Халықтың үні - қазақтың тілі

Халықтың үні - қазақтың тілі

​Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған ісшаралар жоспарының 17-тармағына сәйкес 2016 жылғы 4-6 қазан күндері Алматы қаласында  "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" атты  жоба бойынша іс-шаралар өткізді.

Жобаның мақсаты – орыстілді азаматтар арасында қазақ тілін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын насихаттау. Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымақтастығы, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесі, еліміздің ғылым-білім, жаңа технология саласындағы жетістіктері жайында сөз қозғау, пікір алмасу.

Жобаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының құрамында белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың ресми өкілдері бар.

Алматыда өткен іс-шарлар кешеніне республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшім, саясаттанушы Расул Жұмалы, саясаттанушы Айдос Сарым, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, тіл жанашыры Асылы Осман және т.б қатысты. Олар үш күн бойы Алматы қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарының, банктердің, «Алматы-1» темір жол вокзалының, Алматы әуежайының, Алматы қаласы жол патрульдік полициясының қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, әңгіме өткізіп, сұрақтарға жауап берген болатын.

"Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" жобасы бойынша жүргізілген жұмыстарды қорытындылау мақсатында 2016 жылғы 6 қазан күні сағат 11.00-де «Достық үйінде» БАҚ өкілдерімен брифинг өткізілді. Брифингке жоғарыда аталған жұмыс тобының мүшелерімен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы Исақова Толқын Жолдыбайқызы, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ахетов Мамай Қаниұлы қатысты.