Түсініксіз тіл кімге керек?

Түсініксіз тіл кімге керек?

​Қытай радиосының қазақ редакциясында қызмет істейтін әріптесім келді Астанаға. Сырт көз – сыншы. Көбіміз күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп әсте байқай бермейтін, көңілге кірбің түсіретін «әттеген-айды» Астанаға келімді-кетімді қонақтар айтуы әбден мүмкін. Сол әріптесіміз айтады:

– Мен қай елге келдім өзі?

– Қазақстанға келдің.

– Қазақстанға келгенімді сезініп тұрған жоқпын ғой.

– Неге?

– Қазақша жарнамалар жаңылтпаш сияқты бірдеңе… Сырт жерде жүрген біздер Қазақстанға келгенде жан-жағымызға жалтақтап, өз тіліміздегі жазу-таңбаларды іздейтініміз бар…

Әріптесімнің меңзеп тұрғаны мемлекеттік тіл болып шықты. Ой­ла­нып қалдым. Алыс-жақыннан ағыл­ған, жаңа Астананы көруге асыққан туристердің елордаға қадам басқан сәттен бастап қай елге келгені «атойлап», тілмашсыз-ақ түсінікті болып тұруы керек-ау шынында. Келімді-кетімді қонақтар Қазақстанға, Аста­наға табан тірегенін алғашқы секундтардан бастап сезінуі тиіс қой. Қытайға барсаңыз, жан-жағыңыз­дағы жарнамалардың бәрі қытай­ша. Түсінбесең де қытай тілінде екенін іштей түйсінесің. Жүздеген телерадиоарналар қытайша «сайрап» тұр. Жан-жағыңдағы адамдардың өзара тіл қатысуы – қытайша. Бір сөзбен айтқанда, Қытай елінде жүргеніңді айқын ұғасың.

Осыдан он екі жылдай бұрын Украинаға барған едік. Сол кездің өзінде бұл мемлекетте бәрі өз тілінде болатын. Балтық жағалауы елдерінде де солай.

Ал, Қазақстанда ше? Биыл Астана­да ЭКСПО көрмесі өтеді. Шет елдерден миллиондаған қонақтар келеді деген үміт бар. Келсін. Қонақ­жай қазақпыз, құшақ жая қарсы аламыз, әрине. Олардың сәулетті де дәулетті Астананы тамсана тамашалайтыны анық. Бірақ, қытайлық әріптесіміз әңгіме өзегі еткен мәселені сол миллиондаған туристердің бірі болмаса бірі қозғамасына кім кепіл?! Бір ғана мысал. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің оқу корпустарынан онша қашық емес, Пушкин мен Кенесары көшелерінің қиылысында биік­тігі мен ені әжептеуір, алыстан көзге түсетін имидж тұғыр тұрған еді. Ондағы жазу мен кескін мынадай болды: «Я, жүректің суреті, Астану». «Я люблю Астану» дегені ғой. Дизайны мен көрінісі керемет. Тал­ғамға сай. Дау жоқ. Бірақ, осыны қазақ тілінде келтіруге болмай ма? Өз қателіктерін түсінді ме екен, әлгі тұғыр алынып тасталыпты осы жақында. Облыс орталықтарынан да осындай «жұмысты» табуға болады. Бәрі орысша немесе ағылшын тілінде. Қазақ тілінде дайындалға­нын кездестірмедік.

Бұл Қазақстан көлемінде жұ­мыс жүргізіп отырған жарнама агент­тігінің тірлігі болса керек. Болсын. Қарсылық жоқ. Бірақ, осыны мемлекеттік тілде дайындаса болмай ма? Оған кім кедергі? Әлде бұл мемлекеттік тілді менсінбеу ме? Со­лай демеске лаж жоқ.

ЭКСПО көрмесі кезінде қонақ­тар Аста­намен шектелмей, олардың ту­ристік сапарлары Павлодар, Ақмола, Қарағанды және басқа облыстарда жалғасады деген жоспар бар. Сол уақытта «Я люблю Павлодар», «Я люблю Кокчетав» дегендей кескін-тұғырлар қарсы алдынан шықса қалай болады? Олар өздерін қазақ елінде емес, басқа елде жүргендей сезінеді емес пе? Осыны неге ойламаймыз.

Жарнама жасаушылардың тап­пай­­тыны жоқ. Күні кеше бүкіл әлеу­меттік желіні шулатқан, үлкен сау­да орталығын армансыз аралаған «жартылай жалаңаш жарнама жасаушылар» жұрттың жағасын ұстатты. Осы бейәдеп көрініс үшін қасындағы немерелері мен өткен-кеткен адамдардан қысылып-қымтырылған ақ жаулықты аналар мен асқар тау әкелеріміз төмен қарап, бетін басты. Ал, жастар жағы «жартылай жала­ңаш жарнама жаңалыққа» жапа-тармағай тесіле, сүзіле қарады…

Мәңгілік Ел болуға ұмтылған қазақ еліне тән емес қой мұндай келеңсіз көрініс? Бұл – елдігімізге сын. Еліктегеннің жөні осы екен деп еліре бергеніміз болмас. Өзімізге де, сырттан келген қонақтарға да өзіндік болмыс-бітімі мен ерекшелігі, асқақ мұраты бар Қазақ елі екеніміз айқын байқалып тұруы тиіс емес пе? Қалай ойлайсыз, оқырман.