Аударма жасаудың тиімді әдістері

Аударма жасаудың тиімді әдістері

Мінекей, осы тақырыптың төңірегінде жуырда Ақтау қаласында ілеспе аударма жасаудан белгілі ғалымдар мен білікті мамандар семинар ұйымдастырып, сырымен бөліскен болатын.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы және Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасайтын мамандар: ізбе-із аудармашы мен ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 10-14 сәуір аралығында қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жүргізуді үйретуге бағытталған оқыту семинарын өткізді.

Семинардың алғашқы күндерінде филология ғылымдарының кандидаты Тілешов Ербол Ердембекұлы аударматану негіздері жөнінде дәріс оқып, қатысушылардың қызығушылығын арттырып, бүгінгі тілдік ахуал және тіл саясатының заңдылықтарына да тоқталып өтті. Аудармашыға қажетті негізгі білім, теория мен практиканы сабақтастыру және дауыс тембрін қою, тез сөйлеуді үйрету, тілдік қорды байыту, ізбе-із аударма жасау жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор Аманбекова Марал Бимендіқызы тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Ілеспе аударма жасауда қажетті құжат түрлерімен жұмыс істеу, баяндамашы сөзін түпнұсқа мәтінге қарай аудару, қысқарған сөздерге ілеспе аударма жасау, аудармашының редактордық қызметі жөнінде тәжірибелі аудармашы Асқар Елбайұлы ақпарат беріп, шеберлік сабағын жүргізді.


Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасының және аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма саласындағы ғалым мамандар озық тәжірибесімен бөлісті.