Реанимацияны "Жан сақтау бөлімі" деген дұрыс па?

Реанимацияны

​Кәсіптік қызметіміз термин саласының практикалық қырымен тығыз байланысты болса да, бұрын-соңды бұл тақырыпқа арнайы көңіл бөліп, қалам тарта қойған жоқ едік. Бірақ жақында ғана өзіміз қатысушысы болған бір әңгіме осыған дейін көңілімізді толғандырып келген ойларымызды ортаға салып, өздеріңізбен бөлісуге түрткі болды. Сонымен...

Былтыр бір жылдан бері ма­за­­лап келген сырқатымызды ем­детсек деген ниетпен Алматы­ның іргелі бір ауруханасынан орын алдық. Қасымда жатқан палаталас жанның бірі жасы жиырма бестен енді ғана асқан жігіт бір күні теледидардан денсаулық сақтау саласына қатысты хабарды көріп отырып, маған мынадай сұрақ қойды.

– Айтыңызшы, осы «реанимацияны» неге қазақша «жан сақ­тау бөлімі» дейміз. Жанды беретін де, алатын да, сақтап қала­тын да бір Алла тағала емес пе? Жур­на­листер осыны ойланбай ма екен?

Егер дін тұрғысынан келетін болсақ, жігіттің айтып отыр­ғаны да жөн. Жөн дей­міз-ау, ба­сымызға іс түсіп, жанымыз қи­налған сәттерде ең алдымен тіл­ге тиек етіп, сиынып, медет тілейтін бірден-бір құдірет Алла тағала екеніне ешкім дау ай­та қоймас. Оның үстіне адам құ­дай емес, реанимацияның да адам жанын үнемі сақтап қала бер­мейтіні белгілі…

Осы орайда менің де кәсіптік қызы­ғу­шы­лығым оянып, «реанимация» сөзінің қа­зақ тіліне аударылу мән-жайын зерттей бастадым. Алдымен Мемтерминком тарапынан мақұлданған соңғы ресми сөздік қой деп 2014 жылы «Қазақпарат» баспасынан жарық көрген 30 томдық «Қазақша-орыс­ша терминологиялық сөз­­діктің» медицина саласына ар­нал­ған 14-ші томына көз жү­гір­т­­тім. Шынында да, аталған то­м­ның 189 және 470-беттерінде «реа­нимация» сөзінің баламасын «реанимация, жан сақтау бөлімі» деп тайға таңба басқандай етіп жа­зып қойыпты.

– Апырмай, – дедік, – «реани­ма­циясы» түсінікті, оған қоса «жан сақтау бөлімі» де­гені несі екен? Бұл терминдік сөздік пе, әлде түсіндірме сөздік пе? Жа­рай­ды, «реа­нимацияны» қазақ­ша­лап «жан сақтау бөлімі» деп алай­ық, сонда онымен салалас, тү­бірлес «реанимировать», «реани­матор», «реаниматолог», «реанимобиль» деген сөздерді қа­лай аударамыз. Егер жоғарыда ай­тылған «жан сақтау» түбірін са­қ­тайтын болсақ, олар «жанын сақтау», «жан сақтаушы (дәрігер?)», «жан сақтау (машинасы?)» болады да.

Бірақ, неге екені белгісіз, жоғарыда аталған сөздікте медицина саласына қа­тысты болса да біз айтқан түбірлес сөздер бері­лмепті. Сөздікке толымсыз сипат бере­тін бұл кемшілік біздің түгел дерлік сөз­діктерімізге тән олқылық болып табылады.

Оның үстіне, «реанимировать» деген етістіктің медицинада ғана емес, басқа да салаларда, мысалы, экономи­ка саласында өндіріске қатысты да қол­да­ны­латынын ескерсек, он­да «реанимировать производ­ство» дегеніміз «өндірістің жа­нын сақтап қалу» болмай ма. Бұл қолдануға, ұғынып-түсінуге қо­лай­лы тіркес бола қояр ма екен.

Осының өзі бізде әлі күнге дейін термин болсын, атау сөз бол­сын, бір сөзге балама тапқанда онымен түбірлес сөздерді ескермеу, не болмаса әртүрлі қолдану әдетке айналғанын көрсетеді. Мысалы, «токсикомания» – «уыт­­құмарлық», «токсикоман» – «уытқұмар». Ал оны зерттейтін сала «токсикология», оның маманы «токсиколог» сол күйі аударылмайды. «Нерв» – «жүйке», ал оның ауруларын емдейтін дәрігер мамандықтар «невролог», «невропатолог» деген сөздер аударылмай алынады. Бұл өте қисынсыз әрі кез келген көзіқарақты адамда сұрақ туын­дататын жағдай. Егер тер­мин­нің ең болмағанда белгілі бір саладағы қырын түгел аша ал­май­тын болса, мұндай жартыкеш ұғым кімге қажет?

Осы орайда, жоғарыда атал­ған сөз­дік­тің 470-бетінде «реакция» сөзі «реакция», «серпіліс» деп, ал 471-бетінде «регенеративный» және «регенерация» деген сөздер түбірлес бол­са да, «регенерациялық» жә­не «қайта қалпына келуі» деп екі түр­лі аударылғанын ай­та ке­­туі­­міз қажет. Осындай ала-құ­ла­лыққа не негіз болаты­ны біз­­ге түсініксіз. Оның үсті­не мұн­дай кемшіліктің жаппай сипат алып отырғаны сөздікті жасау­шылардың олар­ға оншалықты мән беріп, жете көңіл бөле бермейтінін көрсетеді.

Бізге кесірін тигізіп жүрген тағы бір кемшілік – жаңағы ай­тыл­ған «регене­рация» сөзін «қай­та қалпына келуі» деп ауда­ру. Бұл сөздікке терминдік емес, түсіндірмелік сипат беріп, оны түсіндірме сөздікке айналдырады. Бір сөздіктің ішінде осындай әртүрлілікке жол беру бізде әлі де болса сөздік, оның түрлері туралы сауаттылықтың кемшін екенін көрсетеді. Кейде, тіпті сөздікті жасаушылардың өзі сөздік теориясынан мүлдем бейхабар секілді болып көрінеді.

Сөзіміз жалаң болмасын, кезінде ресми аударманың майталман маманы, осы салада отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Дәуітәлі Омашұлы бас­па­сөз бетінде де, арнайы еңбегінде де «террорист» сөзін «лаңкес» деп алудың қате екенін көрсетіп берсе де, журналис­тер білікті маманның бұл пікіріне құ­лақ аса қояр емес. Жалпы, «лаң» деген сөзді айтқанда, ең алдымен, Махамбет ақынның Жәң­гір ханға айтқан әйгілі «хан емессің – ылаңсың» дегені еске түседі. «Лаң» сөзі елдің ауыз­бір­шілігін бұзып, жұрт арасына іріткі салуды, бүлік бастау­ды білдіреді, оның «террор» ұғы­мына, оның анықтамасына мүл­дем қатысы жоқ. «Лаң» сөзі, біздің ойымызша, орыс тілін­дегі «смута», «мятеж» деген сөз­дерге, ал «лаңкес» сөзі «смутьян» деген сөзге балама болса керек. «Лаңкес» сөзін тілдік ай­на­лымға қосқысы келетіндер осы­ны, сөздің мағыналық жүгін ой­ланса екен.

«Процесс» деген сөзді «үде­ріс» деп алу да сол сия­қ­­­т­ы. Осы жасанды сөз­дің ба­ла­­­­ма ретіндегі қате сипаты Д.Омашұлының «Нормативтік құ­­қықтық акті­лер және оларды мем­лекеттік тілде әзір­леу» атты ең­бегінде егжей-тегжейлі түрде көрсетілген. «Үдеріс» сөзін енгізгісі келетіндер «процеспен» түбірлес «процессор», «процессинг» деген сөздердің қалай алынатынын ойламайды. Ал бұл біздің термин саласындағы ғылыми негізділік, қисындылық қағидаттарына қайшы келетін, тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін кемітетін нәрсе. Егер тілі­міз­­дің болашағын ойлайтын болсақ, осы­ған әсте абай болу керек.

Әрине, қолына қалам ұстаған қау­ым­ның сөз арасын «бөтен сөзбен был­ғамауға» тырысатын әрекетін де түсінуге болады. Бірақ мұндайда терминдік тайыз­дыққа, сауатсыздыққа жол беруден сақ болу қажет. Өйткені, «қарапайым қа­зақ ана тілінде заң оқымаса да, газет не журнал оқитыны, теледидар көріп, радио тыңдайтыны анық. Демек, жалпы қазақтың санасына жаңа сөзді заң емес, бұқаралық ақпарат құралдарының сіңіретіні» де рас. Егер балама сөз тер­мин­нің мағынасын, әмбебап сипатын толық ашып бере алмаса, оны қолдану қаншалықты дұ­рыс болмақ? Оны өз түбірін сақтап, қазақ тілінің емлесіне кел­­тіріп алған жөн емес пе. Бұл – әлемде бар, кеңінен тарал­ған халықаралық практика. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында бұл жөнінде «…тер­миндерді және атау­ларды негізгі қа­ғи­даларға, қазақ тілінің жазу нормалары­на сәйкес ретке келтіру» деп нақты жа­зылған.

Әйтсе де, біздің тілімізде жазылу реті төл емлемізге қайшы келетін сөз­дер баршылық. Алыс­қа бармай-ақ қоя­йық, термин төңірегінде күнделікті қол­­данып жүрген «терминология», «тер­­минография», «лексикография» деген сөздер тілімізге орыс тілі­нен оның грамма­тикалық ерекшелігін сақтай отырып енген. Орыс тілінде екі түбірден тұратын күрделі сөзде бірінші түбір дауыс­сыз дыбыстан бітіп, екінші түбір дауыссыз дыбыстан басталса, олардың арасында міндетті түрде «-о», «-е» деген байланыстырушы дауысты дыбыс болады. Мысалы, «домосед», «камнедробилка». Қазақ тілінде мұндай тәртіп жоқ. Қос түбірден құралған күрделі сөз­де түбірлер қатаң дауыссыздан бітіп, қатаң, ұяң не үнді дау­ыс­сыздан басталса да олар еш­қандай байланыстырушысыз бір-біріне бірден тіркеліп жазыла береді. Мысалы, тастоған, таң­шолпан, көкжиек, бозторғай.

Осыны негізге алатын бол­сақ, «терминология» – «термин-логия», «терминография» – «термин-графия», «лексикография» – «лексикаграфия» деп алынуға тиіс. Сонда ғана біз­дің төл емлеміздің тәртібі сақ­талады. Бізде мұндай сөздер біз келтірген мысалдармен шектеліп қалған жоқ. Тілімізде жалпы ғылым саласын, не онымен айналысатын ғалымды, маманды білдіретін, «-логия», «-графия», «-лог», «-граф» деген түбірлер жалғанған сөздерге біз айтқан кемшілік тән.

Әрине, біздің айтқан уә­жі­міз­ге «тер­минология» деген сөз латынның «терми­нос» және гректің «логос» деген сөздерінен құралған, сондықтан біз оны «термино+логия» деп аламыз деп дау айтушылар да болуы мүмкін. Егер бұл сөзге құлақ түретін болсақ, біз неге әдетте «термин» деген сөзді «терминос» деп қолданбаймыз? Мұнда қисын қайда? «Термино-» деп алу үшін тілімізде ғылыми негіз болу керек қой, тым болмаса біз оны түбір сөз ретінде «терминос» деп қолдануымыз қажет.

Осының барлығы біздегі терминология жұмысының әлі де болса ақсап жатқанын біл­ді­реді. Оны ақсатып, дам­у­ын кен­же­летіп отырған терминтүзу, сөз­­дік жасау ісінде ғылыми не­­гіз­діліктің, қисындылықтың жоқ­­тығы, сақталмауы. Бұл кем­шіліктерді түзетпей, біздің термин-логиямыз да, термин-графиямыз да сапалық тұрғыдан ілгері жылжи алмайды.

Egemen.kz