Бөкей атындағы байқау өткізіледі

Бөкей атындағы байқау өткізіледі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті үстіміздегі жылы  28 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі аясында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XVIII республикалық байқауын өткізеді.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ел ішінен талапты, талантты жастарды іздеп табу. Көркем шығармаларды оқып-үйрену мен насихаттауда жастардың ықыласы мен қызығушылығын арттыру.

Республикалық сайысқа еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары (барлығы 16 үміткер) қатысады. Ережеге сәйкес үміткерлер Оралхан Бөкейдің және басқа да елімізге белгілі, сөз өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан драматург, ақын-жазушыларымыздың кез-келген шығармасынан үзінді оқып, өз өнерлерін ортаға сала алады.

Байқау Шымкент қаласында, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында, сағат 10.00-де басталады.

Байқау қатысушыларының жұмысы мен жеңімпаздарын зиялы қауым өкілдері мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы бағалайды және анықтайды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Қосымша ақпарат алу үшін мына мекенжайға хабарласуға болады: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы

Байланыс телефондары: 8(7172) 40 83 93, 8-775-672-72-47, 8-777-175-35-75