға тура келеді. Жақында, Елбасымыздың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақ қауымына қалай ендірілгенін құптамаймыз» деп, мәселенің басын ашып айтқаны есімізде. Бұл көпшілік көкейінде жүрген көп ойдың шын ақиқаты еді. Сондықтан әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық деп түсінбей, тағы да қайталап айтамыз, қазақ тілінің жазуына реформа жасау деп бағалау керек болады.

Әрі қарай орыс тілінің тырнақша арқылы жазылатын «игі» ықпалына ғана тоқталамыз. Егер бүгінгі жазуға байланысты науқанды жазу реформасына айналдыра алсақ, онда қазіргі қазақ жазуының емле-ережесінің көптеген жаңсақ тұстарынан арылар едік. Себебі кезінде араб дәстүрімен, кейіннен орыс жазуының ықпалымен енген бір топ кірме әріптер мен емле-ережелер қазақ тілінің ішкі айтылым заңдылықтарына кереғар келіп жатыр. Соның нәтижесінде жазумен тілі шыққан кейінгі жас ұрпақтың, тіптен, жас ұрпақ қана емес, ересектердің де тілі бұзылып барады. Мысалы, мектептен бастап «мынау - и» деп орыс тіліндегідей жіңішке айтқызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми деп жазып қоямыз. Сөйтіп, қазақтың ый, ій деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауысты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый деген сөзін ми деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ. Бүгінгі күндері солай айтып та жүр. Жас ұрпақ тілінен мұндай мысалдарды көптеп табуға болады.

Тіл мамандары орыс жазуының мұндай тіл бұзар әсерін көрмей отырған жоқ. Қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Сондықтан орыс тілінің ықпалы дегенде, орыстың тілін емес, оның төркіні бөлек емле-ережесінің туыстығы бөлек қазақ тіліне орынсыз тықпаланғандығын айтамыз. Табиғаты бөлек орыс әліпбиін орыс тілінің емле-ережесімен қоса алғандықтан, қазақ сөзінің айтылым үлгісі сол жазу келген тілдің қанжығасында кеткені рас. Бұл - ғылым дәлелдеп, тарих көрсетіп отырған жай. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, орыс жазуының үлгісімен қалыптасқан қазіргі ұрпақ тіліне көңіл бөлейікші. Күні-түні үйде де, түзде де көз алдымызда тұрған орыс жазуы жекелеген қазақша дыбыс түгілі, тіліңді де ұмыттырып жібере жаздаған жоқ па ?

Осыған орай, «қазақтар орыс тілін үйренуге өте икемді, таза сөйлейді» деген өте жаңсақ пікір бар. Қазақтың өзге ұлттардан артық түгі жоқ, ал грузин мен армиянның, латыш пен эстонның аузы-мұрнында не ынтасында еш кемшілік жоқ. Гәп - олардың әліпби таңбасының бөлек болғанында да емес, сол ана тілі жазуының ішкі емле-ережесінің бөлек болғанында. Олар орыс тілінде и дауысты дыбысы бар екен деп и әрпін, у дауысты дыбысы бар екен деп у әрпін, ф дауыссыз дыбысы бар екен деп ф әрпін, ц дауыссыз дыбысы бар екен деп ц әрпін алып отырған жоқ. «Орыс сөзі қалай жазылса, солай жазайық, қалай айтылса, солай айтайық» деген емле-ережені алу олардың ойына да кіріп-шыққан жоқ. Ана тілінің емле-ережесі бөлек болған соң, бала күннен өзіндік дыбыстау үлгісі қалыптасады. Бертін келе орыс сөздерін бұзып сөйлейтіні сондықтан. Ал, армиян-грузин, латыш-эстон тілінің әліпби тұрқына байланып қалған ерекшелік болса, онда неге орыс тілінің емле-ережесімен сауат ашқан грузин, армиян, латыш, эстондар орысша тап-таза сайрап отыр? Ендеше, екінші бір тілде жақсы сөйлеу деген – сол тілдің емле-ережесін жақсы меңгерген деген сөз.

Тілдің айтылым емле-ережесі мектеп оқулығынан басталады. Ендеше қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына жақындастыру сол мектеп балаларынан басталғанын байқамай келдік.

Кез келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де (!) дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің (сол іспеттес араб т.б.) дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды. Дыбыстарымыз бірдей, әріптеріміз бірдей деп ұзын желінің аяқ жағына басымызды тұқыртқан өзіміз екен, кімге өкпелейміз? «Ұра берсе құдай да өледі» дегендей, жазуымызды орыс жазуына теліп, орыс жазуының емле-ережесінің мұртын бұзбай көшіріп алып, орыстармен бір-біріміздің иінімізге дем алып отырсақ, орысша біз сайрамағанда, кім сайрайды. Ендеше «орыс тілін үйренуге икемдіміз» деп әсіре мақтанға салынбай, алдымен табиғат-тәңірі берген тілімізге ие болайық.

Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Ол үшін жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесін бірге қарау керек) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады.

Қазіргі кезде ағылшын тілінің ықпалы өте күшті болып тұр, солай бола да бермек. Ағылшын тілінің ықпалынан, тіптен, орыс тілінің өзі жасқана бастады.

Ағылшындардың өздері де емле-ережесінің (әліпбиінің емес) әлсіз тұсын мойындайды. Бірақ олар «Манчестер деп жазып, Ливерпуль деп оқимыз» деп, мәдениетті түрде күліп қояды. Біріншіден, ағылшын тілінің емле-ережесі қазақтарға емес, ағылшындарға арналған. Екіншіден, ағылшындар мұндай емле-ережені өздерінің қырықтан аса дыбыстарын бар болғаны жиырма алты таңбамен беру үшін үнемді ойлап тапқан. Сондықтан да олардың ойына тілінің емле-ережесін өзгерту деген әрекет кіріп-шығып жатқан жоқ. Біз болсақ, «жығылып жатып, сүрінгенге күледінің» кебін киіп, өзіміздің 26(28) дыбысымызға 42 таңба алып отырып, 46 дыбысын бар болғаны 26 әріппен белгілеп отырған шеберді мұқатамыз.

Кім не десе, о десін, біздің ойымша, ағылшын тілінің емле-ережесі аз таңбамен көп дыбысты қамтудың ең озық үлгісі болып табылады. Сондықтан да ағылшын жазуы сол емле-ережісімен-ақ бүкіл дүние жүзін игеріп келеді.

Шындығында, өзге тілдердің де, оның ішінде қазақ тілі де бар, айтылым емле-ережесінің оңай болып тұрғаны шамалы. Жалпы, қай тілдің болмасын, ең қиын жері оның айтылым емле-ережесі болып табылады. Айтылым емле-ереженің оңайы болмайды. Екінші бір тілді үйрене алмау сөз жаттаудың қиындығынан емес, азды-көпті сөзді әркім-ақ жаттап алады, сол тілдің айтылым емле-ережесін меңгере алмағандықтан болады. Латын әліпбиі мен ағылшын тілінің емле-ережесін шатастырмау керек. Өйткені ағылшын тілінің емле-ережесін ешкім көшіріп алайын деп отырған жоқ, әліпби латындікі (ағылшындікі емес) болғанымен, емле-ереже қазақтың өзінікі болады. Қазақ жазуы үшін ағылышын тілінің емле-ережесінің еш қажеті жоқ, өйткені қазақ тілінің төл дыбыстары бар болғаны 26 (28), компьютер түйметақтасындағы 26 түйметаңба толық жетіп жатыр. Бір дыбыс - бір таңба болып құйылып тұр.

Кирилшілердің тағы бір дәйегі - бұрынғы орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз, ертең оларды ешкім оқи алмай қалады деген қауіп екені рас. Орыс жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп тастайын деп отырған жоқ. Мамандардың ұсынысы бойынша кирил жазуы латын жазуымен он-он екі жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен
бірте-бірте латын жазуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысып отырады. Бұрынғы жарық көрген шығармаларымызды бәрі бір қайта баспай отыра алмаймыз ғой. Ендеше олар латын үлгісінде толық болмаса да жеткілікті түрде үзбей жалғаса жарияланып отырады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды ғой, ендеше орыс жазуымен көзін ашқан ұрпақ жазба мұрағаттарымыз оқылмай, мақұрым қаламыз деп уайымдамай-ақ қоялық.

Оның үстіне болашақ ұрпақты үш тілді (үш тұғырлы) етіп тәрбиелеу мәселесі мемлекеттік шараға айналып отыр. Сол үш тілдің бірі орыс тілі болып қала береді. Өркениетті елдердің тәжірибесі де көп тілді ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін көрсетіп отыр. Қазақстанға келген шетелдіктердің кез-келгені кем дегенде екі-үш тіл білетінін көріп жүрміз. Олар бізден қазақ тілін үйретуді сұрайды, біз әңгіме арасында «Өмір бойы бір ғана орыс тілін үйреніп келеміз, соның өзінде сол бір тілді аяғына дейін меңгере алмай қойдық. Ал сендер болсаңдар, кез келгенің бірнеше тіл білесіңдер. Соның себебі не?» деп сұрап қаламыз. Сонда олардың бізге айтатыны: «Егер Батыста жақсы тұрамын десең, ісім өнсін десең, онда көп тіл білуің керек» дейді. Батыс елдерінде көп тіл білу – кәсіби жетістік болып саналады. Осы жағдай бізге де келіп жетті. Сондықтан да Қазақстанның тіл саясаты осы бағытта өрбіп келеді. Ендеше орыс тілі ұмыт болып қалады деу орынсыз.

Қазақ жазушыларының шығармалары оқылмай қалады деген де күмән бар. Оның да жауабын жазушының аузымен қайтарайық. Әліпби мәселесіне қатысты бір «дөңгелек үстел» үстінде белгілі жазушымыз Қ.Жұмаділов «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды» деп қысқа қайырып еді. Ендеше жақсы шығарма латын әліпбиімен де оқыла беретін болады, тек шығарма жақсы болсын.

Жазу ауыстырудың шығыны да бар екені рас. Кез-келген шаруа шығынсыз бітпейді. Латын әліпбиіне өту шарасы да шығынсыз болмайды.

Алайда шығынның да шығыны бар. Біріншіден, латын әліпбиіне қарсылар кітап басудың, оқулық шығарудың шығынын алға тартады. Сонда немене, латын әліпбиіне өтпесек, кітап баспай, оқулық шығармай отырамыз ба? Сонда немене, кирилше қайта басуға шығын кетпейді де, латынша жаңадан басқанда шығынның астында қаламыз ба? Кітап та басамыз, оқулық та шығарамыз. Оның қағаз шығыны, бояу шығыны, жұмыс күші т.б. жайттарды кирилде қалсақ та, латынға өтсек те бастан өткереміз. Ендеше бұл бағыттағы шығынды латынның шығыны деп есептемеу керек.

Сонда қалатыны - мамандарды латынға икемдеп, қайта дайындау мәселесі ғана. Оның да артық шығын шықпайтын жолдары көп. Мұғалімдер үшін, жұмыс бағыты бұрыннан қалыптасып қалған, мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары бар. Мектептердің өзі латын әліпбиін үйретудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарының өз мүмкіншілігі бар. Қазіргі заманда не көп - ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар көп, олар да қарап жатпайды. Жалпы, латын әліпбиін үйренуге көп жылдар керек дегенге өз басым сенбеймін. «Тәуекел» деп кірісіп кетсе, берісі үш ай, арысы жарты жылдың мерзімінде халықтың негізі сауаттанып бітеді.

Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Осыдан бар болғаны бес-алты жыл бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютеріміз бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па? Әні-міні дегенше ауыл көркінің бірі компьютер болады.

Тіптен, басқаны былай қойғанда, болашақ қағаздың заманы емес, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, гәзет-жорналдардың, әдеби шығармалардың, ғылыми еңбектердің заманы екеніне де күман келтіреміз бе?

Латынға қарсы әріптестеріміз, тіптен, мекеме маңдайшасын алмастырудың өзін үлкен шығын деп дүрліктіреді. Әр мекеме үшін өз маңдайшасын алмастыру көтере алмайтын жүк емес қой. Оның үстіне жекеменшік мекемелер үкіметтен қаражат сұрамайды.

Баспа орындарын латын әліпбиіне икемдеп қайта құруды да даурықтырып керегі жоқ. Өйткені бұрынғыдай батпандап қорғасын сапырып, құлақты тұндыратын тарсыл-тұрсыл шығып жататын баспаханалар қазір жоқ. Компьютер тетігінің бір ғана бұрауымен қыруар іс бітіп жатады. Оның үстіне кез-келген баспаханада латын жазуына байланысты компьютер қоры дайын тұр.

Осы тұста Түрік Республикасының бір тәжірибесіне қарайлаған дұрыс сияқты. Түрік Республикасының кезінде латын әліпбиіне жарлықпен бір күнде өткені белгілі. Жарлықпен өткендіктен латын әліпбиі елдің барлық азаматтарына міндетті болды және араб жазуын пайдалануға тиым салынды. Сондықтан басы Ата Түріктің өзі болып латын жазуын үйренуді бастады, үйреніп қана қоймай, басқаларға өзі бас болып үйретті. Ең бастысы, баспаларға, жазушыларға мемлекет тарапынан қаражат көмек бөлдірген. Егер мелекет тарапынан көмек болып жатса, біздің баспа орындарымыз да қиналмай латын жазуына көшер еді. Өйткені баспа иелері мен жазушылардың дені латын әліпбиі негізінде кітап шығарудың қаражат шығынын алға тартып, қарсы болып отыр.

Көпшілік арасында тұрқы бөлек латын жазуы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынтасын тоқтатады, бөлек жазу ұлысаралық татулыққа бүлік салады деген де қауіп бар.

Әліпби тұрқынан шошып тіл үйренбейтін болса, онда сол орысың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазір жаппай латын жазуындағы ағылшын тілін үйреніп жатыр? Ендеше, себепті де орнымен іздеу керек.

Орыс ағайындардың қазақ тіліне деген құлқы тасып тұрмағаны белгілі. Бірақ қазақ тілін үйрене алмаудың басты себебі басқада. Ол – орыс ағайындарға ұсынып отырған әдістемелеріміз бен оқулықтарымыз. Әзірге біз өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлеуге емес, оларға қазақ тілінің грамматикалық ережелерін жаттатып әлек болып жатырмыз. Егер біз қазақ тілінде сөйлеудің әдістемесі мен оқулықтарын дұрыстап ұсына алсақ, онда, сөз жоқ, нәтиже басқа болған болар еді. Өкінішке қарай, әзірге олай болмай отыр.

Біз өзімізді балабақшадан бастап ересектерге дейінгі орыс ағайындардың бел ортасында жүрміз десек, артық айтқан болмаймыз. Сондықтан бұл мәселенің жайын жақсы білеміз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің жайын өз ынталарымен қолға алып жүрген саусақпен санарлықтай ғана әріптестерімізді білеміз. Өзге ұлт өкілдеріне деп оқулық жазып жатқан да тек солар, өз қалдерінше әдістеме ұсынып жүрген де солар, семинар-кездесулер ұйымдастырып, қазақ тілін дәріптеп жүрген де тек солар.

Ал, енді, «қазақ тілі құрып барады, жойылып барады, парламент неге қазақша сөйлемейді...» деп, қазақтың зарын қазақтың өзіне айтып, жұртты құр дүрліктіріп жүргендер қанша десеңізші! «Шүкір» деу керек, қазір қазақ тіліне деген бетбұрыс мол. Бала-бақшаларда қазақ тілін үйреніп жатыр, мектептерге міндетті пән болып еніп жатыр. Осы жас ұрпақтың жетілгенін күту керек, бұл – көп болса бес-он жыл деген сөз, тіл тарихы үшін бес-он жыл деген үлкен мерзім емес. Ал, қазіргі ересектердің жайы басқа, өзге ұлт өкілдерінің аға ұрпақ, ата ұрпағын дүрлікпемен жаппай қазақша сөйлетіп жібереміз дегенге өз басым сенбеймін. Егер әдістеме-оқулықтарды оңтайлай келіп, олардың қазақшасын қазақ тілінің бастау сатысына (тұрмыс-тіршілік деңгейіне) бір өткізіп алсақ, әрі қарай жалғасын (кәсіби, іскери-ұйымдастыру, әдеби деңгейлер) табу жеңілдей береді.

Ал, латын әліпбиі ұлт араздығын тудырады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына байланысты. Жазуы түгіл, тілі бір халықтардың өз ара қырқысып жатқанын көрмей отырған жоқпыз ғой. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Ендеше тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.

Әліпби ауыстыру төңірегінде төрт бірдей пікір бар.

Бірінші, орыс (кирилл) әліпбиіне көзіміз үйреніп қалған, оның үстіне талай-талай жазба еңбектер жарияланған. Егер басқа жазуға көшетін болсақ, соның бәрінен бір сәтте айрылып қаламыз дейді.

Екінші, арабы әліпбиді қолдаушылар оны діні бір шығыс жұртымен қайта табысудың амалы деп үміттенеді. Оның үстіне Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) төте жазуын (оған төменде қайта ораламыз) аңсаушылық тағы бар.

Үшінші, латын әліпбиін жақтап отырған қомақты да қарулы ғылым мен қоғам өкілдері оны өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп дәлелдейді. Оның үстіне егемен түрік елдерінің бәрі латын әліпбиіне өтіп болды немесе өтіп жатыр. Қол қусырып отыра берсек сыртта қалып қоятын түріміз бар.

Төртінші, сонау көне (ежелгі) түрік жазуына көз тігіп отырған шағын топтың әрекеті. Осыған орай, біз де әлдеқашан өшіп кеткен көне жазуын қайта жаңғыртып жатқан еврей, моңғол халықтарының жанкешті әрекеті мен бір уыс қана грузин, армян халықтарының елтаңбасындай болған бірегей әліпбиін тілге тиек етіп, жүз елу миллион түрік халықтарының құр алақан қалғаны қалай деп қынжыламыз. Өкініштісі, түркі жұртының қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алып кететін, атам заманғы тарихы бар жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығында болып отыр. Ал, «жазу-сызусыз» халық дегеннің ар жағында «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған» т.б. сияқты «атақтар» тұрған жоқ па? Мұның өзі елдің еңсесін басып, ерді езге айналдырудың таптырмас құралы болып шықты. Тіптен, кешеге дейін кеңес құрамындағы түркі халықтары «өзіміздің жазу-сызусыз халық екенімізді әлемге жар салып айтып, орыс жазуы келіп жанымыз қалғанын» жарыса жамырай, мақтана мойындап келген жоқпыз ба? Ендеше «көк түрік» жазуын жаңғырту – еріккен мен есі кеткеннің ісі емес, түрік жұртының әлеми қоғам алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс.

Енді, осы әліпби сараптаудың жолына түскен төрт додагердің қайсысы мәреге бұрын жетеді? Сөз жоқ – латын әліпбиі. Сәл ерте, сәл кеш, әйтеуір латын әліпбиіне көшетінімізде еш күман жоқ. Сонда қалғандар неге босқа шабылады? Басқаларды білмейміз, көне түрікші ретінде бәсеке-бақталастықтан аулақпын. Өйткені көне түрікшені қолдап, жөн екен дейтіндер аз, бүгін-ертең көне түрікшеге өте қоямыз деудің де жөні жоқ. Себебі көне түрікшілердің өз арасында ортақ пікір жоқ, бір таңбаны екі адам болса екі түрлі, он адам болса он түрлі оқиды. Соның нәтижесінде «көне түрік әліпбиі – мынау» деп ұстата қоятындай дайын әліпби, «жазылым емле-ережесі мынау» деп ұстата қоятындай дайын емле-ереже жоқ. Мақсат – көне түрік жазуының икемделген (унифицированный) әліпбиін, таңбасы мен емлесін дайындап, танымдық дәріс ретінде сыныптар мен дәрісханаларға жеткізіп беру. Сөйтіп көзі ашық келесі ұрпақ көне жазуды танып-біліп, оны жатырқамас, ертең-ақ олардың заманы туады, сол кезде ойланар. Біздікі – ата жазудың қыр-сырын олардың жадына құйып, ой салып кету.

Сонда қалатыны – кирилл, араб және латын жазуы. Әзірге осы үш жазудың бірін таңдағаннан басқа жол жоқ. Әлеми ақпарат кеңістігіне шығатын бірден-бір төте жол, шындығында, тек латын жазуы. Қанша шатқаяқтағанмен ақылға сала келіп, мойындауға тура келеді.

Әліпби ауыстыру – мамандар шешетін мәселе.

Жазу табу - араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпын. Ахаңның қазақ тіліне дән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмын. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан мен тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтұрсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмын. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған. Сөйтіп өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп шықпайтын, көп пенденің қолынан келемейтін жаңалық ашылды.

Ал, енді, жасыратыны жоқ, латынға көшетінімізді іштей бәріміз біліп отырмыз. Оған еш күман жоқ. Ендеше осы елдің азаматы ретінде, осы жазу саласының маманы ретінде мен бұл шаруадан шет қала алмаймын. Ондағы мақсат - латын жазуына дұрыстап көшу.

Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Сонда бұл - неғып қаптап кеткен «байтұрсыновтар»? Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сиғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл - әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Осының бәрін көре отырып, қалыс қалуға дәтім шыдамады. Себебі әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.

Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші - әліпби деңгейі, екінші - таңба деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетен болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Бұл - тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.

Әрине, әліпби мәселесіне әртүрлі мамандардың қатысы болады. Солардың ішінде тіл мамандары мен информатика мамандарының орны бөлек. Алайда, ешкімнің көңліне келмей-ақ қойсын, жоба авторлары бұл тұста неше түрлі ойға қонымсыз «шеберлік» танытуда. Мұның басты себебі олардың өз алдына ғылыми пән болып табылатын жазу теориясы мен әлеми жазу дәстүрінен бейхабарлығында болып отыр. Сондықтан әркім өз орнын біліп араласса деймін.

Мысалы,

-тіл мамандары тілдің дыбыс құрамын анықтап, әліпби ретін белгілейді, емле-ережесін құрастырады;

-математиктер әрбір дыбыс пен таңбаның кездесім жиілігін есептеп шығады;

-информатиктер компьютер түйметақтасына оңтайлы орналастырудың амалын (бағдарламасын) қарастырады;

-сызбашылар әріп сұлбасының қарапайым үлгісін іздейді;

-әдіскерлер оның сауат ашу дағдысын бағалайды;

-көз дәрігерлері көзтанымға әсерін байыптайды;

-психологтар бала жүйкесіне шақ келу жағын пысықтайды т.с.с., сөйтіп бәріне жұмыс табылады.

Латын әліпбиіне өтуде информатика мамандарының ынтасына ырза болу керек. Олар үлкен көрегендік танытып отыр. Латын әліпбиіне өту жолында ең үлкен белсенділік танытып отырған – сол саладағы әріптестеріміз. Өйткені олар, қанша дегенмен, жоғары ақпарат технологиясының алдыңғы шебінде келе жатыр, оның қыр-сырын басқаларға қарағанда жақсы біледі. Латын әліпбиінің ақпараттық кеңістіктегі болашағын дұрыс болжап, оның оңтайлы сәті енді келіп отырғанын күнде айтып отыр. Олар кейбір кертартпа пікірлермен арпалысап-ақ келеді. Енді тіл мамандары дайындап берген әліпбиді компьютер түйметақтасына орналастырудың ретін, қазақ тілінің төл тұрқына негізделген программаларды жасауды қолға алсын.

Қазіргі кездегі латын әліпбиіне Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан толық көшіп алды. Іргеміздегі Өзбестанды күнде көріп, күнде біліп отырмыз, әрідегі Әзірбайжанда жақында болып қайттық. Көшенің бәрі латынша жазу, ешкім ешнәрседен жаңылып немесе адасып жатқан жоқ.

Мұны айтып отырған себебіміз «ана жақтан латынды игере алмай, зар еңреп жазған хат келді, мына жақтан латын сор болды деген хабар келді» деген кирилшілердің сөзін баспа бетінен де, теледидардан да оқып-көріп қаламыз. Сөз жоқ, ондай хат-хабар келіп қалуы да мүмкін. Бірақ соны бүкіл өзбек не әзірбайжан халқының мұңы деп жеткізбеу керек қой. Тек латын жазуына қатысты емес, кез-келген қоғами шараға байланысты көңілі толмай немесе ағымға ілесе алмай, кемтарлық көріп жүрген жалғыз-жарым адам қайдан да болса, қай кезде болса да табылады. Оны үлкен сөзге тиек етіп керегі жоқ. Бірақ сондай жалғыз-жарым пікірдің елді даурықтырар әсері күшті болады. Әдетте істің жөніне жығылып, жаңаны жатырқамай, керісінше, оны тез игеріп алуға тырысып жатқан көпшіліктің жоғары жаққа арыз, баспа орындарына хат жолдап жату деген ойларына кіріп те шықпайды, оған уақыты да болмайды. Ал, көшке ілесе алмай немесе заман ағымын байыптай алмай қалған бірлі-жарым адамдардың көңілінде күдік қалады. Күдік қалып қана қоймайды, сол күдік жоғары жаққа арыз болып аттанып, баспа беттерінде хат болып жарияланып жатады. Сөйтіп көпшіліктің байыпты тірлігінен гөрі бір адамның айқайы басым болып шығады, өйткені ондай айқай, жасыратыны жоқ, гәзет беттерінде тез жарық көреді.

Алайда, бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Түркі республикаларының латын әліпбиіне өткені дұрыс, ал қалай өтті, ол – бір басқа мәселе. Олар әліпби ауыстыруды саяси шараға айналдырып жіберді, сөйтіп асығыстық жасады. Сондықтан әліпби ауыстыру жазу реформасына айналмады. Кезінде ол республикалардың да таңба саны сол қырықтың үстінде болды. Латынға өткен кезде сол «айтулы қырық екіден» бастарын босатып алмай, кеңес дәуірінен қалған мұраны түгел қамтуға тырысты. Соның нәтижесінде олардың әліпби құрамы артып кетіп, таңба түрлері күрделеніп, емле-ереже жүйесі қиындап кеткен тұстары бар. Сондықтан да олар жаңа жазуына жол-жөнекей өзгерістер ендіріп, жазу реформасына қайта-қайта оралып жатыр.

Ал біз болсақ, сол латынға бұрын өткен республикалардың тәжірибесін байқап алуымыз керек болды. Ондай жоспар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Астанадағы Түркі академиясында орындалды, орындалып та жатыр. Олар жіберген қатені біз қайталамауымыз керек. Ол үшін, бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамын қоспасыз, таза күйінде анықтап алуымыз керек (қазақ тілінің төл дыбыс құрамы бізде әлдеқашан анықталып қойылған, жоғарыдағы Институт қоржынында дайын тұр).

Мәселе - «айтулы қырық екімен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп, түсіндіріп алу. Біздің ойымызды дұрыс түсінген жөн. Өйткені басқаларды былай қойғанда, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Кірме әріптерді «дыбыс» деп жазып беріп отырған оқулықтар мен «дыбыс» деп оқытып отырған мұғалім/оқытушылар әлі баршылық. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Мектептен бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше бір ғасырға жуық «қазақ тілінде 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқпақтай берсе, кімде болса сеніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс көрініп, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Біз бәріміз қазір осы күйді бастан кешіп отырмыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді әлі көп еститін боламыз. Құлақ үйренген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Тағы да қайталайық, «айтулы 42-ден» айрылсақ далада қалатындай сезінеміз.

Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек. Соған лайық айтылым/жазылым емле-ережені меңгеріп алуымыз керек.

Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады. Сауат ашуды тек сауатты жазу деп түсінбеген жөн, сауат ашу сауатты қазақы дыбыстаудың да амалы болып табылады. Ал сауатты қазақы дыбыстаудың дағдысы қазақы сауатты жазудың арқасында ғана қалыптасады.

Қазіргі кирил мен оның емле-ережесі тек тіл бұзар құрал болып отыр, сондықтан оны басшылыққа алған жобалардың дұрысы болмайды. Сонан соң «айтулы 42 әріпті» қамтыған жобаның жолы болмауға тиіс.

Кез-келген жазуды кез-келген тілге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуір жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тілдің ішкі заңдылығымен тонның ішкі бауындай қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тілдің дыбыс жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болу керек. Осы екі мақсатты орындау үшін жазудың емле-ережесі көшірінді емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.

Жетілген әліпби - қолдағдыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күман жоқ. Бірақ компьютерді қазақ тіліне икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Қиыны - бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.

Әрине, мұндай ұсыныс орыс сөздерінің айтылымын қазақ тілінің әдеби нормасы деп қарастырып отырған қазақ ағайындарымызға ұнай қоймайды. Жарайды, орыс сөзінің айтылым үлгісіне тиіспей-ақ қояық, бірақ орыс тілі дыбыстарының таңбалау реті басқа болады. Орыс тілі дыбыстарының айтылу үлгісін латын әліпбиі негізінде арнайы емле-ереже реттеп отырады. Ондай тәжірибе европа тілдерінде бар. Европа тәжірибесіне сүйенетін болсақ, онда орыс тілі дыбыстарының таңбасы қазақ әліпбиінің құрамына кірмейді. Осы тұрғыдан түзілген әліпбиді, менің ойымша, дұрыс деп тану керек.

Әзірге қазақ жазуын (әліпби, таңба, емле-ереже үшеуінің басын біріктіріп) құрастырудың екі жолы бар. Бірі - европа үлгісі, бүгінгі кирил жазуымыз - сол европа үлгісіндегі жазу, екіншісі - А.Байтұрсынұлының үлгісі.

Егер европа үлгісіне сүйенетін болсақ, онда қазақ тілінің әліпби құрамы 28 таңбаға барып тіреледі, өйткені қазақ тілінің үндесім дауыстыларын кирил үлгісімен жеке-жеке таңбамен белгілеу қажет болады. Ол үшін кейбір дауысты таңбалардың үстіне қосалқы белгі қондыруға (немесе қосақ таңбалар пайдалануға) тура келеді (1.1 кесте). Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін ұлттық жоба деп отырмын. Өйткені қазақ дыбыстарының әрқайсысына тән өз таңбасы бар. Сондықтан компьютер түйметақтасына біршама сиымтал емес, арнайы бағдарлама керек болады. Оның үлгілері неміс, француз, испан т.б. тілдерінің жазуында бар. Европа тілдерінде қасалқы белгілер немесе екіден-үштен қосарлап белгілеу кеңінен пайдаланыла береді, себебі олардың сөзінде бір дыбыстың сөз құрамында екі рет кездесуі - өте сирек құбылыс. Ал біздің тіліміз - жалғамалы (агглютинатив) және үндесім (сингармонизм) тіл. Мысалы, бір дауысты бір сөздің құрамында бірнеше рет кездесе беретін болғандықтан, олай ете алмаймыз. Өйткені бір сөздің ішінде қосалқы (диакритик) таңбалы немесе қосақ таңбалы дауысты-дауыссыз бірнеше рет қайталанып жатса, жазу дағдысын былай қойғанда, көзтанымға ауыр болады.