Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсетуде

Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсетуде

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Павлодар облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» облыстық конкурсының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау рәсімі өткізілді.

Аталған байқау қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің арасында алғаш рет ұйымдастырылды. Конкурс өткізілетіні туралы облыстық «Халық радиода» жарияланып, ережеге сәйкес үміткерлер өтінімдер мен халықпен жұмыс істеп жатқан сәтін түсіріп, бейнероликтерді ұсынды. Мемлекеттік тілде өз білімдерін сынау үшін түрлі деңгейдегі банктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестер және жеке кәсіпкерлерден 15 өтінім түсті.

Конкурс кезінде қатысушылардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі, ұсынылған бейнероликтердің маңыздылығы және клиенттерге қызмет көрсету кәсібилігі ескерілді. Сайысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы С. Әйтенов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қ. Ерғалиев, облыстық ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Г. Кәрімова, Халыққа қызмет көрсету орталығының тіл маманы З. Рахимжанова, «pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Т. Сахаба сынды әділқазы алқасы балдық көрсеткішпен анықтады.

Жалпы байқауға түрлі қызмет көрсету саласының, оның ішінде «Қазақтелеком», «Водоканал и К», «Павлодарэнерго», «Ертіс» қонақүйі, «Автокомбинат», «Альфа банкі», «Langberry» сияқты мекемелердің қызмтекерлері қатысты. Сөйтіп, аталмыш конкурста бірінші орынды «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы Сәния Қасанова, екінші орынды «Евразиялық банкі» АҚ-ның қаржы кеңесшісі Жанерке Тұрарбекова, үшінші орынды «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының жетекші маманы Гульвира Темірова иеленді.