ОРЫС ТІЛІ ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕ ІЛЕСУІМІЗГЕ БӨГЕТ БОЛЫП ЖАТЫР

ОРЫС ТІЛІ ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕ ІЛЕСУІМІЗГЕ БӨГЕТ БОЛЫП ЖАТЫР

Орыс тілі тәуелсіздіктен бұрын қазақ елі үшін дүние тілі, ғылым тілі, мәдениет тілі, ұлтаралық қатынас тілі, ұйытқылық тіл, өктемдіктің тілі болатын. Қазір заман өзгерді. Тәуелсіздік алған қазақ елі өз тілімен әлемге үңіле бастады. Орыс тілі бүгін қазақ қоғамы үшін тек көршіні сыйлаудың белгісі ғана болып отырғаны белгілі.

Бүгінгі таңда, орыс тілі қазақ елінің ғылым-техника жақтан алға басуына, жастарымыздың жаңа көзқарастармен қаруланып, дүниежүзілік ғылым-техниканың алдыңғы көшіне ілесуіне бөгет болуда.

Қазіргі әлем тілі - ағылшын тілі. Әлемдегі информацияның 70%-ы ағылшын тілінде таралады. Қытай елінде тұратын компьютердің жілігін шағып, майын ішкен, ағылшын тілін жеттік білетін, қытай тілін өз ана тіліндей меңгерген, жеке мектеп ашып ұлтымыздың ұрпақтарын ғылым-білімге тәрбиелеп жүрген ұлтжанды бауырымыз Ықлас Оразбайұлы «Үрімжінің көркем жігіттері» атты мақаласында белгілі бір серіктіктің тор бетіне қуат қосу үшін қажетті информацияны жер шарындағы жаңа дүниені күнбе-күн аударып отырады деген қытай тілінде таба алмай, тек ағылшын тілінде тапқанын, «Ағылшын тілін білмесең, адымың ашылмайды» деген сөздің шындығына мойынсал болғандығын айтыпты. Қытай жоғары оқу орнында жұмыс жасайтын химия ғылымының докторы Күндәулет Әлімәжіұлы бір әңгімесінде "ішкі қытайда докторлық жұмыспен жүргенде байқағаным қазіргі қытай ғалымдары орыс ғылымын, орыс тілін менсінбейді екен" деп еді. Шын мәнінде ізденіп жүрген жандарға ағылшын тілінің орыс тілімен, қытай тілімен салыстрғанда әлемнің, өркениеттің, ғылымның тілі екенін айту басы артық шаруа.

Қазақ елі ағылшын тілін үйренудің маңыздылығын қанша дәріптегенмен, әдіс-шаралар атқарғанмен әлі де ағылшын тілін қажетті деңгейде жалпыластыра алмады.

Орыс тілінің бүгінгі қазақ қоғамында тілдік ортасы бар. Балаларымыз кішкентай кезден ойнап жүріп орысша үйреніп алады. Орыс тілі - қазақ тілімен салыстырғанда қазірде ғылымнң тілі. Орыс тілін игерген бала ағылшын тілін игермесе де қажетті білімді, информацияны интернет әлемінен таба алады, мәлім деңгейде өз қажетін жақсы қанағаттандырады. Қазақстанның ел ішіндегі бүгінгі қазақ тілді жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан студенттердің ғылыми зерттеудің негізгі арнасына жол салатын диплом жұмыстарын жазу барысында негізінен орыс тілді дерек көздерінен көп пайдаланатыны белгілі. Ағылшын дерек көздерінен пайдалатындар өте аз, тіпті кейбір докторлық дессертациямыздың орыс тіліндегі мақалалардың көшірмесі болып жататын күлкілі жағдай. Біздің жоғары оқу орындағы студеніттеріміз ағылшын тілін үйреніп бас ауыртпай-ақ, өздерінің қажетін орыс тілімен шешіп тоқмейілсіп жан қинамай тірлік жасайды. Бұл үрдіс қазақ ғылым әлемін, қазақ мәдениетін, әлем өркениетінің алдыңғы легіне шығаруға тосқауыл болады. Қазақтың рухани санасын орыс қорасына қамап қояды. Бүгінгі күні орыс тілі қазақ қоғамын алатайдай бүлдіретін факторға айналдырып бара жатыр. Олжас Сүлейменов Қазақстанға толық қанды тәуелсіздік қауіпті деп қорыққанымен, қазақ халқы қорықпайды. Олжастың бұл сөзі кешегі санасы орыстанған ұрпақтың жанайқайы.

"Қазақстанның болашағы қазақ тілінде, қазақ тілі қазақстандықтарды біріктіруші күш" деп Елбасымыз айтқанымен айналасында қазақ тілін білмейтін қазақтар аз емес, олардың ұрпақтары да қазақ тілін білмейді. Орысша сұраққа қазақша жауап берсең, жұмыстан қуыласың. Енді үш тұғырлы тіл идеясы сахнаға шықты. Міне бұлар бүгінгі билік іске асырып отырған әмәли тірліктер. "Үш тұғырлы тіл" идеясы орыс тілінің құрметі үшін ойлап табылған идея. Әйітпесе. Заңдық негізі, беделі бар орыс тілін бір тұғырға айналдырып, сананы алжастырмай, ағылшын тілін дамытудың жаңа шараларымен айналысса, қазақ тілі мемелекеттік тілдік орнымен дәріптелсе, орыс тілі ақырындап ығысатын еді. Бүгінгі билік өз қолдарымен болашақта жарылатын бомбыны жасауда. Бұл жағдайды 70 жыл отарлықтан соң тәуелсіздік жарияласақта, отарсыздандыру саясатын жүргізбегеніміздің айғағы деп сипаттауға болады. Орыс шовинизімі қағынып тұрған бүгінгі таңда, орыс тілін білген жас ұрпағымыз өзін әлемнің қожасындай сезінуде. Егер қазақ елінде орыс тілінің қолданылуы дәл осы деңгейден түспесе, болашақта қазақ тілі мен орыс тілінің кескілескен күресі туылады. Әлі есімде, 2012-жылы күздің бір күні Астанадан Алматыға қарай пойызбен жолға шықтым. Қарсы төсектегі жас шамасы 25-26-лардағы жас қазақ жігітпен әңгімелестім. Еуразия унверситетінің математика факультетінің магистрі екен. Қосымша баклаврға сабақ береді. Осы сөздерді қазақша әрең жеткізген ол бірден бұрынғы кеңес кезін, қазіргі Ресейді мақтай жөнелді. Сол кезде Еуразиялық экономикалық одаққа қол қою уақыты таяп қалған, экономикалық одақ туралы алуан түрлі көзқарастар қоғамда талқыланып жатқан. Мен сынап көрейін деп бұл жігітке "Қазақстан Ресейге қайта қосылса бола ма?" дедім. Әлгі жігіт: "Болады, қосылу керек" деді. Осы кезде үстіңгі төсекте жатқан 40 жас шамасындағы әйел жас шала қазаққа дүрсе қоя берді. Бір-біріне майдан ашқан екеуін жабылып әрең ажыратып, қойдырдық. Міне бұл сақтанбасақ болашақта болатын қақтығыстың шағын көрінісі. Болашақтағы Ермек Тайшыбековтерді жетістіріп жатқандығымыздың белгісі (Ермек Тайшыбеков Қазақстан Ресейге қосылу керек деп әлеуметтік желіде ашық үндеу тастағандығы үшін 4 жыл бас бостандығынан айрылып, қазір қамауда отырған адам). Осындай жағдайды болғызбау үшін бүгінгі қазақ жастары орыс тілінен саналы түрде бас тартуы керек. Тек қазақтардың осы кезде орыс тілінен саналы түрде бас тартуы арқылы ғана болашақта болатын ұлтаралық қақтығыстан айналып өтуге болады.

Орыс тілінен бас тартуда биліктің пәрменін, бастамасын, қатысты заңды өзгертуді тосудың қажеті жоқ. Билік пен заңның орыс тіліне тың мінез көрсетуі дәл қазір қазақ елін саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Тек жастар, ұлтшылдар, әрбір жеке тұлға идеяны азат етіп, азаматтық жауапкершілікпен, өз еркімен, өзінің жеке ісі тұрғысынан орыс тілінен саналықпен бас тартуы керек. Бүгінгі биліктің орысшылдығының артынан салпақтау болашақта қазақ елін от пен судай отаспайтын қайшылыққа бастау екенін түсіну керек.


Abai.kz