Бөтен киноны біздің тілде сөйлетеміз

Бөтен киноны біздің тілде сөйлетеміз

newsru.com Эстонияда орыс тілінде шығатын «День за днем» және Postimees («Почтальон») басылымдары жабылғанын хабарлады.

Олар оқырмандар саны күрт төмендеп және жарнама берілмеген соң осындай қадамға барған. Соңғы жылдары Эстонияда шығатын барлық орыс тілді газеттердің оқырмандары мен жазылушылары күрт азайған. Әрине, көршіміздің тілі бұдан келмеске кетіп барады деу ертерек. Есесіне, орысша шығатын онлайн басылымдардың оқырмандары артуда екен. «Жыланды үш кессең де кесірткелік әлі бар» деген осы да. Бізге де осы орайда өзге тілдердің ықпалынан етек-жеңімізді қымтай түскеніміз дұрысырақ тәрізді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен елордада өткізілген мемлекеттік тілді ұлықтауға арналған «Мәңгілік ел - мәртебелі тіл» іс-шарасында Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті руханият бөлімінің меңгерушісі Ғапура Сарсенбайқызы:

«Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған бұл шара ана тілімізге, қазақ жеріндегі мемлекеттік тілге деген құрмет, қолдау деп білемін. Біздің ендігі мақсатымыз ­- мемлекеттік тілді жастардың күнделікті қолданыс тіліне айналдыру. Өйткені, жастарға қажет тілдің өмірі ұзақ», - деді.

Былайша қарағанда, айрықша ештеңесі жоқ, күнделікті естіп жүрген пікір. Бірақ жаны бар сөз.

«...мемлекетті құрайтын көпшіліктің сұранысына, туған тілінің, мемлекеттік тілінің барлық салада өркендеуін қажетсінуіне қарамастан қазақ тілі Қазақстан елінде екінші тілдің позициясында. Егер жастарымыз қазақты тек ауылмен, Наурыз мейрамымен ғана байланыстырып, қолдарындағы телефонмен таң атырып, күн батырса, көз алдарында американдық фильм, құлақтарында ағылшындық әуен болса, сол дәстүріңіз оларды қазақ ұланы ете алар ма екен, бұл да үлкен ұлттық, одан ұласып мемлекеттік мәселе. Сонда бізді сақтайтын не, қандай ұлттық ерекшелік десек, әлбетте, тіл», - дейді тіл жанашыры Оразгүл Асанғазықызы.

Қараңыз, алты алаш бас қосқан Астанада, ана тіліміздің айбыны асқақтап тұруы тиіс елордада қазақ мектебінде білім алатын жастар өзара ана тілінде емес, орыс тілінде сөйлейді. Олар сабақ үстінде шала-шарпы мемлекеттік тілде білім алғансығанмен, күнделікті қарым-қатынаста өзге тілді қолданады. Бұл үшін арнайы статистикаға жүгінудің қажеті жоқ, тек қазақ мектептеріндегі үзіліс кезінде қазақ балаларының өзара әңгімесіне құлақ түрсеңіз, бұған көз жеткізесіз.

От ауызды, орақ тілді орыс жұрты да кейінгі кезде тілінің болашағына күмәнмен қарай бастағанына куәміз. Президент Путин ана тілінің келешегіне айрықша алаңдап, ұлттық бағдарламалар қабылдап, аттан салып жатыр. Аю текті көршіміз ағылшынның ықпалынан ақырып теңдік сұрауға кірісті. Дүниежүзінде 260 млн адам осы тілде сөйлесе-дағы, ол-дағы ормандай жұртына алаңдап отыр.

«Мәселен, осыдан он жыл бұрын қазақтар арасында өткізген социолингвистикалық сауалнамаға қарағанда, 19-35 жас аралығындағы жастардың 98,3 пайызы ауызша сөйлесе, 1,7 пайызы қазақша білмейді», - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлы.

Филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбеков: «Орыстардың дабылы түсінікті. Олар бұрынғы Кеңес дәуіріндегі әлемдік позициясын аңсайды. Бұрынғы ТМД елдеріне саяси ықпал ету арқылы сол елдердегі орыс тілінің ықпалын сақтап қалғысы келеді. Ондай әлімжеттікке Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа елдер пысқырып та отырған жоқ. Кеңес одағы құлағаннан кейін орыс тілінде сөйлеушілер саны күрт азайды. Орыстың шалғайынан шыққан тәуелсіз мемлекеттердің Қазақстаннан басқасы бәрі қазір өз республикаларында орыс тіліне қатысты өзгеше саясат ұстанады. Мәселен, Балтық елдерінде, Грузия мен Әзірбайжанда, Өзбекстан мен Түркіменстанда жастардың дені орыс тілін керек қылмайды. Бұл заңды құбылыс. Қазір ең бастысы, өз тіліңді сақтаудың қамын жасаған абзал», - дейді.

Елімізге шеттен келетін фильмдерді мемлекеттік тілге аудару қажеттігін кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары Мәдениет туралы заң жобасын қарау кезінде мәселе етіп көтерді. Алдағы уақытта елімізге бөтен елден келген киноны қазақша сөйлету қажеттігі құжатпен бекітілуі керек. Заң қабылданған жағдайда, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанға әкелінген шетелік фильмдер түгел мемлекеттік тілде сөйлейді. Заңға сәйкес, отандық телеарналардан да шетелдік туындыны мемлекеттік тілге міндетті түрде аудару талап етілмек.

Осы ретте бөтен киноны біздің тілде сөйлету туралы депутаттар мен қоғам қайраткерлерінің арасында дау-дамай туындап қалды. Қазақ ұлттық киноакадемиясының президенті Рашит Нұғыманов қалай болғанда да шетел фильмдерін қазақ тіліне аударуға міндеттеу дұрыс деген пікірде.

— Басқа елдердің тәжірибесінде шетел киносына дубляж да жасалады, субтитр да болады. Францияда субтитрсыз басқа тілдегі фильмді көрсетуге тиым салынған. Субтитр -- ең арзан тәсіл, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов сырттан әкелінетін барлық фильмдерді талғамай аудара беру қазақы менталитетке қайшы келетінін алға тартып, барлық өнімді бірдей қазақша сөйлетудің қажеті жоқтығын айтты.

Депутат Нұртай Сабильянов болса, шетел фильмдерін міндетті түрде мемлекеттік тілге аудару қажет дейді.

Жалпы бұл мәселе осыдан бес жыл бұрын жүзеге асуы тиіс екен. Дегенмен «ештен кеш жақсы» демекші, Мәжіліс құжатты қайта қарауды айтып, ел құлағын елеңдетіп қойды. Бөтеннің сөзі Абайшылап келтірсек, ел арасын былғамағандығы қажет болып отыр. Себебі қазіргі жастар кітап оқуға емес, кино көруге көбірек бейіл екені айтпаса да белгілі. Осы ретте пролетар көсемі Ленинің «Кино -- өнердің ішіндегі ең маңыздысы» деген құлаққағысына ден қоймасқа шара жоқ.

Гүлшат ХАМИТ