Чеховтың реніші «чепуха»

Чеховтың реніші «чепуха»

  Баз-базында орыстарды оқитынымыз бар. Әсіресе, классикалық әдебиетін. Біраз кітаптарды университетте Пашкова апайымыздың «зорлығымен» парақтадық. Біразын есіміз кірген соң өз еркімізбен.

Анада аяқ астынан аңсарым ауып А. Чеховтың екі томдығын ақтарғаным. Содан әлденені сезгендей «Альбион қызы» атты әңгімесі көзіме түскені. Баяғыда балалықпен байқамаппыз, астарында атан түйе қайысардай ой жатқан оңды дүние екен.

Бір қарағанда түкке тұрғысыз көрінетін тұрмыстық оқиғаларды тұздықтатып оқырман олжасына айналдыра білетін Антон Павловичтің аталмыш шығармасындағы Грябов дейтін кейіпкер алыстағы Англиядан келіп балаларына ағылшынша үйретіп жатқан жалдамалы мұғалім әйелді жатып кеп жамандайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау:

«-Да черт с ней! Все одно, ни бельмеса по русски смыслит. Ты ее хотел хвали, хот брани-ей все равно!

... Удивляюсь, брат, я немало! Живет дурица в Россий десять лет, и хоть бы одно слово по-русский!.. Наш какой-нибудь аристократишка поедет к ним и живо по-ихнему брехать изучится, а они... черт их знает!»

Әне мәселе қайда жатыр?..

Балаларын оқытып жатқан ағылшын ледиін орыс барині осылай балағаттайды. Он жыл Ресейде тұрсаң да, біздің тілімізді білмейсің деп аспан айналып жерге түскендей аһ ұрады.

... Ал, біздегі орыс ағайындардың ата-бабалары Қазақстанға қоныс аударғалы қай заман?!.

Бірақ...

Мемлекеттік тіліңізді менсінбейді. Еліңіздің киесін елемейді. Ұлттық дәстүрімізді ұлықтамайды. Тіпті, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта күніне бір сөзден үйренгенде, қазақпен қалжыңдасуға жарап қалмас па еді.

... Хоть бы одно слово по казахский!.

Олар үшін қазақтың тілі әзірге «жұмылған ауыздың ішінде» тұр...

Так что, Чеховтың реніші біздікімен салыстырғанда чепуха!!!

Қазақтың наласын қайтеміз?!