Азаттық жыршысы – Міржақып Дулатов

Азаттық жыршысы – Міржақып Дулатов

Адамзат тарихында ойып алар орны бар жұрттың, азат жеңістер мен азапты жеңілістерді бастан өткерген барқадар ұлттың Құс жолындай жосылған ұлы көшінде замана желі тудырған рухты, ұранды, Темірқазықтай қарақшы идея-мұраттары, сол идеологияға байланған сөз орамдары болмақ. Қос мыңжылдық тоғысында, ХХ ғасыр басында Алашты Алаш қылған ұран – «ОЯН, ҚАЗАҚ!» болатын. Араға ғасыр салып, ұйқас тауып «Ойлан, қазақ!» деп түрлендіргенімізбен Жақаңның аузымен айтылған дәуір ұраны, замана мұраты мән-мағынасын бүгінде де бір мысқал жоғалтқан емес.

Міржақып ДУЛАТОВ (21.11.1885, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қызбел атырабы – 5.10.2935, Ресей, Карелия, Беломор-Балтық каналы, Сосновец бекеті) – Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналист, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі.

Жастай әке-шешеден бірдей айырылып, ағасы Асқардың (1868-1933) тәрбиесінде болады. Торғайдағы 2 кластық орыс-қазақ мектебін бітіреді. Ел ішінде мұғалім болып, өз бетімен білімін жетілдіреді. 1904 жылдан бастап ұлт-азаттық қозғалысқа белсене араласып, ғұмырының соңына дейін кәсіби саясаткер есебінде күрес жолынан таймайды. 1909 жылы Қазан қаласынан әйгілі «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шығады. Патша үкіметі бұл кітапты тәркілеп, оқуға тыйым салғанымен, ел арасында кеңінен тарайды. Демде қолдан-қолға көшкен «Оян, қазақтың» авторы елге танымал тұлғаға айналып шыға келеді. 1911 жылы «Бақытсыз Жамал» романын жариялайды. Осы жылы маусым айында түрмеге жабылып, Семей абақтысында 19 ай қамауда отырады. Түрмеден босай салып «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірлерін шығара бастаған А.Байтұрсынұлына көмекке, Орынборға келеді. Қазақтың бағына туған «Қазақ» газеті (1913-1918) туралы аз айтылған жоқ һәм айтыла да бермек. Міне, осы газетке жегілген қос көсем аттың бірі бас редактор Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы болса, оның орынбасары және жауапты хатшысы Жақаң – Міржақып-тұғын. Осы жылдары «Азамат» (1913), «Бақытсыз Жамал» (ІІ басылымы, 1914), «Терме» кітаптары жарық көреді. 1916-1920 жылдары Алаш қозғалысының бел ортасында жүреді. Ресейдің бір қиыры, қазіргі Белоруссия жеріне дейін барып, қара жұмысқа аттанған қазақ жігіттерін елге қайтарады. Ел ішін жайлаған аласапыран Азамат (әлеумет) соғысы жылдары қолына қару алады, «ақтың» да, «қызылдың» да (олардың арасында Амангелді Иманов та бар) қандарын мойнына жүктейді. Ашыққан, босқан елді отанына қайтарады, жылу жинап, алдарына мал салып береді. «Ақ жол» газетін шығаруға атсалысады… Ақ патша түрмесінің біршама дәмін татқан М.Дулатов 1922 жылы аз уақытқа кеңестік түрмеге жабылады, 1928 жылдың желтоқсанында тағы да ОГПУ-дың құрығына ілігеді. Әлі барша күшіне ене қоймаған «қызыл террордың» алғашқы құрбаны ретінде ату жазасына кесіледі. Бірақ ол жаза кейіннен он жыл абақтыда отыруға ауыстырылып, Беломор-Балтық каналының құрылысына жегіледі. 1935 жылы бар-жоғы 50 жыл өмір сүрген, оның соңғы 30 жылында аттан түспеген, қарумен де, қаламмен де ұлтының азаттығы үшін айқасқан ақын жүрек түрме-лагерьдің лазаретінде соғуын тоқтатты (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 143-147-бб.).
Алаш арыстарының, ұлт қайраткерлерінің арасында басына Құран оқып, көпшілік тәу етер, өзіміз де басында болған, қос бейіт-ескерткіш бар. Оның бірі – жат жұрт Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың бейіті болса, екіншісі қияндағы Соловкиден 1992 жылы әкелініп, кіндік қаны тамған топыраққа жай тапқан Жақаңның сүйек-мүрдесі. Өкінішке орай, осы қос әруақ-мүрдені соңғы мәрте тағы да мазалап, Астанадағы іргесі қалана бастаған Ұлттық пантеонға жайғастырған жөн сияқты… Бұл кеңестік зобалаңның қылышынан қыршын қиылған, мола-мүрделері беймәлім жер астындағы 200 000 Алаш Арысына көрсетілген соңғы құрмет-парыз, орындалған ұрпақ аманаты болар еді…
*Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман… Жалғыз сүйеніш, үміт – оқуда.
*Бүгінгі қазақ елі екі жолдың тарауында тұр. Біреуі – құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы.
*Өз еркі өзінде жоқ бір кісіге құлдық қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың еркіндігі болмауы одан мың есе жаман.
*Жұрт болудағы мақсат осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл-нәсіп, үрім-бұтақтың кем-қор болмауы үшін керек зат.
*Алаш болып шашау шықпау – бірліктің басы.
*Үш жүздің баласы бәрің де қазақсың. Алған бәйгең қазақтікі болады. Алдырсаң да қазақты алдырасың.
*Орыстың атты әскері «казак» атанғандықтан, біздің қазақ өзінің атынан айырылып «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ.
*Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді.
*Бола берме, жазған қазақ, жасқаншақ.
*Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулелі жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосылып ұмтылып бағамын.
*Жол ұзақ, ғұмыр қысқа. Ендеше бүгін артылған жүкті қолдан келгенше атқарып кетейік.
*Алашорданың көркеюі, Алаш автономия­сының тез жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: милиция һәм қазына. Соның үшін Алашорданың алдымен қолға алатын қызметі милиция һәм ұлт қазынасы болды.
*Адамның ең алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.
*Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті.
*Біз басымызға түскен қиыншылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?
*Сот түзелмей – халық түзелмейді. Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмесе сот емес, ол – сор.
*Орысша сөйлеген жерде, қазақтың исі шықпайды.
*Тілдің мұңы: Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Енді қандаймын?..
*Бүкіл халықтың тәрбиесі әйелдің қолында. Әйел – халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Күңнен ер көңілді, кең пейілді азамат қалай туады? Күңнен құл тумақшы емес пе?!.
*Жалпы мұсылман жұртына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз. Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.
*Әр елдің қолданған салт-санасы сол елдің кәсібімен байлаулы. Салт-сананың негізі – елдің қолданған кәсібінде.
*Тұрмыстың тетігі – кәсіпте. Кісінің ақылын да, мінезін де тәрбиелеп шығатын оның қолданған кәсібі. Бұл тұрмыстың негізгі заңы, аспанның астында бұл заңға бағынбайтын жан жоқ.
*Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт.
*Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті.
*Ұлт әскері – ұлт қорғаны.
*Әрбір адам шенеунік болуы мүмкін. Бірақ әрбір шенеунік қазақ бола алмайды.