Таңдаулы жобалар тұсауын кесті

Таңдаулы жобалар тұсауын кесті

Елімізде тұңғыш рет "Tilalemi.kz" порталы, "Atau.kz", "Termincom.kz", "Emle.kz" сайттары іске қосылып, өз жұмыстарын бастады.

Ана тіліміздің кеңге қанат жайып, туған тілінде толғамы мен толғанысы, ойы мен өзегі, өткені мен бүгіні баян болатын таңдаулы, алғашқы жоба - «Тіл әлемі» порталы Қазақ елі үшін өнімді жұмыс жасайды. Мақсаты – мемлекеттік тілдің ауқымды кеңістікте еркін самғауына, мәртебесінің көтерілуіне, тіл үйретудегі тиімді әдістердің бірігіп, игілікті жұмсалуына, әрбір оқырманның, қолданушының жеке парақшасы арқылы оңтайлы жұмыс жасауына жол ашу.

Ұлттық ономастика – мемлекеттің мәдени-рухани танымынан бастап, шекарасының тұтастығына дейінгі ауқымдағы әртарапты орасан зор мәселелерді қамтиды. Ономастикалық электрондық қорды ашудың негізгі мақсаты – еліміздің өңірлеріндегі көше, елдімекен, мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атауларды жинақтау арқылы қазақ ономастикасының біртұтас жүйесін жасау. Бұл электронды қор ономастика саласындағы қордаланған мәселелерді шешудің бір тетігі болады деп күтілуде. Сайт арқылы қазақ ономастикасына қатысты сұрағы туындаған кез-келген азамат өз сұранысын қамтамасыз ете алады. Өйткені мұнда Қазақстан Республикасындағы жер-су атаулары толығымен көрсетіліп, атауларды беру нормалары мен қағидалары да қамтылады. Жалпы жұртшылыққа арналып отырған бұл электрондық қор қай елдімекенде қандай көше аттары мен мәдени орындардың бар екендігі туралы мәлімет берумен ғана шектелмей, көшелерге немесе мәдени орындарға ел өміріне еңбегі сіңген тұлғалардың есімін беру мәселесін реттеуде де өз үлесін қосары сөзсіз.

Тілші ғалымдар, сала мамандары, білім алушылар мен жалпы көпшілікке арналған электронды орфографиялық қор дайындау - бүгінгі күннің талабы. Бұл электронды база арқылы тұтынушы орфография, орфоэпия және пунктуация саласы бойынша өзіне қажетті ақпараттарды тауып, дереккөздерін пайдалана алады. Орфографиялық электронды базада қазақ тілінде дұрыс жазу және дұрыс айтуға қатысты ережелердің жиынтығы қамтылған.

Жалпы жұртшылықтың кеңінен қолдануы үшін жасалып отырған игі бастамаларға қолдау көрсетіп, үлестеріңізді қосады деген ойдамыз.