ШОҚТЫҒЫ БИІК ШАРА

ШОҚТЫҒЫ БИІК ШАРА

2022 жылғы 31 мамыр күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ұйымдастырып жатқан «Тіл-Қазына» оқуларының» алғашқы дәрісі өтті. Елімізге танымал үлкен ғалымдар, еліміздің өңірлік тіл оқыту орталықтарының мамандары мен шетелдегі тіл оқытушылар қатысқан басқосу саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Ауқымды іс-шараның алғашқы шымылдығын Орталықтың Бас директоры Ербол Тілешов «Ахмет Байтұрсынұлы және әдебиеттану әдіснамасы» тақырыбындағы ғылыми штрихтар мен детальдерге құрылған кең құлашты дәріспен ашты.

«Ахаңның әдіснама жөнінде арнайы еңбек жазбағаны белгілі. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, бұл бағыттағы арнайы ғылыми зерттеуді Аристотель, Гегель, Белинскийден де таппайсыз. Бірақ, әдебиеттану әдіснамасы сөз болғанда, бұларды айналып өту мүмкін емес. Сол секілді Ахмет Байтұрсынұлын да қазақ әдебиеттану әдіснамасының бастауында тұрған адам деп танимыз. Ахаң өз тұсында не жазса да, жаңалық болды. Өйткені, қазақ топырағында ол бірінші болып осы тақырыпқа қалам тербеді. «Әдебиет танытқышын» оқи отырып, әдіснамалық қисынын көреміз. Ол пәннен ғылымға келді. Біз ғылымнан оқулыққа барып жатырмыз. Бәлкім, кей тұста олқы соғып жатсақ, бар себебі осы шығар. Одан алатын алғашқы сабағымыз сол болмақ», – деп ой түйді белгілі ғалым.Ертеңгі «Тіл-Қазына» оқуларынан филология ғылымдарының докторы, профессор Қаламқас Қалыбаеваның «Ахмет Байтұрсынұлы – жазу теориясының негізін салушы» тақырыбындағы тамаша дәрісін тыңдай аласыздар.