​Ислам Жеменей: "Тарих-и Рашидиді" тұңғыш рет қазақ тіліне аудардым"

​Ислам Жеменей:

Қазақтың тілі мен тарихы, мәдениеті көрініс тапқан атақты "Тарих-и Рашиди" еңбегін тұпнұсқадан аударған шығыстанушы ғалым Ислам ЖЕМЕНЕЙМЕН тіл, діл төңірегінде сұхбаттасқан едік.

-Төл тарихымызға қатысты тың дерек-мағлұматтың ізін Шын-Машын мен Үндістандағы қолжазбалардан табам деп жүрген жайыңыз бар...

-Қазақтың түркілік дәуірінен сыр шертетін қолжазбаны түпнұсқадан оқу арқылы тарихты зерттеуде кенже қалып отырмыз. Ресейдің шығыстанушы ғалымдары бізге қарағанда көш ілгері. Олардың дерек жинаудағы ұқыптылығы таңғалдырады. Ертеде саудагеріне дейін әрбір кітаптың құнын білген ғой. Саудалап, бұлдап, қадір-қасиетін біліп, ұстап жүрген. Кітаптың қадір-қасиетіне жету – отырықшылық мәдениетке ерте бейімделудің арқасы. Көшпенді өмірдің де жақсы жағы бар, әрине. Дегенмен ХVII-XVIII ғасырларда әбден орнығып, қалалық мәдениетті бойымызға сіңіруіміз қажет еді. Неге десеңіз, сол кезде көптеген деректер қолымызда бар еді. Соларды ұстап қалар едік. Бірақ оның қадір-қасиетін аса біле қоймадық.

-Қазақтарда жазу-сызу болмады деген пікір кеңестік кезеңде санаға әбден сіңірілді. Және бір қынжыларлығы, осы ұғым тасқа басылып, артта қалып барады. Оған жүйелі түрде тойтарыс берілген жоқ.

-Ол сөз бекер. Бүкіл түркі халқына ортақ тіл шағатай тілі болғанын білесіз.

-Шағатай адам атынан шығып отыр ғой...

-Иә, Шағатай Шыңғысханның бір ұлы. Шығыстың дәстүрін білесіз, ханға, патшаға еліктейді. Мынау да содан шығып отыр. Шағатайдың өзі де, ұрпақтары да түркі тілі мен мәдениетін қабылдап, оған қатты берілді. Бұрыннан келе жатқан түркі тілі шығыстық психологиямызға байланысты шағатай тілі деп аталып кетті де, түркі-шағатай болып қалыптасты. 1934 жылға дейінгі деректерге қарасақ, түркінің барлық зиялысы мен оқымыстысы, осы тілде сөйлесіп, хат алысып келген. Махамбет Өтемісұлының шағатай тілінде жазған екі хаты табылды. Бұл нені білдіреді? Қазақ зиялылары басқа отырықшы түркі халықтарымен ортақ тілде хат жазысып, бір-бірінің пікірін біліп отырды деген сөз.

Ал енді жазу-сызу мәселесіне келсек, арабша жазылған хаттардың өзі бізде үш түрлі. Біреуі – түркі тілінде таза араб алфавиті бойынша ережелерді сақтап жазған еңбектер. Екіншісі – түркі тіліне азғана бейімделген. Үшіншісі – Ахмет Байтұрсынұлының араб тілінің негізінде қазақ тіліне бейімдеп шығарған төте жазуы. Арабша жазу да бізге үш түрде еніп отыр. Төте жазуды өте толыққанды алфавит деуімізге болады, оны қазіргі Қытай қазақтары пайдаланады.

-Дау-дамай болып жүрген латын-кириллица туралы ойыңыз?

-Біздің алфавит арабтікінен латынға, латыннан барып, қазіргі кириллицаға көшті. Үш рет ауысты. Бұл – отарлау саясатының кесірі. Мақсаты – тарихымыздан ажырату. Араб алфавитінен ауысқанда тарихи еңбектерді жоғалттық. Келесі буын араб алфавитінде жазылған еңбектердің біреуін де оқи алмайды... Содан латынға көштік. 1923 жылдары Түркия тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін латын алфавитін қабылдады. Енді отарлаушылар есептеді: егер біз латында қалсақ, түркімен байланыс жасап қоямыз.

-Түркі халықтары бірігіп кетеді деген ой ғой...

-Иә, пантюркизм деп сылтауратып, бізді кириллицаға алып кетті. Бұл жерде тағы айла жасады. Бұрын өзбек, қазақ, қырғыз бір тілмен, түркі-шағатай тілімен сөйлесіп, түсінісіп келгені мәлім. Енді бұларды бір-бірінен алыстату керек болды. Ол үшін не істеу керек? Алфавитте өзгерістер жасады. Біз Ташкентті «а»-мен жазсақ, өзбектер «а»-ны «о»-мен жазды, «Тошкент» деп, «қозоқ» деп. Көрдіңіз бе, сол алфавит әріптеріндегі өзгерістің өзі дыбыстық өзгеріске алып келіп, күні бүгінге дейін бір-бірімізді түсінбей отырмыз. Түркі халықтарын ділі де, діні де бір дер едік, егер алфавитіміз бір болса.

- Өзіңіз латынға көшкенді жөн көресіз бе?

-Қазір компьютердің рөлі күшті. Латынға көшсек, біз әуелі компьютердің тіліне жақындаймыз. Екіншіден, көптеген қажет емес дүниелерден арыламыз. Артық мақтаулар, керексіз саяси көзқарастар... Біздің жетпіс жылдық тарихымыз шынайы бағасын алған жоқ. Жетпіс жылдың ішінде не ұттық, неден ұтылдық, ғылыми тұрғыда әлі сарапқа салынған жоқ. Отарлау саясаты алфавитімізді өзгерту арқылы тарихымыздан бізді қалай ажыратса, міне, біз де қажет емес ақпаратты алмау үшін ондай алфавиттен ажыратуымыз керек ұрпағымызды. Мемлекеттің өзінің ұлттық идеологиясы болады ғой.

- Ал зиялы қауым бізде ұлттық идеология әлі жасалған жоқ дейді...

-Ұлттық идеология біз қай күні тәуелсіздік алдық, сол күннен бері жүруде. Зиялы қауым бар жерде ұлттық идеология қаласа да, қаламаса да жүреді. Оны жоқ деуге болмайды. Мәселе соны жүйелеуде. Тарих деген әрқашан алға жүріп отырады. Тек жүйесіздік пен жемқорлық, иә парақорлық тарихтың алға басуына кедергі жасайды.

- Жемқорлық дегеніңіз, қарапайым тілмен айтқанда ішіп-жеп, қарын тойдыру. Ал оның ұлттық идеологияға қандай қатысы бар?

-Әңгіме тойымсыздықта. Әлемдік деңгейдің экономикалық жүйесіне кіру үшін кезіндегі қиын жағдайда Елбасы көптеген жұмыстар атқарды. Біз қызғанбауымыз керек. Бәрібір қоғамға бай керек. Дүние жүзінде де қанша іздегенмен сүттен ақ, судан таза бай таппайсыз. Ол мүмкін де емес. Заңсыз байлыққа рақымшылық та жасалды. Қарны тойған байларымыз осының қадірін білуі керек. Буржуазияның ұлттық сипат алатын кезеңі келді. Оған бетбұрыс та бар. Біреулер айтысты қолдап, екіншілері мешіт, мектеп салып, мектепке компьютер алып беріп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сізге мысал айтайын. Бау-бақшаны жайқалта өсіру үшін су жеткіліксіз. Әр талдың түбіне баратын судың мөлшерін есептеп, діңгектің бәрін қамтитындай етсе ғана одан пайда болмақ.

-Халыққа да пайдасы тиюі керек деп отырсыз. Бұл – материалдық деңгейдегі өлшем. Ал рухани тұрғыдағы жәрдемі қандай? Рухани жағынан қалай көтерілуі керек?

-Буржуазияның мемлекеттің, халықтың жақсы тұруын менің жақсы тұруым деп ұғуы – санасының ұлттық деңгейге өсуі. Қоғам дағдарысқа ұшыраса, ең бірінші зиян көретін сол байлар. Ендеше, неге өзінің жұртын ауқатты етуге, халықтың санасы мен мәдениетінің көтерілуіне көмектеспеске! Неге 100 мектепті мемлекет салуы керек? 100 мектептің орнына 300 мектепті мәселен, сол буржуазиямыз неге салмасқа!

- Оған шамасы жете ме?

-Жетеді. Себебі Қазақстанда байлық ұшан-теңіз. Біздің халқымыздың саны - дамыған мемлекеттердегі бір қаладағы халық саны. Стамбулдың өзінде 17 миллион халық тұрады. Осынша байлықтың ішінде Түркиядан төрт есе үлкен аумақта отырмыз. Бізге жетпейтіні екеу: бірі – ұлттық сана, екіншісі – рухани тазалық. Рухани тазалық болмағасын біз дүниеауи ләззат тұрғысынан көбірек ойланамыз. Сұлулық конкурсына, иә бір мақтаншақ әншіге ақшаны аямай шашамыз келіп. Сол 100 мың долларға 10 отбасына 10 жеке үй салып беруге, иә жеке кәсіпкерлік орнын ашып беруге болар еді. Саяси биліктің екі қанаты – буржуазия, яғни байлар мен зиялы қауым. Саяси биліктің осы екі қанаты мықты болмаса, ол діттеген мақсатына жете алмайды.

-Түркияны мысалға алдыңыз. Олардың ұлтжандылығы ерекше көрінеді. Неге?

-Түркияда бес жыл тұрған адаммын. Түрікте мұнай да, газ да жоқ, кенге де бай емес. Көзіммен көрдім кедейлігін. Табиғаты сұлу, есесіне. 1980 жылы Тұрғыт Өзал билікке келгенде мынандай сөз айтты: «Айналайын, халқым, -деді. – Испан мемлекетінен неміз кем, ақылымыз аз ба, табиғатымыз жұтаң ба? Тарихымыз осал ма? Осман атамыз 700 жылдай империя құрған, неден сонша кедейміз? Иншалла, өзімізге сенсек, ол күн туады. Тек менімен бірге бол, түрік екеніңді ұмытпа!». Бүкіл мемлекетіндегі шығыстан батысқа дейінгі шекараға «Мен түрік болғаным үшін мақтанамын!» деген ұранды жазғызды. Өз заманының экономикасын қалай дамытуға болатынын үйретті, туризмді дамыту, қызмет жасау үлкен білім деді, сол білімді алуымыз керек, оны үйренгеннен кейін барып, біз ел боламыз деді. Қазір түріктер барған жерінде түріктің банкін ашады, сол жердегі жұмысшылар тапқан ақшасын өз банкінде сақтайды, келген жерінде асхана ашып, тамақты түріктің асханасынан жейді, мектеп ашып, ол мектепте өздерінің және сол мемлекеттің балаларын оқытады. Сөйтіп, екі ұпай жинайды: өздерінің шетте жүрген түріктерін ұлттық құндылықтарына үйретеді, басқаларды да түріктің құндылықтарымен таныстырып, сыйлатады. Бізде ұлттық сана оянбай жатыр. Олар бәрін жүйелі жасай алады, біз жасай алмай отырмыз.

Мәселен, алпауыт ел Америка... АҚШ өзінің алға жылжуында басқа елдерге төменгі сананы үйретіп отырады, лас мәдениетті, жаман киносын, жұпыны өнерін таратады. Өздері өте жүйелі түрде жұмыс жасайды. Қаласы да, жұмыс орындары да, ғылыми әдістемесі де таза. Ғылымға қомақты қаржы бөледі...

-Шығыстану саласына қалай келдіңіз?

- Шетте өскен қазақтар мені жақсы түсінеді. Біздің жүрегімізде елге деген сағыныш пен сүю қоздап жүреді. Шетте тусаңыз, математик болсаңыз да, физикаға мамандансаңыз да қазақтану, түркітану зерттейтін бір салаңыз болады. Иран кітапханасы түркіге қатысты дүниеге өте бай. Ол кітаптың барлығы қазақ тіліне толық аударылмаған. Шығыстану саласында біз Ресей мен Өзбекстанның маңайына да жуықтамаймыз. Бізде тарихты тану көбіне аударма болып келеді.

- Сіз Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» кітабын тұңғыш рет парсы тілінен қазақ тіліне аудардыңыз. Бұл шығарманы дүниежүзінде нақты мұрағат мәліметтеріне сүйенген тарихи анықтамалық ретінде дәріптейді...

-Бұл өзі төрт кітаптан тұрады. XIII ғасырда жазылған алғашқысында Шыңғысханның өмірге келуінен бастап, төрт баласының әлемді билегендігі жайлы айтылады. Шыңғысхан ұрпақтарының тарихын одан әрі XIV ғасырда Рашиддин деген тарихшы жалғастырады. Үшінші кітап Шыңғысханның ұрпақтары әлсіреп, саяси сахнаға Әмір Темір шыққан тұста дүниеге келген. «Зафарнаме», қазақша айтқанда «Жеңіс» кітабының авторы Шарафаддин Әлиязди. Бұл – XV ғасырдың туындысы.

Әмір Темір Шыңғыс хан ұрпақтарының тоз-тозын шығарды, Мауреннахрды құрды. Бұларды енді біреу жазуы керек қой. Сонда тарихшы Мырза Хайдар отырып: «Е-е, әлемді билеген хан мен қаған ұрпақтарының тоз-тозы шықты-ау. Енді оларды мен жазбасам, кім жазады?» дегенді айтады. Оны не үшін ойлады? Ойландырғаны – алдыңғы жазылған үш кітап. 1533 жылы Саид хан қайтыс болғаннан кейін Мырза Хайдар Кашмирге барады. Сол жердің бай кітапханасынан мына үш кітапты оқиды. Рас, Шыңғысхан, оның балалары туралы көптеген кітаптар жазылған. Бірақ мына тоз-тозы шыққан ұрпағы туралы ешқандай кітап жоқ. Хатқа түсіріп, ұрпаққа қалдырайын деген оймен өзінің атақты «Тарих-и Рашиди» еңбегін жазады.

-Неге кітаптың аты осылай қойылған?

-Атын олай деп қоюға түрлі себеп бар. Автор ислам үшін болған ғазауат соғыстарына көп қатысқан. «Рашид» – тура жолда жүрушілер, яғни тура жолда жүрушілердің тарихы. Тағы бір себебі ислам дінін қабылдауға мұрындық болған Әршададин деген бір тәжікті құрмет тұтқандықтан. Үшінші себебі, «мен жетім қалғанда 24 жыл бойы мені өз баласынан артық көріп, өнердің бәрін үйретті» деп Саид ханға риза болғандықтан, баласы Рашидиддиннің есімін қойған.

-Ал сіздің Тарих-и Рашидиді аударуыңызға не түрткі болды?

-Көп жылдан бергі барлық ойым осы төрт үлкен тарихшының кітабын қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға салудың төңірегінде болды. Оған іштей дайындалдым әрі білімімді жан-жақты жетілдіру қажеттігін түсіндім. 90-жылдары шеттен келген қазақты қатты құрметтеуші еді. Әбсаттар қажы Дербісәлі ғылыми атақ алу жөнінде ақыл қосқанда, мен «қазақ зиялыларымен бір қазанда қайнайын, әдебиет-мәдениетімен танысайын, сосын еңбегіммен алайын» деп бас тарттым. Мекемтас Мырзахметов: «біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, тарихымыздың шығыспен байланысы бар. Бірақ тікелей зерттей алмадық, тісіміз батпады, солардың бірі менмін. Ислам, сен жаныма кел, қолға бірге алайық,» деді.

-Парсы, араб, ағылшын, түрік, өзбек, ұйғыр, түркімен, әзірбайжан тілін білесіз. Көне парсы тілінде оқуда қиындықтар болды ма?

-«Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқаларын, соған қатысты зерттеулерді сегіз мемлекеттен бес жыл бойы жинадым. Одан кейін барып, ішіне ендім. Ерекшелігі, барлық жұмысымды түпнұсқадан жасадым, парсы тілінде болса парсы тілінде, шағатай тіліндегісін шағатай тілінде, өзбекшесін өзбек тілінде. Әуелі сөздіктер дайындап алдым. «Парсыша-қазақша сөздік» осы тұста жазылды. Сөздік бар, бірақ қазақшасы жоқ, тек парсыша-орысша ғана. Сөйтіп, 30 мыңға жуық сөзді қамтыған парсыша-қазақша, қазақша-парсыша сөздік жаздым. Әрі парсы тілін үйренушіге тілашар есепті бұл. Абай, Шәкәрім, Бекет ата жайлы парсыша мәтін берем, соны қазақшаға аудару керек. Құндылығы сонда. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Әрбір ғалым өз саласында мемлекетшілдік, ұлтшылдық міндетін адал атқаруы керек деп ойлаймын.

Маман ретінде өзімді тағы бір сынап алмақ ниетпен әуелі Хафиздің өмірін жаздым. Оның әлемдік әдебиетте алатын орны мен ғазал жанры туралы білгісі келген адам оқысын. Шәкәрім түпнұсқадан он ғазалын аударған. Осыған ғылыми-текстологиялық жұмыс жаздым. Хафиздің парсы тіліндегі ғазалын, парсы тіліндегі транскрипциясын, одан кейін жолма-жол мәтіндік, мазмұндық аудармасын бердім. Содан кейін Шәкәрімнің аудармасын, әрбір жолды қалай аударғанын талдадым. Егер бір маман осыған мүдделі болса, оған ғылыми тұрғыдан баға беруге жол ашылды.

- Еңбектеріңізге байланысты сізге қарсы шыққандар да көп болды...

-«Тарих-и Рашидиді» ағылшын тіліне аударған ғалымдар бір-бірінің кітабына алғысөз жазады. Бұлардың мықтылығы, бірінің еңбегін бірі бағалайды. Өте үлкен жұмыс жасады деп бірін-бірі мойындайды. «Ағылшын тіліне аудару, ағылшын әлеміне таныстырудың өзі үлкен жұмыс» деп, мақтап-мақтап келеді де ақырында аздаған сын айтады. Осыны білгендіктен де «Тарих-и Рашидиге» ғылыми текстологиясын арнайы бердім. Сондықтан сын айтқысы келген адам маған емес, кітапқа берсін бағасын.

-Жалпы етектен тарту, мойындамау, әркім өзін ғана асқақ көрсетуі біліміміз бен сауаттылығымыздың кемшіндігінен бе, әлде бұл қазақтың өзіне тән ауруы ма?

-Тәуелсіздіктің мәні – тәуелсіз ойлана білуде. Бір-бірімізді сыйлауға, мойындауға күш салуымыз керек. Мәселен, жақсы бір еңбекті оқысам, ғылыми атағына емес, жазғанына қараймын. Ол орыс па, қазақ па, ұйғыр ма, бәрібір. Отандасым жазып жатса, мен неге шетелдік ғалымға сілтеме беруім керек? Біз тарихымызды да, әдебиетімізді де тәуелсіздікке жетелеуіміз керек қой. Шығыстың бір ғұламасынан «сіз қаншалықты білімдісіз?» деп сұрағанда «надан екенімді, түк білмейтінімді білемін, білімім соған жетеді» деп жауап қайтарыпты. Ол тұрғыдан алғанда біздің еңбегіміз тамшыдай ғана.

Ал енді логикаға келсек, ғылыми еңбекте бір жаңалық болады, екі жаңалық болады, одан көп болмайды. Мен еңбегімде рубаидың түркілік жанр екенін айттым. «Рубаи» арабша төрт жол деген сөз. Ал «ұдайы төрттік» деп түркі ғалымдары айтқан. Ол Махмұт Қашқарида бар, Баласағұнда бар. Сол заманғы жоқтаулардың өзі төрттіктер, қазіргіше айтқанда төрт тағандар. Төрт тағанның қасиеті туралы монографиямда зерттеп, дәлелдеп жаздым. Осының өзі жеткілікті емес пе, егер қазағыңды сыйлағың келсе. Түркілік жанр қалай парсыға жетті, парсыдан қалай араб алды, соны жазып бердім.

Иранда жүргенде Абайды оқығанда көп өлеңінің мағынасын түсінбедім. Біз қалтқысыз сүйетін қазақты Абай жамандай береді, жамандай береді. Оқығымыз келмейді, жүрегіміз шыдамайды. Қазақстанға келсек, бәрі Абайдан сөйлейді. Амал жоқ, тағы оқимын. Тағы жүрегім шыдамайды. Өйткені жұрт алақанына салып тұр. «Шеттен келген бауырымыз» деп ет-жүрегі елжіреп тұр. Жамандыққа қалай қиясың? Білген адамға бұл да жүк. Ертең сый-сияпатқа лайық қызмет жасауым керек қой, сонша бауырмал қазақтың қарызын қалай қайтарамын деп толғанамын.

1995-96 жылдары коммерциялық мақсатта Иран мен Түркияның арасын жол қылдым. «Заман Қазақстан» басылымын, қазақ-түрік лицейін, Ирандағы бірінші қазақ фирмасын ашуға қолымнан келгенше, дәнекерлік жасадым. Таза ғылымға бет бұра бастаған уақытта маған жігіттер тұрып: «Ислам, Қазақстанның азаматы болдың, енді ықылас азаятын болды-ау» дегенді айтты. Сол-ақ екен, расында, алакөздік басталды. Сонда барып, «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген өмірі түсінбеген сөздің мағынасын жүрегім ауырып барып, жан-дүниеммен сезіндім ғой. Бірімізді қазақ деп сүймесек, дос деп сүймесек, істің бәрі бос екен. Адамдық қасиет, ұлттық құндылықтан айырылған заманда халықпен бірге Абай да өшеді. Егер адам болып өмір сүрем десең, адамша ойланамын десең, онда Абай өлмейді.

-«Тарих-и Рашидидің» әлемдік деңгейдегі маңызын және оның қазіргі қазақ қоғамына берер жақсылығын түйіндеп айта кетсеңіз...

-Шыңғысхан мен оның балалары әлемді билеп, Әмір Темір күйреп, моңғолдар да, түркілер де ұлт-ұлысқа бөлініп, XIV-XV ғасырларда қазақ, өзбек, қырғыз дүниеге келді ғой. Сол кезеңнің тарихын, XIII-XIV-XV-XVI – төрт ғасырда жазылған төрт үлкен кітапты қазақ тіліне аудармасақ, зерттедік деп жүргеніміз түкке тұрғысыз болмақ. Біреудің шайнап тастағанын қайталай береміз, өз көзқарасымызды жаза алмаймыз. Біз «Тарих-и Рашидиді» түпнұсқасынан тікелей аударып, қазақ тілінде тұңғыш рет сөйлеттік. Бұл – бір. Тағы бір маңыздылығы – «Тарих-и Рашиди» қазаққа шет емес. Қазақтардың орта ғасырлық тарихына қатысты өте құнды мәліметтер көп. Кітаптың ішінде қазақ сөздерінің кездесуі ғажап. «Олжа» деген сөз XIII ғасырда қолданылған. XV ғасырда «қоналқы» мен «сауын» деген Әмір Темір пайдаланатын сөз бар. Самарқаннан шығатын кезде «қоналқы мен сауын дайындаңыз» дейді. Бұл қазақтың төл сөзі. Екі сөздің ар жағында үлкен тарих жатыр. Қазсаң, түрлі құпиялар шыға береді. Оның бәріне де немқұрайлы қарамауымыз, бәрін қазақ тілінде сөйлетуіміз керек. Әрбір сөзден көп нәрсені ұтып, өзіміздің тарихымызды түгендей аламыз.

«Тарих-и Рашиди» жазылмағанда, сол кезең беймәлім болып қалар еді. Себебі оны тарихта басқа ешкім жазған жоқ. Ал қазаққа берері қазақ хандығының құрылғанын жазғаны үшін құнды. Түркі тілін білгені үшін құнды. Сосын Мырза Хайдардың өзінің қыпшақ акценті бар. Түркілерді жалпы алғанда қарлұқ, қыпшақ, оғыз тобы десек, мына Мырза Хайдар – қыпшақ. Кітапта 100-ден аса қазақ сөзі бар. Әрбір сөздің құндылығын ғалымдардың көзімен зерттесек, берісі тарихи, фольклорлық, тіл білімі туралы, әрі тереңдесек, исламдық дүниетанымды қалыптастырудағы қызметі зор болмақ.

-Дулати есімінің қате жазылғандығы туралы ғылыми ортаны иландыруға тырысудасыз. Оны қаншалықты қабылдап жатыр?

-« Дулати мансап» деген, яғни мемлекеттік дәреже деген мағынаны білдіретін сөз бар өзбекте. Сонымен шатастырып, қазақ Дулати деп жүр. «Қазақ әдебиетінде» жаздым, Дулати емес, Дулат деп. Мекемтас ағам «мұны қалпына келтірмей тынбаймын» деп уәде берген. Дулати деген еш жерде жоқ. Ағылшын, парсы, француз, орыс бәрі Мырза Хайдар Дулат деп жазады. Ал енді Мырза Хайдардың өзі еш жерде айтпаған «мен Дулатпын» деп. Мұны қайдан алып отырмыз? Тарихшы кітапта Құдайдат деген атасының дулат тайпасынан екендігін айтады. «Ол менің бесінші атам» дейді. Дулат тайпасынан шыққандығы содан белгілі.

Мыңжылдық тарих кітабында «Мырза Хайдар қай тайпадан?» деген сауал қойылып, оған «Дулаттан» деген жауап қайтарылады. Сонда бірінші рет жазады Мырза Хайдар Дулат деп. Содан бастап бүкіл әлем оны Мырза Хайдар Дулат деп атады. Өзі есімін еңбегінде Мырза Мұхаммед Хайдар ибн Мұхаммед Хусейн Көреген деп анық жазады. Дулат деген сөз жоқ. Дулати дегеннен гөрі түркі халқының бір үлкен тайпасы дулат деген әлдеқайда мағыналы емес пе! Шындықтан біз неге қашамыз, түсінбеймін.

-Сізге шығарманың қай нұсқасы ұнады?

- Ең толық нұсқасы – Тәжікстан мен Өзбекстанның біріккен нұсқасы. Ағылшындық нұсқасы Тегеранда бірінші рет шыққанда менің еңбегім әлі жарық көрмеген-ді. «Кеш қалып қойдым-ау» деп қынжылдым. Тегеран нұсқасы қолыма тигесін, қарасам, «бұл нұсқаларда түсініксіз сөздер көп, соның бірі – «сауын» мен «қоналқы» сөзі. Ағылшын нұсқасында мұны алып тастаған, мен де мұны алып тастадым» дейді Тегерандағы ғалым. Сөйтіп, жұмысымды жалғастыруға тура келді. Неге? Себебі басқалар жоққа шығарып отырған дәл осы екі сөз бізге құнды. Бұл ғана емес, «біз сапарларда кілең қымыз бен талқан алып жүреміз» дейді бір сөйлемінде. Біз айтпасақ, мұны ана ағылшын айтпайтыны белгілі болды. Тездетіп жарыққа шығарып, әлем алдында мүдделілігімізді танытуымыз керек деген ой туды.

Бір нәрсеге көзім анық жетеді. Қазақтың тіл мен фольклор саласы көп ұтады. Түркілер туралы айтқанын қазақ тіліне неге аудармасқа! Төрт кітапта да қазақтың көптеген тайпаларының аттары аталады. Дулат әмірлері он екі артықшылық алған хандардан. Барлық нұсқаларды қарап шықтым, түрік, өзбек, ешқайсысы оны санамалап бере алмайды. Үш-төрт жыл еңбектеніп, он екісін де тауып, жазып, «Жалын» журналына бердім. Бұл жаңалық па, жоқ па? Күні бүгінге дейін әлемдік деңгейде ағылшыны да, өзбегі де, басқасы да оқи алмаған он екі артықшылықты қазақтың перзенті жазды.

-Таралымы қалай болып жатыр?

-Біз бастысы, тәуелсіздік кезеңінде шығыстанудың ғылыми іргесін қаладық. Енді оны айналымға салуды мемлекет қолдаса, менің келесі еңбегім мына салада өрбиді: «Мырза Хайдар Дулат және тарих», «Мырза Хайдар Дулат және әдебиет». 18 жыл еңбек еттім, өз еңбегімнің іргесін қаладым. Көпшілікке таралуы енді басталады деп ойлаймын.

Дулатты аудардым деп бір жерде жарнама да жасаған емеспін. Біреуден-біреуге айтылып, танылып кеткен жұмыс қой. Басқа да аудармалармен айналыстым. Мысалы, Иранның тарихын аудардым. Жақсы қабылдады. Басқа да бірнеше аударма бар.

- Шығыстану көбіне дінтанумен қатарласа жүретіндігі айқын. Қазақ халқы үшін діннің маңыздылығы турасында екіұдай пікір айтылады. Бірі қазақ дінді басы азат, сана еркіндігін сақтай отырып, қабылдаған десе, келесі пікір діншілдікке көбірек ойысады...

-Ұлтты қалыптастыратын ең басты фактор – дін. Жойылып бара жатқан тілдердің проблемасына арналған Сібірде болған бір конференцияға қатыстым. Барарда «қазақ тілінде баяндама жасаймын, тыңдасаңыз барамын» дегенді айттым. Олар қабылдады. Менің сөзімнен соң алтай, хакас сынды халықтың өкілдері «70 жыл жүрегімізде тұрған сөзді айттыңыз» деп риза болысты. Сонда солар «бізді жойған – дінсіздік. Дінді қолдан бердік» деген өкініш білдірді. Орыстың отарлаушы саясаты әуелі дінді жоюға әрекет жасады ғой. Айтпақшы, әлгі жиында екі ғалым маған қарсы шығып еді, Батыстың ғалымдары әлгілердің аузын аштырмады. Батыс ғалымдары иманды келеді, ешқашан шындықтан ауытқымайды. «Фактіні айтып отыр, Исламдікі дұрыс» деді.

Қазақтың намысы оянатын екі фактор бар – тіл мен дін. Бұл оянса қазақ бір болады. Қазір бізге келіп жатқан секталардың түпкі мақсаты не екенін білесіз бе? Алауыздық тудыру. Қазақ өз мүддесін білсе, мына тонаушыларға жол бермей қояды ғой. Содан қорқып отыр. Ұлттық мүдде жоғалған жерде тонау оңай болады.

Әңгімелескен Гүлшат ХАМИТ