Салалық сөздіктерге зәруміз

Салалық сөздіктерге зәруміз

Тіл – қарым-қатынас құралынан бөлек, ол ұлтты сақтаушы, ұлттың мәдение­ті­нің көрсеткіші, ұлттың болашағы екендігі белгілі. Бауыржан Момышұлы айт­қандай  «Тіл – елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қо­ғамдық құрылысының, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіші». 

Тіл – Мәңгілік елдің жарқын бола­шағына жол нұсқаушы, ел саясатын жүзеге асырушы құралы. Сол себепті, ҚР Президентінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауын оңтайлы түрде жүзеге асырудың кілті ғылым тілінде, терминдерімізді бір жүйеге түсіріп, реттеп алуымызда деп түсінгеніміз абзал. Аталмыш жұмыс Елбасының экономикамызды жаңғыртуға ұсынып отырған бағыт-бағдарын жүйелі түрде іске асыруына белгілі бір деңгейде септігін тигізері хақ. Мысалға, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауда «Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет» деп көрсетілген. Бұл дегеніміз бізге, қытайша-қазақша, қазақша-қытайша қажет деп тапқан салалық терминологиялық сөздіктерді (мысалы, мұнай, газ, бизнес-экономика, т.б.) дайындауды қажет етеді. Өкінішке қарай, осы тілдерде жарық көрген мұндай сөздіктер жоқтың қасы.

Қазақ тілінде ауыл шаруашы­лы­ғының бұрыннан қалыптасқан төл терминдерінің қоры жеткілікті. Бұл салада тілімізде, тіпті өзге елдің ұғы­мында жоқ, тек қана біздің тілімізде бар, халықаралық терминдер қатарына сұранып тұрған мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, осы салалардан шығатын өнімдерге және т.б. салаларға қатысты атауларды көптеп кездестіруге болады десек артық айтпаған болар едік. Қазақ тілінің халықаралық терминдер дәрежесін алуы тәжірибеде бар. Мысалы, география ғылымы саласына қатысты тақыр, сор, адыр және тағы басқа ондаған термин­дердің халықаралық дәреже алуын мақ­танышпен айта аламыз. Мұны осы сияқты малдың жас атаулары (тай, құнан, дөнен, тайынша, тоқты, марқа, т.б.), ауыл­шаруашылығы өнімдеріне қа­тысты атаулар (қымыз, құрт, айран, т.б.) және т.б. ешбір елде, ешбір тілде ­атауын былай қойғанда, ұғымы да жоқ. Ауыл шаруашылығы терминдерін бір жүйеге салып, болашақ бренд ретінде көрсете алсақ, тіліміз кейбіреулер айтып жүргендей, «от басы ошақ қасы» қажеттілігін ғана өтеуге жарар­лық деңгейде емес, берісі ресми, ғылыми қажеттілікті өтейтін, арысы халықаралық мәртебеге ие болар еді.
Cалааралық қазақ-ағылшын-орыс тілінде терминологиялық сөздіктер дайындау керек. Тек дайындап қана қоймай, оны білім беру үлгілеріне енгізу қазіргі заман талабы.
Қорыта келгенде, мемлекеттен тілді дамытуға бөлінген қаржыны Елбасы ұсынған саясатқа бағыттап жұмсап, көрсетілген салаларға қатыс­ты терминологиялық сөздіктер түзуі қажет. Бұл сөздіктер экономикамызды жаңғыртуға, әлемдік аренада өз орны­­мызды нықтауға көмекші құрал болары анық.