Қызылордада Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды

Қызылордада Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды

Қызылордада Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқай ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

«Мұстафа Шоқай Еуропа топырағына табан тіреп тұрып, әлемдік саясатқа қазақтың үнін жеткізген алғашқы Алаш қайраткері еді. Ол - кез кезген тарихи құбылыс секілді бір жақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. Мұстафа Шоқай сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында жүріп, түркі әлемінің, өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан, ол ақ пен қызылға, не қоңыр жақ, болмаса қарсы болды деген қарабайыр түсінікке сыймайды. Мұстафа Шоқай бүкіл өмірін, қажыр-қайратын, ақыл-ойын халқының, түбі бір түркі жұртының өркендеуіне арнады», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы 2015 жылы М.Шоқайдың 125 жылдығын Сыр жұртшылығы атап өткенін, өзінің туған жері Сұлутөбеде қайраткердің ескерткіш-бюсті қойылғанын, мәдениет үйін салғанын жеткізді.

«Сол мерейтой аясында қайраткер әрі күрескер тұлғаның еңселі ескерткішін облыс орталығы Қызылордада орнату мәселесі қолдау тапқан болатын. Міне, бүгін мемлекеттік комиссия тарапынан үздік танылған, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Көшер Байғазиевтің жобасы Қызылорда қаласында орнатылып отыр», - дей келе облыс әкімі Мұстафа Шоқайдың бейнесін жасаған мүсіншілерге алғысын білдірді.

Бұдан бөлек, салтанатты рәсімде ғалым, философия ғылымдарының докторы Досмұхамед Кішібеков бүгін ел арысы Мұстафа Шоқайдың арманының орындалып, халқымен қауышқан күнімен көпшілікті құттықтады.

«Қайраткер халық үшін жанын пида етті. Ал бүгін оның өзі келмесе де, рухы келді. Тәуелсіздікпен бірге еңбектері оралды. Мұстафаның атқарған қызметіне, басынан өткерген қиындықтарына қарап, оның ер екенін танисың. Шетелде журнал шығарып, әлемге пікірін таратты. Бұл ешкімнің қолынан келмейді. Ашылған ескерткіш құтты болсын, ұрпақ тәрбиесіне мол пайдасын тигізсін», - деді ғалым.

Айта кеткен жөн, қоғамдық және саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне облыс қазынасынан 49 миллион 346 мың теңге бөлінген.

Сондай-ақ бүгін Қызылорда қаласында «Алаш мұрасы және тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр. Оған еліміздің әр түкпірінен келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысуда.