Тәуелсіздігіміздің басты нышаны - мемлекеттік тіл

Тәуелсіздігіміздің басты нышаны - мемлекеттік тіл

Ұлы қазақ даласында азаттықтың туы желбіреп, тәуелсіздіктің таңы атқанына 25 жыл толып отыр. Осынау сындарлы жылдар ішінде қазақ елі алып белестерге қол жеткізді. Ғасырлар қойнауынан тағылым алып, ұлылықты ұлағат тұтқан ата-бабаларымыз тамыры тереңде жатқан дәстүрлеріміз бен дінімізді, тілімізді жаңғыртты. «Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі» деген Елбасы қандастарымызды ата-бабаларымыздың жолымен жүріп, жүрегінде патриоттық сезім ұялатып, болашаққа нық сеніммен қадам басуға шақырды. Бүгінде дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған ана тіліміз тәуелсіздіктің басты нышанына айналды.

Әрине, тіршілікте бар нәрсе тозады, өмірден кетеді, көзден ғайып болады. Тек ұрпақпен бірге жасап, өсіп-өніп, түрленіп, түлеп, жаңарып отыратын бір құдіретті күш қана мәңгілікке жасайды. Ол құдіретті күш - әр халықтың мақтанышына айналған ана тілі. Көзінің қарашығындай сақтаған әр халықтың тілі оның салт - дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін, тарихи мол мұрасын ұрпақтан -ұрпаққа жеткізіп келеді.

Қазіргі таңда тәуелсіз елімізде 130 - дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Еліміздегі татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту жолында «Көп ұлттылық пен көп тілділік еліміздің басты артықшылығы болып табылады» деп, ана тілімізге жанашырлықпен ой тастаған Елбасының осынау зерделі сөздерін оқығанда, тіл туралы толғанасың.

Қазақтың біртуар азаматы М. Жұмабаев : «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс - тіршілігі мен мінезі айқын көрініп тұрады», - деп айтқанындай, 20 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы көп ұлтты Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сол күйінде сақтап, әрі қарай дамытып, жетілдіруіне өзіндік үлес қосып келеді. Демек, тәуелсіздігімізді айғақтайтын мемлекеттік тіліміз бір халықтың, қазақтың ғана емес, Қазақстанда тұратын ұлттардың ортақ мемлекеттік тілі болып табылады. Осындай ұлттың жанын ұғынып, жүрегіне терең бойлаған қасиетті тіліміз туралы қазақтың сайын даласында жырламаған, толғамаған асылдарымыз бен зиялыларымыз жоқтың қасы десек те болады.

Егемендік алғаннан бері елімізде тіл тазалығына ерекше көңіл бөлініп, ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында жасалған ауқымды іс - шаралар жалғасын тауып келеді.

Қазіргі таңда Атырау өңірінің өзінде өзге ұлт өкілдерінің арасында да ана тілімізге деген құрмет артып, мемлекеттік тілді дамыту кеңінен жолға қойылған.

Қазақ даласында мемлекеттік тілге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарау, оның өміршеңдік қасиетке ие болуына билік тарапынан қамқорлық жасау мәселесі тұрақты арнаға бағытталды. Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: “Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері,” – деп, ана тілінің құдіретін тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын. Сондықтан қоғамдық-әлеуметтік ортада, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, қоғамның түрлі салаларында мемлекеттік тілдің өркен жайып дамуына ықпал ететін басты қадамдар мен тың шешімдер жасалуда.

Атырау өңірінде тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген маңызды жұмыстар оң шешімін тауып келеді. Барлық мемлекеттік органдарда ресми құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге үлкен мән берілуде. Сонымен қатар ірі компанияларда, жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындарында мемлекеттік тіл сабақтары кеңінен қолданысқа еніп, тіліміздің дамуына зор ықпалын тигізіп отыр. Өз тілімізді өгейсітпей, өзге тілді дәреже көрмей, ең бірінші ана тіліміздің абыройын ойлауымыз қажет.

Бүгінде Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар мемлекеттік тілді оқытуға ерекше назар аударып келеді және тілдік білім-білік дағдысын арттыруда жүйелі түрде жұмыс бағыттарын жүргізіп келеді.

Қоғам талабы мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру жүйесін одан әрі дамытуды, оқытудың заманауи бағдарламаларын, әдістемелерін және технологияларын әзірлеу мен ендіруді көздейді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі оқытудың заманауи технологияларын қолдана отырып жетілдіріледі, өйткені жақсы мемлекеттік қызметшілер ғана мемлекеттік басқарудың аса күрделі міндеттерін біліктілікпен шешуге қабілетті болады.

Осы орайда орталық өңірімізде орналасқан құзырлы мекемелермен тығыз байланыстар орнатып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде жоспарлы түрде қызмет атқарады. Тілдік курстар мен арнайы семинарларын жүргізіп,мәжілістер мен түрлі басқосуларда қазақ тіліне басымдық береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі мен одан әрі дамытуы үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған, оларға «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу және оның стандарттары» тақырыбындағы арнайы көшпелі семинарлар, «Іскерлік қарым-қатынас», «Сөйлеу мәдениеті», «Шешендік өнер» т.б. тақырыбындағы курстар және орталықтың қызметкерлері оқыту үрдісінде пайдалануға оқу-әдістемелік құралдармен көмек көрсетіп, аудандарда көрмелер ұйымдастырады.

Курс барысында өтетін ашық сабақтар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, кездесу кештер, түрлі бағыттағы іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің тілге деген қызығушылығын арттырып, ерекше ден қоюына ықпал етеді.

Елбасының бекіткен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және «Үштұғырлы тіл» саясатын іске асыру мақсатында орталық өңірімізде орналасқан құзырлы мекемелермен тығыз байланыстар орнатып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде жоспарлы түрде қызмет атқарып келеді.

Бүгінде мемлекеттік қызметтегі қызметшілердің тілді меңгеру дәрежесін анықтауға бағытталған ҚАЗТЕСТ жүйесінің алатын орны да ерекше. Мемлекеттік тілге ден қойған Қазақстан азаматтары үшін де, шетел азаматтары үшін де қазақ тілін тереңінен меңгеруде ҚАЗТЕСТ жүйесінің маңыздылығы зор. Ол «Қазақстан Республикасында қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесінің тұжырымдамасына» сәйкес Қазақстандағы азаматтардың ұлтына, қызметіне қарамай, қазақ тілін білуін халықаралық стандартты тестілер негізінде бағалауға арналып құрылған. Сондықтан орталық тек қана мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, сонымен қатар басқа да қызмет саласында ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген қызметкерлерге арнап, ҚАЗТЕСТ жүйесін Қазақстанның азаматтарының келешекте толық меңгеруі қажет деген ұстаныммен іс-шаралар жоспарын жасақтап, жұмыс бағыттарын жүргізіп келеді.

Өңірлік орталық облысымыздағы құзырлы мекемелер, атап айтсақ, Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Қорғаныс департаменті, Әділет департаменті және т.б. республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің қызметкерлеріне, студенттер мен жеке тұлғалар үшін де ҚАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша толық ақпарат көзін таратып, электронды түрде байқау сынақ тестілерін жүргізіп, қажетті оқулықтармен қамтамасыз етіп келеді.
Сондай-ақ БАҚ-пен тығыз байланыста қызмет атқарып отырған орталық «Изучай казахский с «Прикаспийкой» акциясының аясында «Прикаспийская коммуна» газетінің тұрақты оқырмандарына, яғни өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі курстарын ұйымдастырып отырады.

Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге оқытудағы өзекті мәселелердің бірі – кәсіби тілдік құзіреттілікті қалыптастыру. Құзыреттілік мемлекеттік қызметшінің ақпаратты мол игергендігін ғана емес, нақты құбылыстарды танып білу мен түсіндіру, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеру, атқарып жатқан салалары бойынша өзінің кәсіби білім алуға дайындығын бағалау, өмір салтын таңдау тәрізді өмірлік мәні бар мәселелерді шешудегі біліктілігін алғы орынға қояды.

Тілдік құзыреттілік – қажетті тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеруді қамтиды. Сондықтан курс барысында мемлекеттік қызметшілердің эссе жазу, сонымен қатар қызмет бабында кездесетін іс қағаздарымен жұмыс жасау құзыреттіліктерін игеру үшін ауызша, жазбаша түрде өзіндік пайымдауларын жеткізе білу қабілеттерін арттыру жолдары қарастырылады. Осыған байланысты тілдік құзыреттілігін дамыту мақсатында дәстүрлі және инновациялық технологияларды қолдану, соның ішінде сыни ойлау, кейс технологиялары бүгінгі күнде тыңдаушылардың қабілетін дамытуда және оқытушыларға көмек ретінде ең танымал технологиялардың бірі екендігі болғандықтан, орталықтың оқытушылары оқытудың озық технологияларын өз дәрістерінде үнемі пайдаланып отырады. Жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады. Тілді компьютер арқылы оқыту, аудио-бейне материалдар, рөлдік ойындар мен іскерлік ойындар, топтық, жұптық жұмыстар арқылы оқыту әдіс-тәсілдері – бүгінгі күннің талабы. Жаңа әдістерді мемлекеттік тілді меңгеруде тиімді қолдану оқытушының жұмысын нәтижелі, ересек адамның тілді үйрену әрекетін мәнді, қызықты, пайдалы етері сөзсіз және бұл әдістер жаңашылдыққа, шығармашылыққа оң көзқараспен қарайтын инновациялық үлгідегі тұлғаның қалыптасуына айрықша ықпал етеді.

Келешекте мемлекеттік тіліміздің көркейіп, кең етек жаюы үшін және мәртебесі мен мерейін арттыру барысында жүргізілген іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметтен басқа да салада қызмет атқарып жүрген қызметкерлер үшін де өз септігін тигізіп, жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді. Міне, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, қолданыс аясын кеңейтуде тыңғылықты түрде жұмыс атқару басты назарда болмақ.