Тіл үйренудің тиімді әрі жылдам жолы

Тіл үйренудің тиімді әрі жылдам жолы

Шай басындағы әңгімеден «шәйнек» қайнап кетпесін дейміз. Десе де, дастархан басындағы шүйіркелес маңызды мәселенің шешімі бола алады.

- Қазақ десең өзіңе тиеді, десе де қазақтарды түсінбеймін. Кабинетке Анастасия кірсе төрт қазақ түгел тілдерін бұрап, әбігерге салынады. Ал ол еш қымсынбастан орысша шүлдірлеп, ойын өз тілінде еркін жеткізеді. Ішім қыж-қыж қайнап, ол келгеннен мен қазақша сөйлеймін. Сондықтан біздің қатынасымыз амандасудан әрі аспайды. Ол орысша мен қазақша сәлемдесіп, сап тыйылатынбыз. Соңғы кезде Анастасия мені сөзге тартқысы келіп, түрлі сұрақтар қояды. Алған бетімнен танбай, қазақша жауап беремін. Әріптестерім «түсінбейді ғой» деп аударып, әуреленеді. Мен де қайтпаймын. Эмоциямнан не интонациямнан «Қазақстанда жүр, қазақша үйренсін» дегенді сезсе керек, соңғы кезде «Сәлеметсіз бе?» мен «Сау болыңызды» үйреніпті. Ішім жылып қалды. Ал бүгін төтелемей турасынан «қазақша үйретші» деп қолқалады. Қуанып кеттім. «Бірақ қалай, қайтіп үйретемін?» - деп құрбым маған шарасыз қарады. Қазақ тілінде тықылдағанымен үйретуге тәжірибесіз екеу біраз сұхбаттастық. Шет тіл курстарының әдістерін қайталайық деп шештік. Жаттату, тыңдау, қайталау арқылы сабақ беретін болды. Бірақ оның нәтижесі беймәлім. Себебі қолымызда жүйелі негіз жоқ. Өзімізше ұлт үшін сауапты, қалтамыз үшін қолайлы дүние жасамақ ниеттеміз. Сөйте тұра, бұл әрекетіміздің тесік шелекпен су тасығандай халге түсіретінін түсіндік. Сондықтан интернет ақтардық, игісін таптық. Соңғы шешім – «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралы.

Біз өзі жан-жағымызды бажайламай, артын бақпай, кесіп айтуға әуес жұрттың біріміз. Тіл тақырыбында сөз қаузала кетсе, билік не істеп отыр, неге ана тілге көңіл бөліп, аясын кеңейтпейді деп қызыл кеңірдек боламыз. Байқап қарасақ, тіл турасында біршама дүние жасалған екен. Соның бірі - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жарық көрген «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралы. Аталмыш оқулықтың алғашқы кітабына жиі қолданылатын 137 сөз енгізілген. Ал Е.Тілешов, Л.Есбосынова, М.Дәрменованың авторлығымен шыққан екінші кітап 500 сөзге негізделген. Тіл үйретуде әлемдік әдіс-амалдар мен ғалымдардың пікіріне сүйенсек, бір тілді орташа деңгейде білу үшін сөздік қорда 800-900 сөздің болуы жеткілікті көрінеді. Мәселен, ағылшын тілінің базалық минимумы 850 сөз деп белгіленген. Аудиториясы ауқымды француз, итальян тілдерінің де базалық көлемі осы қатарлас. Ал орыс тілін игеру үшін 780 сөзді жатқа білу жеткілікті делінген. Тап сол сынды қазақ тілін қарапайым, қанағаттандырарлық деңгейде үйрену үшін 900 сөзді санада сақтау қажет. Сондықтан 2016 жылы «Қазақ сөзі» біршама жетілдіріліп, 500 сөзге қосалқы жаңа сөздер мен сөз тіркестері жинақталып, ұлғайтылды. Одан кейін 900 сөзге құрылған «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралы жарық көрді.

Оқулық қазақ тілінің күнделікті лексикалық минимумына лайықталған. Алғашқы әдістемелік құралдардан артықшылығы қазақ тілін өздігінен үйренуге арналған арнайы практикалық сабақтар берілген. 12 бөліммен түбегейлі танысқан оқушы кез келген қоғамдық орында өзіне қажетті мәліметті алып, қатынас жасай алады. Қорытынды бөлімде берілген 40 сөйлемнің аудармасын жасап, өз деңгейін тексереді. «Сөздік» тарауында 900 сөзбен танысып, қорын кеңейтеді. Дәл осы әдістемелікті біз «Тіл әлемі» порталынан таптық. Қараңыз, қолғабысы тисе, біз де қуаныштымыз!

Түйін. Әр ұлттың тілін білген сайын, оның мәдениеті мен әдебиетімен етене танысып, арадағы рухани байланыс беки түседі. Халықтар қатынасындағы ынтымақ артады. Ал Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуі парыз әрі міндет, ұлтқа деген құрмет саналады. Хош. Өзгелер төл тілімізге өзеуреп жатқанда, өзіміз өгейсітпейік. Ауыл баласы орысша ойлансам деген, қала баласы ағылшынша «әндетсем» деген ойыңнан арыл! Туған тілдің нәрінен сусындамайынша, басқаның бәрі – бос әурешілік.