Бөкей атындағы байқаудан бірінші келгендерге бәйге берілді

Бөкей атындағы байқаудан бірінші келгендерге бәйге берілді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМКҚ «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XVIII дәстүрлі республикалық байқауын өткізді.

Байқаудың мақсаты – жұртшылықтың рухани сауаттылығын көтеру, көркемсөз оқу мәдениетін жандандыру, ел ішінен талапты, талантты жастарды іздеп табу. Қазақ әдебиетінің құнды мұраларын ел арасына насихаттауды көздейтін дәстүрлі байқау арқылы көркем шығарманың оқырмандар жүрегінен жол табуына, сөз өнеріне деген жастардың қызығушылығын арттыруына ықпал ету.

Байқауға облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты. Байқаудың екі шарты (прозалық шығармалардан үзінді оқу және поэтикалық туындыны мәнерлеп оқу) бойынша сайысқа түскен қатысушылар көркем туындыны мәнерлеп жатқа оқудан өз шеберліктерін танытып, жүлделі орындарға қол жеткізді.

Алматы облысынан келген қатысушымыз Қадыржан Серікбекұлы өзінің сөз өнерін биік бағалайтынын байқау барысында танытып, көркемсөз оқудың шебері атанып, бас жүлдені (180 000 теңге) қанжығасына байлады.

Қостанайлық Айдана Кәмел жүлделі 1-орынды (150 000 теңге), қарағандылық Айсұлу Нұртай жүлделі 2-орынды (120 000 теңге), Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ақмарал Хехнай жүлделі 3-орынды (100 000 теңге) иеленді.

Алғысхат және ынталандыру сыйлығы (50 000 теңге) белсенді 4 қатысушыға берілді. Олар: Елдос Құлшаров (Атырау облысы), Абылай Мақсұтбек (Шығыс Қазақстан облысы), Бақыт Мыңбай (Оңтүстік Қазақстан облысы), Айнұр Қапанова (Павлодар облысы).

Ал қалған 7 үміткерге байқауға қатысқаны үшін 20000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығы бұйырды.