Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жайы қаралды

Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жайы қаралды

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді,- деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Онда «Қазақстан Республика­сындағы тілдер туралы» Заңды және 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр 25 жыл ішін­де мем­лекеттік тіл саясатын дамыту саласында ауқымды жұмыс атқарыл­ғанын айтты.

«Бұл – сөз жоқ, Тәуелсіздіктің жемісі, тіл мәселесіндегі Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі», деді Б.Сағынтаев.

Отырыста мемлекеттік тілді оқы­ту әдістемесін жетілдіру және баға­лау жүйесі бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев ғылыми негізде және үздік халықаралық тәжірибе бойынша жасалған мемлекеттік тілді жедел әрі тиімді үйретудің жаңа әдістемесін таныстырды. Жаңа әдістеменің базасында «Қазақ тілінің жалпы білім беруге арналған жиілік сөздігі» әзірленді. Ол 2017 жылдан бастап орыстілді мектептерде қанат­қақты үлгіде енгізілетін болады.

Сондай-ақ, аталған мәселе бо­йын­ша «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» ұйымы филиалының бөлім басшысы Ж.Абуов, Ұлттық тестілеу орталығы Мемлекеттік тіл ба­сқармасының жетекшісі А.Әбді­халықов баяндама жасады.

Комиссия мүшелері «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның орындалу барысы туралы Мәдениет және спорт ми­нистрі А.Мұхамедиұлының, Қар­жы министрі Б.Сұлтановтың және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов­тың есептерін тыңдады.

Отырысты қорытындылай келе, Б.Сағынтаев өкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Egemen.kz