Жексенбілік мектептердің жоспары жасалды

Жексенбілік мектептердің жоспары жасалды

Этномәдени орталықтар жанынан ашылған тегін тіл үйрету курстары өз жұмысын бастады. Ауқымды шараны қолға алмас бұрын сала мамандары 14 сәуірде Алматы қаласында бас қосып, жексенбілік мектептерде қазақ және ана тілдерін оқыту курстарының оқытушыларына арналған нұсқаулық-әдістемелік семинар өткізді. Жиын барысында қазақ және ана тілдерін оқыту курстарын жүйелі өткізу жолдары талқыланып, нәтижелі жұмыстың жоспары жасалды.

«Мемлекеттік тілді үйрету элиталық курсы» мәдени мекемесінің директоры, модератор Сәуле Қайырғалиқызы жиынды ашып, жиналғандарды семинар бағдарламасымен таныстырды. Негізгі бөлім Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Әкімшілік-ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Гүлнар Сейілханқызының құттықтауымен жалғасты.

Тіл мамандарының талқысында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Асанбайқызы «Қазіргі білім беру жүйесінде көптілді полимәдениетті тұлғаны қалыптастыру» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. «Этномәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептерде қазақ және ана тілдерін оқытуда интербелсенді әдістерді қолдану» тақырыбында Айнұр Жәлелқызы өз ойын ортаға салды. Оқыту курсы бойынша барлық ана тілдері мен қазақ тіліне күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар 60 академиялық сағат жүктемесіне негізделіп жасалу керектігін ескертіп, оқытушыларды жалпы жұмыс кестесінің есептік табелімен таныстырды.

Семинар соңы ашық пікірталасқа ұласты. Мамандар белгіленген межеде мемлекеттік тіл мен этнос тілдерін оқытудың оңтайлы әдісін ойласты. Бірауыздан деңгейлі курстар ашуды мақұлдап, бастауыш және жалғастырушы топтар күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар бойынша кестеге сәйкес сабақ алатын болады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 19 сәуірінде педагогикалық кеңес өтеді.