Қазақ интернетін барлығы мойындайтын болады

Қазақ интернетін барлығы мойындайтын болады

Jaqsy.kz жобасының жетекшісі, танымал блогер Өркен Кенжебек  Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде интернеттің қазақтілді сегменті қаншалықты өзгеріске ұшырағаны жайында пікір білдірді,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ертеректе қазақтілді интернеттің дамуы жайында сөз болғанда, көп жағдайда оның контент сапасының төмендігін айыптайтын немесе қоғамдық процеске қандай да бір ықпалы жоқ қоғамдық-саяси сегмент ретінде санап келген болатын. 25 жыл өткеннен кейін, қазіргі уақытта интернеттің қазақ сегменті барынша жинақылана түсті, жасқаншақтықтан арыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, ол қалыптасты әрі тұтас көрінеді», - деді ол. Осы орайда блогер қазақтілді сегменттің қалыптасуының бірнеше кезеңіне айрықша назар аударды. Оның деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Қазнеттегі қазақтілді сайттардың саны жалпы қазақстандық сайттардың шамамен 15 пайызын құрап отыр әрі бұл көрсеткіш жылдан-жылға ұлғая түсуде. «Facebook әлеуметтік желісінің интерфейстерін аудардық, қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды. 2009 жылы «Абай», «Мінбер», «Замандас» сынды жалпыұлттық сайттардың пайда болуын қазақтілді интернет-журналистикадағы төңкеріс деп атасақ та болады. Олар өте жақсы тренд берді. Осыдан кейін WordPress тұғырнамасындағы қазақтілді блогосфераның өрлеуі орын алып, танымалдық шырқау шегіне жеткен жылдары (2010-2012) түрлі бағыттағы әрі стильдегі 500-ден астам блог жайнап тұрды. 2011 жылы өткен қазақ блогерлердің Бірінші құрылтайынан бастап жыл сайын Қазақстанның түрлі қалаларында блог-құрылтайлар дәстүрлі түрде өтіп келеді. Әрине, бұл жайт қандай да бір онлайн-дәстүрдің қалыптаса түскенін білдіреді. 2012-2013 жылдардан кейін әлеуметтік желі жаулай бастады. Онда да қазақтілді тілшілер мен блогерлер айрықша орын алды», - деді ол. Оның атап өтуінше, барлық дерлік мемлекеттік органдар мен компаниялардың веб-сайттары бар. Бастапқыда олардың қазақтілді парақшалары өте сапасыз болғанымен, журналистер мен блогерлердің үздіксіз сынынан кейін жақсара түсті. «Тағы бір маңызды сәт 2002 жылы Википедия халықаралық жобасының қазақ бөлімінің ашылуы десек артық емес. Аталған бөлімнің ең басты ерекшелігі, ол үш түрлі, атап айтқанда кириллица, латын және араб жазу әліпбиінде пайдаланылуы. Бірақ ол жоба ретінде 2011 жылдың маусымында өз жұмысын бастады. Википедия тілдері рейтингінде қазақ тілі 125 орыннан бірден 33-ке көтеріліп, 100 мың және одан да көп мақаласы бар «жетілген» 40 Википедияның қатарынан орын алды. Қазіргі уақытта 2016 жылғы 24 қарашадағы жағдайға сәйкес Википедияның қазақ бөлімінде 217 229 мақала мен 61 858 тіркелген қатысушысы бар»,- деді Өркен Кенжебек. Толықтай алғанда, ол бүгінгі күнге дейін қазақтілді интернет ресурстар мен қазақтілді блогерлердің басым бөлігі қоғамда аз резонанс тудырмағандығын және Қазнеттің орыстілді сегментімен тең дәрежеде еліміздің қоғамдық-саяси проблемаларын шешуге белсенді қатысып отырғанын баса айтты. «Дегенмен Қазнеттің қазақтілді сегментінің болашағы әлі алда. Өйткені қазіргі уақытта ауылдық жерлердің интернетке кіру деңгейі өте төмен болып отыр, мобильді байланыс та нашарлау. Бірақ 3G/4G қарқынды енгізіліп, төлем қабілеті сұранысы артқаннан кейін қазақтілді сегментті дамыту мәселесі түбегейлі шешілетін сияқты. Тіпті қазір ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында Қазнеттің қазақтілді сегментін барлығы мойындайтынын әрі оның дамудағы перспективасы жақсы екенін нық сеніммен айтуға болады», - деді блогер.