​Біреуге бағынышты бірде-бір славян тайпасын көрмейсің

​Біреуге бағынышты бірде-бір славян тайпасын көрмейсің

​Бағзы заманнан дұшпанымен бөрідей шайнасып дес бермеген түркі жұрты өркениеттердің ұлы көшінен лайықты орнын іздеуде. Ол үшін туысқан халықтың ұрпағы бір-біріне демеу болуы керек. Осының ішінде ноғай қазақтың түбі бір, төркіні ортақ туысы саналады. Тарихқа жүгінсек, екі халықтың өзге жұртпен салыстырғанда бір-біріне алабөтен жақындығын айғақтайтын дерек көп.

Қазақ пен ноғай тарих сахнасына бір мезгілде шығып, ықылым замандардан бері бірге өріп, біте қайнасып келеді. Бірде ноғайды қазақтың қалыбына салып айтса, енді бірде ноғай деп сипаттағаны қазақтың дәл өзі болып шығады. Оны жанымызға жақын тартатын себебіміз, кеше телқозыдай бірге өскен, төскейде малы, төсекте басы қосылған бауыр. Бір тілде ұғынысады, бір тілде ойланады. Қазақ сөйлесе ноғайдан артық түсінетін халық жоқ. Ділі де, діні де бір.

Қазақ дегеннен ноғай ұтылмайды, қазіргі қазақ руларының негізіндегі бұрынғы ел-тайпаларды ноғайдан шыққан деп айтқаннан қазақ ештеңе жоғалтпайды. Қайта шежіресін байытып, түбі бірлігін, терең тарихын әйгілейді.

Бұл – арғы тарих. Ал бүгінде ежелгі даланы ен жайлаған ноғайдан ат төбеліндей жұрт қалып отыр. Саны күн санап азайып барады. Ортақ шаңырақтан өрбіген қандас халықтың саны 100 мыңға да жетпейді. Еділдің бойындағы ноғай бүгінде аудан дәрежесінде ғана. Халы мүшкіл. Мүшкіл болғанда қарны аш, көйлегі жамау емес. Рухани тұрғыда жадау. Саны аз. Өркениет өңешіне жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұрған ноғай қазақ елінің рухани қолдауына мұқтаж .

Рас, ордалы қазақтың басын ортада қоса алмай отырған кезде түркілік бауырымызды іздеуіміз көңілге қонымсыз көрінуі кәдік. Айта берсе, «бізді көшіріп ал» деп қолқа салып отырған ноғай да жоқ. «Қоныс аудара ғой» деп біз де айтқан жоқпыз. Қазақты өзіне ең жақын санайтын ноғайдың айтатыны: «бізге қорған болыңыздар» деген тілек қана.

Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақ пен ноғайдың туыстығы аса маңызды мәселе. Шын мәнінде таңғаларлық жағдай: қазаққа қырғыз жақын емес. Ноғай мен қарақалпақ және өзбек жақын. Алтын орда, Ақорда, Көкорда кезінде қазіргі өзбек, сол уақыттағы қазақпен бірге жүрген өзбек қыпшақтары Орта Азия, Самарқанға кетіп, сарттармен араласып, тілдері өзгеріске түскен. Ал ноғай мен қарақалпақ XVIII-XIX ғасырға дейін қазіргі қазақпен бірге болды. Қазақтың кіші жүзі мен орта жүзінің біраз тайпалары кезінде ноғайға тән болып, ноғай-қазақ, қазақ-өзбек болып жүрген кез болған.

Ал енді Еділ мен Жайық арасындағы ұлан-байтақ өңірді мекендеген іргелі елдің тоз-тозы шығуы неліктен? Оның бірнеше себебі бар. Бұрын айтуға тыйым салынып келді. XVII-XVIII ғасырда Ноғай ордасы Мәскеудің қас жауы еді. Орыстарды қирата жеңіп, қалаларын өртеген, сондықтан өші бар ноғайға деген. 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын бағындырды. Тарихшылар жазады: орыс зеңбіректері келгенде ержүрек ноғайлар қылыш пен найзамен қарсы шықты деп. Оларда мұнан басқа қару болмаған. Ноғайлардың түбіне Суворов жетті. Мұның сыртында XVIII ғасырда ноғайдың өз арасында билікке таласқан қырқыс үдейді. Ноғай сұлтандарының бірі Мәскеу княздығына қосылуды жақтаса, бірі мұсылманшылықты қуаттады. Жақтағандарға Мәскеу ақшалай көмек көрсетіп, билікке таласқандар бірін-бірі өлтіріп, әйтеуір не керек, содан бастап, бұларға қаралы кезең туады ғой.

«Қазақ пен ноғайдың» қоштасқанын қазақтың шалдары еңіреп отырып айтады» дейтіні бар Шоқан Уәлихановтың. Неге жылап отырып айтады? Себебі, қазақ пен ноғай екеуі туыс болған. Бұлар бөлінгенде «Ел айырылған» күйі дүниеге келген. Хақназар хан тұсында қазақ хандығы күшейіп, ноғай ордасына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі: қаңлы, қыпшақ, қоңырат, маңғыт, алшын, жалайыр, керей, найман, арғын, тама, тағы басқалар қазақ хандығына келіп қосылады. Қазан мен Астраханды алғаннан кейін Жайық бойына орыстар қанатын жайды ғой. Мына Ставрополь өлкесі, Солтүстік Кавказ, қазіргі Астрахан облысы, Краснодар, мұның бәрі ноғайдікі еді. Кейін серпіліп, тауға барып қамалды. Аман қалғаны Кавказдан әрі өтіп, Түркияны паналаған. 1569 жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалған ноғай даласын орыстар өздерінікі етіп жіберді. Қарашекпендерды алып келді. Біразы татар болып Қазан маңында қалды. Біразы тауда қалып қойды. Сол таудағы ноғайлардың делегациясымен кездесуде мен болдым. Нанасыз ба, тілі – дәл қазақтікі.

Бір мәселе – қазіргі кездегі ноғайдың жағдайы. Оларды көшіру туралы айтылуда. Әрине, бізді аға санап, келіп-кетіп жүргені рас. Дегенмен, ноғай өз жерін тастап кете салмайтыны белгілі. Олар да қазақ сияқты жерге байланған. Бұл мемлекетаралық мәселе. Ноғайлар Ресей азаматы болғандықтан, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімге байланысты оларды бір-ақ күнде көшіріп әкелу мүмкін емес. Бірақ қазақ мемлекеті қазіргі таңда ноғайларға гуманитарлық көмек көрсетуі керек. Мәселен, консерваториядан, филолог, тарих мамандықтарына оқытатын факультеттен жыл сайын міндетті түрде орын бөлгені жөн. Қарақалпақтарға да мүмкіндік болса, осындай жағдай жасауға болар еді. Бірақ олардың жағдайы бұларға қарағанда тәуірлеу. Өздерінің автономиясы, университеттері бар дегендей. Ноғайда оқу орны да жоқ. Мектептің өзі орысша. Сосын бұлар аудан-ауданға бөлініп қалған. Біразы Чешенстанда, біразы Дағыстанда, біразы Краснодар өлкесінде.

Тағы бір айтатын маңызды мәселе бар. Қарап отырсаңыз, біреуге бағынышты болып қалған бірде-бір славян тайпасы не ұлысын көрмейсіз. Кезінде түркілерді біресе пантюркист деп алдады, енді бірде қырып-жойды. Қазір қаншама түркі халықтары орыстанып, тегінен ажырап, құрып кетіп жатыр! Якут пен ноғайға, татар мен башқұртқа байланысты осыны айтуға болады. Осы аз халықтың тағдырын басқа мемлекеттер шешіп жатыр.

Сайран Әбушәріп, философия ғылымдарының кандидаты:

– Ноғайлының құрамында қазақтың арғын, қыпшақ, т.б. тайпалары қоса жүрген. Ноғайлы атауымен аттары аталғандар – қазіргі қазақ рулары. Кеңес дәуіріне дейінгі әдебиетіміз бір. Доспанбет, Шалкиіз, Қазтуған жырауларды ноғай мен қазақ өзінікі деп санайды. Онысы заңды. Жыраулық дәстүр қазақ пен ноғай бөлінбеген кезде екі халыққа ортақ болған. Асанқайғы мен Әз Жәнібек, Хақназар, Қырымның қырық батыры, Жиренше шешен мен Қарашаш ноғай-қазақтар еді. Тіліміз де, ділімыз де бір.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, түбінде олар бізге қосылып жатса, біз оларды бауырға тартып жатсақ, игі іс болар еді. Әуелі әлеуетіміз күшейеді. Себебі, түбіміз, діліміз, дініміз бір түрікпіз. Дегенмен, қоныс аудару мәселесі күрделі жәйт. Себебі, сырттағы 5 миллион қазақ әлі атбасын толық елге бұрған жоқ. Ал тағдыры ортақ ноғаймен арада туыстық қарым-қатынас орнатудың жөні бөлек. Қоныс аудару жәйі мемлекет тарапынан қозғалуы тиіс.

Айта берсең, мына қарақалпақ та бізге ноғайдан кейінгі жақыны. Бірақ оның да халі мүшкіл. Жарты миллионға жетпейтін жұрт өзбек пен түркіменнің ықпалына көп ұшыраған. Экологиялық жағдайы да мәз емес. Әмударияның төменгі ағысында отырғандықтан, Арал теңізінің күрделі жағдайына орай қиын хал кешуде. Әрине, туыстас халықтардың бас біріктіргені, ортақ мүддемен өмір сүргені мына азулы елдердің өңешіне жұтылып кетпеу үшін керек болады.

Әміржан Әлпейісов, тарихшы:

– 2008 жылы Қазақстанда алғашқы ноғай мәдени орталығы ашылды. Содан бері ноғай ұлтының өкілдері Қазақстанмен тығыз мәдени байланыс орнатуға мұрындық болып жүр. Ноғай халқының өкілдері қазақ жерінде өнерін насихаттап, мәдениетін танытуға мүмкіндік алуда. Астанада ұлттық мәдени орталықтардың қатысуымен «Тіл – достық мерейі» атты фестивал өткізілген кезде, ноғай мәдени орталығы тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған шараға ноғай халқы өкілдері алғаш рет қатысты. Бұл да болса, дәтке қуат .

Ноғайлар қазақ сияқты жеке шаңырақ көтеріп, мемлекет бола алған жоқ. Біздің мәдени орталық құрып, фестивалдер өткізудегі мақсатымыз да сол, ноғай мәдениетін насихаттау. Мына украин мен қырғыздың, татар мен башқұрттың, тағы басқа жұрттың бізде мәдени орталығы бар. Бірақ ноғайды күні бүгінге дейін ескермеппіз. Екі халыққа ортақ тарихи-мәдени мұраларды іздеп, тауып, зерттеуде Қазақстанда ашылған ноғай мәдени орталығының мәні зор болмақ.

Аз ғана ноғай қазақ жұртын пана көріп, өзіне жақын тұтса, бұл – жақсылық. Саны көп емес қазақтың түбі бір қандасын іздеуі, ол да заңдылық. Себебі, өткеніміз бен келешек күндерден өзімізді жоқтамасақ, енді бір аз уақытта бәрі кеш болуы мүмкін.

Гүлшат ХАМИТ