Жең ішіндегі жұдырық

Жең ішіндегі жұдырық

Баяғыда бір бұзықты үйіне шақырып келіп, төрге шығарып көрпе төсеп, дастархан жайып асын беріп, ақыры бұзақының тепкісінің астында қалып өлердей таяқ жеген байғұс «өзіме де сол керек» деген екен.

Сол «ғұлама» айтпақшы, «Қазақстан ортақ үйіміз» деп көлденең көк аттылардың бәрін жинап алып қазақтың дархан пейілін, ақ жайлау көңілін, қоңыр мінезін басындыртып, адал нанымызды, дәмімізді бере отырып, киізімізді тілдіріп қойған өзімізге де сол керек пе деймін.

Білмеймін, әйтеуір, қазақтың доспын деп құшақ жайған адамы, ақыр соңында өзіне «мысық тілеу» болып шығатынын қайтерсің. Осындайда, «Жау жоқ деме жар астында» деген қазақтың өз тәмсілі бейқам жүруге әсте болмайтынын ескертіп тұрғандай.

Не керек, қазақ бір игілікті қадам бастайын десе болды, аяқтан шалып, адымын аштырмауға тырысатындар әп-сәтте табыла кететінін қайтерсің. Мінеки, латын әліпбиіне көшеміз деп жария салып едік, «жерден жік шықты, екі қолы тік шықтының» кейпін тағы кидік.

Жалпы, латын әліпбиінің басымдықтары, жеткізер жетістіктері жайлы ғалымдар толғақты пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салып жатыр ғой, мен ол жағын әңгімелемей-ақ, «кейбіреулердің» қазақты кері итермелеп, көңілге қаяу түсірерлік, көлеңкелі тірліктерін қаузамақпын.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жария етілгені сол еді, жағымды жаңалыққа ел қуанып, қызу қолдау білдіріп жатқанда орыс этносының өкілдері ұлардай шулап қоя берді.

Болашаққа идеологиялық бағыт-бағдар көрсеткен мақаланың маңыздылығы жайлы көзі ашық, көкірегі ояу жандар оның басым бағыттарына ерекше мән беріп, әр тарауын әдіптеп, әлемдік ғылым мен технология тілі саналатын латын әліпбиін құлшына қолдағанына қарамастан, арамыздан көре алмас көрсоқыр жандар да табылып жатқаны өзекті өртейді.

Анау-мынау емес, халықтың мұң-мұқтажын, зар-запыранын үлкен саяси мінберден биліктің құлағына жеткізсін деп, үкілеп додаға қосқан халық қалаулысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованың отыз екі тісінен шыққан сөзі отыз рулы елге таралып жұртшылықты ат тепкендей есеңгіретті.

Сонда депутат не деді дейсіз ғой? «Мұндай жолмен қазақстан орыс әлемінен алыстап кетеді. Себебі кириллица жойылса, болашақ ұрпақ үшін бұл алфавит те жоғалады. Бұл мені қайғыртады» деп шала бүлініп, шабына шоқ түсті.

Айрандай ұйыған халықтың бірлігіне дақ саларлық адамның ортамызда жүргенін енді байқадық. Смирнованың бет пердесі ашылды. Алайда, И. Смирнова ертесіне «Ойбай жаңылдым, қателестім, кешіріңдер» деп мүләйімси қалды.

Амал нешік, «айтылған сөз, атылған оқ» дейді мұндайда қазақ. Қазақтың суын ішіп, отын оттап жүрген депутатсымақ ханымның ішкі ойы әбден түсінікті болды. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы болса керек.

Жә, хош делік. Жаңағы шөпжелке депутатсымақ И.Смирнованың «кешірім сұрауынан» кейін бір тәубеге келгендей болып кеңінен тыныстай бастап едік Герман Садулаев деген тағы бір «сұңғыла» шықпасы бар ма. Бұл сабаз не дейді дейсіз ғой? «Они ведут себя так, словно Росии не существует» деп міңгірлейді.

Бақсақ, Герман ағай Ресей жазушысы екен. Сол елдің тұрғыны бола тұрып, қазақтардың тірлігіне араласқаны мүлде түсініксіз болды. Демек, шовинистік ықпалдан әрі арыла алмай жүрген Садулаев мырза Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет екендігін мүлде білмейтін сияқты.

Қарап отырсаң еріккеннің бәрі момын қазаққа келіп соқтыға беретін сияқты. Ешкімге көлеңкемізді түсірмесек те, аңдығаны біз секілдіміз. Әнебіреу әкесі юрист, шешесі орыс дей ме, тегін білмейтін тексіз В. Жириновскиий деген «данагөй» де, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, ойына келген сандырағын шатпақтап ол жүр.

Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Михайлов деген әпербақан орыстардың «Лад» ұлттық-мәдени орталығын құрып, қазақ халқына, оның ішінде тіліне көрсетпеген қорлығы бастан асатын. «Лад» емес лаң болып еді.

Одан қалды, осы Астананың төрінде Н.Тілендиев даңғылымен қиылысатын Жамбыл көшесінің тұрғыны, орыс-казағының атаманы Богоевский деген үйінің төбесіне Ресейдің туын тігіп, қазақтарға қарсы шығып қыр көрсеткені тағы бар.

Иә, ай аман жұрт тынышта да қазақтың көрмеген құқайы жетіп артылады. Осындай келеңсіздіктерді тере берсек, бүгуге саусақ жетпейді.

Ұлтымыз үшін маңызы зор қандай да бір ұлағатты іс бастап, халқымыздың салт-дәстүрін, тілін дамытайық десек ауыздыға сөз, аттыға жол бермей, қызылкеңірдек айқайға салып араны ушықтырып жүретіндер қатары әлі де азаймай отыр.

Қанша жерден ұлттар достығы деп жанымыз жалау болып ұрандатсақ та қазақтың тілін дамытуға келгенде шовинистік пиғылдың бой көтеріп қалатынын жиі байқаймыз.

Бір күні төбеден жай түсіргендей селт еткізген оқиғаның куәсі болдым. Үйімнің ауласындағы балалар ойнайтын алаңқайда отырғанмын. Жан-жағымда шат-шадыман ойынның қызығына беріліп балалар ойнап жүр. Қалай десекте баланың аты бала ғой, аяқ астынан шартпа-шұрт болды да қалды. Сонда арасынан бір қаршадай орыстың қызы: «Я плевала на ваш казахский язык. Я не буду знать и не хочу. Если надо будет уеду в Россию» демесі бар ма. Бұл сөздің жаңағы арада не қатысы барын менде ұқпадым.

Міне, түймедей қыздың аузынан шыққан түйедей сөз. Шынашақтай қыздың ішінде бұғып жатқан өшпенділік қайдан келді? Демек, шынайы жүзін жасырып, қулығын асырып жүрген отбасылар баршылық деуге толық негіз бар. Бүлдіршіннің ойына кіріп шықпайтын мұндай «саясат» тек қана отбасы ошақ қасындағы әңгімелердің жемісі демеске шараң жоқ. Яғни, ата-аналары балаларын қазақ тіліне қарсы қойып, үйретіп отырады деген сөз.

Бұдан шығар қорытынды біз қазақ өзімізді-өзіміз сыйлата алмай жүрміз. Ана тілдің қадірін өзгелерге сездірте алмадық. Бұл ащы да болса шындық. Содан барып, жұдырығын жең ішіне жасырып жүрген «кім-көрінген» ұрымтал сәтті аңдып жүріп, соққы беріп есеңгіреткісі келіп тұрады.