Жарнама - "жанды" жеріміз

Жарнама -

Гүлнәр ӘЛЖАНОВА, Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы:

– Гүлнәр Жәрдемқызы, жақында Батыс Қазақстан облысында 3000-ға жуық адам мемлекеттік тілді меңгеру бойынша «Қазтест» сынағынан өткенінен хабардармыз. Бұл шара қай деңгейде өтуде? Жалпы «Қазтест» сертификатының қызметкерлерге қаншалықты әсері бар?

– Еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тест орталығының мақұлдауымен, біздің басқарманың тікелей ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан «Қазтест» сынағы маңызы үлкен шара. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Себебі, ана тілі – әрбір ұлтты ұлт ететін басты байлығы, ананың сүті, әкенің қанымен келетін қасиетті құндылығы. Биылғы жылдың өзінде облыста 10 мың адамды осы сынақтан өткізу жоспарланған. Қазақтың тілі – жапырағы солған ағаштай емес, самал желмен жайқала өсіп, тамырын тереңге жайған бәйтерек болғанын қалай­тын, мемлекеттік тілдің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын адамдардың саны аз да болса, жыл сайын артып келеді. Бұл сынақ – мәжбүрлі шара емес, әзірге ерікті іс. Сынақта мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі 5 топқа бөлінген. Тестті алғаш тапсырушы әуелі диагностикалық сынақтан өтіп, өзінің тіл меңгеру деңгейін анықтайды. Кейін тестті қайта тапсырып, өз деңгейіне сәйкес сертификат ала алады. Бола­шақта «Қазтест» сертификатынсыз қызметке алынбайтын лауа­зымдар тізімі Үкіметте әзірленіп жатыр. Сондықтан да, «Қазтест» сынағының маңызы жылдан жылға артып келе жатқандығы көңіл қуантады.

– Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, мемлекеттік тіл мәселесінде тал­қыға салатын жайттар аз емес. Ресейдің бес облысымен шектесетін өңірдегі ана тіліміз­дің қолданылу жағдайы қалай? Мемле­кеттік тіл саясаты қалай жүргізіліп жатыр?

– Иә, дұрыс айтасыз, елімізде төл тіліміз төңірегінде әлі де шешілмеген мәселелер жетерлік. Біздің облысымызда да солай. Өзіңіз айтқандай, Ресейдің бес облысымен шектесетін, Қазақстанның «Батыс қақпасы» саналатын біздің өңірде мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытындағы жұмыстар ең алдымен облыс халқын еліміздің конституциялық принциптерінің бірі – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты негізге ала отырып мемлекеттік тіл төңірегіне топтастыру, халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға ықпал ету, қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталып отыр. Бүгінде Елбасымыздың 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасын» іске асырудың екінші кезеңі аяқталып келеді. Осы мемлекеттік шара аясындағы Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының 2014-2016 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасына сәйкес облысымызда бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізу, Қазақстан халқын біріктіру факторы ретінде төзімді тілдік ортаны қалыптастыру стратегиялық бағытында көзделген мақсаттар мен міндеттер ­бойынша жобаланған жұмыс­тар, мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайту, тарихи атауларды қалпына келтіру, облыс аумағындағы топонимикалық атауларды лексика-грамматикалық нормаларға сәйкестендіру бағытында іргелі жұмыстар атқарылды.

– Cіздер бірнеше жыл бұрын бірінші болып «Қоғамдық тіл инспекциясы» жобасын енгізген болатынсыздар. Жобаларыңыз өзінің діттеген мақсатына жетті ме? Бүгінде бұл жобаның жұмысы жалғасып жатыр ма?

– Бүгінгі тіл саясатындағы өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық салалардағы тілдік қолданысты кеңейту болса, бұл мақсатта 2010 жылдан бері өңірімізде жалғасын тауып келе жатқан серпінді жоба – қоғамдық тіл инспекциясы. Аталмыш жобамен 2000-нан астам кәсіпкерлік субьектісіне тіл заңдылығы талаптарының сақталуы жөнінде нақты көмек көрсетілсе, 2016 жылдың өзінде қамтылған бизнес субьектілерінің саны 315-ті құрады. Яғни қоғамдық тіл инспекциясының ықпалымен көрнекі ақпарат, жарнама мәселесін реттеу және ісқағаздарын жүргізу бойынша облыс аудандарының және Орал қаласының бірқатар бизнес құрылымдарына әдістемелік көмек көрсетіліп, құжаттама үлгілері қағаз және электронды үлгіде тегін таратылды, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін орындардағы прейскуранттар, жарна­малық ақпараттар мен тауарлық жапсырмалар мемлекеттік тілге аударылды.

– Бірақ көптеген мекемелер аудармашы ұстайтыны да бұл күндері жасырын емес…

– Әрине, мекеме-кәсіпорындарда «аудармашы» деген арнайы штат жоқ. Бірақ олар қазақ тілінің маманы ­немесе қазақ тілін жетік білетін жоғары білімді маманды қызметке алады да, оған аудармашылық қызметті артып қояды. Айтайын дегенім, туған елімізде отырып, құжаттарды мемлекеттік тілге аударатын қызметкер ұстау – ұят нәрсе. Бізден басқа бірде-бір елде мұндай келеңсіздік жоқ шығар.

– Батыс Қазақстан облысында бүгінгі таңда 12 аудандағы 87 көше, 53 елді мекен, 19 мемлекеттік мекеме, облыс орталы­ғындағы 97 көше, алты елді мекен атауын өзгерту мәселесі күн тәртібінде тұр екен. Бұл жайында не айтасыз?

– Бұл атаулардың көбісі кеңестік кезең­нен қалғаны бәрімізге белгілі. Екіншіден, бағана өзіңіз атап өткеніңіз­дей, Батыс Қазақстан облысы көршілес Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетіндіктен, облыс аумағындағы көптеген елді мекендер атаулары – Чесноков, Крутой, Вавилин, Кирово, Степной, Белугин, Родник, Астраханькино, Кузнецово, Первосовет, Фурманов, Балаган, Цыганово, Красненький сияқты атаулар облыстық ономастикалық комиссияның бір ғана шешімімен ұлттық келбетімізді айқындайтын айшықты да ажарлы атаулармен алмастырылды. Мәселен, жоғарыдағы атауларды ауыстырған Сұлукөл, Ынтымақ, Бастау, Алмалы, Кеңжайлау, Өркен, Айнабұлақ, Аққайнар, Бірлік, Жігер, Егіндібұлақ, Достық, Жаңатаң, Шалғай атауларын жергілікті тұрғындар бірден қостап әкетті. Облыс көлемінде ономастикалық саясаттың өміршең мәселелері өз дәрежесінде жүргізіліп келеді деп айтуға толық негіз бар. Оның нақты мысалы – соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен Орал қаласы, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Зеленов, Тасқала аудандары тұрғындарымен ономастика мәселелері бойынша мониторинг өткізуге 2 166 мың теңге, облыстағы елді мекендердің, географиялық объектілердің, мәдени мекемелер мен оқу орындарының, көшелердің атауларына және көрнекі ақпараттардың мазмұнына сараптама жұмыстарын жүргізіп, материалдар дайындауға 1 476,5 мың теңге қаражат бөлініп, өңірдің ономастикалық ажары біртіндеп айшықталып келеді.

– Ономастика мәселесі сөз болғанда, мына жағдайды айтпай кете алмаймыз. Бүгінде қалада немесе аудан, ауылдарда болсын «Жеңіс», «Достық», «Бәйтерек», «Азаттық», «Тәуелсіздік» секілді көше аттары көбейіп кетті. Тіпті бір ауданның барлық ауылында осындай көше аттары бар. Бұлар – қасиетті ұғымдар. Соңғы кездері бұл атау­ларды жапа-тармағай қолданып, құнын түсіріп алып жүрген жоқпыз ба? Қазақта осыдан өзге сөздер де көп емес пе?

– Бұл да – біздің басқарманың күн тәртібінде тұрған өте өзекті мәселе. Қайталанатын көше атауларына келер болсақ, халқымызда көше атауына лайықты қасиетті ұғымдар жетерлік. Бүгінде көшелерге кісі есімдерінің берілуіне шектеу қойылуына байланысты ауылдарда, аудандарда, қалаларда сол жердің табиғатына, тарихына қатысты атаулар, сондай-ақ тәуелсіздік идеологиясына сәйкес атаулар беру қолға алынуда. Мысалы, «Күлтегін», «Тоныкөк», «Мәңгілік ел», «Алтын ғасыр», «Күмбез», «Көкжиек», «Болашақ» тәрізді атаулардың біздің өңірде ғана емес, республика аумағында көптеп кездесуі заңдылық. Бұл атауларды бір ауылда қайталап, жапа-тармағай қолдануды болдырмау секілді мәселелерді шешу үшін облысымызда арнайы ономастикалық атауларды зерделейтін жұмысшы тобы құрылған. Аталмыш топтың құрамы жергілікті тарихшылар мен лингвист ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен жасақталған. Бұдан былай өзгертуге ұсынылған атаулар осы топтың ғылыми сараптамасынан өткеннен кейін ғана ономастикалық комиссия қарауына жолданылатын болып шешілді. Осы комиссия, сөз жоқ, бір атаудың бірнеше рет қайталануына мән беретін болады.

– Қазір айналаның бәрін жарнама жаулаған заман. Жарнаманың жаңа түрлері де көбею үстінде. Жалпы ауылдарға өзге тілдегі жарнаманың керегі бар ма?

– Жарнама – біздің «жанды» жеріміз. Өте күрделі мәселе. Сіздің айтқаныңызбен толық келісемін. Десек те, облысымызда жарнама мәселесін реттеу ономастика бөлімінің мамандары және облыстық басылымдардың тілшілерімен бірлескен бақылау рейдтері арқылы біріздендіріліп келеді. Нақтырақ айтқанда, әуежай, автобекет, вокзал, ірі сауда орындары мен бірқатар банктер сияқты мекемелер бақылау рейдтерімен қамтылып, рейд нәтижелері облыстық газет беттеріндегі сараптамалық мақалалармен қорытындыланып отырады. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарға қоғамдық бірлестіктер де тартылып келеді. Яғни тіл тазалығын сақтау мақсатында «Қатесіз жарнама» айлығын жыл сайын жариялап келеміз. Нәтижесінде «Арнайы репортаж» айдарымен телехабарлар топтамасы түсіріліп, «Қазақстан-Орал» телеарнасы эфирінен беріп отырады. Сонымен қатар жергілікті «ТДК-42» телеарнасынан «Қаламыздың жарнамалық келбеті», «Жарнама тіліне қойылатын талаптар», «Көрнекі ақпарат – тәрбие құралы» тәрізді 30-дан астам телехабар мемлекеттік тапсырыс есебінен түсіріліп, тұрақты түрде жұртшылық назарына ұсынылып келеді. Бұл өз кезегінде өңіріміздегі жарнама тілін реттеуге және оған қойылатын талаптарды жарнама берушілер мен кәсіпкерлердің назарына салудың тиімді тетігіне айналды. Бұл үрдіс ауылдық жерлерді де қамтиды. Алдағы күндері де облыс аудандары мен ауылдарында осы бағытта кең көлемді жұмыс жүргізе беретін боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!