Өнерлі қандастарымыз марапатқа ие болды

Өнерлі қандастарымыз марапатқа ие болды

 Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМҚК қолдауымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шетелдегі және оралман қазақ жастарының арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты өнер фестивалін өткізді. 

Фестиваль мақсаты атажұрттан жырақта жүрген және жат жерде туып-өсіп, қазір елге оралған шығармашылық қазақ жастарының жаңа есімдерін ашу, олардың өз тарихи Отанында және тұрып жатқан елдерінде кеңінен танылуына мүмкіндік жасау, жастардың бойына отансүйгіштік, патриоттық рухты сіңіру, ел егемендігін ардақтау, туған тілді қадір тұту тәрізді тамаша қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.

Фестивальге қазақ диаспорасы көбірек шоғырланып орналасқан, диаспора өкілдерінің саны мол Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген, шетелде туып-өсіп, атажұртқа оралған, ұлты қазақ, жасы 35-тен аспаған шығармашылық жастар қатысты.

Фестиваль аясында біршама өнер түрлерінен сайыстар өтті. 1-кезеңде қылқалам шеберлерінің үздік туындылары өзара сарапқа салынды. Бас жүлдені Үйсін Тұрсынбекұлы (ҚХР) иеленсе, 1-орынды Аршын Қабылбек (ҚХР), 2-орынды Ержан Юсупов (Өзбекстан), 3-орынды Жалын Бауырхан алды.

2-кезеңде жас ақындардың жүректен шыққан жырлары мен термешілердің байқауы сарапқа түсті. Ақындар мүшәйрасында өзінің жаңа өлеңімен дараланған Әділет Ахмет бас бәйгені қанжығасына байлады. Айжан Тәбаракқызы 1-орын, Қызырбек Дүргінбайұлы 2-орын, Еркебұлан Қолғанатов 3-орын иемденді.

Терме сайысында өзгелерден ерекше оза шауып, толғауын тебіренте жырлаған Сәулежан Тақзия бас жүлдеге қол жеткізді. 1-орынды Бауыржан Ермекбаев, 2-орынды Алтыншуақ Төлегенқызы, 3-орынды Сәния Өнерхан өзара бөлісіп алды.