Қоңыр

Қоңыр

Қоңырайып жатыр алда жол әлі – Кеудем кейде қоңыр күйге толады. Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп, Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы. Ж.Нәжімеденов

«Қоңыр» сөзінің этимологиясы қазақ халқы­ның ерте кезеңдерінде толғау мағынасында кең қалыптасқан. Академик І.Кеңесбаевтың түсіндірмесінде «Қоңыр» сөзі – «қоңыр ­дауыс», «қоңыр ән», «қоңыр үн» синонимдері бір қалыпты ырғақпен айтылатын құлаққа жағымды жұмсақ үн» деген мағынада беріледі. «Қоңыр» басқа да кейбір сөздерге қосылып, тиянақты ой тіркесін құрағанда, көбінесе орташа деген ұғымды да береді. Бұл сөз «қоңыр ән», «қоңыр күй» деген сипаттамаларға үндесіп, интонация­сы, мақсаты, сазы – сүйкімді, көңілге ұнамды деген мазмұнды білдіреді. Ән-өлеңдердегі қоңыр әуенге келер болсақ, қазақ музыкасы – өмір шындығын дыбыстық көркем бейнелермен көрсететін музыкалық өнердің ұлттық саласы. Қазақ халқының ән-күй мұрасы мен көркем әдеби шығармалары қоңыр әуенге аса бай.
Осыған сүйене отырып, С.Бәйішев атында­ғы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана­сы­ның кітап қорында жинақталған әдебиеттердің ішіндегі қазақ шығармаларында кездесетін қоңыр әуен туралы аз ғана тоқталып өтсек.
Тақырыпты халқымызбен бірге жасап келе жатқан халық ауыз әдебиетінен бастасақ. Қазақ халық ауыз әдебиеті тұрмыс-салт жырлары: бесік жыры, қара өлең, жарапазан, т.б. бастау алатыны ежелден белгілі. Осы жырлардың барлығында кез­десетін қоңыр әуенге мысалдар келтірер болсақ:
Ауылыңа ат терлетіп барайын ба,
Әніңе майдақоңыр салайын ба?
Әніңе майдақоңыр салмаушы едім,
Ешкім жоқ сізден басқа маңайымда – деп әуендеткен қара өлеңдегі халық әуенінде немесе ән өлеңдерінде:
Алқоңыр ән-ақ екен баппен айтса,
Ер жігіт не болады серттен тайса?
Ән болмас Алқоңырдай қайда барсаң,
Ән білем деген адам шынын айтса – деп шырқаса,
«Қоңыр қаз» әнінде:
Қоңыр қаз көл жағалап ұшады өрлеп,
Салғандай түрлендіріп әніне өрнек.
Ән салсаң, қоңыр қаздың әніне сал,
Көтеріп көңіліңді көкке сермеп.
Қайырмасы:
Ахау үй,
Сен – қоңыр қаз, мен – шаһбаз,
Айтқанмен
Таусылмайды іштегі наз – деп, шарықтаған қоңыр әуен жан тербетеді.
Осы қоңыр әуен бесік тербеткен ана әлдиінде де жалғасады.
Адамның тууынан бастап, қартайғанға дейінгі өмірі, тұрмысында кездескен, басынан өткен жайларының бәрі де ауыз әдебиетінде суреттелген. Осы салттан туған өлеңнің бір түрі – бесік жыры.
Мысалы:
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген аппағым.
Әлди-әлди құлыным
Қойдай қоңыр момыным – деп жалғаса беретін қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Ғасырлар бойғы сынақтан өтіп, халық дарындылығы мен даналығын көрсете білген, үшінші мыңжылдықта ол ерекше тарихи маңызға, көркемдікке ие болды.
Күн көрісі, тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке байланысты болғандықтан, адам баласы мал өсіруде мал басының қалай құралатынын, олардың өз төлін қалай сүйетінін ұрпаққа өлеңмен жеткізіп отырған.
Қоңыр әуен «Малдың баласын сүюі» өлеңінде:
Қой сүйеді баласын, қоңырым, деп,
Ештеңені білмейтін, момыным деп – деген тілге жеңіл сөзбен айтылады.
Одан әрі малдың төлді шақыруында да:
Қой баласы – қоңырым,
Ұя бұзбас момыным,
Шопан ата түлігі –
Қошақаным, қайдасың?
Пұшайт,
Пұшайт! – деген өлең жолдарымен жалғасады. Қазақ өміріндегі қоңыр әуен қазақ ауыз әдебие­тін­дегі мақал-мәтел, жаңылтпаш, өтірік өлеңдерінде кең өріс тапқан. Мысалы:
Қойдай қоңыр,
Қозыдай момын.
Қойдан қоңыр – қойшының қоңыр өгізі.
Қазақ халқы ойын-сауық үстінде, жиналған жұртты күлдіру үшін жаңылтпаш айтқан. Қазақ­тың қарапайым жаңылтпашында да қоңыр сөзі қолданылады. Мысалы:
Қурайлының жерінде,
Қоңыр айғырдың үйірінде,
Бурыл қулық құлындап жатыр.
Қазақтың тапқырлыққа негізделген қара өлеңінің бір түрі – өтірік өлең. Ол ақындық өнерді талап етумен қатар, қиял-ойдың мол болуын керек етеді.
Бір жылы қоңыр тұсақ серке туып,
Лағын өсіріпті ерке қылып.
немесе
Мен көрдім бала шіркей қоңыр қаздай,
Жүк арттым инелікке ала жаздай – деп өтіріктің өрісін қыздыра түседі.
Көшпенді қазақтың көне атам заманнан бергі өмірлік үндеуі қоңыр әуен үнемі, ұрпақтан-ұрпаққа айтылып, түрлі ұлттық музыкалық дәстүрлердің өмірге келуіне әсер етіп, оның заманалар арасындағы жалғастықта болуын қамтамасыз етті және де:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең – деп қазақ халқының адам тал бесіктен жер бесіккке дейінгі өмір жолында өзінің жан тебіренісін, қара өлеңмен, ішкі сырын нәзік әуенмен, домбыра мен қобыздың қоңыр үнімен жеткізе білетіндігін дөп басып айта білген дана Абай атамызға осындай тамаша өлең жолдарын туғызды.
Абай лирикасы кең көлемді мол қазына: биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра.
«Күз» деген өлеңіне ілесе жалғасып, тақырып жағынан ұласа ұштасып жататын «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлең, Абайдың саяси лирикасының ең түйінді бір тұсы. Әуелі қысқа ғана табиғат суреттерін өрнектеп, одан шаруа-жайға көшіп, іле мұнан туған қоғамдық қарым-қатынасты суреттейді де, одан алған өзінің ақындық әсерін, азаматтық пікірін қорытады.
«Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып».
Бұл – Абай заманындағы күнделікті көрініс: түндей қараңғы, қапас тұрмыста қоңыр іңірдей күңгірт мұңы, арман-сыры бар кедей үйінің жабырқау өмірі. Таңның атысы, күннің батысы аяғы сайға тимей, ұйқысыз да күлкісіз, бай малы­ның соңында сабылып өзі жүрсе, азынаған қырық құрау қараша үйде ең болмаса жылынар отыны да жоқ, құныса бүрісіп, жыртық шекпенін жамап әйелі отыр. Бұл көрініс кедейдің қоңыр лашығын­дағы жанашырлық күй-жай.
Енді қоңыр сөзінің басқа мағынасын көрейік: М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында бала Абайдың әжесі Зеремен көрісуінде: «Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Ана құшағы!… Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп, үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан лезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым… Абай жаным… – деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті» деп, кемеңгер жазушы қазақ халқына тән ана мен бала, әже мен немере арасындағы аналық, әжелік махаббаттың нәзік қылын дәл тауып суреттей білген.
Қазақ шығармаларында Қоңыр еркелету мәнінде жұмсалған. Жазушы Т.Жұртбайдың «Қоңыр қозы» атты М.Әуезовтың балалық шағына арналған әңгімесінде: «…Атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырында өскен қалың ерінді, аялы үлкен көзді Мұхтарды осы ауыл түгелімен «Қоңыр қозы» дейді. Бұл – Дінәсіл әжесінің «Қоңыр қозысы» – Мұхтар ғой, – деді Мағауия баланы ертіп келіп. – Жарайсың, Қоңыр қозым! Осы сөздің мағынасын түсініп өскейсің, – деді Абай атасы риза кейіппен. …Әлгі Қоңыр қозымды киіндірші» деп, «Қоңырым», «қоңыр қозым» деп еркелету мәніндегі сөздер ерекше, ыстық ықыласты, жылылықты білдіреді.
Қазақта «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз бар. Бұл сөз тек қазақ тіліне ғана емес, өзге тілдерге де қатысты айтылған сөз және жоғарыдағы миф осы мақалмен үндес. Көптеген аңыз, таным-түсінік, дәстүр-салттың әр түрі болғанымен, арғы таным-түсініктердің бәрібір де ортақтығы көрініп тұрады. Қазақ тілінде «қоңыр» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Қоңыр ең әуелі түсті білдіреді. Мысалы, қоңыр аю, қоңыр қаз, қоңыр жер, т.б.
«Тілге аса бай және әр сөздің сиқырлы ­бояуын жан-тәнімен нәзік сезінетін жазушы» деп Ә.Кекілбаев бағалаған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің «Қоңыр күз» әңгімесінде «Тал түс. Қоңыр күздің май тоңғысыз жылы күні соңғы шуағын аямай төгіп тұр» деген қарапайым бірауыз сөзбен әңгіменің басты кейіпкері Әбдірәсілдің өміріндегі балалық, жастық жәрмеңкесі тарап, егделік, қарттық шақ келіп, қоңыр күз қонақтаған кезіндегі қарт сезімінің саналы ғұмырынан сыр шертер, мезгілін тамаша суреттей білген.
Т.Әлімқұловтың «Телқоңыр» атты әңгімесі атақты күйші Сүгірдің «Телқоңыр» күйінің шығу тарихына арналған. Қоңыр образы кітапта «Қаратаудың тозаңды баурайымен салыстырғанда, осынау Қоңыр – жердің жаннаты. Қызық пен қайғы қатарласқан қайран Қоңыр» деп табиғатты суреттей келе, күйдің шығу тарихына тоқталып өтеді. «Оның көз алдына ерке құлын елестеді. Құтты жайлауда екі енені тел емген қоңыр құлын бөбектей бал мінезімен еске түседі. Сүгір бұл күйдің аты «Телқоңыр» болуға лайықты екен түйді» деп, Телқоңыр сөзінің мән-мағынасын аша түседі.
Әбіш Кекілбаев: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білген» деп баға берген біртуар ақындарымыздың бірі Ж.Нәжімеденовтің шығармашылығында қоңыр сөзі ерекше орын алады. Атап айтқанда, «Қоңыр түс» атты өлеңі қарапайым қазақтың қоңыр тірлігін былайша суреттейді:
Қоңырайып жатыр алда жол әлі –
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн…
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.

Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге…
Міне, «Қоңыр» сөзінің құдіреті осындай.