ҚАЗТЕСТ - қазақ тілін меңгерудің тиімді жүйесі

ҚАЗТЕСТ - қазақ тілін меңгерудің тиімді жүйесі

«Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру" жөніндегі үкіметтік комиссияның кезекті отырысында 2017 жылға арналған «Қазтест» жүйесін дамытып, жетілдіру мәселесі тапсырылған болатын.

Исатай ауданының мемлекеттік қызметшілеріне алдағы уақытта түрлі сала мамандарына қазақ тілін деңгейлеп оқыту, тілдің қолдану аясын дамытуды іске асыру жұмыстары жоспарланып отыр. Яғни «Қазтест» жүйесін дамыту арқылы мемлекеттік тілді қажетті көлемде меңгеру көзделген. Осыған орай ауданда облыс әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы мамандарының қатысуымен жергілікті жерлерде оның маңыздылығын түсіндіру мақсатында "Қазтест - қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі" тақырыбында семинар болып өтті. Аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілеріге арнайы ұйымдастырылған бір күндік семинарда аталмыш орталықтың бөлім меңгерушісі Л.С.Есеналиева, әдіскер Б.М.Кабирова қатысушыларға «Қазтест» жүйесінің мазмұндық құрылымы туралы кең көлемде түсінік беріп, қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге оқыту мен қолданылу аясын кеңейту бағытында дәріс жүргізді.

Біріншіден, Қазтест - бұл Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Соның ішінде «Қазтест» деген ұғым мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Алғашқы кезде «Қазтест» бойынша байқау сынақтарынан білім саласының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлық оқытушылық құрамы, магистрант пен докторанттар өткізілсе, соңғы жылдары тестілеуге қатысушылардың басым бөлігі мемлекеттік қызметшілер екен. Тестілеудің өту деңгейлерін түсіндірген мамандар Тыңдалым, Жазылым, Лексика-грамматикалық бөліктер бойынша тапсырмалар беріп, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырады. Талқылау, сұрақ-жауап түрінде өткен семинарда белсенділік танытқан ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары «Қазтест» туралы толық мәлімет алды. Төрт деңгейден тұратын жүйенің В1 және В2 оқулық басылымдары 2017 жылға жоспарға еніп, сол деңгейлер бойынша тестілеу өткізу іске асатын болады деп қорытындылаған дәріскерлер семинарға қатысушыларға орталықтың сертификатын табыс етті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолданысқа енгізген бұл типтік бағдарлама жылдан-жылға жетілдіріп, мемлекеттік тілді меңгерушілер қатары артатын болады.