Жүсіпбек Аймауытов: ​Ана тілін қалай оқыту керек?

Жүсіпбек Аймауытов: ​Ана тілін қалай оқыту керек?

​Бүгінде Америка әдісі, жиынды (комплексті) әдісі, тәжірибелі (лабораториялы) әдісі, құлшынды-белсенді (активнодвигательный)... Тағы сондайлар майданға шығып сөз болып жатыр. Бәрінікі – білім берудің төте жолын табу. Бізде көп әдістер түгіл жөнді бір де әдіс жоқ деуге болады. Елдегі шала мұғалімдерде қандай әдіс бар? Айтыңызшы! Рас, тіпті жұрдай емеспіз: «Әліпте жоқ, ба астында бір ноқат» та өз әлінше әдіс боп келді. Ел мұғалімдерінің бала оқыту әдісі де соның ағайыны емей не дейсіз!

Тап осы қалыпта басқалардың қолданып жатқан көп әдісінің бірін ала қоюға ыңғайымыз келе қоятын емес. Оқытушымыз, аспабымыз - бәрі шалағай. Және көп әдістер біз түгіл, өзге өнерлі елде де жүйеленіп жетпей жатыр. Дегенмен, «көрің қадырға» жабыса беруден мән шықпайды. Қолдан келетін, пайдалысын біз де сығалап, шымқылап, ала беруіміз керек.

Бұл мақалада «мынау пәлен әдіс» деп қолақпандай ғып, қолға ұстата қоярлық пәлендей тартуымыз жоқ, орыстың түрлі әдістерін қарастырып, одан, бұдан құрастырып, әзірше ойымызға келген, тәжірибе етіп, қолданып жүрген қойыртпақ әдіс-сымақтарымызды біз де айтқалы келеміз. Қарап отырғанмен, бүркей бергенмен бола ма? Журналға ықшамдалған мақалада қарық қылуға да әуелі тіл оқытудың өзін былайша жіктеп алсаң, қалай болар екен:

1) жазу-сызу (емле) үйрету;

2) сөйлеуге, шығарма жаздыруға төселдіру;

3) тіл бақылау (грамматика);

4) әдебиет жайынан кеңес құру;

Бұл мақалада бастапқы екеуі туралы сөз қылармыз. Сөйтпесек, орын жететін емес. Тегінде әдіс туралы көп жазу керек қой. Бұлардың әрбіріне бір мақала жазылса да аздық қылады. Біздікі қысқаша, үстіртін әңгіме болар. Мұның ең қиыны – жазу (емле) үйрету болуға тиіс.

Бұған дейін жазу дыбыс әдісімен үйретіліп келді. Дыбыс әдісінің кемшіліктері көп. Дыбыстарды бір айыртып, одан әр дыбысқа таңба (қаріп) салып, ол таңбаларды түрлі түрде құрастыру жас балаға зор машақат екенін оқытушы білсе керек. Біздің таңбаларымыз қайбір тиянақты? Біресе есіктің тұтқасындай сорайып тұрса, біресе шұнтиып мықырайып қалады. Оның үстіне тап-таза естілетін дыбыс болған ба? Өте-мөте даусыздар. «Бигесекінді» (6) жеке күйінде айтып беріңізші! Сөз жоқ, басында «и» дыбыс шыға келсін. Басында естіртпеймін десең, аяғынан солаң етсін. Ол ол ма? Дыбыстардың жеке күйінде естілуі мен сөз ішінде естілуі тағы қайта келіп қалады. Мұның тағы бір жаман жері сол: салғаннан өлі дыбыс, өлі қаріп үйретеміз. Бұл психология заңына келмейді. Психологияның айтуынша ұғым алу жолы былай: адам әуелі нәрсені бақыламақ. Бақылаған нәрсенің суреті (пернесі) мида қалмақ, ол пернеге ат қойылмақ, сөз тумақ. Дыбыс әдісімен оқытқанда, нәрсе бақыланбайды, перне қалмайды, сөз де болмайды, шуу дегеннен дыбыстың таңбасы деген «бірдеме» үйретіледі. Тағы да талай кемшіліктері бар. Әрпіміз, әліппеміз ыңғайына қарай, хат танытуға дыбыс әдісін қолданып жүрміз. Әйтпесе қолға түспейтін төте әдіс бұл ғана емес.

Енді Америка әдісін қолдану керек деген әңгіме көтеріліп келеді. Бұл әдістің қандай екені туралы сөз көбейтудің керегі жоқ. Үйткені оған лайықталып жазылған бізде әліп-би жоқ. Жаңа шығатын Ақаңның әліп-биі кітабында осы әдіспен оқыту жолы да көрсетілсе керек. Сол шыққан соң, бұл мәселе қозғала жатар.

Сонда да емле үйрету жайынан бір-екі сөз айта кетейік.

Бір нәрсе туралы адамның саңылау мүшелері неғұрлы жапа-тармағай қызмет етсе, соғұрлы ол нәрсені тезірек, нығырақ меңгеріп алмақ. Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысына түк ілінбейді, іліксе де, аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау мүшелеріміз (көз, құлақ, тіл, мұрын, қол – дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін), жаздырыңыз (қолымен, денесі мен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек.

Танық нәрселердің атын жаздырмай тұрып, өзін, әйтпесе тұрпатын, суретін, үлгісін, жоспарын көрсету керек. Мұның бірі де мүмкін емес екен, ауызша ұқсас нәрсемен салыстырын оқыту керек. Сонда барып миына перне қонады, сонда барып перненің аты көкейінде қалады.

Бұрын емле үйретуге жатқа жаздыру сән боп жүрген. Жаңа хат танып келе жатқан адамға хатқа жаздырудан да кітаптан, не тақтайдан қарап жазған пайдалырақ. Үйткені саңылау мүшелеріміздің ішіндегі ең шалымдысы көз болады. Ескі молдалар араб сөздерін қатасыз жазуды кітап көшірумен білетін. Көз деген жақсы айна. Көркем жазуға да жол беру керек емес. Оны көркем жазуды көшіріп жүріп үйренгені жақсы. Хат жазу соңғы кездерде емле тексеру үшін ғана керегі болар. Онда да көп бола бермесін! Жазу үйрету туралы айтатынымыз осы-ақ. Енді сөзге төселдіру жайынан.

Сөзге төселдіру о дегеннен басталу керек. Бісімілдесі – сұрау, жауап. Дұрыс қойылған сұрау дұрыс жауап алу керек. Дұрыс жауап бере алмаса, әуелі жолдастары, одан қалса, оқытушы түзетіп отырсың. Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын, сөйлемнің қырыс, қисынын түзету болсын, тілі жетпей тұрған жерін жөндесін.

Қазақ баласынын бір әдеті: «бәлен етіп, сонымен кетіп, содан сүйтіп...» деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда да қысқа сөйлеуге уағдалана беру керек. Ұзын әңгімені аз сөзбен қысқартып айтқызу – сөзге төселдірудің бір керекті жері. Бала түгіл, әлеумет қызметкері боп жүрген кейбір азаматтардың топтарда орыс сөзін қазақшаға аударғанын тыңдасаң, олақтығы көрініп тұрады: қысқаша мазмұнын өз ойымен айтын бере алмайды, сөйлеушінің сүрлеуімен түгел айтып шығам деп әуре болады. Кетеусіз, татымсыз көп сөзділікке тұрмыс үйретеді ғой. Одан пайда да бар шығар, әйтсе де зияны басым болар. Түбінде көп сөзді адам берекесіз келеді. Аз, дәмді, тиімді сөздің қадірін қазақ та білген ғой, білмесе, «ердің құнын екі ауыз сөзбен кеспей» деп, мақтамас еді. Қазақ баласы бұлдыратып, түссіз қылып сөйлейді: ақтан тигізіп, тапбасар сөйлейтін адам кем болады; көбінесе құба жондатып, тайғалақтатып, бетім қырпып, жалпы сарынға салып отырғаны. Сотта жауап берген кейбір қазақ бұлтақтатып, құйрығын ұстатпай қояды; жауабын олай да, бұлай да ұғынуға болады. Қызылдар, ақтар елге кезек келіп, ығыр болған кезде, қам келгені қыр қазағынан: «Қызылды жақсы көресің бе? Ақты жақсы көресің бе?» деп сұрайды білем, сұрап тұрғаны ағы екенін, қызылы екенін қайдан білсін. Жауабы қайшы келіп қалса, өлген ғой. Сонда қазекең «ердің құнын екі ауыз сөзбен кеспей» деп, мақтамас еді. Қазақ баласы бұлдыратып, түссіз қылып сөйлейді: ақтан тигізіп, тапбасар сөйлейтін адам кем болады; көбінесе құба жондатып, тайғалақтатып, бетім қырпып, жалпы сарынға салып отырғаны. Сотта жауап берген кейбір қазақ бұлтақтатып, құйрығын ұстатпай қояды; жауабын олай да, бұлай да ұғынуға болады. Қызылдар, ақтар елге кезек келіп, ығыр болған кезде, қам келгені қыр қазағынан: «Қызылды жақсы көресің бе? Ақты жақсы көресің бе?» деп сұрайды білем, сұрап тұрғаны ағы екенін, қызылы екенін қайдан білсін. Жауабы қайшы келіп қалса, өлген ғой. Сонда қазекең тұрып: «Сізді жақсы көреміз. Сізді жақсы көреміз» деп құтылады екен. Әрине, мұндай тапқыштықта пайда да бар. Бұл мақтарлық нәрсе. Ал үнемі бұлдырата беру ойды дұрыс шығармайды. Ой дұрыс болмаса, білім табылмайды. Оқытушы осы жағын баса аңду керек.

Мектепте қысқа әңгімелер қалай оқытылу керек? Салған жердей кітаптан оқыта бастамай, алдын ала сол әңгімеге балаларды даярлап алған жөн. Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын әңгімеге балаларды төндіріп, ынталандырып алу керек. Содан кейін оқылса, әңгімені балалар құлшынып тыңдайды. Алдымен жақсы оқитын балаға, сонан соң төмендеуіне оқытылсын. Әңгіме қандай әсер берді екен, тыңдаушылар ойлансын. Ұғымсыз, жат сөздер түсіндірілсін. Суретті, көркем сөздері тапқызылсын, мазмұны қысқаша қайта айтқызылсын. Әңгіме бөлшектелінсін. Бөлімдерінен сурет туғызылсын. (Оңай сурет болса, балалардың қолынан келсе, тақтайға салғызылсын; қиын болса, ауызша суреттелсін. Болмаса үйде салып келуге берілсін). Сұраулар қойылып, балалармен кеңесілсін. Әр бөлімдерін тақырыптатып қарасын. Әңгімедегі қаһармандар атынан сөйлетілсін. Әңгімеден баланың есіне не түсті екен, айтқызылсын. Қорытынды шығартылсын.

Оқылатын әңгіме қандай болу керек? Оны таңдау үшін, оқыту әдісін ескеру үшін, мұғалім мынадай сұрауларды өзіне қойып алса, дұрыс болар еді: I) осы әңгіме мектеп мүддесіне, баланың біліміне лайықты ма? 2) бұл сабақтың мақсұты не? Мөлшерлі уақытта сол мақсұтқа жете алам ба? 3) қандай әдіс қолданамын: а) әңгімеде шәкірттерге не таныс, не танық? б) әңгімеге даярлау үшін, алдын ала қандай тұрғыдан қозғау керек? п) әңгіменің басқы пікірі қайсы? Жаңа май пікірі қайсы? ) қиын сөздері, сөйлемдері, өзгеше жерлері қандай? ж) балалармен қай түрде кеңесемін? д) бұл әңгімеден дағдыландыруға (жаздыруға) қандай жұмыс мәселе туғызуға болар, еді? е) оқытқанда дауысты қай жерімде, қалай құбылту керек?.. Бұл сұраулар тек мысал үшін. Шалымды оқытушы әңгіменің түріне қарай, әдісін өзі таңдамақ.

Алғашқы кезде қысқаша көркем әңгіме, ертегі, мысал, өлеңнен бастап, жүре-бара маңызы да, көлемі де ұлғайып, әдебиеттің түрлі тарауларына жасалған жөн. Бас, аяғы жоқ ұзын әңгіменің бір қиқымын оқыту керек емес, аз да болса бір нәрсе туралы толық айтылған, тұтас нәрсе оқытылу керек (ұзын романдардың әлде бір тақырыпқа жазылған лайықты жерлерін алуға, әрине, болады). Әуелі әлімтеу (описание), содан кейін баяндау (повест-вование) түріндегі әңгімелер аралас алынған жөн. Әңгімелер, өлеңдер үлгілі әдебиеттен, не балаларға арнаулы кітаптардан алыну керек. Өмірді әр жағынан суреттей алмаған, мақсұты, өнегесі сыңаржақ, анық көрініп тұрған, әйтпесе, ерсі сөздер балаға оқытылмау керек. Тұрмыстың жаратқыштың жағын суреттеген, көңілді ашқандай, ойды түрткендей пернелі, үлгілі сырлы сөздер оқылу керек.

Түріне қарай, әңгімелердің оқыту жолдары да өзгеше болады. Газет хабарлары сықылды қара сөз бен толғаулы өлеңдердің оқытуы бір емес. Ертегі, әуезелердің пернелі, кестелі сөздерін тастап, баланын өз сөзімен қайта айтқызуға болмайды. Олардың маңызы қиялға әсер беріп, шарықтатуында толғаулы, суретті, сәнді сөздерді, өлең-жырларды өз сөзімен мылжалау жарамайды: олардың маңызы сезімге әсер беріп, көңілді ұйытқытуында.

Өмірді дәл суреттеген, қаһармандарын толық мінездеген аса бір жақсылары болмаса, Крыловтың мысалдарын кеп оқыта беруден де пайда аз, үйткені тегінде ондай мысалдарда терең мән болмайды; күндегі өмірдің тәжірибесі қасқырды, түлкіні, аюды, бұл-бұлды, есекті мінездеген мысалдарын алуға болады.

Баланы күн бұрын даярлап алған соң, толғаулы, көркем өлеңдерді, сөздерді әуелі оқытушы өзі оқып берсе, балаға әсері күшті болады. Толғаулы, ырғақты сөздер күй емес пе?! Күйді күйші тартса, құйма құлаққа сый емес пе? Күйге қарай көңіл күйі билемес пе? Жақсы оқылған, толғаулы сөз балаға әсер бере алмаса, мұратына жетпегені. Алғашқы алған әсер күшті болады. Ендеше күйлі сөзді кеп оқып, жасытпаған жөн, 3-4 қайтара оқылса, жетеді. Қара сөзге қолданатын әдісті ақын сөзіне келгенде тастау керек. Мұнда назар ақынның пернесі, суретті сезімі жағына аударылу керек. Түсіндірем деп, ақынның тілін созғыласа, әсер бұзылады; түсіндіру әсерді әлсіретуге емес, күшейтуге жұмсалсын.

Көркем әдебиеттен оқытқаннан кейін, балаларға, мәселен, мынадай сұраулар қойылса, жарайды:

1) Әңгіменің қаһарманы кімдер?

2) Заманы, орны, уақыты, жағдайы нендей?

3) Басында, ортасында, аяғында айтылмай кеткен, жетпей тұрған сөздер жоқ па?

4) Шығарманың өте маңызды жерлері қайсылар?

5) Қандай сөздер, жолдар, сөйлемдер өте сұлу, жат, күшті келген?

6) Қандай сурет салуға, қай-қайсын айттыруға болар еді?

7) Қай жері күйге келтіріп оқуға, қай жері сымбатқа түсіруге қолайлы?

8) Қай жерлері өте қуаныш, мұң, қауып-қатер, қайғы, шаттық сезім туғызады?

Дауысты құбылтып, мұғалім оқи бастаса, мұның бәріне оқушы жауап бермей қоя ма?

Енді шығарма жазу туралы азырақ сөз.

Шығарма жазуын сөйлей білгеннің белгісі. Бірақ сөзшеңдік пен жағымпаздық бір емес. Әрқайсысына өзгеше зеректік, өзгеше дағды, еңбек керек.

Шығарманың материалын (дерегін) қайдан болса, содан алуға болады. Көбінесе, шығарманы оқылған әңгімеден туғызу керек. Не әңгіменің өзі қайта жазылсын, болмаса әңгіме арқылы баланың есіне түскен нәрсе айтқызылып, содан кейін жазуға берілсін. Әрине, оны бір сабақта, бір сағатта істеп бітіруге болмайды; көлеміне қарай уақыт шамалану керек. Белгілі тақырыпқа, белгілі планмен жазу алғашқы кезде қиын тиеді. Сондықтан әуелде плансыз жаздырып жүріп, бара-бара планды тәжірибе арқылы өздері тапқандай болса, тым жақсы. Тақырып көп жазу тілемейтін дәл, ықшам болу керек. Жылдың мезгілдері, өмірбаяны, көрген-білгені деген сықылды кең өрісті тақырыптардан қашу керек. Тақырыпқа жазып, төселуге класқа сурет әкеліп, іліп қойып, әліптеткен жақсы. Қазақ баласына класты, орындықты, шкафты суреттету сықылды өмірге керексіз жұмыстар берілмеген жөн, одан да «әке, шеше, туғаным не істеп жүр екен?» деген тәрізді ойландыратын, сезімін, қиялын ұстартатын нәрсені жаздырған артық. Бұл тәрбие жағынан да татымды. Оқушылардың бір бүйрегінен ауылы, елі кетпегені жарайды. Бұған талай жерде оралып соғып отыру керек. «Өзі болып, төркінің танымай кететін» жаман қылықтар алды-артына қарап, ойланбағандықтан, өзіне есен бермегендіктен туады. Неғұрлы шығарманың тақырыбы күндегі өмірден, әсіресе еңбектен істеп, балаға пайдалы, зиянды, жұғысы бар нәрселерден алынса, соғұрлым бала жұмысына ынталы болмақ, ендеше, жемісті де болмақ.

Үй ішіне, жолдасына, танысына сәлем хат жазғызып үйрету де пайдалы нәрсе. Дардай жігіттердің хат жаза білмейтіндері көп болатын көрінеді. (Әсіресе, әскерлік мектепте).

Газет хабарларын оқытып, тақырыптатып, тілін, сөз құрылысын бақылату, ол хабарлар туралы кеңесу, мәселеге пікірлерін айтқызу, өздеріне көрген-білген елдегі жұмыстарды хабар қылып жаздыру, жақсысын басқармаға жіберіп тұру, міне, өмірге керекті, пайдалы тақырыптар. Газеттің белгілі бөлімдерін әр балаға, не бірнеше балаға оқып отыруға тапсырса, бір-екі жеті өткенде сол бөлім туралы баяндамалар жасап, өздері жоба ұсынса, мұның бәрі жұртшылыққа, азаматтыққа аяқ басқанның нышаны болар еді. Газет оқуға қызықса, сөз жаза бастаса, әлеумет жұмысына араласқаны деп біл.

Оқылған, естілген әңгіменің мазмұнын қайта жаздырғаннан да, бастан кешірген оқиғаны, көрген-білгенін, өз пікірін жаздырған артық, бастапқыда сөз құрастыру жағына көбірек назар салса, соңғыда қиял, сезім, шығарғыштық қуаттары да қызмет етеді. Өз бетімен істеп шығарған қандай рақат! Өз күшіне сенімі артып, бір жасап қалады.

Шығарма жазылды. Оны қалай түзету керек? Өз қатесін жазушы өзі түзетуге кіріспесе, ондай шығармадан пайда да шамалы. Бұрынғы оқытушылар шәкірттің дәптерін қарағанда, қызыл сиямен сызып-сызып, «жаман, жақсы» деп қоя салатын, болмаса, «пәлен жерін қайта көшір! Әне жері анадай боп кетіпті...» деп бірдеме жазып қоятын. Шәкірті «жаман, жақсы» дегенін көрсе болғаны, жаман болса, тыға салатын, жақсы болса, жайып салып, жолдастарына көрсететін. Ол жолмен шығарма түзету керек емес. Әсіресе, алғашқы кезде, жеке баланың жазғанына көптеп, бар класс түзету керек. Бәрін бірдей класта түзетіп шығаруға уақыт жетпейді екен, бұған мынадай шара істеу керек: үлгі қылуға жақсы, жаман, орташа жазылған үш шығарманы алып, соларды көптің талқысына салып, мінетін түзету керек. Ол бір. Екінші - шығарманың бәрін түгел оқып шығамын демей, ең оғаш жерлерін алып, тақтайға жазғызып, балаларға түзеттіру керек. Бірталай шығармаларды солай өткізуге болады. Тақтайға жаздырып, түзеткеннің пайдасы: көз қанады, ал енді шығармаға төселген кезде, оқытушы түзетіп әкеліп, оғаш жерлерін, тәуір жерлерін көрсетіп, қайырса да жарайды.

Олақ оқытушы бар баланың жазғанын бір қалыпқа сыйғызып шығарам деп әуре болады. Әлгі «бірдеме» зорлық деген осы болады. Етікші, ерші ұста біткеннің қолы бір ме? Әркімнің өз ойы, өз оңтайы болады. Баланың ой желісін, өз оңтайын бұзып керек емес. Тек өз сарынымен келмей, үйлеспей тұрған сөздерін дұрыс құрастырып, не демек болғанын табу керек. Тамыршылық осында.