Үштілділік - жасампаз Қазақстанның жаңа көкжиегі

Үштілділік - жасампаз Қазақстанның жаңа көкжиегі

Әрбір тарихи кезең сол дәуірдің адамдарына өзіндік жақсылығы мен сынағын тосып, алынатын асулар мен самғайтын кеңістікті межелеп береді десек, 21 ғасыр адамзатты әр күн сайын бір жаңалығымен елең еткізіп, осы жүз жылдықтың өмір сүру ережесі мен жаңа қағидаттарын ұсынып келеді. Сан ұрпақ арман еткен тәуелсіздіктің көк туын желбіреткен қазақ елі үшін де бұл ғасыр саяси, экономикалық, тарихи реформаларға толы кезең болып отыр. Бүгінде білім саласына жаңа реформалар енгізу бүкіл әлем елдерінде ең өзекті мәселелердің бірі болуда. Әсіресе республикамызда білім жүйесін бағалаудың жаңа тәсілдері енгізіліп, жалпы білім беру жүйесі жаңартылды. Реформалау әкімшілік-басқару жүйесіне де, ұйымдық-құқықтық құрылымдарға енгізіліп, оңтайлы саясаттың нәтижесінде елдің экономикалық, мәдени деңгейі артты. Азаматтардың алдынан жаңа кеңістіктер ашылып, кеңестік томаға тұйықтықтан ада болып, жаһандық мәселелерге араласа алу мүмкіндігі туындады. Міне, ел өміріндегі осындай өзгерістер бүгінгі таңда өз нәтижесін көрсете бастаған үштұғырлы тіл саясатының туындауына қолайлы жағдай жасап отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үштұғырлығы туралы алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында айтқан болатын. 2007 жылғы « Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынса, 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», - деп Үкіметтің алдына нақты тапсырмалар мен айқын бағыттарды белгілеп берді. «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі - жаhандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі болуы тиіс» - деп Елбасы берген анықтама үштұғырлы тіл саясатын жүргізудің әліпбиі десек артық айтқандық болмас.

Нұрсұлтан Әбішұлының осы маңызды мәселе туралы ойлары өз жалғасын «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында тапты. «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі, - дей келіп, Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізін құрайтын мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтардың қатарында тарих, мәдениет пен тілдің ортақтығы жататынын айтқан болатын.

Қазақстан қазіргі кезеңде өзінің қарқынды даму жолын таңдаған, елді демократияландыру, ізгілендіру саясатын ұстанған, әлеуметтік өркендеу саласында өз өрнектерін қалыптастыра бастаған елдердің бірі. Республикамыз өз тәуелсіздігін алғаннан бері демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде танылып қана қоймай, әлемдегі алпауыт елдермен сенімді серіктестік қарым-қатынас орнатып, түрлі инвистициялық жобалар жасауда. Елдің саяси және экономикалық өміріндегі тың серпіліс, жаңа талпыныстардың барлығы жаһандағы өзгерістермен де тығыз байланыста дамиды. Сол себепті қазақстандықтардың алдында бірнеше тілді жете меңгеру қажеттілігі туындап отыр.

Ата-бабамыздан жеткен «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген халық даналығы әлем елдерімен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасап отырған бүгінгі заманға дөп келіп отыр. Мұның өзі халқымыздың көрегендігі мен ізденімпаздығын паш етеді. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» деп Ұлы Абай айтқандай, көптілді қатар меңгеру жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, ғылым құпияларын меңгеруге, өз қабілетін танытуға мүмкіндік береді.

Көп тілді білу бүгінгі күннің басты қажеттіліктерінің бірі екенін жақсы сезінген жұртшылық жас ұрпаққа үш тілді қатар игерту мәселесіне үлкен қызығушылық танытуда. Әрине үштұғырлы тіл саясаты кешенді түрде жүргізілуді қажет ететін келелі іс. Осы ретте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл шаралардың бір тобы үш тілді меңгертудің ғылыми-әдістемелік жағын қамтамасыз етуге арналса, енді бір тобы үштілділікті насихаттауға бағытталады.

Үштілділікті сөз еткенде ересектер арасында тіл үйрету мәселесінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін естен шығармауымыз керек. Еліміздің ересек тұрғындарына тіл үйрету мәселесі мемлекет назарындағы іс. Мемлекеттік тапсырма бойынша дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын осы мазмұндағы іс-шаралардың мақсаты да мемлекеттік тілді үйрететін оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, онлайн әдісімен озық тәжірибелерді алмасу және тіл оқыту орталықтарының оқытушыларын ынталандыру болып табылады. Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға әдіскер-ғалымдар, тіл мамандары, тіл үйренушілер, өңірлердегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының оқытушы әдіскерлері қатысып, іс-шара барысында әдіскер-ғалымдар мемлекеттік тілді оқытудың тиімді технологиялары және әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Оқыту орталықтарының үздік оқытушылары панорамалық сабақтар мен онлайн режимінде шеберлік сабақтарын көрсетіп, тәжірибе алмасады.

Өңірлердегі, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларындағы мемлекеттік тіл оқыту орталықтары бүгінгі таңда үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асырушы тетіктердің біріне айналып отыр. Орталықтар арқылы ұйымдастырылатын курстарда еліміздің тұрғындары өз сұраныстарына сәйкес тілдік сауаттылықтарын көтере алады. Жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру ісінде дәстүрлі түрде жүргізілетін олимпиада, дөңгелек үстел, шеберлік кластардың алатын орны ерекше. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау мақсатында өткізілетін мұндай олимпиадалар көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеудегі, қазақстандық патриотизмді нығайтудағы қажетті құралдардың бірі болып отыр.

Көп тілді меңгерген тұлғаларды насихаттау жұртшылықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыратындығы белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл саясатының насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында Баспасөз күніне орай жыл сайынғы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы ұйымдастырылады. Маңызды іс-шараның өтілу барысын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы жіті бақылап, еліміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту мен мәртебесін нығайту және қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы өткір де өзекті материалдар жариялаған жекелеген тілшілерді – байқау жеңімпаздарын марапаттайды. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп жүрген мұндай іс-шаралар еліміздегі тіл саясатының жоспарлы түрде жүргізіліп, тілдік ахуалдың артуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан ұйымдастыратын шаралардың ішіндегі ауқымдыларының бірі «Тіл шебері» республикалық байқауы. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдауды мақсат ететін игі іс-шара Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асырудағы тиімді тетіктердің біріне айналып отыр. Бұл байқаудың өзі тіл мәдениетінің деңгейі жоғары, үш тілді жетік меңгерген адамның жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатындығының айқын көрінісі. Байқауға қатысатын жастар «Мәдениеттаным» атты сайыста қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап берсе, «Ұлттанымда» қазақ тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде жауап береді. Ал бір жаңылтпашты үш тілде шатаспай айтудан жарысқа түсу үміткерлердің сөйлеу шеберлігі мен дағдысын танытады.

Жергілікті тұрғындарының көп тілді білуі мемлекетіміздің нығая түсуіне де өз ықпалын тигізеді. ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру барысында да үш тілді қатар меңгерген азаматтарға деген сұраныстың арта түсері сөзсіз. Жеке тұлғаның алдындағы көкжиектерді кеңейтетін үштілді кеңістікте еркін самғау өз қолдарыңызда!