МИНИСТР АЛДЫНДА БАЯНДАДЫ

МИНИСТР АЛДЫНДА БАЯНДАДЫ

2022 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволары, облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларымен, жоғары және жоғары оқу орыннан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларымен өткізген аппараттық кеңесінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Е.Тілешов «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған ІТ жобаларды пайдалану туралы» баяндама жасады.

Интернеттегі тілдік орта үшін күрес – ана тіліміздің болашағы үшін күрес деген сөз. Сондықтан, бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайды. Сайып келгенде, қазақ тілін ғылым мен техника тіліне, интернет тіліне айналдыру – баршамыздың міндетіміз.

Баяндамашының айтуынша, елімізде жаппай өріс алған ақпараттандыру үрдісі мемлекеттік тілдің мәртебесіне, жалпы қазақ тілінің қолданылуы аясына оң әсерін тигізуде. Мемлекет қамқорлығының нәтижесінде бұрын қоғамдағы қазақ тіліндегі ақпараттың көлемі мен мазмұны жеткіліксіз болып келсе, қазір жаңа технологиялармен байланысты қолданыс өрісі әлдеқайда кеңейіп, тұтынушылардың игілігіне жарауда.

Орталықта тіл саласын цифрландыру, IT технологияларды дайындау арқылы тіл үйретудің мазмұнын жүйелеу, инновациялық әдістерді енгізуге, жалпы халыққа қолжетімді ету, жазу сауаттылығын арттыру, терминдерді біріздендіру, тіліміздің байлығы мен бейнелілігін сақтау, балаларға арналған қазақ тіліндегі контентті көбейту және шетелдерде тұратын қандастарымызға әдістемелік көмек беру мақсатында күні бүгін 11 жоба қолданбалы сипатта болып, миллиондаған тұтынушылар игілігіне пайдалануда.

Министрліктің тапсырмасы бойынша болашақта тағы да 5 жоба қолға алынбақшы. Министр Асхат Қанатұлы жалпы бұл мәселенің өзектілігіне баса назар аударып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа бастамаларға сәттілік тіледі.