​«Кәрістің қазағы»

​«Кәрістің қазағы»

​«Мені жолдастарым «кәрістің қазағы» дейді», - деді кейіпкерім таза қазақ тілінде.

Шынымды айтсам, сәл сасыңқырап қалғаным рас. Орыс емес, өзге емес, кәрісіңіз таза қазақша сөйлеп тұрса, таң қалады екенсің. Сөйлесе келе, оның тілі ғана емес, жаны да қазаққа жақын екеніне көзім жетті.

Мектеп-интернатта жатқанда қазақтың қара домалақтарымен бірге шыбықты ат қып мініп, ауылдың шаңын қара табанымен бұрқылдата басып, шауып жүретін. Сонда қараторы бала құрбыларымен қазақ тілінде алаңсыз шүйіркелесетін. Ес біле осы тілге ерекше бауыр басты.

Александр Кан Дағыстанда дүниеге келді. Тағдыр соқпағы үш жасында Қазақстанға, оның ішінде Қарағандыға алып келді. Әкесі Семен «Дағыстандағы құмықтардың тілі қазаққа ұқсас болушы еді» дейтін. Семен құмық тіліне ұқсас қазақшаны да тез меңгеріп алады. 1964 жылы «Сарыкеңгір» кеңшарына көшіп келген кәрістер отбасы көп жыл осында қойшы болды. Әкесі Семен 1978 жылы қайтыс болды.

-- Орыс мектебінде оқығанмен, Сарыкеңгірдегі, Жездідегі мектеп-интернатта қазақ балаларымен қоян-қолтық араласып жүретінбіз. Қазақша сөйлеп, қазақша ойламағанда қайтейін, - дейді күліп Александр.

Оны алғаш көргенім әлі есімде. Бір тойда келісті келген кәріс жігіт «Ұлытауым» әнін толқындата шырқаған. Кәдімгі қазақтың төл перзентіндей асқақ шырқаған әніне сүйсінбеген жан жоқ. Оның тегін адам еместігін, өнерге жақын, әнге ғашық екендігін түйсінгем. Түйсігім алдамапты. Александр қазақтың қара топырағын жалаң аяғымен басып, қызуын қалай сезініп өссе, әнін де солай сүйіп, тұнығынан қана ішіп, мөлдір бастауынан емін-еркін сіміріпті. Мектеп-интернаттағы ән кештерінде шырқалатын халық әндері кәріс баланың жан-жүрегін сиқырлап алатын.

Жезқазғандағы политехникалық институтты бітірген соң, Александр Жаңатас қаласында құрылысшы да, Жезқазғандағы Оқушылар сарайында аккомпаниатор да болып істеді. Қазақ әндерін шырқап, өзі де рахаттанады, өзгелердің де құлақ құрышын қандырады. «Кәріс баланың» қазақ әндерінен өзгеше ләззат алатыны несі екен? Осы халықтың тілінде сөйлеп, көгінде төл баласындай асыр салып, топырағында армансыз аунағанынан болар.

Александр қазаққа күйеу бала. Жары Риза – қазақ аруы.

-- Әйелім – Арғынның қызы, - деген еді Александр риясыз күліп.

Қазақтың жақсы-жаман қасиеттерін өзге ұлт өкілінің аузынан естігім келіп, жетістік-кемшілігін тізбелемекші болып едім, Александр:

-- Әйелім – қазақ, одан ұрпақ сүйіп, қанат жайып отырсам, қазақтың ауасымен тыныстап, суын ішіп, дәмін татсам, салт-дәстүрін ұстанып, әнін шырқап өссем, қазақты жаман деуге аузым қалай барар? - дегені.

Ұлы Эрлен, қыздары Аида мен Изаура әкелері секілді өнерге жақын. Александр мен Риза отбасындағы әр кеш кіші-гірім сахнадағы концерт дерсің.

-- Өсіп-өнген жерім – Қазақстан. Біреу «Кореяға жүр» десе де, Жезқазғанды қиып ешқайда кетпес едім, - деді Александр Кан қоштасарда. – Ынтымақ болсын, еліміз өркендей берсін, аспанымыз ашық болса екен, - деп тілек айтты тағы да.

Тілі ғана емес, жаны да қазаққа кірігіп кеткен кәріс Александрдың тілегі періштенің құлағына шалынатындай болып көрінді маған.

Гүлшат ХАМИТ