​Бурабайда «Тілдарын» олимпиадасы өтіп жатыр

​Бурабайда «Тілдарын» олимпиадасы өтіп жатыр

​Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үш тілді жетік білетін жастар арасында «Тілдарын» республикалық олимпиадасы өткізілуде. Бүгін басталып, екі күнге созылатын іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен «Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМКҚ ұйымдастырып отыр.

«Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткізіліп жатқан Олимпиада кезінде үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтауға назар аударылады. Оларды қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу жобаның негізгі мақсаты болып отыр.

Ақмола облысы, Бурабай ауданы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткізіліп жатқан Олимпиадаға 18-22 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысуда.

Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталып, диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Олимпиада жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады.