Әлихан Бөкейхан: Дәуір және тұлға

Әлихан Бөкейхан: Дәуір және тұлға

Жалпы әлемдік тарихты, оны құрайтын халықтар мен мемлекеттер тарихын зерделеуде әрбір ұлттың қалыптасуындағы көшбасшы тұлғалардың дәуірлік маңызына ерекше мән беріледі. Қазақтың хандық мемлекет құрылғаннан бергі тарихын саралағанда осындай бірнеше тұлғаны айтуға боларлық. Біздің ойымызша, қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандар, осы хандықтың халқын еселеп, территориясын анағұрлым кеңейткен Қасым, Хақназар, Есім хандар, ортақ хандық билік әлсірегенде жалпы қазақтың мүддесі үшін күрескен Абылай хан, хандық мемлекетті қалпына келтіруге майдан ашқан Кенесары хан, халқымыздың жалпы рухани мәдениетін, ой-танымын жаңа биікке көтерген Абай, тұтас ұлтқа ұстаз болған Ахмет Байтұрсынұлы, қазақ көркем сөзін соны деңгейге жеткізген Мұхтар Әуезов қазақтың сан ғасырлық тарихындағы осындай аса орасан көшбасшы тұлғалар. Бұл қатарда қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге бар ғұмырын арнаған, жаңаша сипаттағы саяси күресті ұйымдастырған, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАН да тұрады.

Әлихан Бөкейхан хандық дәуірден соң отаршылдықпен күрес қарулы көтерілістерге ұласып, соңынан бұл көтерілістердің бәсеңсіп, ақыры қазақ даласы патшалық Ресейдің қарамағына толықтай енген шақта, Абай айтқандай: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп күйзелген шақта тарих сахнасына халқының басылған еңсесін, кеткен есесін, көмескіленген үмітін қайтадан жағуға сайланып шыққан ұлы тұлға.

Алдымен Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақпаев, Міржақып Дулатов сияқты серіктердің, кейінірек ұлт күрескерлерінің тұтас буынын соңына ерткен дәуір көшбасшысы Қошке Кемеңгерұлы кезінде атап жазғандай осы «топты баулыған» Әлихан болды. Біз «Алаш қозғалысы» дегенде оның құрамына халықты оятуға бағытталған ағартушылық ойларды, жалынды публицистиканы, саяси-көпшілік шараларды, халықты ұйыстыруды, әр түрлі басқосуларды, кеңестерді, сиездерді, отаршыл билікке ұлт мүддесін жеткізуді, партия, үкімет құруды, келіссөздер жүргізуді, қарулы күрестерді атаймыз. Ә.Бөкейхан осылардың қай-қайсысын да тікелей ұйымдастырды немесе белсене қатысты. «Қарқаралы құзырхаты», Мемлекеттік Дума, «Қазақ» газетінің ұйымдастырылуы, облыстық, жалпықазақ сиездері, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы, Уақытша, Сібір, Колчак үкіметтерімен келіссөздер, Уфа директориясы, міне, осылар сияқты Алаш қозғалысының ең негізгі оқиғаларының басында Әлекең тұрды.

ХХ ғасыр басында ұлтшылдық идеясы ғана халықты топтастыра алатын еді. Ұлтына ерекше жаны ашитын, оның отаршылдық қамытындағы тағдырын өзгертуге тәуекелге баратын ұлтшылдық көзқарастағы тұлғалар ғана азаттық күресін ұйымдастыра білетін еді. Осы кезеңде жоғары немесе арнаулы білім алған қазақ оқығандарының шоғыры қалыптаса бастады. Осы топты баулитын оған басшы болатын тұлғаны тарихи кезең тарих сахнасына шығарды. Ол – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан болды.

Жалпы Алаш қозғалысына, оның көсемі Әлихан Бөкейханға толық әрі әділетті, лайықты баға береміз десек, ұлт азаттық қозғалысының қозғаушы күші және арқау болған қазақ ұлтшылдығының мазмұны мен түрін толық зерделеу қажет. Дәл осы азаттық күресінің өзегі болған ұлтшылдық идеясының негізінде ұлттың өз «менін» түйсінуі және оны отаршылдық саясаттан қорғауы бар дейтін болсақ, онда ұлттық сана-сезімнің оянуына Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ ұлтшылдығы идеясы тікелей ықпал етті. Мұндай ұлтшылдық батысеуропалық ұлтшылдыққа мүлдем ұқсамайтын үстемдік түріндегі ұлтшылдық емес, отаршылдықтан құтылуға құрылған, халықтың табиғи абыройы мен құқығын сақтауға негізделген табиғи ұлтшылдық болды. Сондықтан Әлихан Бөкейханның күресімен, еңбектерімен танысқанда біз ұлттық астамшылдықты емес, ұлтты сақтаудың жарқын мысалдарын көреміз.

Әлихан Бөкейхан өз халқының тәуелсіздігімен қатар сол халықтың заманауи даму үрдісінен де қалмауы үшін күресті. Яғни, Алаш көсемі өзінің күресі мен идеялары арқылы қазақ халқының ұлт ретінде сақталуымен бірге өркендеуін де ойластырды. Әлиханның және оның серіктерінің осындай әрекеттері қазақ халқының өз тарихында ең алғаш рет әлемдік даму үрдісіне бет алғанын айғақтады. Әлекеңнің әлемдік тарих пен мәдениетті жақсы білгенін оның мақалаларынан, аудармаларынан аңғарамыз. Алаш көсемінің мұрасын зерттеумен бірге жинауға, жариялауға барынша еңбек етіп келе жатқан Сұлтанхан Аққұлұлы құрастырған 9 томдығына енген Эзоп, Л.Толстой, И.Тургенев Ги де Мопассан, В.ГКороленко, Н.Маркес, А.Чехов, О.Уайльд т.б. аудармалары, Жапония, Қытай, Моңғолия, Англия, Германия, Франция, Балқан елдеріндегі оқиғалар жөніндегі мақалалары Әлекеңнің тарихтан да, өз заманының негізгі оқиғаларынан да молынан хабардар екенін байқатады. Қайраткердің білімі мен танымы туған халқының теңдігі мен азаттығы мақсатындағы күресіне де, сол халықтың рухани – мәдени деңгейін көтеруге бағытталған еңбегіне де оң әсер етті. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханның білімдарлығы мен қайраткерлігі оны патшалық Ресей билігіндегі, Уақытша үкімет және Совет үкіметі басындағы қайраткерлердің алдындағы беделін өсірді. Жалпы, Алаш көсемі қай үкіметтің алдында болса да тайсалып көрген емес. Бұл нағыз ұлт көсеміне тән қасиет.

«Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деп жазған Әлекең өз заманының дәуір тынысын жақсы түсінді. Ол сол кезеңдегі қазақ халқының жағдайын, тұрмысын, мінезін өте терең білді, сонымен бірге Ресейдің де билік жүйесінен, жалпы ахуалынан да жақсы хабардар болатын. Сондықтан ол дәуірдің және өзінің, серіктерінің мүмкіндіктерін толық пайдалануға бел буды. Алаш көсемінің саяси күресінің барысын саралай келгенде, оның қашан да сол мүмкіндіктерді қалт жібермеуге барынша тырысқанын көреміз. 1889 жылы «Дала уәлаятының газетінде» жарияланған алғашқы мақалаларынан және саяси күрестің бастауы болған «Қарқаралы құзырхатынан» тартып барлық саналы өмірін «қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертін орындауға арнады.

Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері саясат жүзінде патшалық үкіметке де, Уақытша үкіметке де, кейінірек совет үкіметіне де қазақтың өз азаттығы үшін күресе алатынын, өз абыройын қорғай алатынын көрсетті. Бұл жалпы халықтың жанына жігер, жүрегіне сенім ұялатты. Қазақ халқының дербес ел, азат ұлт ретінде өмір сүре алатынын, оны соған бастай алатын, басқара білетін елшіл, мемлекетшіл қайраткерлер қалыптасқанын көрсетті. Бұл әрбір халық үшін ең маңызды мәселе. Осындай халықтар ғана тәуелсіз ел болуға лайықты. Алаш қозғалысы, оның көсемі Әлихан Бөкейханның тарихи тағылымы да осында, ондай тұлғаға қандай құрмет болса да жарасады. Бұл – елдіктің айғағы.

Ербол ТІЛЕШОВ,

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық

үйлестіру-әдістемелік

орталығының директоры,

филология ғылымдарының

кандидаты.