ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗ

ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗ

​(Эссе) Адамның алысқа шарықтайтын көңiл құсы өмiрбақи өзiмен бiрге. Ойлап көрсек естен кетпес, көзден көшпес сол жылдардан берi қаншама заман көшiн өткерiп, ұзақ жолды бастан кешкен екенбiз.

Ол кез, бiздiң жарық дүниеге жаңа көз ашқан, ерте бала шағымыз, сонау отызыншы жылдардың басы. Бiздiң Талды мен Қошқардың бойындағы он сегiзiншi аталған Қызтоған, Шаңлақ, Талдыбұлақ, Кеңбұлақ атты төрт ауыл «Кеңбұлақ» атты бiр кеңеске бiрлесiп, шығыста Алатау тараптағы Жуалыға қарайтын едi. Әкемiз Тұрекең кешегi кеңестiк дәуiрдiң ат үстiндегi берiлген бәлшәбегi, сол ауыл-елдiң тiзгiнiн ұстап тұрған кезi. Қалың ауыл жаңа көктемнiң жайма шуағында Кеңбұлақ сыртындағы көк майсалы тепсеңге көшiп шығып, баяғы бiр кездегiдей ақбоз үйлерiн қатарлай тiгiп жайғасып алғанына бiршама күндер өткен.

Кешегi күнi ауданға кеткен ауыл мұғалiмi Сауранбектiң оқымыш баласы Ергөбек бұл жақ бұрын естiмеген жаңалық, бiр хабар ала қайтыпты. «Май мейрамы» дейтiн бiр үлкен, керемет той болады екен. Оны өткiзуге ауданның үлкен өкiметi шығады екен. Оны кешегi жас уәкiл Бауыржан бастап келедi екен...

Осы хабардың iзiнше Алексеевкадан, төмендегi Бесшоқыға көкшолақ атымен қоқаңдай желiп, тынбай қатынайтын Бондаренко поштабай Борнайдың өкiметтiк хат-хабарын да жеткiзедi. Сол сәттен әкемiз бастаған ауылдың бiр топ белсендiсi құлшына атқа қонды. Ел iшi қалың думан қарбалас. Ақ үйлер төбесiнен қызыл жалаулар желбiрей бастады. Ертеңiне ертелеп бұл ауылға сырттағы Боралдай, өрдегi Қызтоған, Қантемiр орыстары, iргедегi Әулиебұлақ, Сарыкемерден аттылы-жаяу, арбалы көлiгiмен қызыл-жасыл киiнген жас-желең мен қалың жұрты ағылды. Қайсыбiр аттылы-жаяу қалың топтың үстiнен қырдан соққан самал желмен қызғалдақтай құлпырған қызыл жалаулар толқиды.

Сол жиналған қалың нөпiрдiң бiр шетiнен мөлдiр тұнық ауада шалқып, бiз көрмеген гармонь дейтiн кереметтен жан-жүректi шымырлатып, құйқылжыған әуез естiлiп жатқан едi. Ендi сол әуез бiрте-бiрте жақындай түстi. Қалың жұрт қақ жарылып, кең дүниенi жаңғыртып келе жатқан өнерпазға жол бердi.

Па, шiркiн, бұл Елеусiз ғой, кәдiмгi! Жасөспiрiм кезiнде мына Көлтоғанның бай орысы Лопаткиннiң он жыл тана-торпағын бағып, орыстың арасында өскен. Сол Елеусiз ержетiп, жиырмаға жасы жеткенде риза болған бай орыс оған:

– Әй, Илеусиз, сен ержетiп, азамат болдың. Таңдаған, ұнатқан жерiңдi айт. Қазақша құда түсiп қалыңмалыңды төлеп, сүйген қызыңды алып берейiн, – дегенде Елеусiз оған:

– О, датко Ыстыпан, рахмет сiзге. Маған қыздан бұрын гармонь алып берiңiз, – дептi.

Сол Ыстыпан ұлындай қып өсiрген Елеусiзiне айтқанын екi етпей, Қазан қаласына алыстан «заказ» жолдап, анау, он екi тiлдi қара қобызын (гармонын) алып берген ғой. Алексеевка (Көлтоған) орыстарының сауыққой жастары iшiнде қыздарын көбелекше үйiрген Елеусiз, Ыстыпан көкесiнiң айтқанындай, отау тiгiп, үй болған соң «Ер туған жерiне» деп, өзiнiң Боралдайына кеп қосылған едi.

Мiне, сол Елеусiздiң жасы бұл кезде елудi өрлеп, нағыз бабына келген шағы. Алыс-жақын орыс селениесiнiң мереке, қыз ұзату, келiн түсiру тойлары онсыз өтпейдi. Ол арғы бiр жылы аталас ағасы Ақсу-Майлыкент жағында жиырма жыл болыс боп, дәуренi жүрген кезiнде баяғы ақпатша Некалайдың жарлығымен «рәбәтшiкке» (майдан шебi жұмысына) алынған осы Қаратау мен Қазығұрт елiнiң бес жүз бозым жас азаматын сонау бiр қиырда қантөгiс боп жатқан Әустрия-Герман майданына бастап барып, түп-түгел аман-сау алып қайтқан әйгiлi Жандарбек болыс емес пе едi... Иә, сол Жандарбек ұсталып кеткенде оның Тәшкентте оқудағы оттай жайнаған өнерпаз әншi баласы Құрманбегiн сол кездегi ел астанасы Қызылордада жаңа ашылған «тиатыр» дейтiн өнер тобына қосып қайтқан Елеусiз емес пе едi.

– Иә, иә, соның өзi.

– Уа, шiркiн, нағыз ер деп осыны айт!

Жиылғандар арасы осылай гуiлдеп жатқанда кеңмайсаң жазыққа айқораланып, жайғасқан қалыңның алдына шығып гармонын кере құлаштай тартып, жайғаса бергенi сол едi. Айнала иiн тiрiскен көптiң iшiнен сылаңдай шыға кеп, көл бетiнде қалқыған аққу құстай бұлаңдап, дөңгелене жөнелген шырайлы орыс қыздарын көргенде жүзi жайнап, делебесi қозбайтын жас азамат болар ма?!

Елекең он саусағы гармонь тiлi үстiнде көз iлеспес ойнақшып, өзiнiң әйгiлi «крикиявигi» мен «факстротына» басқанда әр тұстан ор қояндай ытқып шыққан орыс, қазақтың бозбала, жiгiттерi етiктерiнiң қонышын қос алақанымен шарт-шұрт шапаттай айнала жортып, иықтары бүлкiлдеп, бұрын-соңды ел көрмеген тамашаны қыздырды-ай, келiп. «Ой, бәррекелде-е-е!» десiп, тамсана гулеп, дуылдаған жұрт. Нөсерлi дауылдай құлақ тұндыра шатырлаған шапалақ.

Халықтың қалың ортасы осылай толқын атып жатқанда, сырт жақтан:

– Уа, тыңдаңыздар, жарандар! – деген хабаршының өктем даусы естiлдi. – Аз сабыр етiңдер, жолдастар! Ортамызға ауданнан басшылар келе жатыр!

Өкiмет десе, қашан да өзегiнен тұнатын қайран ел демiн iшке тартып, тым-тырыс тына қалды. Үлкен ақ үй, мекемеге келiп түскен аудан өкiлдерi аз-кем кiдiрiп жатқан сияқты. Мұндайда өзге жатса да жарғақ құлағы қияндағыны қағатын әйелдер жағының сыбыр-күбiрi жатпайды. Осы сәтте өзiнiң жоғары жақпен хабардар екенiн көрсетiп қалғысы келген мұғалiм ағай Ергөбек үйiндегi сылаң сұлу Айпарша апай бiр топ кiшкентай үрпекбас бiздердi жетектей келген менiң Қантай апам мен iргелес көршiмiз Жезтай, Тойған, Күлсiн, Нұрбике апаларға еңкейе бұрылып:

– Әй, сендер үлкен ауданды басқарып тұрған, келген дөкейлердiң кiм екенiн бiлесiңдер ме? – дедi.

– Жоқ-ә, қайдан бiлетiн ек, оны.

– Бiлмесеңдер айтайын. Ол төбесi көк тiреген ер кiсi емес, жуадай жап-жас орыс қызы.

– Ойбай-ау, не дейд, тағы да!

– Иә-иә, сенбесеңдер көресiңдер, қазiр. Оның аты-жөнi – Мәрия. Өзi Әулие-ата, Борнайдың қазақтары iшiнде өскен, қазақшаға судай қыз.

Қатындар «ойпыр-ай, ә» деп, ерiндерiн тамсана сылпылдата сыбырласып жатқанда сығылыса отырған қалың жұрт ду қол шапалақтап, орындарынан дүркiрей көтерiлдi. Қарасақ, әлгi Айпарша сұлу айтқандай, бiр топ сабаудай азаматты бастап, қасында былтырғы көктемде уәкiл боп келiп, аз күнде жарқ-жұрқ еткен ерек келбетiмен ұмытылмай есте қалған Бауыржан ағамыздың қатарында жылы жүзi жымың қағып, айналаға жалт-жұлт ете көз тастап, тұла бойы тұтастай еркектерше киiнген, басында арқалыққа тасталған толқынды қоңыр қалың шашын бастыра киген былғары қара шәпке, үстiнде дәл осындай қара былғары түжерке, аяқта жалтылдаған хром етiк, орта бойлы, дембелше, бидай өңдi, шоқ жайнаған отты көз, көрiктi-көркем бейнесi көру үшiн жаралғандай әйел заты келе жатты.

Бұрын-соңды келген уәкiлдердi көп көрген Тұрекең мына қыз басшының жөнi бөлек жолына орай оған ерекше бәйек болған жайы бар. Ол алға шығып, аса құрметтi қонақты Бауыржанмен бiрге қалың жұртқа қарама-қарсы орнатылған қызыл кiлем жабулы текше-мiнберге шақырды. Сол биiгiне көтерiле берiп, қос қолын айқастыра кеудесiне басып, иiле сәлем салғанда мына көркем перизатты көрген жұрт алақанды аямай дүрiлдете қол соқты-ай дейсiң. Кең дала тұнық ауаны жаңғырта дүрiлдете қол соққан ел құрметiне оң қолын биiк көтерiп Бауыржан алға шықты. «Уа, жолдастар, тыңдаңдар!» деген Бауыржанның жiгерлi, биiк даусы саңқ еттi. Қалың жұрт демiн iшке тартқандай тына қалды:

– Бүгiн дүние жүзi, езiлген тап, прелтариятының айбынды күнi. Бiрiншi май мерекесi. Сiздердi осы ұлы той мерекесiмен құттықтауға Жуалы ауданының атқару комитетiнiң председателi, халықтың қайраткер қызы Запорожец Мария Денисовна келдi. Туған жерi, өскен ортасы осы Борнайда, Әулие-ата мен Алматыда оқыған, комсомол мен партияда жетiлген кеңес халқының... жалынды... – деп биiк жаңғырыққан Бауыржан сөзiнiң соңын ала дүрiлдете қол соққан жұртқа қосыла қолын биiк көтере шапаттап Мәрия алға шықты. Әдемi қоңырқай даусымен таза қазақ тiлiнде:

– Қымбатты жолдастар! Туған ел Қазақстан азаматтары, менiң қымбатты аға, апаларым! Сiздердi ұлы күн бiрiншi май күнiмен... – дегенi сол едi, оның сөзiн тау үстiнде күн күркiреп, найзағай оты соққандай шатырлатып, «Бiрiншi май жасасын!», «Ұлы Сталин жолдас жасасын!» деп ұрандаған айқай басып кеттi.

Одан ары не сөз айтылып, не боп жатқанын бiр Құдай бiлсiн. Оны бiлу ой-өрiсi бозторғайдың адымындай шала-жәутiк бiздерге не қажетi болсын. Тек, кейiн ержете келе ойланып, өмiр көрген үлкендер сөзiне қарасақ Ленин көсем жария еткен социализм дәуiрi алдындағы он жылдық еркiн дамудың (НЭП) соңғы сарқынды жылы осылай өткен екен.

***

Аудан – аудан! Қаратаудың шығысы мен батысы, екi тарапқа қаратылып iргелес жатқан Жуалы – Шаян екi аудан. Өмiрiмiздiң таңында жақсы есiмiн жүректе жаттап Бауыржан сынды ағаның өрiмдей жiгiт шағында арғымақ атын суарып өскен, Жуалыда басталып одан кейiнгi барша өмiрдiң ғарышты шағын өткiзген Шаяным – менiң жүрегiмде сақталған өмiрлiк баяным.

Өмiрдiң ғарышты шағы... айтуға оңай. Сонау алыста қалған ұлы соғыстан бергi бұл күндерге дейiнгi тұтастай бiр дәуiр. Бұл аралықта қаншама қымбат жандар, әкелер мен майдангер ағалар көшi ұлы заманның асуынан бақилыққа жол тартты. Жас толқын өсiп, жетiлдi. Сол өскелең ұрпақ, замандастар қатарында аудан елiнiң азаматы боп атқа мiндiк. Атқа мiнiп жол кешкен жолаушыда олжа көп. Сол олжаның үлкенi, бұл өмiрдiң сарқылмас ғанибетi қаншама ғажайып достар тауып, керемет кемеңгер ағалармен, қазағымыздың ақыл-парасаты жарасқан гүл-көрiктi қарындас қыздарымен кездестiк. Өмiрдiң ұзақ жолында солармен қанаттас, қарайлас боп, ұмытылмас ұлы күндердi бiрге өткерген екенбiз. Солардың бiрi де бiрегейi ұзақ жылдар алыс, жақында жүрсек те «ағатайлап» хабардар боп, көзден таса етпеген ел-жұртының ерке қызы, өзiмiздiң Оразкүлiмiз (Асанғазықызы) жайлы аз сөз айтқалы отырмын.

Ежелгi бiр заманда күнгейден терiскейге асатын ұлы керуен жолының бойы, таудан есер самал желдiң саясында өсiп-өнген Шаян ауылы киелi де қастерлi ел мекенi. Айдыны алақан аясындай, тұрғыны бiр кiсiнiң баласындай ауылдың iргелi-iрi аудан елiнiң «астанасы» боп тұрғанына 80 жылдан асыпты. Содан бергi ұзын-сонар өмiрде сан-алуан қызмет жөнiмен аудан елiн басқаруға, халық мiндетiн атқаруға кiмдер келiп, кiм кетпедi дейсiң. Ер азамат басы бiрде үй, бiрде түзде. Қашаннан қалыптасқан үйреншiктi жай. Ауданға келер басшы хабары алдын алып «құс қанаты» ескен жел, сымсыз телефонмен қатесiз жетiп жатады.

Сондай бiр күн. Сонау есте қалған сексенiншi жылдардың ортасы болар. Шаянның қалың жұрты жаңа бiр жаңалық естiптi. Райкомға хатшы боп облыстан өрiмдей жас әйел заты келедi екен. Мұғалiм екен, директор екен. Алматыда «ЖенПИ»-дi үздiк бiтiрген Әулие-ата жағының қызы екен. Ауданның барша оқу-бiлiм, тәрбие, мәдениет жағын ендi осы қыз басқарады екен.

– Ой, пәлi. Сонау бiр жылғы Аманқұлов кеткелi Құдай бiздi осындай жақсы басшыға жарытпай-ақ жүр едi. Қадамы құтты болғай...

Менiң ол кез бiр тәңiрi жол берiп, ұлы Мұхтар ағамыз Әуезовтiң рухы, терең тәлiмгер Ғабит аға Мүсiрепов, Есенберлин ағалардың демеп, жебеуiмен, тарихи, көркем жанрда кiтаптарым баспадан шығып, Мәскеуден келген «жазушылық» куәлiк қолға тиiп, ұлы думанды съезге делегат болып қайтқасын газет тiзгiнiн iзбасар шәкiрттерге тапсырып, биiктеген көңiл-күйдiң желiмен тың дүниелiк «Темiрланды» қолға алған күндерiм.

Ертеңгiлiк кезiнде шәкiрт iнi Дәулетбаев Серiкжан телефон шалып: «Аға, бүгiн кеште редакцияда «Жас қанат» әдеби бiрлестiгiнде өтетiн жаңа кiтабыңыз «Қыран тауының» тұсаукесер жиынына қарындасыңыз Оразкүл келетiн болды» дедi.

– О, бәрекелде, Серiкжан, тiптен оңды бопты. Елдiң қызын әдеппен, әдемiлеп қабыл алыңдар.

Басшы қызымыздың күн-ұзағы сан қилы iсте өтетiн жұмыс уақыты шектеулi. Соған орай кездесу кешi кештетiп, шам жарығында өтетiн бопты. Күткен сәтте кездестiк, мiне. Оразкүлiмiз мұндағылар ентiгiп елбiрей күткен үлкен қонағымыз емес, осы ауылымыздың ортада өскен, күнде көрiп, қатарда жүрген бiр қызы сияқтанып, жалт-жұлт етiп, жарқырай күлiп келе жатыр. Ол келген бетте:

– Япыр-ау, ел-жұрты жазушыны жазғанынан алыста жүрiп танушы едi. Мен сiздi Алматыда деп ойласам, осында екенсiз ғой, ағатай!

– Осындамын, қарағым. Жазайын. Жазғанымды туған елге берейiн деген қаламгерге ел-жұртымен бiрге болғанға не жетсiн. Шаянымның жанға дәрi салқын-самал желi мен шаңын қимай, осында жүргенiме отыз жылдан асыпты. Ел барда, өздерiң барда әр жақсы күнiмiз бiр өмiр ғой, қарағым.

– Тiптен жақсы. Сәтi түсiп, кездестiк. Алдағы кезде Құдай қаласа, бар жағдайда бiрге боламыз, аға!

Тiлек бар жерде өмiр бар. Ойлап көрсек елiмiздiң ерек қызы Оразкүлмен сол бiр кездесу кешiнен берi аз-кемi жоқ, жылы жүздi қарындасым айтқандай, араға айлар, жылдар салып кең дүниеде шарықтап, алыс-жақында жүрсек те сәтi түскен жақсы күндерде қайта оралып, кездесiп, қара үзiп қалмаппыз.

***

Есте қалған тоқсаныншы жыл көктемi жер жүзi жасыл желек жамылып, тамылжыған сәуiрдiң iшi. Ертелеп ағылған партия делегаттары қатарында қаланың күншығыс тарабындағы әйдiк ғимарат «Фосфоршылар» сарайына келдiк. Осында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жаңа сайланған бiрiншi секретары Н.Назарбаевтың қатысуымен обкомның кезектi конференциясы өтпек. Шаяннан менi қабатына алып, бiр көлiкте келген бiрiншi хатшы Нұрымбетов Орынханның сыбырлап айтуына қарағанда, мен мына үлкен жиынның төрiнде (Президиумда) отырады екем. Басшы бекер айтпайды. Келген кеште обкомның екiншi секретары Тутеволь дейтiн (мәскеулiк орыс жiгiт) қабылдауына шақырды. Ол менi орнынан тұрып, жылышыраймен қарсы алып, денсаулық, жай-жағдайымды сұрап отырды да:

– Сiз, қымбатты Эр-еке, Президиумда, орныңыз бiрiншi секретарьға тым таяу, қол созым жерде. Ол кiсiге айтар сөзiңiз болса, жұмыс үстiнде тек қағаз, хат жүзiнде жеткiзуiңiздi сұраймыз, – дедi. Оның осы орысша ескертпесiне орысшалап:

– Не беспокойтесь, дорогой! Все будет так по предписанной человеческой этике, – деп әңгiмемiзге нүкте қойдық.

Қалың думан. Облыс басшылығы төңiрегiнде пiкiрталаспен өткен осы конференция жұмысының ортасы. Түскi үзiлiс кезi. Үлкен залда қарсы алдымнан кездескен Оразкүлiм менi тоқтатып (ол кезде обкомның насихат бөлiмiнiң басшысы): «Аға, Сiз Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында отырсыз. Биыл Ұлы Жеңiстiң 45 жылдығы. Бауыржан ағамыз жайында өз атыңыздан аға ретiнде бiр ауыз тiлек сөз жазғаныңыз жөн болар едi» деп сыбырлады.

– Япыр-ау, солай ма едi?! Биылғы жыл қатесi жоқ, Жеңiстiң мерейлi жылы екен-ау, – деп жүрегiм толқып кеттi. – Жарайды. Ойланып көрейiн, айналайын!

Қатты толғанып, орныма келiп жайғастым. Үлкен кiсi келген жоқ. Үзiлiс соңына дейiн әлi бiршама уақыт бар. Баукең жайлы, «геройлық» атағы жайлы ең соңғы «оқиға» Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романының кешiгiп, бөлек жарияланған тарауынан мәлiм: Елдiң бетке шығар «қос жұлдызды» iрi тұлғалары бастап, он екi кiсi қол қойып, Қонаевты ортаға салып, Кремльге, Брежневке жолдаған сұраныс хаты арада айлар өткенде ел танымас әлдекiм, бiр орыстың: «Отан соғысына қатысушыларды биiк наградамен марапаттау аяқталған» деген екi ауыз шолақ хатымен тынған екен.

Жағдай солай болғанда алыс аудандағы қаймана қара жаяу жазушының тiлегi кiмге шiкәрә болмақ... Жан-дүнием құлазып бiршама отырдым да «Қой, болмас, әлгi сөздi Оразкүлдiң аузына бiр құдiрет салған шығар. Е, жасаған Тәңiрiм, қолдай гөр!» деп, iштей тебiренiп, делегат дәптерiмнiң бетiне мына сөздердi жазыппын: «Қымбатты Нұрсұлтан! Мен ерте бала кезiмде Жуалыда, елдiң ардақты азаматы Бауыржан ағаның атын суарып өскен ем. Алдымызда Ұлы Жеңiс мерекесi. Өзiңе айтар жалғыз ауыз тiлегiм: Ағамызға кезiнде берiлмеген атағы ендi берiлсе, өзi кеткен ағаның әруағы риза болар едi. Ескеруiңдi сұраймын. Елдегi жазушы ағаң Е.Тұрысов».

Хатымды әзiрлеп, күтiп отырғанда Нұрсұлтан Назарбаев орнына келдi. Қолымды созып, хатымды алдына қойдым. Ол қолына алып, жiтi көз жүгiртiп, сондай бiр жылышыраймен жалт бұрылып қарады да, әлгi хатты алдындағы делегат папкесiне салып қойды. Шiркiн көңiл, iзгiлiкке жаралған адамның жан-жүрегi деген осы ғой. Бар тiлекке – тiлек қосылғандай мәртебем биiктеп, көкке көтерiлген күй кештiм.

Алдын алып айтайын: «Мен айтып ем, бола қалды» демеймiн. Бұл бiрдiң емес, мыңдардың, барша қазағымыздың тiлегi. Бәлки маған дейiн де осындай талай хаттар жазылған шығар. Тiптен, бәрiн былай қойғанда бар жайды көрiп, бiлiп отырған туған халқының көрегендi перзентi осы Нұрсұлтанның өзi ше! Алдағыны әлдеқашан ойлап, шешiлер түйiндi шешiп те қойған шығар... Әйтсе де, «Бiлтенiң басуы қоянның қасуына» тура келуi де бар емес пе? Арада санаулы күндер өткенде қазақтың қаһарман ұлына «Батыр» атағы берiлiп, ел-жұртының төбесiн көкке жеткiздi.

***

Бiр Тәңiрi жолын ашып қазақтың бiр ұлындай ержеткен қасиеттi Түлкiбасының жерiнде өскен туған елiнiң бiр азаматы Сергей Александрович Терещенко өткен ғасыр тоғысында бiраз жыл облысымызды басқарды. Туған жер – өскен өлкесiнiң нан-тұзына адал азамат өткендегi ел тарихы мен әдебиет, мәдениетiмiзге ықылас көрсетiп, жыл аралатпай осындағы қаламгер ағайындарды алдына шақырып, жылышырайлы әңгiме қозғап отыратын едi.

Сондай бiр жайлы кездесу соңында, жиылғандар тарай бастағанда ол ишаратпен қала тұруымды сұранды. Арнайы қолтаңба жазып, ала келген «Түнгi ән» атты романымның орыс тiлiнде басылған бiр данасын басшының алдына қойдым. Сыйлағанды кiм шеккi көрсiн. Ол нарттай толық жүзi от шалғандай нұрлана түсiп, қазақшалап:

– Халiңiз калай, Эр-еке. Денсаулык жаксы ма? – дедi.

– О, Сергейжан. Жақсы болғасын ғой, осылай жүрiп жатқаным.

– Ал, ауданыңыз калай?

– Ауданымыз, өзiң бiлесiң Сергейжан, шаруашылығы өрлеп тұр. Мал басы миллионға жақындап қалды. Тек биылдың өзiнде қойдың саны... дей бергенiмде, ол менi сұқ саусағын көтерiп, ишаратпен тоқтатты.

– Мал байлық емес, Эр-еке. «Бай – бiр жұттық» деген емес пе едi бұрынғы аталар. Сондықтан Алғабас экономика жағынан республикада ең артта қалған тiзiмiнiң басында тұр. Бұл аудандар алдағы кезде таратылып, көршi аудандарға қосылады, қараңыз, – деп алдындағы қара папкеден алып тiзiмдi алдыма қойды. – Жағдай солай, Эр-еке...

Мына хал менiң ойымды онға бөлiп, сүттей көңiлiмдi астан-кестен еттi. Көз алдыма сонау алпысыншы жылдар, қу түлкiнiң құйрығындай құбылған Хрущевтiң тұсында өткен қиямет күндер оралды. Туып-өскен бiр тұтас аудан жұртымыз төрт тарапқа бөлiнiп, ай-күннiң аманында «ақтабан шұбырындыға» түскен азабы қалың күндерi естен шығар ма?! Менiң томсырай тұнып қалған халiмдi бiлiп отырған Сергей мол тұлғасымен қозғалып, бiр көтерiлiп алды да:

– Айтыңызшы, Эр-еке, сiз газеттерде тарихын жазып жүрген Байдибек кiм өзi?

– О, Сергей, өткен тарихымызға зер салғаныңа рахмет. Бәйдiбек – өткен бiр заманда ел бастаған, қол бастаған барша қазақ елiнiң атасы. «Қазақтың бiр баласымын» деп жүрген сенiң де атаң емес пе?

Ол мына сөзге риза болғандай қызара «жақсы, жақсы» деп биiктеңкiрей түсiп:

– Ал, Қонаев қайдан шыққан?

– Қонаев та сол ұлы бабамыздың ұрпағы.

– Мәселе былай, Эр-еке. Сiз Байдибектi биiкке көтерiңiз. Ол өзiнiң рухымен сiздердi көтередi.

Қалада үлкен басшының алдында өткен осы әңгiмеден сөз жүзiнде емес, iс жүзiнде шешiлетiн тауқыметi қалың бiр жүктi арқаға алған жағдайда екiұдай әре-тәре күйде оралдым.

Бәйдiбектi көтеру керек!.. Қалайша? Оның жол-жобасын iштей сезiнемiн. Жеке-дара алып кететiн жеңiл-желпi iс емес. Аудан басында беделi биiк екi бiрдей басшы отыр. Екеуi де бұл жаққа жолдамамен жоғарыдан келген. Аудан тарай қалғанда қайда барса да алдында қызметi дайын. Мына тосын жайға қалай қарайды. Кеңесiп көрейiн деп алдымен бiрiншi басшы, райкомда бiрiншi хатшы сабырлы-сабаз Нұрымбетов Орынханға бардым.

– Бiлемiн, түсiнемiн, аға. Жоғары жақта електен өтiп, нүктесi қойылған, өнбейтiн iске араласып, несiне әуре боласыз, –деп, қысқа қайырды Орекең. «Қарманған қарап қалмас» деп дана қазақ бекер айтпаған шығар. Жарты жолда қалмайын деп ендi үлкен үйдiң екiншi қанатындағы ел iшiмен етене Оразкүлiме келдiм. Оразкүлдiң ол кез ауданның бiр ұстыны исполкомды басқарып тұрған кезi. Қайда жүрсе өзi де, сөзi де өтiмдi халықтың қайраткер қызы – қарындасым не айтар екен:

– О, аға, жақсы кездестiк. Сiз Терещенкода болған екенсiз. Сiзге айтқанын Сергей маған да айтты. Ендi қол қусырып қарап отыруға болмайды. Бiрiншi кезекте әрекеттi қор құрудан бастау керек. Қорсыз, күш-қуатсыз, ешнәрсе шешiлмейдi.

– Қор... япыр-ай, ол дегенiңiз не? Қазақ қор деп бозасы мен қымызының ашытқысын айтушы едi... – аңтарыла қараған менi айтпай түсiнген Оразкүл:

– Аға, ол – қауымдастық, бiрлестiк. Ортаға, есепшотқа ел боп бiрлесiп қаржы құю. Сол арқылы бабамыздың тарихы мен мазар ғимаратын жаңартып, жасақтауды қолға алу. Сiз ұлы бабамыз бен заманын келiстiре жазуды қолға алыңыз. Ел таныссын. Ұрпақтары иелiк етсiн. Құдайға шүкiр, елмiз ғой, басталған iс жолда қалмайды.

Мұндай iзгiлiк дегенде құлшынып, оттай жайнап кететiн Оразкүлiм өмiрбаяны сан ғасырлар қатпарында қалған ұлы атаның жайы сөз болғанда бел буып, бiлек сыбанып алған жайы бар.

– Айналайын-ай, бар қазақтың әр қызы сендей болар ма, едi – деймiн iшiмнен. Сенi атаңның әруағы жебеп, қолдайды. Көрер жақсылығың алдыңда. Өзiңе өмiр берсiн, тәңiрiм, – деймiн iшкi дүнием егiлiп.

Осылай, өткен бiр замандардан келер ұрпақтарға аманатқа қалған ұлы бабалар мен әулие аналардың мұрасына iздеу салып, жаңа дүние жарығына шығаруды ел болып бастап, Елбасымыз қолдап атқарған iзгiлiктi iстер игiлiкке ұласты. Тәуелсiздiктiң өркендi жылдарында Бәйдiбек және оның заманының баянды тарихы алты дүркiн жарыққа шықты. Ел, қоғам, ұрпақтар ұйымшылдығымен аз жылда ежелгi мазар – кесенелер заманауи сәулет өнерi үлгiсiнде қайта жасақталып, Шымкент пен Таразда аса сәулеттi ескерткiштерi орнатылды. Киелi мекен Бейдiбек ата ауылы арқылы ел игiлiгiне әулиелi Әулие-атаға асатын «Қаратаудың қасқа жолы» салынды. Ұлы Бәйдiбек есiмi берiлген аудан елi 70-80 жылдық өткен жолын салтанатпен тойлады.

Қай заман, қай кезеңде де ел келешегi мен азаттықтың арманды жолында жанпида өмiр кешкен ер-азамат ұлы тұлғалар қатарында көрiктi көркем бейнесiмен мәңгi-бақи ел жадында қалған халықтың қайраткер қыздарының өшпес тұлғасы шыңдағы шынардай биiктен көрiнедi. Қазақтың эпостық дастан-жырларында қаһармандар қатарында бейнеленген керемет кейiпкерлердi былай қойғанда, елдiк дербестiгi жоңғар басқыншылары мен Ресей отаршылдары арасында талас-таразысына түскен қилы кезеңде ержүрек қолбасшы Әбiлқайырхан ордасының көреген кеңесшiсi боп, хан қазасынан кейiн ұзақ жылдар елдiң бiртұтас бiрлiгi жолында Ресей патшайымымен тең дәрежелi қарым-қатынас орнатқан Бәтимадай (Бопай ханым) аяулы, асыл жандар өткенiн, Кенесары жорығының тұсында Сайман атты ержүрек қарындасы болғанын, тұлпар мiнiп, ту ұстап, қалың қолды басқарып, қан майданда жүргенiн, сол сипатты қаншама ғажап тұлғалар саясаттың сиясымен жазылған жасанды тарихымыздың тасасында қалғанын жаңа заман жарығына жаңадан келген кейiнгi жас ұрпағымыз қайдан бiлсiн?!

Ендi, мiне, сол бiр күндер аспандағы армандай болған iсiмiз, тәуелсiздiк дәуiрдiң шапағатымен қолға қонып, ұлы баба, әулие аналардың рухы көкке көтерiлдi. Қасиеттi Қаратау баурайында қаншама замандар көш-керуенiн тартып, өркендi өмiр кешкен ата-баба ұрпақтары жаңа дүниенiң ұлы көшiн бастаған халқының ұлы азаматы Нұрсұлтанмен бiрге алдағы жарқын келешегiне бет түзегенiн көрiп, шексiз қуанамыз.

Табиғат берген, Тәңiрi сыйлаған ұлы дала, биiк тауларымыздың саясында жаңа дәуiр, жаңа заманды өз қолдарымен орнатып, өсiп-өнер жаңа ұрпақта арман не?!

Еркiнбек ТҰРЫСОВ, жазушы, Қазақстанға еңбек сiңiрген қайраткер, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.